Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Көркем әдебиет туралы білуге тиіс үш нәрсе

Көркем әдебиетке жетік емес адамның алдымен білуге тиіс үш мәселесі бар.

Бірі: әдебиеттану, танығанда, әдебиеттің «пернелерін» , түрлерін білу. Әдебиетті сол пернелерінің, түрлерінің ретіне қарай жіктеу.

Екіншісі: көркем әдебиеттің жазу тәсілдерін білу. Көркем әдебиеттің «көркем» болатындық себептерін түсіну.

Үшіншісі: көркем әдебиетті қалай бағалауын білу. Қалай сынауын білу.

Көркем әдебиетті «пернелеріне», түрлеріне қарай жіктегенде, үш жікке бөледі.

Бірінші: әуез әңгімелер.

Орысша жалпы айтқанда: эпические произведения.

Екінші: күйлі сөз, толғау.

Орысша — лирика.

Үшінші: — айтыс-тартыс (драма).

Біріншідегі: «Әуез әңгімелері» деп жазушы «тысқы» дүниедегі оқиғалардан алып, кеңінен отырып жазған әңгімелерді айтады. Әуез әңгімелердің өзі үшке бөлінеді.

Бірі — роман. Екіншісі — ұзақ әңгіме (хикая) орысша — повесть, үшіншісі — әңгіме. Орысша — рассказ.

Екіншідегі «Күйлі сөз», «толғау» деп жазушының өзінің «ішкі дүниесінің», ішкі сезімдерінің қозғалуымен жазылған толғауларды, күйлі сөздерді айтады.

«Күйлі сөздердің», «толғаудың» өзі әлденеше түрлі болады. Жалпы белгілі түрлері:

Бірінші — ұзақ уакиғалы өлең. Қиссалар тәрізді. Орысша — «поэма» дейді.

Екінші — жыр — стихотворение.

Үшінші — өлең — песня.

Үшіншідегі: «айтыс-тартыста» жазушы болған бір уакиғаларды түгел өзі айтып отырмай, сол уақиғада болған адамдардың өздерін айтыстырып, тартыстырады. Көркем әдебиеттің мұндай түрі, көбінесе, театрда ойналу үшін жазылады.

«Айтыс-тартыстың» өзі екі-үш түрлі болады. Бірінші — трагедия, екінші — комедия (күлдіргі), үшінші — жалпы пьеса, драма.

Міне бұл көркем әдебиеттің «пернелері» — оның әрқайсысын бөлектеп Мәжит баяндар.

Ал енді көркем әдебиет туралы білуге тиіс екінші нәрсе: жазу тәсілдерін білу. Көркем әдебиеттің «Көркем» болатындық шарттарын білу. Бірақ мұны бұл арада айтып баяндауға, көп жазуға, ұзақ жазуға тура келер еді. Бұл сапар оны бұл арада баяндап шығуға болмайды. Сондықтан тек бір-екі ауыз сөзбен ғана жазу тәсілдері туралы мынаны-ақ айтайын.

Көркем әдебиет шығармасын жазғанда, әуелі жазатын тақырып түзу болу керек. Жоспар айқын болуға тиіс. Жазушы айтайын деген тақырыбынан, белгілеген жоспарынан адаспауы керек. Жазушының айтайын деген пікірі-ойы айқын айтылуы керек. Сөздері түсінікті болуы керек. Айтайын деген ойына дұрыс, дәл сөздер жұмсалуға керек.

Міне Көркем сөзбен жазылмақ шығармалардың шарты осы...

Ал шығарма көркем болуы үшін жаңағы айтқандардың үстіне әсерлі болуы, суретті болуы, әуезді болуы керек. Айтайын деген бір пікірің тек Жалаң, жабайы қара сөзбен ғана айтылмай, көрікті, суретті, әсерлі нәрселерге теңеліп айтылса көркем болады. Айтайын деген бір пікірге яки нәрсенің әрекетіне, тек ылғи қара жабайы сөздерді ғана жұмсай бермей, жазушы өзінің ішкі сезімдерін қозғаған, басқа адамның ішкі сезімдерін қозғайды деген сөздерді жұмсаса, әсерлі болады.

Айтайын деген қиялға яки ойға, кез келген жабайы сөздерді жұмсай бермей, әуезді, күйлі сөздерді, адамның сезіміне әсер ететін дыбысты сөздерді жұмсаса, сөз күйлі, әуезді болады. Сөз — құс. Құсты қалай білу керек.

Қысқасы: жақсы, шебер домбырашы күй ойнағанда (тартқанда) саусақтарын қандай ойнатса, жазушы да моншақша тізбелеген сөздерін сондай ойнатуы керек.

Жазушы қай тілде жазса, сол тілді әбден билеп алған болуы керек. Сөзге бай болу керек. Халық арасында, ойда, қырда, бір жерде жүргенде, тұрғанда, отырғанда естіген әрбір сөзді жібек жіпке тізген моншақтай тізіп алуы керек. Жазушы — тіл шебері.

Тіл шебері болған соң тілдің барлық нақысын білуі керек... Жарайды... бұл, әзірше, осымен тоқталсын...

Ал, көркем әдебиет туралы білуге тиіс үш нәрсенің бірі — әдебиетті қалай бағалау еді. Оны бұл араға жазбадым. Ол туралы менің «Әдебиетті бағалау» деген мақаламды оқы.

1928 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама