Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Сұрауға жауап

«Тар жол, тайғақ кешу» кітап болып басылып шыққалы әр жерлерден, әркімдерден әлденеше хат алдым. Бұл хаттарды жазушылар менен «Тар жол, тайғақ кешу» туралы әр түрлі сұраулар сұрады. Және кітапты оқыған адамдардың кейбіреулері өзіммен жүздесіп жолыққанда да, ауызша да әр түрлі сауалдар қояды.

Бәрін қорытып келгенде «Тар жол, тайғақ кешу» туралы менен сұрайтын оқушылардың сұраулары мына төмендегілер:

«Тар жол, тайғақ кешудің» басылуы туралы.

1. Кітап неге жақсы қағазға басылмаған?

2. Неге жаңылыстары көп?

3. Неге сонша қымбат? (3 сом 70 тиын).

4. Қазақтың жалпы еңбекшілері түгел оқитын кітапты сонша қымбат қылғаннан кімге пайда?

«Тар жол, тайғақ кешудің» енді өзі туралы.

5. Басқа губернияларда болған уақиғалар неге түгел, толық жазылмаған?!

6. Актардың, «алашордашылардың» жауыздықтары неге тиісті жазасын тартпады?

7. Шоқаевтың суреті неге басылмаған?

8. Кейбір ақтарға қызмет қылғандар Совет үкіметіне тілектес тәрізді болып кітапқа кіріп кеткені қалай?

9. Совет үкіметіне зор қызмет қылған кейбір азаматтар неге толығырақ жазылмаған?

10. «Тар жол, тайғақ кешудің» екінші кітабы шыға ма? Шықса қашан шығады?

11. Совет үкіметінің жолында дұшпандармен майдандасқан, өлген, қызмет қылған, хатта, сол жолда құрбан да болған кейбір азаматтардың суреттері неге кірмей қалған?

12. «Тар жол, тайғақ кешуде» ақтардың, алашордашылардың» белсенді, аласұрған бастықтары болған кейбіреулері қазір неге үлкен орындарда жүр?

Міне өзге уақ-түйек сұрауларды қоспағанда «Тар жол, тайғақ кешуді» оқығандардың менен сұрайтын сұраулары осы. Енді осыған қысқаша газет жүзінде жалпылама жауап бермекпін.

1. Кітап неге жаман қағазға басылған, неге қателері көп, неге қымбат деген сұраулар.

Бұлар маған жатпайтын сұраулар. Бұған ол уақыттағы Қазақстан баспасының басында отырған Мұхтар Саматов жауап беруі тиіс.

Жазушының жұмысы — кітапты жазып апарып беру. Жақсылап басу немесе шым-шытырық қылып басу — баспахананың басында отырған адамдардікі.

Сол баспада сол кезде басылып шыққан менің «Экспресс» деген өлең жинақ кітабымның кейбір беттерінің сөздерін сонша шым-шытырық қылған. Әуелі өз жазғанымды кей беттерінде өзім де әрең оқимын. Кей беттерінде тастап кеткен сөздері бар, бұзған сөздері де бар. Бұл — баспаның кемшілігі. Бірақ кей кітаптарды баспаның басындағы адам жақсылап шығармақ болып қадағаласа кітап тәуір болып та шығады.

Енді «Тар жол, тайғақ кешудің» өзі туралы сұраған сұрауларға жауап берелік.

5-сұрауга жауап: басқа губерниялардың оқиғалары жазылмағаны рас. Уақиғаны өзі көрмеген соң екінші адамдардың айтуларына, газет, журнал, басқа сондай мағлұматтар кітап жазушының қолында толық болса жазушы сонда толығырақ қылып жазады. Көмескі, шүбәлі мағлұматтарды қолдана алмадым, сол себепті басқа губерниялардың уақиғалары «Тар жол, тайғақ кешуге» онша толық кірмеді. Бірақ кітап шыққаннан бері едәуір мағлұмат қолыма жиналды. Енді екіншіде кемдіктері толықтырылмақ.

6-сұрауға жауап: «Алашордашыларға» Совет үкіметі бұрынғы жазаларын кешірім қылған.

7-сұрауға жауап: Шоқаевтың жолдастарымен түскен суреті өзгелерімен бірге баспаханаға беріліп еді, баспахана оны Мәскеуге жіберіп баспаға дайындап (клишелетіп) алғызып еді, басуға ұмыт қалдырыпты.

8-сұрауға жауап: ақтарға қызмет қылған кейбіреулер Совет үкіметіне тілектес тәрізді болып кітапқа байқаусыз кіріп кеткені рас. Оны екіншіде түзетпекпін.

9-сұрауға жауап: екіншіде кітаптың толымсызырақ жазылған жерлерінің бәрі де толықтырылмақ.

10-сұрауға жауап: «Тар жол, тайғақ кешудің» екіншісі шығады.

Қазір кітапты толықтыруға әр жерден мағлұматтар жинап жатырмын.

11-сұрауға жауап: төңкеріске қатынасқан кейбір азаматтардың суреттері қолыма түспегендіктен кітапқа кіре алмай қалды.

Мәселен, Шәймерден Әлжанұлының, Ысқақ Көбекұлының, Көлбай Төгісұлдарының суреттерін әлі де таба алмай отырмын. Кімде-кімнің қолында осы кісілердің суреттері болса, маған жіберуін қолқалаймын, керек болса басып алған соң, суреттерін жіберген кісінің өзіне таудай алғыс айтып қайтарамын.

12-сұрауға жауап: «Алашорданың» белсенді адамы болып, қазір советшіл болып партияға да еніп жүргендер бар. Енді еңбекшіл тапқа шын, таза ниетпен қызмет қылушыларға жол кең, одан қорқуға болмайды. Еңбекші таптың көзі — миллион.

Міне әзірге жауаптарым осы ғана. «Тар жол, тайғақ кешуді» оқығандардан және төңкеріс оқиғаларын жақсы білетіндерден зор өтінішім: бекерлерін, күдікті сұрауларын өзіме тағы да жазсын.

Сол уақыттағы газет, журнал тәрізді мағлұматтар болса маған жіберулерін қатты қолқалаймын. «Тар жол, тайғақ кешудің» екіншісі тез даярланып, дұрыс, толық болып шығуы үшін, міне, осы күнгі біріншісінің теріс жазылғандары бар деушілер болса, кеміс жазылғандары бар деуші болса газеттерге, «Еңбекші қазаққа» жазуларын, не өзіме жазуларын зор өтініш қыламын.

1928 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама