Әдебиетті бағалау және құлық-сананы тексеру
Әдебиет — тап құралының бірі. Әр тап өзіне құрал болуға жарайтын әдебиет шығармасын ғана қастерлейді. «Құрал» дегенім, тек қана үгіт-насихат емес. Таптың толып жатқан керегін айтамын. Сол толып жатқан керегінің біріне жарамайтын әдебиет шығармасын ол тап жақсы демейді.
Ешбір таптың мақсатын көздемейтін әдебиет шығармасы болмайды. Бір таптың мақсатын көздеген, сол тапқа жақсы ұнайтын әдебиет шығармасы екінші тапқа өте сүйкімсіз көрінбек. Әдебиетті әр тап өз базарының нарқымен бағалайды. Байлар табы — өз мақсатына құрал болатын, өз істеріне жарайтын әдебиет шығармаларын қастерлейді. Пролетариат — жалшылар табы — өз мақсатына құрал болатын өз істеріне жарайтын әдебиет шығармаларын қастерлейді.
Әдебиет шығармалары да, әдебиет сыны да тап мақсатын көздейді.
Бұлай болғанда мынадай мәселелер туады:
Әр таптың әдебиет бағалауы басқа-басқа. Әр таптың жақсы дегені де, «жаман» дегені де басқа-басқа. Әр таптың жақсы, яки жаман дегені өзінше. Сондықтан әдебиет шығармаларының жалпы адам баласына бірдей жақсылары, бірдей жамандары болмайды екен ғой, әдебиет шығармасының жақсы-жамандығы тұрлаусыз болғаны ғой, — деген мәселе тууға мүмкін.
Ондай мәселеге жауап мынау:
Айтып-айтып келгенде, әдебиет шығармаларының жалпыға бірдей жақсылары болуға тиіс.
— Болады.
Әр тап өз мақсатында құрал боларлық әдебиет шығармаларын жақсы дейтіні рас. Бірақ, ақиқаттық шын жақсы, ең тұрлаулы, жақсы пролетариат бағытындағы әдебиет шығармалары.
Неге олай дейсің бе?..
Байлар табының мақсатына құрал болатын әдебиет шығармаларының жақсы емес екендігі, байлар табының мақсаты жақсы емес. Ал жаман мақсатқа құрал болған әдебиет шығармасы да жақсы болмауға тиіс. Байлар табының мақсаты: адам баласы бірімен-бірі жауша арбаса берсін. Адам баласы бірінің табан етін, маңдай терін бірі пайдалана берсін.. Бірін-бірі аңша аунатып, тірідей шыжғырып жіберсін дейді. Дүниеде тегістік болмасын дейді. Міне, мұндай мақсатқа құрал болған әдебиет шығармасы жақсы бола ала ма?.. Байлар табының мақсатын көздеген әдебиет шығармаларын жақсы деп тек арам мақсаттылар ғана айтуға тиіс. Немесе сана сандауы қараңғы адамдар ғана айтуға тиіс. Пролетариат (жалшылар) табының мақсаты — жалпы адам баласының жалпы тегістігі... Пролетариат (жалшылар) табының мақсаты — адам баласы бірін-бірі жауша арбамасын, бірінің табан ет, маңдай терінің пайдасын бірі жемесін, адам баласы бірін-бірі аңдарша аунатып жемесін. Жалпы дүниеде бірдейлік, әділдік, тендік, туысқандық, махаббат болсын дейді.
Міне мұндай мақсатты тапқа құрал болған әдебиет шығармасы жаман бола ма? Мұндай мақсатты тапқа құрал боларлық әдебиет шығармасын жаман дейтін тек арам мақсаттылар ғана болуға тиіс. Жер жүзінде пролетариат табынан басқа, жалпы адамзаттың бірдей тегістігін, жалпы адамзаттың бірдей бақытты тұрмысын көздеп, соған жетекші, көш басшы болған тап бар ма?.. Әрине, ондай жалпы тегістік көздеп, соған жетуге аянбай, екпіндеп майдан ашқан жалғыз ғана пролетариат табы! Оның соңынан ерген жалпы еңбекшілер. Міне, сол себепті тек сол пролетариат бағытына, пролетариат жолына құрал болуға жарарлық немесе пролетариаттың көп керегінің біріне жарарлық әдебиет шығармасы ғана жақсы.
Пролетариат жолына құрал болуға жарамайтын, жарамауға былай тұрсын, пролетариаттың мақсатына зиянды әдебиет шығармалары қанша әдемі жазылса да жақсы емес. Қайта, пролетариат мақсатына зиянды әдебиет шығармалары неғұрлым көркем сөздермен, шеберлікпен шебер тілмен әдемі жазылса, солғұрлым ондай әдебиет шығармалары жаман, солғұрлым зиянды. Солғұрлым ондай әдебиет шығармаларына әдебиет майданында тас жаудыру керек!
Менің мұнымнан, — пролетариат, еңбекшілер табының бағытындағы жазушылар байлар табының шебер жазушыларының әдемі жазғандары болса, одан жазу шеберлігін үйренбесін деген сөз шықпайды. Әрине, пролетариат бағытындағы жазушылар кімнен болса да жазу шеберлігін үйрене берсін. Бірақ шебер жазылған әдебиет шығармалары болса, одан жазу шеберлігін үйренгенмен, ол шебер жазылған әдебиет шығармасының ішкі мазмұны пролетариат бағытына зиянды болса, оны «жақсы шығарма» деп бағалап жүрмесін.
Мәселен:
«Кез келген соң кер заман біздің баққа,
Жау жарағын асынып міндік атқа, елім-ай!
Азаматы алаштың
Аттанатын күн туды!
Тұлпар мініп ту ұстап
Баптанатын күн туды!»
Міне, бұл өлеңнің сырты әуезді, әсерлі, суретті жазылған. Бұдан жазу шеберлігін үйренуге мүмкін болғанмен, бұл өлең жақсы өлең емес. Өйткені бұл өлең пролетариат бағытына, Қазақстанға қарсы өлең. Октябрь төңкерісіне қарсы айтылған өлең. Октябрь төңкерісімен жауласуға шақырған өлең.
Әр нәрсені бағалағанда ең алдымен ішкі мазмұнына, ішкі дәніне, ішкі сырларына қарайды. Бағаны сол ішкі сырларының сыпаттарына қарай береді. Марксті мақтағанда сырты сұлу болған соң ғана мақтамаймыз, ішкі қасиеттері үшін мақтап бағалаймыз. Әдебиет шығармалары да солай. Бірақ, бұдан әдебиет шығармаларының сыртқы көркі қандай болса ондай болсын, мейлі сырты тіпті жаман болсын деген пікір шығады деп ешкім ойламасын. Әрине әдебиет шығармасының жазылуы шебер болсын. Әуезді, әдемі, әсерлі бола берсін. Жақсы мазмұнды әдебиет шығармаларының сырттары да әдемі болса, шебер жазылған болса нұр үстіне нұр.
Бірақ гәп әдебиет шығармасының ішкі мазмұнында... онан соң, ескеретін бір «гәп» бар. Әрбір әдебиет шығармасының ішкі сырлары, мазмұны кімде-кімге ұнаған болса, кімде-кімнің жанына жаққан болса, сол адамға сол әдебиет шығармасының сыртқы сыпаттары да оншалық болмаса да ұнай қалмауы мүмкін. Оншалық болмаса да, сыртқы жазылу түрі де тым әдемі, тым көркем, шебер жазылған болып көрінуі мүмкін. Ішкі мақсаты, мазмұны жанына тым-ақ жаға қалған әдебиет шығармасының кейбір кемшіліктерін әлгі адамның кергісі келмеуі мүмкін. «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу...», «дос айыбын дос көрмейді».
Ал әдебиет шығармасының ішкі мақсаты, мазмұны кімде-кімнің жанына «жайсыз» тисе, — ондай әдебиет шығармасы қанша көркем жазылса да, әлгі мазмұны жанына жайсыз тиген адамға көркем жазылған боп көрінбеуі мүмкін, мазмұны тым тұзды, тым улы жазылса, сырты көркем болса да ондай әдебиет шығармалары әлгі жанына жайсыз тиген адамға, тіпті, сүйкімсіз көpiнуге мүмкін. «Қойдың үйткен сирағындай» көрінуге мүмкін. Күйелі кесеудей көрінуге мүмкін.
Сүйкімсіздің берік кигені де сүйкімсіз.
Жарайды.
Және мынадай бір сұрау бар.
Пролетариат бағытындағы, пролетариат партиясындағы кейбіреулерге сол пролетариат бағытына мазмұны теріс әдебиет шығармаларының кейбіреуі ұнай беретіні несі?.. деген сұрауға жауап берейін: бір партияға, бір қауымға кірген адам шын ниетімен сол партияның тұтынған жолына түседі. Сол жолдан таймай жүруге, сол партияның көздеген мақсатына жету жолындағы қиын істерді істеуге жанын аямай кіріседі. Жалпы солай болуға тиіс... бірақ... бір саяси партияға кірген кісілердің бәрі бірдей ондай бола бермейді. Әлеумет тұрмысында маңызды саяси партияға бөтен оймен кірген адамдар да болуға мүмкін. Мүмкіні былай тұрсын, ондайлар дәуірлеп тұрған саяси партияда аз болмайды, ондайлар әсіресе, сол саяси партия мемлекет тізгінін қолына алып, әкімшілігін жүргізіп, дәуірлеп отырған кезінде, сол партияға кіруге даяр тұрады. Бұл — революцияның тарихынан белгілі нәрсе. Пролетариат партиясы қазір Руссия әкімшілігін қолына алып отыр. Бұл партия қиын уақыттарды басынан кешіріп, ұзақ уақыт тұс-тұсынан оқ жаудырған, жазасыз қанды судай ағызған қалың дұшпанын әбден жеңіп болған соң, әкімшілікті түгел қолына алып, орныққан, бұл партияға кіруге кімдер қызықпас?.. Талай «жатып атарлар» кіріп те кеткен болар.
«Жатып атар» деп Алтай тауындағы қызылшыларды айтады. Ерінбейтін өжет мергендер қиын таулардан аю аулайды. Әрине, аю аулау — қоян аулау емес, қатерлі, қиын болады. Аю аулауға жұрттың бәрі бірдей шыға қоюға жарай бермейді. Қиын болса да, тек өжет мергендер ғана қатерге қарсы барып, аюды жеңіп алады. Өжет мергендер өлтіріп алған аюды ауылдарына алып келгенде алдарынан көлденеңдеп «олжаластар» шығады. Бұлар да аюдан пайдаланады. Бұлар өздері жүріп аю өлтіріп алмаса да, өлген аюдан пайдаланған соң, бұларды «жатып атарлар» дейді.
Сондай-ақ, пролетариат партиясы алысқан аюын өлтіріп алғаннан кейін, бұл партияның кең қолтығына кіруге кім қызықпайды, ебін тауып кіріп жүргендер жоқ та емес.
Ал ондай адамдардың шын құлқы, шын пікірі — әдебиет шығармаларын бағалауы дұрыс деп кім айта алар?.. Ол бір.
Екінші: дәуірлеген, үстемдігін жүргізген саяси партияға шын адал ниетімен кіргендердің (жолдан қосылғандардың) өздерінің де түгел, теп-тегіс бәрінің құлық-санасы бірдей сол партияның бағытына қарай бірден өзгере қоймауы да мүмкін. Бұл туралы бұрын да «Жыл құсының» бірінші номерінде айтылып еді. Тағы да айтамын:
Әлеумет адамының құлық-сана, ой-жүйелерің тізілген омыртқалар тәрізді тізбектеп бунақтасаң, — ең алдында саясат, әлеумет мәселелері болады. Кейінгі бунақтарында көркем әдебиет, күй, салт мәселелері болады.
Мысалы: тізбектелген жұлын тұта омыртқалардың ең алдындағы бас пен ауыз омыртқа—саясат, әлеумет мәселелерінің орындарында, ал кейінгі омыртқалар — көркем әдебиет, күй, салт мәселелерінің орындарында. Кей адамның, әсіресе, пролетариат табына бөтен таптан келіп қосылғандардың санасы қызарғанда (өзгергенде) тізілген омыртқалардың бәрі тегіс түгел бірдей өзгермеуі мүмкін. Әуелі бас пен ауыз омыртқа ғана өзгеруге мүмкін. Құйымшақ омыртқалар біраздан соң, немесе, тіпті, көптен соң ғана өзгеруі мүмкін. Немесе, тіпті құйымшақ омыртқалар өзгермей де қалуы мүмкін. Мұны ол адамның өзі байқамауы мүмкін. Бұл да революцияға, коммунист партиясына кіргендердің талайы саясат, әлеумет мәселелерінде Коммунист партиясының жобасын қабыл алып, сол партияның бағытымен жүрсе де, көркем әдебиет, сана мәселелерінде көпке шейін «алашордашылардан» айырыла алды ма?.. Бүгінге шейін де айырыла алмай жүргендер бар емес пе?..
Жұмабайұлы Мағжанның пролетариат бағытына қарсы өлеңдерін, арам, жұмбақ, шүбәлі, тіпті көркемдігі жоқ ертектерін де дәріптеп, басып шығартып жүрмеді ме? Жүсіпбек Аймауытұлының пролетариат бағытына зиянды, «алашордашылық» иістері аңқып тұрған «Ел қорғаны» тәрізді пьеса кітабын пролетариат бағытына дұрыс деп қазірге шейін мақтап жүрген жоқ па?..
Міне, осылардың бәрі, — әлгі айтқандардың қай-қайсыларына болса да дәлел, «алашордашылық» иісі шығып тұрған әдебиет шығармаларын дәріптеу — әлі де байымағандықтан емес... (әрине, дәріптеу, әр түрлі еппен істеліп жүр). Саясат, әлеумет мәселелерінде Коммунист партиясының тура жолында болып көркем әдебиет тәрізді мәселелерінде ғана пролетариат бағытына тезінен түсіп кете алмай жүргендіктен емес. «Алашордашылық» иісі аңқыған әдебиет шығармаларын қымбат бағалау, — саясат, әлеумет мәселелерінің өзінде де пролетариат партиясының түзу бағытында болмағандық.
Әйтпесе, «алашордашылдығы» аңқып тұрған әдебиет шығармаларын дәріптеп бағалау банағы айтқандай саясат, әлеумет мәселелерінде пролетариат бағытында болып, тек көркем әдебиет тәрізді мәселелерде ғана әлі де пролетариат бағытына түсе алмай жүргендіктен ғана болса, — оны мен уақытша ғана көңіл бөлетін «кексіз кесел» дер едім.
Өйткені, француздың ұлы революция бастықтарының да кейбіреулері, саясат, әлеумет істерінде ірі жаңалықтарға басшы болса да, көркем әдебиет ретінде, әдебиеттің ескі түрінен біразға шейін шыға алмаған.
Және Россияда Маркс ғылымының негізін салушы, орыс марксшілдерінің ұлы атасы кешегі Георгий Валентинович Плехановтың айтуынша: «Өзін қоршаған қоғамның әсері сол қоғамға қарсы күрес ашып жүргендерге де тиюге мүмкін».
«Алашорда» пікірлерінің әсері сол «алашордамен» күресіп жүргендерге де тиюге мүмкін, — деген сөз осыдан шығады.
Маркс жолымен мәдениет, әдебиетті Россияда бұл күнгеше толық, дұрыс бағалаған Плеханов, оның қағидасы бізге пәтуа...
«Алашордашылық» иісі аңқыған әдебиет шығармаларын, басынан аяғына шейін «алашорданың» дерті сіңген Жұмабайұлы, Аймауытұлдарының шығармаларын сүйкімді көріп жүргендер саясат, әлеумет мәселелерінде айқын, шын пролетариат бағытында болса, көркем әдебиет мәселелерінде шабандап, кенжелеп қалса да, енді пролетариат бағытына келіп түсер еді. Октябрь төңкерісі болғанына 10 жыл толды. Әуелде көркем әдебиет мәселелерінде «алашордашыл» болғандардың, бұл мәселелерінде әлі де пролетариат бағытына түсе алмағандарын бұл күнге шейін көріп отырмыз. Талайдың әлі де құйымшақ омыртқалары шикі қалпымен жүр. Кейбіреулердің тіпті басы да, ауыз омыртқалары да қызарып піспегендерін көріп отырмыз.
Сөйтіп, жұрттың бәрі тегіс көркем әдебиетке бірдей баға бере алмайды. Жұрттың бәрі былай тұрсын, кей кезде, бір саяси партияға кіргендердің де бір паралары көркем әдебиетке сол партияның сара жолының бағытымен баға бере алмауы мүмкін.
Көркем әдебиетті бағалағанда бір-ақ өлшеуіш болу керек.
Ол өлшеуіш — пролетариат табының саясаты, пролетариат табының түпкі мақсаты. Көркем әдебиет шығармасының мазмұны пролетариат табының саясатына, түпкі мақсатына құрал болуға, не тәрбие, не өнеге болуға жараса, қысқасы: пролетариаттың сансыз керегінің біріне жарайтын болса, жарамды, бағалы болғаны. Және онымен бірге, ондай әдебиет шығармасы шебер жазылса, сыртқы сипаттары да онды болса — әуезді, көрнекі, әсерлі, суретті, көркем болса, — онда тіпті жақсы болғаны.
Міне, көркем әдебиетті бағалау осы айтқандардай болу керек.
Сыншы қандай болу керек?.. Көк шолаққа теріс мінсе, басын көре ала ма?..
Әдебиет байыған сайын әдебиетті сынау да көбейе бермек. Әр заттың тәртіпке қойылған сыны соңында болады.
Көркем әдебиетті сынамақ болған мақалалар газеттерде, журналдарда соңғы кездерде көрініп те жүр. Бірақ әр түрлі сын бар. Көркем әдебиетші болудан оның сыншысы болу қиын. Сын — мін тағу емес... әрине, өзінің қолынан келмеген іске, сырттан қарап тұрып мін тағу оңай ғана нәрсе. Ол әркімнің қолынан келетін «көк шолақ»... бірақ, әдебиет шығармасына тіл алғыш ұшқалақ қаламды айдап мін тағумен, негізгі тексеріспен толық сын берудің арасы жер мен көктей нәрсе. Сын мақаласын әркім жаза берер, жаза берсін. Әлеуметтің әр табы, әрбір уақ жіктері әдебиет шығармасына өз базарының нарқымен баға береді дедік. Газет, журнал жүзінде әдебиет шығармасына баға бергенде, әр тап, әрбір уақ жік, әрине, тұтасымен отырып мақала жазып бермейді. Әр таптың, әрбір әлеумет жігінің оқығандары немесе оқығансымақтары жазып баға береді. Әрине, әркім әр түрлі тәсіл қолданып сын жазған болады.
Бірақ сын жазудың ойыншық емес екенін білу керек.
Көркем әдебиетке сын беру ретінде де марксшылдардың ұлы атасы Плеханов бүгінге шейін пәтуалы ең зор қазы саналады.
Плеханов айтады: «Бір жазушыны сынау үшін сыншының өзі сол жазушының тексерген, баяндаған нәрсесінің мағыналарына сол жазушыдан гөрі тереңірек түсіну керек...» дейді.
Біздің «сын» жазған болып жүргендер жазушылардан әр нәрсенің мағынасын тереңірек түсінетіндер ме? Тексере бастасаң «сын» жазушылардың өздерінің төрт борбайы бірдей кәрі кеселді болып шығады. «Атының сыры иесіне мәлім» дегендей, «сын» жазбақ болып жүргендердің бәрі танымал кісілер ғой...
Ал нағыз сын жазу қандай қиын болса, «сынға сын» жазу, сын жазғандардың сындарына қорытынды жазу одан да қиын нәрсе.
Белинский тәрізді сыншыға толық, дұрыс сын бере алған Георгий Валентинович Плеханов тәрізді ғана кісі болған. Әйтпесе, талай атақты сыншылар да Белинскийге толық, дұрыс сын бере алмаған.
Менің мұным: «сыншы боламын» деп тыраштанба! — деген сөз емес. «Сыншы боламын» деп талпын!.. Бірақ, сыншы болудың керекті құралдарын толық қылып жинап ала біл... Жинап ала білсең құрал бар. Және ол құралды жинап алған соң құралды әбден танып жұмсай біл. Әйтпесе, арзан «көк шолақпен» сыншы бола алмайсың. Ал арзан көк шолақпен, оның үстіне салпаң құлақ көк шолақпен сыншыға сын беру, «қорытынды» беру онан да қиын!
Бір мысал келтірейін... Жақын арада, «Еңбекші қазақ» газетінде сын жазғандарға сын жазуды үйретпек болған біреудің бір шолақ мақаласы басылды. Мақаланы «айтыс ретінде» деп қойыпты. Бірақ сын жазғандарға ақыл айтқан адамның сөзінде тіпті айтысарлық жаңа пікір жоқ...
Жаңа шыққан кітаптарға сын жазғансып жүрген Балқай мен Мұстапаға бұл ақыл айтқан болады. Олар «сынды терең тексеріп, толық қылып дұрыстап жаза алмай жүр, сыншыларымыз надан»... дейді.
Балқайдың «Жыл құсын» мақтағанын жақтырыңқырамайды. Балқай «Жыл құсына» сын жазып мақтапты», дейді. «Қателерін айтпапты» дейді. «Жыл құсындағы» кейбір мақалаларда қате пікірлер бар... Жастарға теріс түсінік беретін жерлері бар» — дейді. Мұстапа мен Балқайдың кітаптарға жазған сындары дұрыс па, дұрыс емес пе? Ол өз алдына бір басқа... Үйретушінің айтып отырған Балқай мен Мұстапасы мен білетін жігіттер болса, олар осы күні оқып жүрген жігіттер. Оларды әзір, әдебиет сыншылары деп мен айта алмаймын. Олардың өздері де «Әдебиет сыншыларымыз!» деп әзір айта алмайтын шығар. Өйткені — олар бұл күнде оқып жүргендер. Тұрмыс майданына керекті білім құралдарын жинап жүргендер. Талпына берсе, керекті білім құралдарын толық жинап ала алса, түбінде сыншы болулары да мүмкін. Әйтпесе, біреудің берген, бұл тандағы арзан, жілігі татымайтын «ақылымен» ешбіреу сыншы бола алмайды. Тіпті «үлкен құдай» айтса да бола алмайды. Мұхаммедке ұсап — құдай атымен пайғамбар болдым! — деп шыға келетін диуаналар көгелташта ғана болар...
«Сынды түзетпекші» болған «ұстаз»: «Біздің қазіргі сыншыларымыз надан» — дейді. Ал өзі «надан емес» — сын жазғандарға сын жазуды үйретпек болып отырған «ғалымымыз» не дейді екен дейсіз ғой?..
Ол кісі жазғанында былай депті: «Жыл құсындағы» Сәкеннің мақаласында қате пікір бар... жастарға теріс түсінік беретін жерлері бар» — депті.
Ол қандай теріс түсінік беретін қате пікірлер? — дегенге мынаны көрсетеді:
— Мәселен Сәкен жазыпты: «тұрмыстың түрлі жүйесіне» оның ішінде әдебиетке жалғыз-ақ Маркс қағидасын, еңбекші тап жолын тұтынған адам ғана дұрыс баға бере алады...
«...Ән, күй, көркем әдебиет саясаттың артында жүреді. Адамның құлық-санасын тарам-тарам қылсақ, тізбектеп бунақтасақ, соның ең алдыңғы бунағында саясат болады да, ең артқы жағында ән, күй, көркем әдебиет, көркем шеберлік болады...» дейді.
Осыны келтіреді де, «мен надан емеспін» деп отырған білгіш:
— Бұл, әдебиетке Марксша сын беру ме? Маркс әдебиетті осылай сынай ма? Маркс саясатты шаруашылық билейді, шаруашылық жоқ жерде саясат болмайды демей ме? Сәкеннің мақаласында бұл туралы бір ауыз сөз жоқ, — дейді. Міне, бұл үлкен қате, Маркс ғылымын жастарға жаңылыс түсіндіргендік. Мұны Балқай сыншы көрсету керек еді. Мұнан бұлай сақ бол деу керек еді — дейді «ғалым».
Мен Балқай болсам айтар едім:
— Рақмет, берген «сабағыңызға», бірақ өзіңіз кітапты теріс ұстап отырсыз. Және көк шолаққа теріс мініп отырсыз-ау деймін: аттың басын аттың кез келген жерінен іздеп, сипалап отырсыз. Цирктегі клоундар ғана аттың басын кез келген жерінен іздейді. Аттың басы алдында болады және біреу-ақ болады. Мені де «мендей бол» демеңіз... Рақмет! — дер едім.
Оны Балқайдың өзі айтар. Енді, шынында, мен теріс, марксшылдыққа үйлеспейтін пікір айтып отырмын ба?.. Міне енді соған келейік.
«Несі үйлеспейді?» дегенде, надан емес «білгіш» жазады: «Маркс саясатты шаруашылық билейді» дейді. Шаруашылық жоқ жерде саясат болмайды дейді... «Сәкен үйдеп айтпай отыр. Бұл туралы Сәкеннің сөзінде бір ауыз сөз жоқ»—дейді. Көк шолаққа теріс мініп, жануардың басын кез келген жерінен сипалап іздеген міне, осы болады!..
Жалғыз саясат емес, адам баласының барлық білімінің, барлық өнерінің негізінде шаруашылық жатады деген қағиданы қазір әрбір «сыншы» емес те, әрбір «ғалым» емес те, тек дұрыс хат білетін адам да совет мемлекетінде білетін шығар. Бірақ, кез келген жерге «шаруашылық» шаруашылық деп сипалап, тыға беруге болмайды. Оны айтатын жері бар.
Адамның өнер-білімін, оның ішінде әдебиетті өсіріп өзгертіп отырған негізгі тұрмыс, шаруа екенін мен ол мақаламда айтатын жерінде айтпаппын ба?.. Ол мақаламның бас кезінде мен бүй дегенмін:
«...бері келе тұрмыстың (бытие) өзгеруіне қарай, ноғай халқы мәдениет ретінде талпына бастап, ұлттық сезімі зорайды... қазақ тұрмысының (бытие) қазақ шаруасының да (экономика) өзгеруіне қарай және 1905 жылғы төңкеріс дүмпуімен қазақ әдебиеті де аздап болса да, ұлттық рухпен өсе бастады. Міне, өнер-білім, әдебиет тәрізді нәрселердің бәрінің негізгі тамыры, негізгі қозғаушысы тұрмыс (бытие), шаруашылық (экономика)» екенін айтатын жерінде айтпаппын ба?
— Аттың басын іздейтін жерінен іздеу керек, көгершінім!
«Сәкеннің мақаласында жастарға теріс түсінік беретін қате пікірлер» бар дейді. Әрине, «мен надан емеспін» деп отырған адамша өзі оқығанын өзі түсінбейтін жастар болса, ондайлар теріс түсінік алуға мүмкін. Оған ешбір жазушы айыпты болмас. «Жастар» деп, көбінесе, оқып жүргендерді айтамыз.
«Жыл құсын» мақтап отырған Балқай — оқып жүргендердің әдебиетке талаптыларының бірі. «Надан» деген Балқайдың түсінуіне қарағанда, әйтеуір бір тәуір жері, жастардың теріс түсінбегендігі көрінеді. Бұған қарағанда, — «жастар теріс түсінік алады-ау» деп ғалымсынған адамның жайсыздануы орынсыз... бірақ, «Жыл құсын» мақтады деп, кейбіреулер жайсыздануға мүмкін, оны жақсы білеміз...
«Дәрігерсінген адам, — әуелі өз басын жазып алсын!..»
Құлық-сана — идеология
Ал, енді мынаған келейік:
«...ән, күй, Көркем әдебиет саясаттың артында жүреді. Адамның құлық-санасын тарам-тарам қылсақ, тізбектеп бунақтасақ, — соның ең алдыңғы бунағында саясат болады да, ең артқы жағында ән, күй, көркем әдебиет, көркем шеберлік болады...» дедік қой. «Ғалымсынған» азаматтың сипалаған жері осы жер ғой. Енді осыны шешейік, бұл не деген сөз..? Адамның құлық-санасы дегеніміз орысша идеология деп аталады. Сонымен идеология — адамның құлық-санасы — тәуір тұрмысқа талпынған түрлі сезім жүйелерінің, күй жүйелерінің екшеліп, айқындалған қорытындысы болды.
Саясат-шаруашылық ғылымының тілінде әлеуметтік тұрмысын, шаруашылық құрлысын, құлық-санасын, салтын, өнерін, білімін — бәрін отырықшы елдердің салынған үйіне мысал қылады. Шаруашылықты — «негіз» (базис) дейді. Жалпы сана-құлықты (идеологияны) үйдің негізінің үстіне «қаланған қабаты» (надстройка) дейді.
Ал, құлық-сана бір-ақ заттан ғана қорытылмайды, әлденеше түрлі заттардан, түрлі сезімдерден қорытылады. Олай болғанда сананы тексеріп, тарамдап бөлшектеп, не қаттауға, не тізбектеуге бола ма?.. Әрине, болады. Тұтас тұрмыстың барлық жүйесін қаланған, салынған үйге мысал қылғанда, адам баласының отырықшы, өнерлі тұрмысқа айналған көпшілігіне түсінікті болсын деп, көпшіліктің көз алдына келтіруге суретті қылып айтқаны. Бұл — көркем әдебиеттің жазу тәсілі.
Ал құлық-сананы (идеология) тексеріп талдағанда, тарамдағанда, сол құлық-сананың талданғандарын бірінің үстіне бірін қаттап көрсетеді. Мысалы, қаланған үй болған соң, шаруашылық оның «негізі» болған соң, құлық-сана оның үстіне «қаланған қабаты» болған соң, ол «қаланған қабаттың» өзін тексеріп, бөлшектегенде, сол бөлшектерді қаттап көрсетеді. Бірінің үстіне бірін қойып көрсетеді. Сөйткен соң қаланған үй екі-ақ қабат болып шықпайды. Әлденеше қабат болып шығады. Әлденеше этажды (в несколько этажей) болып шығады. Сонымен құлық-сананың өзі неше қабат болады. Құлық-сананың ең маңыздырақ, ең «гәбі» зорлық тарамын үйдің «негізіне» (базисқа) қаттастыра, құшақтастыра қояды да, «гәбінің» маңызына қарай өзге тарамдарын да жоғары қабатқа қояды.
Ал барлық тұрмыс жүйесін, оның ішіңде құлық-сананы (идеологияны) суреттеп айтқанда, қаланың қабат-қабат салынған үйлеріне ғана мысал қылу шарт па?.. Үйден басқа да түсінікті нәрсені келтіруге болар ма?.. Үйді келтірмей, үйдің қабаттарын келтірмей бола ма?..
Оған жауап, — әрине, болады.
Ауыл шаруашылық заттары мен қаладағы өнеркәсіп дүкендерінен шыққан заттардың бағасы, нарқы бір-бірінен шалғайланып кеткенді қысқа қылып түсінікті, суреттеп айтатын болды. Нарық «қайшысы» («ножницы» рынка) дейтін болды.
Партияның жобасына, саясатына терістеу бет алысты түсінікті қылып айтуға «тайысу» (уклон) дейтін болады. Бұл мағыналарға «қайшы» деген сөз бен «тайысу» деген сөздерден басқа, не бұлардан да гөрі көрнекті, түсінікті сөздер табылса, не осылардан кем емес сөздер табылса, — осы екі сөзді алғашқы қолданған орындар алмас па еді?.. Әрине, алар еді...
Ал олай болғанда, тұрмыс жүйесін, оның ішінде құлық-сананы (идеологияны) суреттеп көрнекті қылып айтқанда, мен қабат-қабат салынған үйді мысал қылмай-ақ, тізбектелген көшті, тізбектелген, бунақталған жұлын-тұта омыртқаларды мысал қылдым. Қалың қазақ еңбекшілеріне осылар да түсінікті болар деп білдім.
Құлық-сананы (идеологияны) тізбектелген көшке, яки тізбектелген, бунақталған жұлынтұта омыртқаларға мысал қылғанда, кеш тізбегінің ең алдыңғы түйелер (бунақ) — құлық-сананың ең «гәбі» маңызды бунақтары болмай ма? Немесе, тізбектелген, бунақталған омыртқаның ең алдында (бас пен ауыз омыртқа) — құлық-сананың ең «гәбі», маңызды бунақтары, ең маңызды тарамдары болмай ма?..
Ал құлық-сананың ең алдыңғы бунағы не?.. Құлық-сананың (идеологияның) ең алдыңғы бунағы — саясат. Ал құлық-сананың кейінгі бунақтары, не? Кейінгі бунақтары, — Көркем әдебиет бунақтары. Артқы бунақтары, — ән-күй бунақтары, ең артқы бунақтың бірі — Затаевич отырған бунақ-ау деймін...
Міне, аппағым, мен құлық-сананы (идеологияны) бунақтағанда осылай бунақтаған едім...
Құлық-сананы (идеологияны) бөлшектегенде, бунақтағанда, алдыңғы бунақтарда саясат, түрлі ғылым бунақтары десек, кейінгі бунақтарда Көркем әдебиет, ән-күй, тәрізді бунақтар (искусство) болады дедік.
Әлеуметтің яки таптың құлық-санасына өзгеріс кіргенде (революция болғанда) өзгеріс бас бунақтардан — әлеуметтік саясат бунақтарынан басталады. Сөйтіп өзгеріс кейінгі бунақтардан шығады.
Ал өзгеріс жасаған таптың әлеумет, саясат ретінде бағытына бөтен таптан көшкен кейбір адамдардың барлық құлық-санасы (барша тізбектелген жұлын-тұта омыртқа бунақтары) бірден тегіс өзгере қоймауы да мүмкін. Өзгеріс жасаған таптың жалпы бағытымен, жалпы рух-демімен бөтен таптан ілескен адамдардың әуелі саясат, әлеумет мәселелері тұрған алдыңғы омыртқалары ғана өзгеріп, кейінгі бунақ омыртқалары біразға шейін, кейде тіпті көпке шейін, өзгере қоймай, ескі, бұрынғы түрінде қала беруі мүмкін. Бұл тарихтан белгілі нәрсе. Бұл, әсіресе, сол өзгеріс жасаған таптың бағытына бөтен таптан қосылған адамдарда болатын іс.
Саясат, әлеумет ғылымдары — тұрмыс лаждарының, тіршілік қамының, күнелту тәжірибелерінің, тұрмыс айлаларының, — солардан шыққан ойдың екшенді, тәртіпке салынған қорытындысы. Ал ғылым болып шыққаннан кейін, саясат, әлеумет ғылымдары тұрмысты көркейтуге құрал болады. Сол себепті, саясат, әлеумет мәселелерін тексеріп, мақұлдағанда, адам айла, лаж іздеген есеппен, алды-артын болжаған оймен тексеріп, мақұлдайды. Адам, ең алдымен, қарынның қамын, қарынның пайдасын, тіршілік қамын қарастырады.
Сөйтіп, әлгідей адам тіршілік лажының есебімен, тексеріп салмақтап мақұлдаған жаңа әлеуметшілік жолына өзін өзі әкеп салады.
Сөйтіп, адам әуелі «сұлуынан жылуын» іздейді.
Плеханов айтады: «...адам әр нәрсені бағалағанда ең әуелі тіршілікке пайдалы жағын ғана қарайды. Содан кейін ғана ол нәрсенің Көркемдік жағын іздейді»... дейді.
Сөйтіп тіршіліктің керектері, қарынның керектері алдында жүреді де, көркемдік іздеген сезімнің керектері соңында жүреді.
Әлгі өзгеріс (яки өзгеріс жасамақ) пролетариат табының бағытына басқа таптардан кірген адамдардың талабы саясат, әлеумет мәселелерінде сол пролетариат табының бағытына түссе де, пролетариаттың саяси партиясына кірсе де, Көркемдік өнер (искусство) мәселелерінде (мәселен, көркем әдебиет ретінде) құлық-саналары пролетариат бағытына тез кіре қоймайтыны сол, ал кейбіреулері, көркем әдебиет ретінде пролетариат бағытына тіпті түсе алмай да қояды.
Плеханов айтады: «...байлар табынан шығып, құлық-сана шырайларын жұртқа тарататын, пролетариат табына қосылып, сол пролетариат табының туын ұстаған адамдардың араларында көркемөнер шеберлерін тіпті аз білеміз...» дейді.
Күйлі сөз (поэзия), Көркем әдебиет адамының, ілгерідей, сансыз қырлы, сансыз сырлы, неше түрлі сезім күйлерінің әсерімен шығатын болғандықтан, бір белгілі түрдегі, белгілі бағыттағы, белгілі күйдегі, белгілі рухтағы күйлі сөз, Көркем әдебиетті сүюшілердің, екінші түрдегі, екінші бағыттағы, екінші күйдегі, екінші рухтағы күйлі сөзді көркем әдебиетті сүюі қиын болады. Сол жаңа күйдегі, жаңа бағытты көркем әдебиеттің бағытына түсуі тезінен бола қоймайды. Әлгі бір таптың адамы, саясат, әлеумет мәселелерінде пролетариат бағытына көшіп, сол пролетариат табының (жалшылар табының) саяси партиясына кірсе де, күйлі сөз (поэзия) көркем әдебиет ретінде пролетариат бағытына түсе алмауы мүмкін дейтініміз осы. Бүл, әсіресе біздің совет мемлекетінде мүмкін. Өйткені совет мемлекетінде әкімшілік жүргізіп отырған пролетариат партиясы, коммунист партиясы бұл партияға бөтен таптардан кіргендердің арасында әлгілер дей болуы мүмкін. Үстемдігін жүргізіп отырған партияға тұрмыс, тіршілік ойлап бөтен таптардан кірушілер көп болмақ. Мұны, тәжірибеден тұрмыс жүзінен көріп те отырмыз. Бұл — әсіресе біздің Қазақстанда көрініп отырған тәжірибе.
Арба бар жерде дөңгелек жоқ па?..
Тағы да «мен надан емеспін» дегендей қылып, газетке сөз жазып отырған азамат: «Маркс — саясатты шаруашылық билейді, шаруашылық жоқ жерде саясат болмайды» демей ме?» — дейді. Сәкеннің «Жыл құсының» 7-ші номеріндегі мақаласында бұл туралы бір ауыз сөз жоқ»... — дейді дедік қой...
Жалғыз ғана саясат емес, тұтасымен құлық-сананы (идеологияны), оның ішінде көркем әдебиетті тұрмыс (бытие), шаруа (экономика) билейтінін «Жыл құсының» 1-ші номеріндегі мақаламда айқындағанымды ғана айтып өткемін. Қалай айтқандығымды көрсеткем. Оны енді тағы да қайталаймын, түсінбеген «ғалым» қайтадан оқыр.
Мен әдебиетті өзгертіп отыратын тұрмыс, шаруашылық деп «Жыл құсының» 1-ші номеріндегі мақаламда, кекесін қылмай-ақ, шындап айтып едім. Бірақ, менің онымды «надан емеспін» дегендей қылып отырған кісі оқығанда, «шындап айтпаған» деп түсінген тәрізді.
Ал мен де, ендеше, ашық айтайын: бұдан былай байқап қараңыздар: мен барлық құлық-сана, оның ішінде көркем әдебиет, тұрмыстың (бытие), шаруаның (экономика) өзгеруімен өзгеріп отырады деп «шындап айтамын». «Ғалымның» жазған сөзі және мынандай қызық-ау: «е, Маркс, шаруашылық жоқ жерде саясат болмайды демей ме?»... дейді.
Уай, аппағым-ау, «шаруашылық жоқ жерде саясат болады» — деп кім айтады? Тек Түркістандағы апиын, көкнар ішіп, наша тартып, есалаң болып, «дүние пәни» деп күркілдеген шайқы бұрқы «әулиелер» болмаса!»... «Шаруашылық жоқ жерде саясат болмайды» демей ме?» деген сөз, «дөңгелек жоқ жерде арба болмайды» деген тәрізді.
Рас, дөңгелек жоқ жерде арба болмайды. Ал арба болмаған жерде дөңгелек те жүре бермейді, дөңгелек те, арба да жоқ ата мен аналар көп бола бермесе керек. Тек, аспандағы баласыз, қатынсыз «кәрі құдай» болмаса. Бірақ, ол да шыдай алмай, сұлулығына қызығып, «Арамды алып, Исаны туғызыпты» деп шоқынады ғой бірсыпыра шал мен кемпірлер.
«Шаруашылық жоқ жерде саясат болмайды» — демей ме?.. дейді айнам... Рас... ал саясат бар, шаруашылық бар екені күмән ба? Құлық-сананың ішіндегі тарамдардан саясат емес пе шаруашылықпен айқаса біткен?.. Шаруашылықтың айқындалған шырайы саясат емес пе?..
Барлық тұрмыстың негізі шаруашылық... ал шаруашылық пен саясат, «саяси әкімшілік» айқаса құшақтасып жатады. Біріне-бірін бөліп, бірінен-бірін артық-кем ұстап болмайды.
Міне, шаруашылықсыз саясаттың күні жоқ, саясатсыз шаруашылықтың күні жоқ. Бірінсіз-бірі тұра алмайды.
Олай болғанда, «саясат» десек, оның ар жақ құшағында «шаруашылық» бар екені өзінен-өзі белгілі.
Міне, бұл осылай, сұңқарым!.. Не сөз айтсаң да, «шаруашылық» қайда?.. «Шаруашылық» қайда дей беру — «соқыр көргенінен жазбайды» деген мақалды ойға келтіреді.
Әдебиетті тексеру, сынау, бағалау және құлық-сананы тексеру осылай болады.
Тағы да Георгий Валентинович айтқандай: «Бір жазушыны сынау үшін, сол жазушының тексерген, баяндаған нәрсесінің мәнісіне, сынаушы сол жазушыдан гөрі тереңірек түсінген болуы керек.»
1928 жыл