Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Күй-құдірет (Қос шалқыма)

Құрманғазының 175 жылдығына орай

Әлеумет, әмбемізге аян бір гәп: біз өзіне-өзі көп сұқтана қоймайтын халықпыз. Құдайдың өзі бергенін өзіміз көпсінбейік деп, кебежеміздің түбін қақпаймыз, күбіміздің түбін сарықпаймыз, баламыздың басын, көгеніміздің бұршағын санамаймыз. «Ағайын бір өліде, бір тіріде»,— деп, жан-жағымызды да жанымыз қысылғанда барып, зорға түгендейміз. Ақыл қосардай естіміз бен қайрат қосардай күштімізді де басымызға іс түскенде барып іздейміз. Таба алсақ — сонда барып қуанамыз. Таба алмасақ — сонда барып мұңаямыз. Көзден аяп, кимей жүрген асылымыздың қадірін тозып кеткен соң, сөзден аяп, айтпай жүрген ардағымыздың қадірін дәурені озып кеткен соң барып, кеш біліп, қапы соғып жатамыз. Асылымызға назар әрінің барында, ардағымызға назар әлінің барында керек екенін уақытында аңғара бермейміз. Жақсылыққа деген ықылас азайған жерде, жақсы болсам деген ыждаһат та азаяды. Ықылас пен ыждаһат азайған соң, ырыс та азаяды. Одан елдің несібесі кеміп, еңсесі түседі. Өйткені, қуана білмегенге құт қонбайды, бағалай білмегенге бақ тұрмайды, табына білмейтін қауымнан пайғамбар қашады, бағына білмейтін халыққа патша құтаймайды. Ел содан барып азады. Жер содан барып тозады.

Ондайдың беті әрмен... Бірақ, қазір де басымызға іс түспегенмен сын түсіп тұрған кезең. Қабырғалы ел болам деген халық қалған адамзатпен қауымдасып, қатарға кіруі керек Қатарға кірем деген ел де жиынға бара жатқан жігіттей ғой. Жұрт алдында жер болып қалмау үшін үстіндегі киіміне, астындағы атына, соңындағы нөкеріне айрықша мән беруге мәжбүр. Тосынға тосырқай қарайтын кәнігі көптің аяқ басқаныңнан: «Дәулетің мен дәрменің қандай?», ауыз ашқаныңнан: «Арғы-бергіңде кімің болып, кімің қойған?»— деген іш сауалдарына жауап іздеп отырары белгілі.

Содан да ма екен, бұрын өзгедегі болмаса, өзіндегіні көзге іле бермейтін, бетенеге болмаса, етенеге емешегін үзе қоймайтын біздің ұстамды нәсіл де тәуелсіздік алғалы арғы-бергіні, өткен-кеткенді бажайлап түгендеп, күні кешеге дейінгі опырайып олқы тұрған рухани Олимпіміздің басындағы қара-құраңды біршама молайтып тастаған түрі байқалады. Қуанарлық құбылыс. Бетімізден жарылқағай. Бірақ өткендегі абырой-атағымыз бен бүгіндегі парасат-парқымыз бірдей сыналатын мұндай шаруаны мейлінше мұқият, мейлінше талғампаз атқаруымыз жөн болатыны түсінікті. Әйтпесе, көзі жоқтардың да көңілдерін аулаудың жөні осы екен деп жаппай марапатқа ұрынсақ, өз жалымызды өзіміз биіктетеміз деп жүріп, аласартып алуымыз да ғажап емес.

Ел еңсесін көтеріп, халық қабырғасын жауып, қауым қанатын батыл жайып кету үшін кейде жоқтан бар, бардан нар жасауға тура келсе, тура келетін де шығар. Алайда, тағдыр мен тарих бізді ондай мүшкіл де мүскін хәлден әлдеқашан құтқарған. Ешқандай жамап-жасқаусыз-ақ бағзы мен бүгін талайымызға бұйыртқан шын ақықтарымыз бен шын ақиықтарымызды таза танып, таза бағалап шыға алсақ та, ешкімнен кенде, ешкімнен қораш көрінбес едік. Оны қазіргідей оң-солымызды танып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп жатқан тұста «тәубе» дей отырып, зор қанағатпен айта аламыз.

Егер біз халық-қазақтың дүние жаратылып, су аққалы бергідегі несібесіне бұйырған асыл мен қымбатын түгендесек, самсатып мойынға не омырауға тағар көп әшекейінің арасына тізбей, самаладай маздатып, маңдайына қадар дарасына лайықтылардың, егер біз қауым-қазақтың дүние жаратылып, су аққалы бергідегі бесігіне бұйырған аруақтысы мен ардақтысын түгендесек, әншейін ауыз толтырып айтар мақтанышым, көңіл толтырып айтар жұбанышым деп қана санамай, құдайдан соңғы қуатым, иманмен бірдей ұятым деп ұлағат тұтып, көкірегін тосып, пір қылып құшар, төбесін тосып, ту қылып тұтар данасына лайықтылардың бірі ғана емес, бірегейі — бүгін күллі ұлтымыз болып ұлықтап жатқан ұлы Құрманғазы бабамыз екені даусыз.

Шүбәңіз болса, бір сәт көзіңізді жұмыңыз да, бір кезде Құрманғазы саусақтары оятқан әуен мен әуезге құлақ түріңіз... Сан сағаттар бойына санаңызды шайқалтып, ақылыңызды арбап, сезіміңізді сергелдеңге түсіріп, теңселткенше тебірентіп, еңіреткенше емірентіп жатқан мың-миллион үн-толқындар табаныңызбен тік басып жерде тұрғаныңызды ұмыттырып, көбігін сапырған кек долы Мұхиттың төрінен бір-ақ шыққандай хәл кешкізбесе, бізге серт. Қапелімде, мына дүниеге біз білетін төрт мұхиттың үстіне жаңа мұхит, бесінші мұхит — күй мұхиты қосылған ба деп қаласыз. Ол суы бес құрлықтың үшеуінің жағасын шайып, буы бес құрлықтың бесеуінің де төріне жетіп, тоңын жібітіп, мұзын ерітіп, ызғарын қуып, ыстығын жұмсартып жататын атақты Атланттай шарапат толқынына бөлейді. Адамдық болмыстың ол ерітпес мұзы, ол теңселтпес Құзы жоқ сияқты. Бұл құдірет болмағанда, не құдірет болады?! Тәңірі мен табиғаттың қолынан шыққан барша құбылыс пен барша көрініске, барша қылығы мен барша құлығына, солардың бәрі судай сапырылысып, бірде бір-бірімен атысып-шабысып, бірде бір-бірімен аймаласып-табысып жатқан ию-қию дүниенің бар сәт, бар ахуалына көзіңмен көре алмайтын, қолыңмен ұстай алмайтын, сылдыр-сұйық, тұлдыр-тылсым, ең азы су екеш суға да, бу екеш буға да ұқсамайтын, тек құлағыңның жарғағы мен санаңның саңлауы ғана аңғара алатын әуедегі әлдебір болмашы дірілдер арқылы дәл балама, дәлкейіптеме тауып беріп тұрған сол бір сиқыр күшті керемет демегенде не дерсіз?! Сөз жетпесті білгізіп, көз жетпесті көргізіп, ұғым ұстай алмасты ұқтырып, түйсік қармай алмасты түсіндіріп тұрған бұл ғаламатқа тамсанбағанда, неге таңғалып, неге таңдай қағамыз?!

Осынша дүлей, осынша сиқырды бір көкірекке сыйғызып, басқаны қойып, жаппар хақтың өзімен бәсекеге түсіп, оның баяғыда бір орнатқан дүниесін сағат сайын қайта жаратып, қайта жаңғыртып, әр жаңғыртқан сайын оны құдайдың өзі танымай қалатындай қып қырық құбылатын Құрманғазыға табынбағанда, кімге табынамыз?!

Егер ол құба түздегі құлан өрісті қазағың түгілі шаршы әлемнің шартарабында әр қилы тағдыр, әр қилы тіршілік көшіп, сан алуан ахуал мен сан-сапат тауқыметті бастан кешірген барша адамзаттың барлық нәсілінің бәрінің де құлағын ұйытып, бәрінің де басындағы намыс пен жігерді, бәрінің де ар-ұжданындағы асқаралы ақиқат пен жанындағы асқақ арман, жалын сырды түгел қамтып, түгел жеткізе алса, қамтығанда да жұмыр басты, жұлын арқауы адамзаттың әлдеқашан көргені түгілі әлі көрмегенін де, түсінгені түгілі әрі түйсінбегенін де төкпей-шашпай түгел жайып салса, жеткізгенде де жүрегіңе шық ете қалатын шыны майдай шынайы жеткізсе, бұған жағамызды ұстамағанда қайда жағамызды ұстаймыз?! Бұған масаттанбағанда қайда масаттанамыз?!

Бірақ, көрмес түйені де көрмес деген ғой. Кейбіреулер кешеге дейін Құрманғазының өзін бір ыңғай, бір әуен, жадағай да жайдақ сазгер деп түсіндіргісі келді. Басқамызды қойып, халқымыздың тоқсан тарау күйшілік өнерін қақ жарып екіге бөліп, «ана жақтың күйі, мына жақтың күйі» деп әрі тарт бері тартқа салудан тайынбағандар жарыса қатар ағуға, жарыса қатар тасуға тиісті асыл арналарымыздың біреулерін қолдан сарқылтуға, біреулерін қолдан шалқытуға құмарланды. Сондайдың салдарынан бір кезде күллі қазақ сазын әлемнің құлағына танымал еткен атақты орындаушылық мектептің, дүниежүзілік бәйгенің алдын бермеген атақты өнер ұжымының етегі елпі, жеңі желпі боп кете жаздады. Рухани экологиямызды аздырып-тоздыратын мұндай апаттарды біреу сырттан әкеп, не жоғарыдан әкеп таңбайды, өкінішке орай, өнерпаз қауым, білімпаз қауым әлі де арыла алмай келе жатқан өзімізді өзіміз өгейсітетін, өзіміздікін өзімізге көп көретін ескі қасіретімізден — етектен тартпа іштарлығымыздан өніп-өрбиді. Бірақ, қандай тайыз ниет, тарпаң пиғылдардың айтқаны болып, айдағаны келе беруі мүмкін емес еді. Еділдің суын шелектеп шашып, Жайықтың суын ожаулап төгіп, түгел сарқып шығу қандай мүмкін болмаса, Құрманғазының Асқартаудай абыройын қысыр қаңқумен аласартамын леу сондай мүмкін емес шаруа еді. Ондай одыраңдардан тек бір аймақ ағайын білетін көзі тірісінде де қыла қоймағанда, берісі исі алаш, әрісі исі адамзат түгел біліп болған әлеумет Құрманғазы қанатын қомдап, әлемдік даңқтың мәңгілік алтын тұғырына біржола қонып алған соң, қайдан қыла қойсын?! Қылбады да... Қылбайды да... Ондай-ондай түтін пиғыл, тымырсық ниет тоғышарлар заманында не десе, о десін, еңсегей тұлға Еліміз, қара ормандай Халқымыз — исі қазақ, обалы не керек құдайды ұмытып кете жаздағанымен, Құрманғазыны ұмытып кете алмады. Өз қағынан өзі қаралай жерініп, пайғамбардан бейхабар, машайықтан мақұрым, алланың өзінің аты аузымызға бірде оралып, бірде оралмай жүргенінде де, Құрманғазының күйінсіз таңымыз атып, күніміз батқан жоқ десек, асыра айтқан болмаспыз. Өйткені, оның артында қалған телегей-теңіз мол мұра ешқашан жойылмауға, жоғалмауға, құбылса да құрымауға тиісті адамдық болмыс, адамдық тіршіліктің барша ахуалының бәрі де алған деміңмен, тасыған қаныңмен әуендес, жүрегіңнің лүпілі мен тамырыңның дірілі ырғақтас әуез тауып бере алады.

Оған көзімізді жеткізгіміз келсе, тағы да күйге құлақ тосайықшы.

Жанымыз жадырап, жанарымыз жайнап, көлдете төгілген көл-көсір рахат пен айнала қоршап, айнала арбап тұрған сиқыр сұлулыққа тәнті болғанда, «Балқаймақ» боп балқып, «Айжан қыз» боп қалқымас па едік...

Жаратылыс пен жарық дүниенің шалқар көлдей мейір-ықыласына елтіп, тәубеңе келіп, озмыш дүниеден орныңды тауып беріп тұрған жазмыш тағдырдың жазуына өз-өзіңмен пейіл болғанда, «Алатау» болып еміреніп, «Қызыл қайың» болып тебіренбес пе едік...

Одан да гөрі мерейленіп, мейманаң таси бастағанда «Балбырауын» болып балбырап, «Байжұма» болып алабұртып, «Терісқақпай» болып теңселе айналып, өз құйрығын өзі теуіп ойнаған уыз нәсіп құлындай құйқылжыта құлдыр қағып, құйғыта жөнелмес пе едің?!..

Алақаны бар тіршіліктің шапалағы да бар. Қуанышы бар дүниенің өкініші де бар. Қапың кетіп, қамыға бастасаң — «Қайран шешем» боп бебеулеп, «Ақсақ киік» боп аласұрмас па едің?!..

Өкініштен өзегің өртеніп, шерменділіктен шекең шыңылдай жөнелсе — «Бекер келдім» деп безіл қағып, «Некричи, не шуми» боп өз-өзіңмен долырмас па едің?!..

Одан да қайран таба алмай, ширыққан жүйке жидігенде — «Бозқаңғыр» боп босап, «Бозшолақ» атты боқ дүние боп, өзіңді-өзің кекеп-мошқамас па едің...

Бір сәт қайтадан салыңқы денең жазылып, солыңқы жүзің жылынып, түнектен сәуле, тығырықтан жол іздеп елегізгенде — «Ертең кетем» деп еліріп, «Түрмеден қашқан» боп төгілмес пе едің...

Тәуекелге бел байлап, талабыңды өрге айдап, қайрат жинау үшін ашуыңды шақырып, айбарыңды қоздатқанда «Саранжап» боп себелеп, «Төремұрат» болып төпелей жөнелмес пе едің...

Дегеніңе жетіп, дәуренің туып, айбының асып, айдының шалқығанда — «Серпер» болып серпіліп, «Адай» болып алаулап, «Сары Арқа» боп жалауламай, қалай шыдап тұра аларсың?!

Алыс-жұлыстан, сапырылыс-сабылыстан мезі боп, байыз тауып, бекершілік дүниенің байыбына бойлағанда — «Бас ақжелеңге» басып бойыңды, «Итогке» салып ойыңды жиып, «Демалысты» шертіп деміңді алып, «Манатауды» шертіп мауқыңды басар едің ғой...

Ал енді соның бәрі де көзден бұл-бұл ұшып, қасіреттің қара бұлты торлап, қара жамылып, қан жұтардай күн туса — «Ақбай» болып аңырап, «Кісен ашқан» болып кеміріліп, «Көбік шашқан» болып жемірілуден басқа не қалады?!

Жә, Құрманғазының көкірегінен төгіле ақтарылып жатқан әуен мен әуездің қыры мен сырын түгендеп шығам деуіміз де бекер әурешілік. Күннің нұрының шұғыласын санап, желдің гуілінің сарынын саралап шығам дегендей есек дәме, ерсі машақат...

Мынау жұмыр жердің үстіндегі миллиондаған жұмырбастылардың жүрегінің түкпірінде жан тебірентерлік қанша сыр болса, Құрманғазының күйлерінде де тап сонша қыр бар. Өйткені, ол бір өзінің ғұмырында күллі адамзат баласының басында болатын тірілей тамұққа кіргеннен басқа тауқыметтің бәрін де көріп үлгерді, тірілей жұмаққа кіргеннен басқа рахат пен ләззаттың, абырой мен даңқтың, ерлік пен ерліктің, мейір мен пейілдің бәрінің де дәмін татып үлгерді. Сондықтан да, оның бал бармақтарының астынан төбе-құйқаңды шымырлатып, қабырғаңды бір-бірлеп қарш-қарш сөккендей, әбден мұқалтып та бұралтып кетердей ауыр аза, өн бойыңды жидітіп, өзегіңді тіліп түсер ащы ыза, шыбын жаныңды құрсаудай қысып, матаудай мытып жіберердей тегеурінді намыс пен кек асып-тасқан алапат жігер мен шабыт, шалқар дария шаттық пен қуаныш, телегей-теңіз мейір мен пейіл бет-бетіне ала қашпай, бір жүрекке сыйып, бір жүйкені тербете алардай шынайы үйлесіммен төгіледі. Құрманғазыны мың сеңгірдің басын тоғыстырған асқар тауға, мың-мың дарияның аяғы барып құятын алып мұхитқа ұқсатып тұрған да осы қасиеті. Оның соншалықты жіліктей өрбітіп, жеріне жеткізе дамытқан әуендік-әуездік әр саласы, үйір-үйір әр тақырыптық желісі әлемдік сазгерлік өнерде әрқайсысы бір-бір мектеп иеленіп, әрқайсысы бір-бір данышпанның атын шығарып тұрған өрелі биіктер, өнікті арналар Құрманғазының азалы күйлері. Құрманғазының шат-шадыман күйлері. Құрманғазының жігер шақырар саздары, Құрманғазының сабыр шақырар саздары. Құрманғазының ой тұтатар әуендері. Құрманғазының сезім тұтатар әуендері. Қай-қайсысы да әлемдік музыканың өз сарындарындағы шектен шығып, шеннен озған үлгілерімен емін-еркін жарысып та, жарасып та кете алар еді. Құрманғазы бірде Бахпен үндесіп аза бойыңды, қаза қып, төбе құйқаңды шымырлатса, бірде Бетховенше сілтеп дауыл сапырады, бірде Моцартша мөлдіреп, жүрегіңді қыдықтаса, бірде Паганиндей мынау шым-шытырық дүниенің ең бір қым-қуыт қозғалыстарының ырғақ-ызыңын тірілтіп, домбыра ішегі түгілі, адамның құлағына тосын, бейтаныс, соны үндер мен әуендер өрбітеді. Қашанғы дүниенің ең ежелгі әуездеріне енді тәй-тәй басқан жаңа дүниенің әлі біреу аңғарып, біреу аңғара қоймаған екпіні мен серпіні қамшының өріміндей айқұшақ қауып, қабысып жатады.

Мұндай көп қырлылық пен көпсырлылықтың ең басты себебі құдіреті күшті табиғаттың дәл өзіндей пәрменді талантқа күллі тарихты еске салар күрмеуі мол күрделі тағдыр сыйлағанында деп білеміз. Екіншіден, мың сеңгірлі, мың өзекті Құрманғазы болмысының әлгіндей мол ауқымы мен шытырман бітімін түсіну үшін оның өмір сүрген дәуіріне, сол көзеңнің шырғалаң рухани ахуалына жүгінеміз.

Құрманғазы шығармашылығында күллі әлемдік сазгерліктің ең басты бастауларының бәрінің жүруі далада туған данышпанның барша данышпан замандастарының бәрімен дәмдес, бәрінен хабардар болғандығынан емес. Қажет десеңіз, олар дүниеде Құрманғазының барын, Құрманғазы олардың барын атымен білмей кетті. Сауатты Абай әлемдік әдебиеттің бетін ашып көрсе, сауатсыз Құрманғазы әлемдік музыканың шетін де естіп көрген жоқ. Бұның бәрін оның құлағына, қазақша айтқанда «құдай сыбырлады». Дәлірек айтқанда, тағдыр мен тарих «сыбырлады». Ұлы күйшінің бір кісілік ғұмырында оның екі құрлық, екі үрдіс тоғысында тірлік кешкен көшпенді халқы қалған адамзаттың әлденеше ғасырдың ішінде басынан өткерген барша өткелектері мен тартқан барша тауқыметтерінің бәрін өткеріп, бәрін тартып шықты.

Құрманғазыдай ерен талант, ерек зерделер бір ғұмырда бірнеше буынның ғұмырын өз басынан өткеріп, өз жүрегімен сезе алады. Өз көрешегін көріп қана қоймай, бабалар жадымен бағзыны пысықтап, балалар қиялымен болашақты болжап үлгереді. Сөйтіп, бір кісінің ғұмыры, уақыт жағынан, бір халықтың, кейде тіпті күллі адамзат нәсілінің бірнеше ғасырлық тарихи кеңістігіне айналып кетеді. Бұл тұрғыдан келгенде, Құрманғазы ести қалған, Құрманғазы көре қалған тарихи кезеңде қазақ жұрты сонау Талмуд пен Інжіл заманына қайта оралғандай болып еді. «Бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған», «жатып қалған түйесі жардай атан болатын» ата қонысынан ауа көшіп, барған жерінен бақ таппай, сор тауып, ескі жұртқа еңіреп қайтып, қайда барса да, сыртқы ықпалдың дүмпуінен құтыла алмай, қауымның аузы екі жарылып, біреулері өліспей беріспеуге, біреулері өсер ұрпақ, келер күннің жолын кеспей, замананың алдын алып, ыңғайына көшуге үндеп, сергелдең хәл кешкен халықтың дәнденай дәурені — Құрманғазы күйлерінің әрі тін, әрі төсегі еді. Олардың қай-қайсысында да зар мен ыза, мұң мен жігер, үміт пен күдік үзбей алысып, үзбей шарпысып жататындығы да сондықтан еді. Ақ пен қара, ізгілік пен зұлымдық, бостандық пен озбырлықтың мігірсіз шайқасының ырғағын өз тамырының дірілі, өз жүрегінің лүпілі етіп алған сазгер итжығыс күштердің біреуін қолдан басым түсіріп, біреуін қолдан бесік түсірмей, тісі шықырлаған ызаңында, тірсегі майысқан зардың да жағына шықпай, бір жығылып, бір тұрса да, белін бере қоймаған жігердің жанынан табылады. Сол арқылы тарих бар жерде тартыс, өмір бар жерде күрес, ақиқат бар жерде айтыс тоқтамайтынын біліп, тіршілік иесінің екі көзіндей қымбат екі қолғанаты, екі тірегі — намыс пен жігер екенін зерделі зердеге жеткізіп-ақ бағады.

Бұл ретте ол өзімен тұстас әдебиетпен, өзімен тұстас сазгерлікпен әрі үндеседі, әрі үндеспейді.

Құрманғазы дәуірінің көркем сөздегі басым сипаты — зар заман тақырыбы еді. Махамбеттің ереуіл жырлары аракідік жарыспа сипатқа ғана ие болған-ды. Ал күйзеліспен қоса ізденісті, үреймен қоса үмітті өзек еткен Абай дәстүрі әлі аршындап кете алмай жатқан-ды. Он тоғызыншы ғасыр әдебиетінде, демек, қоғамдық ойында үшеуі үш тұста кезеңдік бағыт, үшеуі үш тұста кезеңдік мектеп болған бұл үш сарын Құрманғазы шығармашылығында бастан-аяқ қатар өрбіп, қатар дамиды. Оның сай-сүйегіңді сырқыратып, қабырғаңды қайыстырар азалы сөздері зар заман сырларының шерменде әуенімен, жігеріңді жанып, намысыңды қайрар серіппелі серпер саздары ереуіл әдебиеттің өжет уытымен, уайыммен қоса қуанышты да бейнелейтін ой-толғам саздары ағартушы кезең әдебиетінің парасат-пайымымен тереңнен қабысса, ал «Адай» мен «Сарыарқаны» апафеоз шалқымаларының әдеби баламасын атымен таба алмайсыз. Оның үстіне әлгі үш сарын Құрманғазы күйлерінде кейде әрқайсысы әр арна боп, әр бөлек ақса, кейде бір шығармада тоғысып, бір ой, бір тақырыпты айдындандыра түседі. Егілтіп, езілтіп отырған зарлы саз кенет ышқынған ызаға ұласып, артынша-ақ алабұртқан адуын жігерге жалғасады. Керісінше, жаратылыс пен жарық дүниенің аз-кем рахаты мен ләззатына елжірей елтіп отырған бейжай ахуалдың түкпірінде де терең тебіреніс, ауыр күрсініс жатады. Ал адуындаған асқақ арынның аржағынан кенет екі иықты жұлып жердей ыза мен намыс от боп шарпиды. Таусыла қамығып, таусыла қуанатын рухани максимализм жыршысы Құрманғазы, бір қызығы, біржола күйреуіктікке де, біржола тоқмейілсуге де ұрынбайды. Екі ұдай дүниенің әрі тарт та, бері тарт екі ағымының екеуіне де елікпей, қатал тағдырдың қай салғанын да қаймықпай көріп алуға тәуекел ететін қайсар рухты қалайша шебер жеткізіп, қалайша шебер дарыта алатынына қайран қалмасқа болмайды.

Бұл жағынан келгенде, ол өз заманының көркем ойындағы адам таңғаларлықтай айрықша бітімді ерек тұлға.

Рас, ол кезде де әлемдік саздың небір сүлейлерімен тайталас түсе алар дәулескер күйшілер қазақ топырағында да аз емес еді. Олар өз бейім, өз әуені тұрғысынан келгенде, Құрманғазымен де шендесе алар еді. Олардың біреулері Құрманғазымен зарлылық жағынан, екіншілері — ойшылдық жағынан, үшіншілері — ойнақылық жағынан емін-еркін жарысқа түсе алатынына дау жоқ. Бірақ, мол ауқымдылық пен көп қырлылық жағынан, әрі өжет, әрі мұңды, әрі ойнақы, әрі ойшыл, әрі сері, әрі пері, әрі дана, әрі бала бола білуі жағынан Құрманғазымен ешкім де додаға бірге түсе алмас еді. Тек өз басы мен өз ортасының ғана немесе өз заманы мен өз қоғамының ғана емес, күллі адамдық, адамзаттық тағдыр-талайдың ең жұлынды, ең талма, ең өзекті арнасында Құрманғазыдай өртене тебіреніп, өртене толғану бір елді қойып, бар елде тек ілуде біреулердің ғана қолынан келер дарабоздық еді. Оның орнын бұлайша ерекшелеу өлі-тірінің ешқайсысының шамына тимесе керек. Бұл арада небір ығай мен сығай сазгерлері бар неміс, орыс, итальян тыңдаушыларының өз ұлттық музыкасынан ең алдымен Бетховенді, Чайковскийді, Вердиді, Шопенді атайтындары оларын қалған ұлы отандастарын кембағаландыру деп түсінбейтіндері бізге де өнеге болуға тиісті.

Өйткені, өнердің қай саласында да ұлттық болмыс пен ұлттық рухтың әркім әр қырынан қамтып, әр алуан сипаттамаларын жасай алған сан алуан саңлақтары болумен қоса, сол болмыс, сол бір рухтың ең бір толық, ең бір жан-жақты, ең бір толайым тұлғасын қапысыз сомдай алған бірегей саңлақтары да болады. Олар ұлттық өнердің белгілі бір саласының ең етене үлгісіне, ең тиянақ тұлғасына айналады.

Егер біз мәселеге осы қырынан келсек арғы-бергідегі қазақ әдебиетінің сондай етене үлгісі, орталық тұлғасы, тиянақ тіреуі, рухани ілгері басуымыз бен кері кетуімізді анықтап берер бірден-бір нысана нышаны деп ұлы Абайды ғана айта алар едік. Ал ұлтымыздың арғы-бергі сазгерлік өнеріндегі дәл сондай етене үлгі, орталық тұлға, тиянақ тірек бірден-бір нысана нышан Құрманғазы десек, ақиқаттан алшақ, әділеттен жаңсақ кетпейміз деп білеміз. Ол екеуінің біреуі — ұлттық рухымызды оймен суарып, парасатымызды қапысыз сомдаған Сөз-Құдіретіміз де, екіншісі — ұлттық рухымызды сөзіммен суарып,жігерімізді қапысыз шыңдаған Күй-Құдіретіміз.

Мұндай діңгек тұлғалар тек өнеріміздің ғана емес, қазіргідей алмағайып хәл көшіп жатқан қауымымыздың да рухани ізденістерінде Темірқазықтай адастырмас нысана, алжастырмас бағыт-бағдар бола алар еді. Әсіресе, қандай болғанымызбен қоса, қандай болмағымызды да қайтадан пайымдап, қайтадан анықтауда ұлттық болмысымыз бен ұлттық рухымызды Құрманғазы сомдаған кесек бітімнің, бір жағынан дәйектемелік екінші жағынан, өнегелілік маңызы өте зор.

Ұлы сазгер үннен сомдаған ұлттық бітіміміз ол замандағы өзгелер кесіп-пішкен кескіндемелерді былай қойғанда, бұл заманда кейде өзіміз жайлы өзіміз айтып жүрген тұспалдардан атымен алшақ жатыр. Құрманғазы бірде-бір ісіміз алға баспай қойған кер заманның өзінде тілеуі кесіліп, тірегі қырқылған, өз уайымына өзі уланып, өз деміне өзі тұншыққан мұңлық қауымның емес, қай тараптың сұсына да қаймықпай қарап, қай тараптың нұрына да омырауын ашып, елдеспекпен елдесуге, белдеспекпен белдесуге пейіл, қиыннан тосылып, қиядан тайқымайтын дархан да өжет, қайсар да салқам салауатты халықтың салихалы бейнесін жасады. Мұндай әуездік кескіндеме тек қазақтармен шектелмей, күллі шығыс жұрттарының туа біткен енжарлығы, рухани әл-жуаздығы, әлеуметтік бойкүйәздігі жайындағы үйреншікті қаңқулардың күлін кәкке ұшырады. Құрманғазыдағыдай асқақ рух, сергек сезім, тегеурінді жігер мен нар тәуекел әр дыбыстан атойлап тұрған от-жалын сарындар әлемдік музыканың өзінде некен-саяқ кездеседі. Тіпті сан ғасырлар жалпақ дүниені билеп-төстеп, шалқалай басқан шадыман елдердің музыкасында да дәл мұндай ерлік дәл мұндай асқақтық жоқ. Олай болуы заңды да. Ондай өжеттік ондай асқақтық азаттық аңсап, бостандықты сусаған халықтарға керек-тұғын.

Шетін дүниеде шетінеп кетпей, өткеліктің өтінде тұрған қаз басқан мемлекет, қағілез қауымдарға да сын кезең, сын сағаттарда осындай серпінді сезім, қайсар рух керек.

Біз де қазір дәл сондай ахуалдамыз. Екі ұдай дүние. Екі ұдай кезең. Тәй-тәй басқан тәуелсіздік. Кеше бөркін аспанға атқандар бүгін бүгежектеп күмілжи береді. Кеше даурығып, кеудесін соққандар бүгін сары уайымды судай сапырады. Жаңадан жол іздеуден гөрі көне сүрлеулерге көбірек сүйрелейді. Анау бізге қонбайды. Мынау бізге болмайды. Сонау бізді сорлатады. Әйтеуір, ауыздарын ашса, қазақтың алдынан қаран суды қаптатып бағатындар көбейіп барады. Оларға айтқызсаңыз — он миллион халықтың қалған адамзатпен бірге өз бағын өзі сынап көргенінен гөрі, не атамзаманғы, не кешегі қарағай бесікке қайта жатып, қайтадан құндақталғаны қолайлырақ. Ау, сонда бұл қазаққа өз күнін өзі көру үшін тағы не керек? Әлем мойындаған дербестігі бар. Бұрын-соңды қолына түспеген дәреже-мәртебе түсті. Бұрын-соңды жетпеген санына жетті. Бұрын қарауына бірде көшіп, бірде қайта шығып кетіп жүрген жер-суы түгелдей өз билігінде. Қонса қонысқа, көшсе әріске кенде қылмаған кең даласының асты қат-қат қазына болып шықты. Ұқсата алса, ырзық-несібесі жетілікті сияқты. Ау, сонда бұдан да қолайлы, бұдан да артықша жағдай талап ететіндей біздің қазақ, немене, құдайдың құдасы ма еді, әлде қарын бөлесі ме еді?! Жұрттың тәуекелі тұрғанға оның тәуекелі неге тұрмайды?! Қалған жұрттың қолынан келіп жатқан оның қолынан неге келмейді? Біреуіміз ұрыншақ, біреуіміз сұрамсақ, біреуіміз жыламсақ бола бермей, ұлт болып ұйып, тарихтың қолымызға өзі әкеп беріп отырған мүскіндігін іс қылып шығару жолында белді неге бекем бумаймыз?! Бұдан жаманымызда да тойға барған ел емес пе едік?! Өтпелі кезеңнің өткінші қиындықтарын айтып, өз жігерімізді әзіміз жасытып, соншама неге гөй-гөйлей береміз?! Қызыл қарын жас баланың қамы үшін небір кер замандардың кезінде отқа түсуге де, суға түсуге де пейіл болған кешегі қара шалдардың қажыр-қайраты қайда? Солардың қашқан елдің кебежесімен, босқан елдің керегесімен қалқалап, аман сақтап алып қалған елдігі мен есендігін тәуелсіздік туының астында аман сақтап қала алмай, бізге не көрініпті?!

Тарихтың ұлы сынағының алдында тіземіз бұлай қалтыраса, біреуіміз қаралай су болған жігерсіз жасыққа, біреуіміз қаннен қаперсіз даңғой дарақыға айналсақ, кешегі бабаларға, ертеңгі ұрпаққа не бетімізді айтамыз?!..

Жоқ, намыс пен жігер бізге бүгін қай кездегіден де қажеттірек. Біреудің сыбағасына көз аларту үшін емес, өз сыбағамыздан айырылып қалмау үшін керек. Ешкімнен бейқам, ешкімнен бейдәрмен, ешкімнен бейқарекет, ешкімнен бейқабілет көрінбеу үшін керек. Бабаларымыз баяғыда алған абырой бізге бүгін медет болғанмен, дәулет бола алмайды. Өз абыройымызды өзіміз тауып, өз ырзығымызды өзіміз айыруымыз керек. Бір кезде Бұқар бабамыз «білегінің күші алтын, найзасының ұшы алтын» деп мадақтаған ұлы күйшінің отандастарына енді көзсіз ерлікпен емес, еселі еңбекпен, білектің күшімен емес, біліктің күшімен алатын атақ-абырой тиімдірек. Оған, құдайға шүкір, есіле аққан Еділ мен көсіле аққан Жайықтың, батыста көлбеген Атырау мен шығыста көлбеген Аралдың арасын алып жатқан айтулы ата-қоныстың ғасырлап жиған табиғи байлығы да, рухани байлығы да мол мүмкіндік бере алады. Тәуелсіз мемлекетіміздің қалған дүниенің алдында алдымен көрсетер бет-жүздігі де — осы өлкенің қазынасы. Сол мол дәулеттің шетінен ырзық айырушылар ғана болып қалмай, бірден-бір игерушілері болу үшін де Махамбет пен Құрманғазы, Қашаған мен Мұрат жырлаған нар тәуекел мен намыс-жігер керек шығар. Күйші бабамыз бір көзде «жігіттің жүрген жері қанды майдан, шыққан жоқ атқан аңым терең сайдан, сан бейбақ менен соң да қалжа жер-ау, дәл мұндай ұл табатын қатын қайдан?!»,— деп, мына біздердің намысымызды қайрау үшін айтып кеткендей.

Ұлы бабамыздай бола алдық дей алмағанмен, бола аламыз, болғымыз келеді деуге әбден қақылымыз.

Ұлы бабалар өз заманында еселерін жібермесе, алғаш рет тәуелсіздік туын көтеріп отырған бүгінгі ұрпақ та өз кезеңінде еселерін жібере қоймас. Алыптарды тапқан алтын құрсақ, алыптар жатқан алтын бесік бұдан былай да құр тұра қоймас. Әлемге Фараби мен Иасауиды, Қорқыт пен Жүсіп Баласағұнды, Жалаири мен Шоқанды, Абай мен Құрманғазыны берген нәсілден әлі де кие қаша қоймаған шығар. Сонда халқымыздың жарқын болашағын жасайтын жаңа буын, жаңа ұрпақтың да бесігін ерлік пен ерліктің, намыс пен жігердің әуені тербетер. Сан ұрпақтың санасын жалын болып лаулатып, от болып маздатқан мың көкірек мың көмей Құрманғазы күйлері оларға да мынау жарық дүниенің талай тылсым құпиясын ашып, талай тұңғиық сырларына қанықтырар. Ұлылар тек ұлылыққа баулиды ғой. Ұлы Құрманғазы да бізді ұлы ел, ұлағатты қауым болуға үндей бермек.

Енді...

Екінші шалқыма

1993 жылғы 15 қыркүйектегі Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрындағы салтанатты мәжілісте сөйленген сөз

Қадірмен қауым!

Күні кеше ғана бәрі анық, бәрі айқын, бәрі орны-орнында тұрған орнықты дүниеде өмір сүріп жатқандай едік. Сөйтсек, көрмей жүргеніміз де, білмей жүргеніміз де көп екен. Тіпті ашылмаған жаңалық іздеп жер-көкті шарлаудың да еш қажеті болмай шықты. Әркім өзі мен өз төңірегіне байыптырақ көз салса, көп белгісіздіктер теңдеуіндей бас қатырар өңкей дүдәмал, күдік-күмән күмілжі дүниеде күн өткізіп келгенін аңғарар еді. Қапелімде, мұндай шындықты мойындау — шырт ұйқыдан шошып оянғанында өңшең қорқау ортасында жатқанында бір-ақ көргендей қорқынышты жағдай екені де рас. Содан да болар: дүние әлі дүрбелең: адам абыржулы, қоғам қобалжулы. Өз тізгінін осындай кезеңде өз қолына қауым да біразға дейін топан суы тұсындағы Нұх пайғамбарым кемесіндей қалтылдақ хәл кешуге тура келер түрі бар. Шалқыған телегей, шамалыда басыла ма, жоқ па, басылса, оған мынау бір кемеде жан сақтағандар түп-түгел, аман-есен жете ала ма, жоқ па, жетсе, қиын күнде олар бір-біріне илігіскенмен, қиындықтан құтылғасын қайтадан шүйлігісіп кете ме, жоқ па — бәрі беймағлұм, демек, бәрі де уайым. Тап осылай айнала атойлаған үміт пен үрей ортасында шыбын жанды шүберекке түйіп, нар тәуекелден айырылмай жүру үшін кез-келген адам, әдетте, өзіне рухани медетті ең алдымен өз бойынан іздейді. Әйтпесе, қырық құбылған дүниенің ауанымен кетіп, қырық құйқылжи берсе, құрдымның түбінен бір-ақ шығуы да мүмкін. Қоғам да адам сияқты. Тәуелсіздікке тәу еткен қауым да сын кезеңде медет болар рухани тіректі ең алдымен өз бойынан іздегені жөн болса керек. Біздің кейінгі жылдары бас шалып, ата-бабаға ас беруіміз, олар өткен жолды пысықтап, олар бітірген істі жаңаша пайымдауымыз — өзгелерге сес көрсеткеніміз емес, өзімізге дем бергеніміз, бүгінгі қиындықтардан дұрыс жол табуды бұрынғылар тәжірибесінде де тиісінше дес бергеніміз сияқты. Бәлкім, баяғыда Зере әжеміздің ұлы Абайға: «ой да көп, уайым да көп, ойлай берсең, ой да жоқ, уайым да жоқ, тойлай берсең»,— деп ескерткенін ара-тұра ұмытып кетіп, мұндай шаруалар тұсында салихалы ойшылдықтан гөрі сауық-сайран тойшылдыққа көбірек ден қойып алып жүрсек ол да түзелмейтіндей қате емес.

Бірақ, дәл қазіргі өтіп жатқан айтулы оқиғалар мен тарихи тұлғаларға бағышталған рәсімдер — халқымыздың рухани түлеуіндегі, тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуындағы айта қаларлықтай кезеңдік оқиғалар екендігіне ешкімнің тарапынан ешқандай күмән тумаса керек.

Тіпті басқасын былай қойғанда, жаппай қызылшеке боп жағаласып-жармасып жатқан әлеуметтік әулекілік пен алауыздықтар тұсында өлінің үрейін, тірінің көңілін түгендесіп, қауым болып қаумаласып, басымыз қосылып, бірге жүргеніміздің өзі неге тұрады!

Біз әлдеқашан өтіп кетті, өшіп кетті деп, жер астына тірілей көміліп қалған ұлттық болмысымызды қайта қаузап, тірілтіп жатсақ, бір кездегі жер дауы мен жесір дауын, барымта мен қарымтаны, әлімжеттік пен дүрдараздықты емес, елге еткен ерлікті, қауым ұстаған кісілікті, өркен өсірер өнеге-құрметті, бір-бірімізге деген ықыластық пен ынтымақтастықты тірілтуді мақсат етіп отырмыз. Бабаларымыздың бізден де биік мерейге сол арқылы жеткенін, бізден де қиын өткелектерден сол арқылы өткенін ұғынуға ұмтылып отырмыз.

Құдайға шүкір, халқымыздың көпғасырлық тарихы мен көпқырлы тағдыры біздің бүгінгі тығырықтан күйзелмей шығуға септігі тиетіндей өнеге істер мен өнеге-тұлғаларды молынан тауып бере алады екен. Тек барды бар қалпында, нарды нар қалпында қарастырып, қалтқысыз бағалай білсек болғаны. Әйтпесе, кешегі маңқа кеуде мәңгүрттіктің орнын бүгін кеп даңкөкірек даңғойлық пен ұшқарылық жайласа, тарихи санамыз жетіле түсудің орнына одан әрмен кетіле түсуі ықтимал. Өткенді танудағы тыңғылықтылық пен тиянақтылық ертеңге жасар қадамдарымыздың жаңылыссыз-жансақсыз дәл де нық шығуына жәрдемдесері сөзсіз.

Ол үшін адамға адамша қарап, адамды адамша бағалап үйренген ләзім. Қазіргі замандасымыздың іс-әрекетін тек оның орнында өзім болсам қайтер едім деген тұрғыдан қарастырсақ қана дұрыс түсіне аламыз. Бабаларды бағалағанда да сол тұрғыдан келген жөн. Ешкім де бұл дүниеге аяғы салбырап аспаннан түскен жоқ. Әр қайсысы әр атаның мейірінен, әр ананың пейілінен жаралғанымен, бәрі де жанды түгілі жансызға да үстемдік ететін уақыт пен кеңістікке тәуелді. Ең алдымен өзі өмір сүріп жүрген уақыт пен кеңістіктің көгеніне көгенделеді. Егер біз осы бір мәжбүрлікті дұрыс пайымдап, дұрыс мойындай алсақ қана өзгелердің тағдырын, бітіргені мен бітірмегенін қылдай қиянатсыз әділ бағалай алмақпыз.

Егер бүгін аты ұлықталып отырған Құрманғазы бабамызға да осы тұрғыдан келер болсақ, таңғалмай, тамсанбай сөйлеу еш мүмкін емес.

Бұрынғы зерттеушілерге сенсек ұлы күйшінің мұндай елден ерек өнерін оның өз басынан кешірген елден ерек тағдырының жай-жапсарымен түсіндіруге болатын секілді еді.

Ал кейінгі зерттеушілерге дес берсек ол бұрын айтылып келгендей, Үркіт те аспаған, Сары Арқаны да баспаған, «Самарқанды да сапырмаған», Алатауды да көрмеген. Сыр бойын да кезбеген. Жиделіде туыпты. Нарын құмда жүріпті. Шығыста — Орынбор, Маңғыстау, Үстірттен, батыста — Еділ, Сақмар, Текеден әрі бармапты. Біреумен бату, біреумен тату тұрыпты. Ауыздыға сөзін, азулыға есесін жібере қоймапты. Ұсталыпты да, тұтылыпты да. Қашып-пысып құтылыпты да. Жаппай ереуіл атқа ер салған өлкеде тап бұл онша таңсық бола қоймаса керек. Қысқасы, күйші өз тұсында күллі қазақ даласында екінің бірі өткен өткелектердің бәрінен өтіпті. Бірақ, ел көрмегенді көріп, ел бастан кешпегенді кешкен ештеңесі жоқ секілді. Тіпті қыр арқасында жалы да болмаған сияқты. Сақалы да тап беліне түсе қоймаған сияқты.

Жә, солай-ақ болсын. Гәп, екінің бірі кешпеген тағдырда ма екен? Екінің бірі кешкен тағдырды кеше жүріп, екінің бірі ұқпағанды ұғып, екінің бірі тындырмағанды тындырған елден ерек дарын мен елден ерек сұңғылалықта емес пе?!

Бұл жағынан келгенде, Құрманғазы тек сұңғыла емес, теңдесі жоқ сұңғыла. Елден алабөтен ұзақ ғұмыр сүрмесе де, елден алабөтен қызық дәурен көрмесе де, күллі адамзат нәсілі бастан кешкен, кешірмек ахуалдың бәрін қаз-қалпында мөлдіретіп жеткізе алған телегей теңіз мол мұра қалдырды. Адам түсіндіргішті, заман түсіндіргішті жағынан, тіпті барша болмыс пен тіршілікті алақанындағы нәрседей жарқыратып жайып салуы жағынан әлемдік ақыл-ойдың көм томдық кітапханасымен пәрмендес мұндай мол қазына бір адамның көкірегінен шыққанына қайран қалмасқа болмайды. Бәлкім, содан да шығар, ара-тұра: «осынша күйді Құрманғазының бір өзі шығара қойды ма екен, бүкіл бір аймақтың тапқан-таянғанын бір кісіге теліп жүрген жоқпыз ба?»— дейтін сыпсың да естіліп қалып жатады.

Олай дейін десеңіз, Құрманғазы — малдың басы да, жанның басы да есептеулі, қағазға түскен қаттаулы кезеңнің түлегі, басқан әр ізі, айтқан әр сөзі қадағаланған адам. Асқар таудай абырой түгілі соқыр тайын қимайтын ағайын әлгіндей әңгіменің жаны болса, көзінің тірісінде-ақ байбаламдап салар еді ғой. Оған өз ортасында талай сөз ергенмен, тап мұндай сөз ермеген.

Ал егер оның күйлерін жинаушылар мен зерттеушілерге сенбесек біріншіден — Құрманғазы мұрасы көре қалғандардың көздері тірі кезде-ақ жинақталып үлгерген; екіншіден — мұндай іспен бір емес, бірнеше кісі, әлденеше ұлттың, әлденеше ұрпақтың өкілдері Шұғылданған; олар бір-бірінің ондай көзапара шикілігін тауып алса, әлдеқашан айтпас па еді; үшіншіден — Құрманғазы — бір өлкедегі бір саңлақ емес, ол туған өлкеде аттарын дүйім жұрт білетін дәулескер күйшілер мен сазгерлер одан бұрын да, оның тұсында да, одан кейін де көп болған; бір ғана Әбілхайыр хан әулетінен Дәулеткерей, Сейтек, Мұхит, Дина, Науша, Лұқпан, Жантөре, Тұркештер шықты; олардың тап ешкімге еселерін жібере қоймасы, айтпаса да түсінікті секілді; бұларды былай қойғанда, Құрманғазыдан бұрын танылған Асан қайғы, Қазтуған, Абыл, Байжұма, Баламайсаң, Соқыр Есжан, Ұзақ, Махамбет, Құрманғазымен тұстас не кейін шыққан Боғда, Қауен, Мәмен, Сарымалай, Әлікей, Құлшар, Ерғали, Есбай, Есір, Арал, Өскенбай, Қазанғаптардың күйлері ол кезде де, қазір де ешкімге телінбей, өз аттарымен аталып-түстеліп тартылып келеді; төртіншіден — Құрманғазының күйлерін ел арасына таратқан да, бізге жеткізген де жоғарыда аттары аталған жеделдестері мен солардың шәкірттері ғой; ендеше ондай өздері де шашаларына шаң жұқтырмас жүйріктер Құрманғазының күйлеріндей нағыз ақық күйлерді кім шығарғаны әуелден дүйім жұртқа кеңінен белгілі болмаса, әлдеқашан сүйегі қурап қалған айдаладағы басқа біреудің қанжығасына оп-оңай өңгеріп қоя берер ме еді?!.. Оның үстіне, күй дегенің көгендегі көк лақ емес қой. Кімнің көкірегінен түлеп, кімнің қолынан шыққанын өзі-ақ айтып тұрмай ма?!

Бұл жағынан келгенде, жанрлары мен тақырыбы қаншама әр алуан болғанымен, Құрманғазы күйлерінің бір жүрек бір көкіректен өрбігені бесенеден белгілі болып тұрады. Олардағыдай тау жығардай таусыла шайқалар, теңізді төңкерердей теңселе күйзелер жүрек сарқыла сыр төгіп, сапырылыса мұң төгер көкірек қақырай қамырығып, шатынай шамырығатын жүйке, таудан жөңкілген селдей боп, алабұртқан алапат құштарлық, нөсерлете себелейтін нөпір үн мен қырда ойнаған киіктің қырық құйқылжыған дүсіріндей құбылмалы ырғақ тек Құрманғазыға тән. Тап ондай жарық жалғанның қай құбылысы мен қай ахуалын да, жұмыр басты пенденің сезім түгілі қиялың қармай алмастай ию-қию қылық-құлығын оп-оңай күй тіліне көшіріп, көкірегінде сәл түйсігі бар кез келген көңілі қалаған уағында, қалаған жағына көкдөнендей жетелеп ала қайқаяр, қалтқысыз ұйыта алар тәңірі талантты ұлттық сазгерлік түгілі, әлемдік сазгерлікте басқа біреумен шатастырып алу үшін нағыз иіс алмастың өзі болуың керек шығар. Оның бұндай шаршы топта алдына жан салмай дара келер шаңқобыздығын жеделдестері де, тұстастары да түгел мойындаған. Көздерінің тірісінде-ақ Дәулеткерейді «Күйдің бапасы (папасы)», ал Құрманғазыны «Күйдің атасы» атандырып жүрген де солар-ды. Алыстағы Тоқа, Қожеке, Тәттімбеттер болмаса, жуық маңдағы домбыра ұстағандар басы Дәулеткерей боп, Құрманғазының алдынан өтпеген. Солардың бәрінің бар кезінде Динаның басқалардан емес, Құрманғазыдан бата алуы тегіннен-тегін болмаса керек. Ендеше, Құрманғазыдан қалған шетінен ақық, шетінен асыл мол мұраның негізгі себебін басқа ешкімнен де, ештеңеден де емес, Алатауға біткен асқарлықтай, Атырауға біткен шалқарлықтай, далаға біткен дархандықтай шексіз дарын, шеннен шыққан талантты бір кісіге қия салған құдіретті күшті құдай-екеңнің Құрманғазыға дегенде қолының айрықша ашықтығы ұстап кеткен көңілшектігінен көруіміз керек.

Түптеп келгенде, таңғалатын нәрсе бұл емес. Таңғалатын нәрсе басқа: дәл Құрманғазыдай асып-тасып төгіліп, бұлқан-талқан сөгілу үшін әуелі шаршысына тола шалқып, артынан сондай дәуреннен ойда жоқта айырылып, ойран-ботқасы шыға қамырығып-шамырығатындай байбатша ғұмыр кешу керек сияқты. Ал біз білетін күйші өйтіп болып-толып та, шайқап-төгіп те көрген жоқ секілді еді. Ендеше, оған тап мұнша теңселтер мұң мен тепсінген ыза қайдан бітіп жүр? Әлде кешегі бір жылдары әдетке айналғандай, соның бәрін сол тұстағы әлдебір әлдекімсінген әулекі байшыкеш пен оның әумесер шабарманының қорлық-зорлығына апарып саямыз ба? Олай етейін десек, дойырдың бабын домбырадан кем білмейтін, қиқар тілін қылыштай жалаңдатқан от ауыз, орақ азу, нағыз жаубасар Құрманғазы ондай-ондайларға қақсаған қара шанаққа шағынбай-ақ, есесін жібере қояр түрі жоқ сияқты еді. Бәлкім ауыл-үйдің итірқылжыңынан туындайтын ондай өткінші ыза онсыз да кеуде кернеп тұрған мұң мен шердің лақ етіп атқарылуына түрткі болса, болған да шығар, бірақ әлгіндей ордалы дерттің әу бастағы орнығуына қоздап-қордалануына түп төркін, түбегей себеп бола алмаса керек-ті. Шындап ойлағанды шын шытырманға салар шын қитұрқы, міне, осы арада жатқан сияқты.

Жалпы, осы Құрманғазы, қаншама елден ерек дарын дегенімізбен, өзі туған кезеңде тумаса, өзі өмір сүрген ортада тірлік кешпесе де, тіпті әлгі Савичев айтқандай, европалық білім алған күннің өзінде де, тап бүгін біз білетін Құрманғазыдай айрықша құбылыс, замандылық тұлға бола алар ма еді?!

Оның сырына, суреткер тағдырын тек бастан кешкен күйзелістері мен жеке басының биопсихикалық сипаттамалары тұрғысынан ғана қарастырып қоймай, ол тағдырды тұтас бір әлеуметтік-эстетикалық құбылыс қылып қалыптастырған тарихи кеңістік пен тарихи уақытты жан-жақты зерделетіп барып қанығуға болатын шығар. Бұл арада: «Егер ақынды шындап түсінгіңіз келсе, туған жерін барып көр»,— дейтін қашанғы қағида ойға оралады. Біздіңше, көз ашқан жермен қоса көз жұмған жерін де көрген жөн. Сонда ғана оның тағдырының халқының тағдырымен қаншалықты қабысып, қаншалықты қабыспайтынын кеңірек пайымдауға болар еді. Егер суреткер өз тұсының өзекті шындығына дөп түскен болса, сөз жоқ, үлкен талант. Ал егер ол өз тұсының ахуалы арқылы халқы мен күллі адамзат өткен өткелектердің өзекті арнасына тереңдеп бойлай алса, соның нәтижесінде өтешектің жетегінде кетпей, келешекке ынталанар рухани дәйек тауып бере алса, нағыз ұлы талант екені даусыз.

Жарықтық Құрманғазы бабамыздың шығармаларының күллі адамзаттық мән-маңызы мен ұланғайыр тарихи ауқымына оған топырақ бұйырған мекенге әлденеше рет бара жүре көзіміз жете түскендей болды.

Өзегінен су, жиегінен ел арылып көрмеген ежелгі Еділдің аяғы. Андыздаған атырау. Сала-саланың ара-арасы тоқымдай-тоқымдай қара жер. Не арал, не түбек. Солардың бірінде қоян жонындай бұлтиған қоңыр төбеде жұпыны төмпек жатыр. Құлпытасын көргенде көзіңіз атыздай болады: ай астында басқа пұшпақ қалмағандай, мынау арыстанның аузына, зымыстанның түбіне жетіп жығылуға неге ынтық болды екен? Жазмыштың жазуы ма? Жоқ, жазмышыңызға да құлақ асқысы келмей, осқырынған ортеке көңілдің ең ақырғы қиқарлығы ма?!

Қапелімде, жауап таба алмай, боталаған көзіңізді құлпытастан төңірекке аударсаңыз, Құрманғазы көкірегіндегі таусылмас қыжылдың қайдан қоздайтынын, ол ұстаған қара шанақтың неге боздайтынын аңғарғандай боласыз... Ол маңайдың әр бұтасы тарих пен тағдырдың қаншалықтың тұрақсыз, қаншалықты тұрлаусыз екендігінен сыр шертіп тұрғандай. Бағзы бабаларымыз әуелі күнгейден теріскейге қашқан мұзға ілесіп, аң қуалап, кейін шығыстан батысқа, батыстан шығысқа жауған жаңбырға ілесіп, мал қуалап, әрлі-берлі жөңкіген тұсынан бермен қарайғы қос аяқты нәсіл қарекеттерінің қалай құбылып, қалай бұлтарғанын түгелдей оймен сезіп шығу үшін алысқа ат сабылтпай-ақ, қос құрлықты қоса айқарған осы араға келсеңіз де жеткілікті екен. Тіпті ең ежелгі пайғамбар Заратуштра осы маңайда туыпты-мыс. Күнге табынудың орман мен дала, шалғын мен шаңдық бетпе-бет шарпысқан бұл аймақтан шығуы тегіннен-тегін болмаса керек. Заратуштра үмбеттерінің бір парасы Еділді кесіп өтіп, күнгей аунады. Бір парасы Жайықты кесіп өтіп, шығыс ауып, Құз басына мал жайып, мұз етегінен мал суарып жүрген көшпенділерге қосылып, жарық пен жылу иесі Көктәңірге тануды шығарды. Аспанға ізет тұспалы асаны, жер мен көктің бірлігінің тұспалы ашаны, шарапат шапағын әспеттейтін әйкөнені көтеріп, қайтадан Еділ-Жайықты кесіп өтіп, батыста Балтыққа жетіп, күнгейде Балқаннан асып, алтын дулығалы Рим императорына әйкөнені сүйгізіп, ашаға маңдайын тигізіп, тізе бүктірді. Сосын-ақ бұл өлке жер кіндігіне айналды. Дін біткен осында жетуге асықты. Хазар хандығы тұсында 790 жылы иудей діні, болгар хандығы тұсында 966 жыл ислам кеп ірге тепті. Днепр де Еділден қалғысы келмей, исламға талпынды. Бірақ, Ольга патшайым дүние ауып, баласы Владимир 966 жылы мұсылман елшілігінің меселін қайтарып, 998 жылы Византия дінін қабылдады. Бірақ, сонау Әділ (Аттила) заманынан бері бұл аймақта әбден етек жайған азиялық дәуірлеу бәрібір тоқтамады. Киіздей ұйысқан Бату қолы оны тағы да үш ғасырға ұзартып берді. Бірақ, ай астында мәңгілік не бар? Әлемдік шаруашылықтың бірден-бір нәрі жер үстіндегі қоныс болғанда малының басы өскен салт атты Шығыс басым түссе, әлемдік шаруашылықтың негізгі нәрі жер астындағы кеніш болғанда жанының басы өскен Темір доңғалақты Батыс басым түсті. Қазанға шапқан Тайбурылдың тұяғынан түскен қасқа жолдың бойымен енді шығысқа зіркілдеген зеңбіректер жылжыды. Қонысқа ұмтылған шығыстық дәуірлеу тұсында алдыңғы шепке айналып, асығы ылғи алшысынан түсіп келген бұл аймақ кеніш іздеп, кенезесі кепкен батыстық дәуірлеудің азуына алдымен ілікті. «Еділде тұрып оқ атса, Жайықта оғын жоғалтып, Жайықта тұрып оқ атса, Еділде оғын жоғалтып» алшаңдап қалған арда жұрт үшін еркіндеген Ер Заман өтіп, кеңкілдейтін Кер заман келді. Әуелі босып Сыр ауды. Одан безіп қыр ауды. Алатауды айналды. Сары Арқада сандалды. Екі ғасыр сенделіп, ескі жұртқа оралды. Оралса — Еділге көшкен Сақмар су, Шора кеткен Нарын құм, Сидақтан қалған Қобан су, Телағыс ауған Боқсақ сай, Қазтуған қашқан Дендер дөң, Орманбет еткен Аңқаты, Қарт Қожақ қонған Қалдығайты, Қарасай өлген Ақтөбе, Асан безген Қорғанша — бәрі-бәрі жат қолда. Ескі арнасына ұмтылған ерке дариядай ел көңілі қанша шапшығанмен, кеткен дәурен келмеді. Тіпті Әбілхайыр, Жәнібек Бөкенбай, Есет қолдары Аштарханға талай аңсарлары ауып, Бозанға дейін сан келіп, күркіреген зеңбіректерге дәттері шыдамай, сан рет кері қайтты. Хан тындырмағанды тындырмақ болған Исатай мен Махамбет те қанды қанжарға қармалды. Батудан қалған Көк сарай, Беркеден қалған Ақ Сарай, қасқа жолды Қасымды қосқанда жеті бірдей хан жерленген Сарайшық сыртта су мен жел тонап, іштен тышқан мен суық қол тонап, алда төмпекке айналды. Көрінген жалдың басындағы көне үйік ауған бақ, аунаған тақ, өшкен дәуренді еске салып, көзді өртеп тұрғанда қалайша қамнан қаперсіз табақ тауысып, саба сарқып, жайбарақат жүре алмақсың! Көшпенділердің екі мың жылдық әлемдік дәуірлеуі тұсында арғыдағы алты таңба алаштың да, бергідегі үш таңба қазақтың да бағы аумаған байтағындай болған Еділ-Жайық, Атырау-Арал алабы жанартау боп атылып, бір жарым ғасырдай бұрқағы басылмай, лапылдады да жатты. Құрманғазыдан бұрынғы Сырым, Көктемір, Асау, Барақ, Тіленші, Жоламан, Арынғазы, Қара, Атақозы, Қаратайларды былай қойғанда, Құрманғазы тұсындағы Исатай, Махамбет, Өтен, Төремұрат, Мыңбай, Тұрлан, Есет, Бекет, Иса, Досандар ереуілі кеудесінде жаны бардың делебесін қоздырады. Ит мініп, ирек қамшылаған күйкі тірліктің кез-келген келеңсіздігі сахараның қай пұшпағында да кешегі дәуренді еске салып, зығырданды қайнатты. Қырда Кенесары мен Наурызбай, Сырда Жанғожа мен Бұқарбайды, Қаратау мен Алатауда Тентек пен Байзақты, Сұраншы мен Саурықты, Тойшыбек пен Байсейітті атқа қондырып, арпалыстырып жүрген де сол еді. Ел ереуілдеп жатқанда, тіл бөгеле алар ма?! «Қырымның қырық батыры» сол тұста жырланды. Әубәкір, Абыл, Шернияз, Есет, Нұрым, Қалнияз, Қашаған, Ізім, Бала Ораз, Жастабан, Ақтан, Шынияз «Үш қияннан», «айта берер ақыр заманның» келгеніне егіле отырып, баяғы ноғайлы заманындағы Доспамбет, Шалкиіз, Қазтуғандардың көкейіне басып, «ертеде өткен ерлердің» аруағын шақырды. Сыпыра Жырау-Дастан мен Асан қайғы-Зар көмейге бірге оралды. Домбыраның шанағы да —Ер-Заман мен Кер Заманды салғастырып сарнады.

Саз әлеміне Құрманғазы дейтін әлеуметтік-эстетикалық құбылысты әкелген тарихи уақыт, тарихи орта, тарихи ахуал, міне, осындай еді. Сондықтан да, ол тұстағы қозған делебе, қайнаған зығырдан, тасыған жігер, жасыған көңіл, удай ыза өмірде қандай лапылдап, қандай сапырылысып жатса, Құрманғазы күйлерінде де сондай лапылдап, сондай сапырылысты. Он бармақтың ұшынан бір адамның емес, Күллі Заманның Шері шертілді. Мұңы мұңдалды. Ызасы қайнады. Ақылы алас ұрды.

Жылдар өтті. Ерлер өлді. Жалын сәнді. Талай арман күйреді. Талай күдер үзілді. Ал Құрманғазы күйлері әлі аттан түскен жоқ. Атойлап тұр. Өйткені, көреген талант өз тұсындағы өткіншіден өмірбақи тиылмайтын-тоқталмайтын күретамыр дүрсіліндей өзекті мән-мағынаны дәл тауып алды. Бұл ретте күллі далалық көркем ойда оған арғыдағы тарихтан тек Иассауи мен Қорқыт, Асан Қайғы мен Бұқар, бергі тарихта тек Абай ғана шендесе алады. Ол да әлгі аты аталған ұлы Отандастары сияқты бір ұлттың тек бір ғасыр емес, әлденеше ғасырларға созылған қырсық пен қиянатқа толы тағдыр-талайының, ештеңені қалт жібермеген, ештеңені беттен қалқымаған, бәрінің де тұңғиығына тұқшия үңілген ең толық, ең дәл, ең шынайы заманалық кескіндемесін жасады. Тағдыр оның талайына ең күрделі, ең қиямет кезеңді тап қылды. Өзін жаратқан түркі-қыпшақ дүниесінің бәрін дағарадай қылған дәуренді кезеңмен қимай қоштасты, оның өзі түгілі ізін опыра-жапыра келген жаңа кезеңді қинала қарсы алды. Бірақ, Заманақыр келсе де, Заманғайып болмауы, күн сөнсе де, жарық өшпеуі, Қиянат жеңсе де, Әділет өлмеуі, Үрей торласа да, Үміт жоғалмауы керектігін ұқтыра білді. Күйлерінде бірі жүрген жерде бірі жүре алмайтындай зар мен жігер, мұң мен шаттық, ыза мен мейір қиялға сыймастай үйлесім тауып, үйірлесіп жататындығы да сондықтан. Бұл жағынан алғанда, ұлттық көркемдік санада өзіне дейінгі суреткерлердің ешқайсысында мұндай мол мөлшерде болмаған көп-қырлылық пен мол ауқымдылықтың, қайшылыққа толы тауқымет тағдырдың қай күрделі шындығына да тайсалмай бара алатын жұлын жұтқан көзсіз ерлік пен сөзсіз шеберліктің үздік үлгісін көрсете алды. Оған да тек тарихқа жүгініп, даусыз көз жеткізуге болады.

Шекарасын — айдаған малының тұяғы, астанасын жайлаған көлінің құрағы, береке-бірлігін — ауызекі уәде, тәртібі мен тәрін ауызекі уәж өшіп, дәулеті — төрт аяғына, әулеті — екі аяғына жалынған көшпенді қауым ішіне ала, іргесіне шала түскен көздің бәрінде де ошарыла құлдырап, ойсырай дағдаратын зар заманға ұшыраған да отырған. Ол әуелі бір-біріне қыр көрсететін, бірін-бірі өгейсітетін қырғиқабақтықтан басталып, кейін көлденеңнен киліккен көк аттының әлімжеттігімен аяқталған. Демек, біздің әуелі құлқымыздың Бұзылуына, кейін дәуреніміздің аууына мынау ашық-тесік далаға сыртқы ықпалдың, Еуразия деп аталатын ұланғайыр кеңістіктегі саяси күштер арасалмағындағы өзгерістердің әсері тым күшті болғанын аңғартады.

Біздің дала соңғы мыңжылдықта ондай дәуренді төрт рет бастан кешті. Қырдан қыпшақ, ойдан оғұздың басы қосылып, қағанаты құлағалы тауы шағылғандай болған түркі әлемі еңсесін енді түзей бастағанда ел ішін әлгіндей әрекет жайлады. Ағайын екі жарылды. Ауыздар әр жаққа қисайды. Ондайға жол бермейміз деп, иман ұясы мешітте көпке уәжі өтпеген хазіреті Иассауи жер астына тірілей сүңгіп кетті, билік ордада бекке уәжі өтпеген Қорқыт барар жер, басар тау таба алмай, ел ақтап кетті. Бұл — біздердің күні бүгінге дейінгі желісін үзбей келе жатқан дәстүрлі рухани тарихымыздағы ең бірінші зар заман еді. Ол заманнан ботадай боздап, аруанадай аңыраған қобыз сарыны қалды.

Қаратауда іріген ұйтқы Еділ бойында қайта ұйысты. Бас-аяғы бес ғасырға созылған далалықтардың жаңа дәурендеуінің түбіне ұрынарға қара таппағандай Таяу Шығысты уысында ұстай бастаған Баязит пен Еуропаға ендеп кіре бастаған Тоқтамысқа барып киліккен Ақсақ Темір жетті. Сол-ақ екен, екі құрлықтың басын бір кеудеге сыйғызып келген ақ сауыттың көбесі сетінеді де жүре берді. Тарихтың дөңгелегі кері айналды. Әуелі хан мен хан, сосын сұлтандар мен бектер, одан бектер мен бектер ұстасып, іргедегі ата жауларын қалай күшейтіп алғандарын өздері білмей қалған көшпенділер бірінен соң бірі жат құлқынға жұтыла бастады. Аран ауыздан алысырақ қоныс аударып аман қалудан басқа амал таба алмаған Асан Қайғы желмая мініп, жер кезді. Бұл — біздің тікелей бабаларымыз кешкен екінші зар заман еді. Одан ноғайлының налымалы саздары «науайылар» мен еңкілдеген «Ел айырылған» қалды. Быт-шыт Алтын Орданың екі сынығы мен Моғолстанның бір сынығынан қосылып, Қаратау бойында өз хандығына ұйысқан қазақтардың төбесіне тағы да қиқу төнді. Үш арыс әуелі қайдан келсе, сондай бытырап, тағы да басымыз шатылды. Бұл —үшінші зар заман еді. Одан «Елім-ай», «Қайын сауған» мен неше сала, неше тармақ «Кертолғаулар» өрбіді.

Дәурені тасқанда көршілерді ықтырып, дәрмені басылғанда бос жатқан қоныстарға ығысып, әйтеуір, кең жүріп, кең тұрғанға үйренген түздіктерге ауып қона салар адыра қоныстар мен бөрікпен басып алар бос белбеу көршілер де қалмады. Өзгенікі түгілі өз жер, өз суың мұң болды. Ата-қонысыңның шөлі сенікі де, көлі — басқаныкі, шаңдағы — сенікі де, шалғыны — басқаныкі, бетіндегі қылтанақ түгі — сенікі де, астындағы алтын қойма қазынасы — басқаныкі заман туды.

«Қайда барсаң — Қорқыттың көрі»,— дейтіндей заман енді келді. Дархан көңіл далалықтар бұрын-соңды тап бұлай жігері құм болып көрмеген-ді. Ақсауытты, ақ найзалы ат үсті нояндық қой боғындай қорғасынның алдында дымы құрыды. Ер үстінде ереуілдеген еркөңіл үрдістен уақытылы безінбесе, жер бетінен жойылып кету қаупі туды. Ер заманнан біржолата күдер үзіп, Кер заманға біржолата көндігу кімге оңай тиген еді. Бірақ, тұқымыңмен тұздай құрып кеткенде де кімді мұқалтасың?! Ежелгі Римнің бір кезде иудейлерге тудырған зобалаңы енді түздіктерге төнді. Қауымның бір парасы өліспей беріспеуге бел байласа, бір парасы келер күннің алдын орап, кейінгі ұрпақтың жолын қырықпай, ығысын тауып іс қылуды ыңғайлады. Күллі ұлысыңмен ұлытып жіберетіндей нағыз үлкен Зар Заман осы болды. Жұрттан алабөтен дәурендеу түгілі жұрт болып қалудың өзі екіталай еді. Жерің, суың, байлығың, кенің былай қалып, сүйекке сіңген елдік үрдісіңе, дәстүр-дәбіңе, тіпті қолқаңдағы тіліңе дейін қол салынды. Жер бетіндегінің бәрін жым қылып, азды да, көпті де астына жығып келе жатқан оспадар озбырлық заманының лаңына лағнет жаудырғаннан басқа амал қалмады.

Дәл сондай ойсыраған тұста серіліктен емес, шерліліктен қолына домбыра алған Құрманғазы да әуелі ер-тоқымын бауырына алып тулады. Тығырықтан шығар жол таба алмай мұңайды. Күдер үзіп күңіренді. Сосын бәрібір өлгеннің артынан өлмек жоқ, өткенді қуып жетпек жоқ екенін мойындады. Бірақ, мойымады. Өзін өзі қайрады. Өксудің орнына өртене ызалантар өжеттіктің күйін толғады. Жұлыныңды үзілтіп, жүрегіңді мүжілтіп отыра, кенет намысыңа от тастай, жүрегіңе шоқ тастай лапылдады. Сол арқылы қанша бір қырғын келсе де, намысты құртып алмауға, неше бір топан басса да, жігердің отын сөндіріп алмауға үндеді. Ел қатарлы ес жинай алмайтын қауымның ел қатарлы ел де бола алмайтынын ұқтырды. Ежелгіні сол қалпында оралтамыз деп ойлау — есіріктік. Бірақ өткенде қандай ел болсаң, ертең де сондай іргелі ел бола алатындығыңнан күдер үзу — ездік. Құрманғазы күйлері есіріктікке де, ездікке де бірдей қарсы. Сондықтан жылатады да, жұбатады да, шамыңа тиіп, шабытыңды қайрайды да... Сол арқылы өз тілеуіңді өзің кесуден, өз үмітіңді өзің үзуден, өз уайымыңа өзің уланып, өз деміңе өзің тұншығудан сақтайды. Өзінің осалдығын жеңе алған халық өзгенің озбырлығын да жеңе алады. Құрманғазының сонау кері кеткен кер заманның өзінде жер болып жетектеліп бара жатқан ұлттық сананы желпінтіп, қайратына қайта мінгізердей дауылпаз күйлер шалқытатыны да содан.

Сөйтіп, көп тінді, көп түйінді Құрманғазы күйлері бізге қандай болғанымызбен қоса, қандай болмағымызды да айқындап берді. Қазіргідей алмағайып кезеңде ұлы күйшінің біз үшін баға жетпес рухани медет бола алғандығы да осыдан. Намыс пен жігердің жеке адам тағдырын қандай тұрлауландырып бере алса, жалпақ қауымның да тарихы қарекетін тап солай тұлғаландырып, өркештендіріп бере алатындай жасампаз күшін жарқыратып жайып сала білетіндігінде. Талай нәрсе тапшы, талай қасиет қат болып тұрған қазіргі кезеңде де тәуекелден тайғызбас, тағдыр талқысынан мойытпас намыс қайрап, жігер шыңдайтын өміршең өнер өте-мөте қажет-ақ. Алайда, оның орнына тарих талқысының бәрін тек тар заман ғана деп ұғып, оңды-солды гөй-гөйлей жөнелер күйреуіктік күшейіп бара жатқаны байқалады. Иә, тағы да тар жерге келгеніміз рас. Тұрмыстың тауқыметі көбейіп бара жатқаны даусыз. Бірақ, бұрын да ылғи жұмақта жүрмегеніміз белгілі ғой. Талай жерде аштан өліп, көштен қалып едік қой. Соларға да шыдап, сары уайым сапырмай, сабыр сақтап едік қой. Оның қасында қазір көңілге медет бар емес пе?! Енді еркіндік көреміз бе, жоқ па деп етектері тола еңіреп өткен бабалардың талай ұрпағының көз жасын тәңірім бүгін көріп, ел қатарлы ес жиып, ел қатарлы ел болып кетуге қам жасауға мүмкіндік алып отырсақ, тарих пен тағдырдан бұдан артық тағы қандай тарту-таралғы дәмете аламыз?! Бұл — бүгінгі жер басып жүрген ұрпақтың басына қонған айрықша абырой ғой. Сондай баршамыздың басымызға орнап тұрған ортақ баққа қуанып, оны ақырына дейін іс қылып шығару жолында не қиындыққа төзе білу — жеке алғанда, әрқайсымыздың адамгершілігіміз бен азаматтығымыз, жалпы алғанда, еліміздің елдігі сыналар жауапты іс. Тек осыған тәуекел тұра білген ел ғана тәуелсіздікті дегеніне жеткізе алады. Әйтпесе, біздің ғасырда мұндай дәуренге жетпеген халық аз. Соның бәрі де бірден күрп ете қалған жоқ. Тек төзе білгендері ғана аяғынан тік тұрып кетті. Төзе алмағандары, баяғы таз қалпына қайта түсті. Көбіне-көп жас тәуелсіздік пен демократияға алғашқы 10—15 жыл аса сын. Өйткені, Әлеуметтік-экономикалық ахуал бірден орныға қоймайды. Қоғамның мүдделестік жіктелуі күшейеді. Сол екі ортада ұрпақ ауысып, саяси белсенділік тобы жаңарады. Жас мемлекетке сыртқы қысым да аз болмайды. Оған іштегі жікшілдік пен жігерсіздік қосылса, тәуелсіздіктің тағдыры қандай болмағы айтпай-ақ белгілі. Кешегі тоталитаризм мидай араластырып кеткен қырық құрақ қоғамға жаңа жағдайда тек табан жұрт қана ұйтқы бола алады. Егер ол ә дегеннен жалына қол апартпай әуекілікке ұрынса, не жаңа мүмкіндіктерге уақытылы икемделмей, оралымсыздық пен жігерсіздік көрсетсе, не тарихи жауапкершіліктен туындайтын өзара ынтымақ пен ықпалдастықты топтық, таптық өркөкірекке жем етсе, тәуелсіздікті тәрк етіп алған елдердің кебін құшады. Амал не, кешегі тоталитаризм тұсындағы тұншығып қалып, енді алабұрта оянған албырт әлеуметтік бұла белсенділігіміз бастан көшіп отырған кезеңнің ондай талма тұстарын ескермей, кейде жас тәуелсіздікті бірден алқымнан алатын мінез байқатып қалып жатады. Көбіміз ең әуелі елімізді ел қылып алудың орнына ең әуелі «мен болып алайын, мен көрініп қалайын» деуді көбірек күйттеп жүрген сияқтымыз. Қолымыздан келетініміз де, келмейтініміз де саяси баққұмарлыққа бой алдырып бара жатқан секілдіміз. Соның желігінен, тарыдай шашылып кеткен басымызды жиып алудың жолдарын қарастырудың орнына бұрынғы бөлінуіміз аз болғандай, бір уыс жұртымызды енді далада туғандар мен қалада туғандарға, анауша оқығандар мен мынауша оқығандар, оқығаннан туғандар мен оқымағаннан туғандарға, бұрын тойынғандар мен қазір тойынғандарға жіктеп-жіліктейтін қисындар шығара бастадық. Егер әрқайсымыз өз басымыздағы ондай-ондай азғантай айырмашылықты былайғылардан үстем тұрғызар артықшылыққа айналдырамыз деп, рухани масықтыққа бой алдырсақ, онда жас тәуелсіздігіміз бен демократиямыздың бұғанасын бекітіп, қабырғасын қатыра ма деген кезекті сайлауларымыз баяғыдағы төтеннен соқтыққан бөтендердің сойқанынан кем сойқан, кем соққы болып шықпауы мүмкін. Сондай-ақ, біреу біліп, біреу білмей, біреу түсініп, біреу түсінбей жатқан қазіргі өтпелі кезең қарбаласын пайдаланып, аузымыз жеткенше асап, қолымыз жеткенше қармап қалатын рухани пасықтыққа бой алдырсақ, ол онсыз да шашыраңқы қатарымызды одан сайын шаша түспесе, қоса түспейтіні даусыз. Ал енді өз тәуелсіздігімізді өзіміз көпсініп, анау қолдан келмейді, мынау бойға сыймайды, анда барсақ — арба сынады, мында келсек — өгіз өледі деп, рухани жасықтыққа жеңістік берсек тарихтың өзі ауызға салып беріп отырған асты әрі қарай талмап жұта алмаған су мұрын сүмелектің өзі болып шығар едік.

Бұл тұрғыдан келгенде, бұрын да айтқанбыз, қазір де айтамыз: өліп-талып қолымыз зорға жетіп отырған тәуелсіздіктің қадірін білмей, өйтіп шолжаңдайтындай біздің қазақ құдіреті күшті құдайдың не туған құдасы, не қарын бөлесі емес. Мынау жарық дүниедегі өз түтінін өзі түтетіп жатқан қалған халықтан нені көрсе, соны көруі тиіс, нені білсе, соны білуі тиіс. Әйтпесе, әуелі өзге елдер не істеп жатса, соны істеп үйренбесе, елге ие бола алмайды; өз несібесіне біткен бақ пен дәулетті өзі игеріп үйренбесе, жерге ие бола алмайды. Онсыз өз ырысын өзі теуіп, өз бағын өзі тәрк етеді. Өйткені: бағалай білмегенге бақ тұрмайды, қуана білмегенге құт қонбайды; табына білмеген қауымға пайғамбар бітпейді, бағына білмеген қауымға басшы түтпейді; бірлік содан азып, береке содан тозады. Ол екеуі жоқ жерде тәуелсіздіктің тасы өрге домалайды. Ал егер тәуелсіздігімізді тәрк етер болсақ, онда біздің кешегілердің киесі ұрып, ертеңгілердің қарғысы атады. Тарихтың қолы онсыз да тараң. Қайта-қайта желеп-жебей бермесі хақ. Болсақ — осы жолы боламыз. Болмасақ — осы жолы біржолата бордай тозамыз. Жоқтан өзгеге күйгелектеніп, күңірене де бермей, әлі арнасына түсіп болмаған аунақшыма заманның ауанына көзсіз еріп, аусарлыққа да ұрынбай, жан-жағымызбен жақсы, өз ішімізде жарастықты болып, өз абыройымызды өзіміз үстеп, өз ырзығымызды өзіміз көбейтіп, өз мерейімізді өзіміз тасыта алсақ қана болып-толамыз. Әуелі ел бола алсақ қана — бәрі болады. Ел болып алмай тұрып, ешкімнің де жұлдызы жанбайды. Сондықтан өтпелі көзеңнің өткінші ауыртпалығына шыдай алмай, кешегі сүрлеулерге қарай кежегелері тартып тұратын пиғылдардың бәрінен аулақ болуымыз керек... Әйтпесе... Тәуелсіздіктің жолы онсыз да тар. Онсыз да тайғақ. Біздің бота тірсек тәуелсіздігіміздің жолын тарылтар ор онсыз да қазылып қойылған. Ол — кешегі отаршыл экономикалық байланыстардың аяқ-қолымыздан бірдей андыған тұсауы мен матауы. Өзгеге қарай ауыз ашып қалған өз дәрменсіздігіміз. Бірақ одан бір күнде арыла алмаймыз. Бар тұзақты бір-ақ жұлқып үзе алмаймыз. Егер соның бәрінен «бір-ақ секіріп түсеміз, бір-ақ қарғып шығамыз» десек, онда да қазулы тұрған аранға өзіміз барып құлаймыз. Өйтпес үшін шыдай білу керек. Шыдай білсек — боламыз. Шыдай алмай, ши шығарып алсақ — өз ауыз омыртқамызды өзіміз үзіп, бордай тозамыз. Оның бәрі де намыс пен жігерге байланысты. Біздерге қазіргі қиын өткелектердің бәрінен аман-есен өту үшін Құрманғазы күйлеріндегідей лапылдап тұрған намыс пен жігер керек.

Жақсыдан шарапат деген де сол... Дүйім жұртыңа тар жерде таяу, тайғақ жерде тіреу бола алғаннан асқан қандай шарапат болушы еді?!.

Жұмыр басты пенделер, мына біздер, мынау жарық дүниеге бұйрықты несібемізді теріп жеп, дәм таусылған күні өз жөнімізді өзіміз табу үшін келеміз...

Ал көзі барда өзі, көзі жоқта өнері қауымының басына сүйесін, қолтығына демесін болатын ұлылар дүние тұрғанша тұру үшін туады.

Құрманғазы да солай... Дүние тұрғанша тұрады...

Ықыластарыңызға алла разы болсын!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама