Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Мағжан Жұмабаевтың туылғанына 130 жыл

Мағжан Жұмабаев қазақтың бірлігі мен Алаштың азаттығы үшін күрескен танымал тұлға. Оның күрескерлік өмірі мен шығармашылығы Кеңес кезінде кісенде болды. Ақын 1960 жылы ақталған соң, кітаптары Түркияда жарық көре бастаған. Қазақстанда Жұмабаев шығармалары 1989 жылы ғана қайтадан жариялана бастады. Астана, Алматы және Петропавл қалаларында көшелерге Жұмабаев есімі берілген. Петропавл қаласында және ақынның туған ауылында ескерткіш қойылған. Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Булаев ауданы М. Жұмабаев ауданы болып аталды.

Мағжан  –  сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен жас пен қаны  аралас шыққан тәтті сөздері, өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем жазады. Мағжан Жұмабаев – бірнеше көркем поэма жазған құлашы кең эпик ақын. Ол өз заманының толғауы күрделі жайларын халқының өткен тарихын жырлау арқылы көрсетуге ұмтылды. Өйткені артта қалған қазақ елін алға жетелеу сол халықтың өз қолынан ғана келмек. Сондықтан да халыққа күш берер осындай ерлік қайнарын Мағжан тарихтан іздеді. Өз шығармаларында кешегі өткен батыр бабаларымыздың ерлігін жырлады. Абылайды, Кенесарыны жырға қосты. Сол арқылы халқының қайратын ұштап, санасын оятуды ойлады.

Биыл осы сыршыл ақынның туылғанына 130 жыл толып отыр. Осы мақсатта,  28 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті тарих факультетінің оқытушысы  Байдавлетова Мадина Досбергенованың жетекшілігімен «тарих және география» мамандығының 1 - курс магистранттары Мукышева А., Қарпықова Т., Шайдозым Н., және экономика факультетінің 1-курс студенттерінің қатысуымен Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі М.Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды. Студенттер М.Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған баяндама мен арнау өлеңдер оқып, әсерлі күй тартты.  Мағжан нені айтса да, бейнелеп айтады. Ол үшін даланың тауы да, суы да, желі де ғажайып. Ақын өлеңдерінде адам мен табиғат астасып жатады. Қай шығармасында да Мағжан осы екі ұғымды бірлікте алып жырлайды. Бір өлеңінде анасына, жарына, жалпы адамға деген махаббатын туған жерге катысты сезімімен ұштастырып жатса, енді бір жырларында сол табиғаттың асыл жемісі – адамды бәрінен жоғары қояды. Бұған дәлел – "Сен сұлу" өлеңі. Студенттер шара соңында «Сен сұлу» әнін хормен орындады. Іс-шара  Арынов Жұмахан ағайдың қорытынды сөзімен, студенттерге жылы лебізімен аяқталды.

Мукышева А.М. 1- курс магистранты

Ғылыми жетекші: т.ғ.к., доцент Удербаева С.К. Қазақстан тарихы кафедрасы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама