Начар жесірдің ісі
Сынған темір торларында боз қауырсақтар ас әзірлейтін кекәна ыстығынан пысынап, есіріктеніп кеткен. Сырты қызғылт түсқағазбен желімделген тақтай қоршау ішінен көкшіл ыстық түтін бұрқырап жатыр. Асхананың ақ кірпіге ұқсас қожайыны Тигран тәрелкелерге майлы қуырдақты кейісті кейіппен шыжылдатып салып жатыр. Қышқыл құйылған шынылардағы квас күн шұғыласынан көпіршіп кетіпті. Термометрдегі сынап үгіліп кеткендей созылып барып, елуінші бөлікті басып тұр. Таңертеңгі сағат тоғыздың кезі.
Маған және геолог Прокофьевке әкелген қуырдағы күйдірілген кокс тәрізді. Оның ақсақ үстелшеге әкеліп қойылуының өзі бет-аузымызды Красноводскінің қайнаған күнінен бетер күйдіріп барады.
Прокофьев тәрелкесіне үрке қарап, оны айырының ұшымен әрірек ысырып қойды. Оның сөзіне жүгінсек, мұндай тағамды жеу "мүмкін емес". Біз бір-бір шыныдан ыстық квас ішіп, суға түсетін жерге бардық. Бүкіл жол бойы бізді ашытқы иісі өкшелеп қуды да отырды. Сол иіс бізден шығып жатыр. Прокофьев сыпайы кейіппен бірдеңеге ұрсып келеді. Ғұмырында тұңғыш рет оның Мұнай институты ғылыми қызметкерінің бойынан лаборатория мен мұнайдың иісі емес, сыра ашытқысының иісі шығуда.
Тап осындай тандыры кепкен таңертеңгі шақта суға шомылғаннан өткен жан рақаты бар ма?! Ақ қайықтар бүйірлерінде толқындар сәулесі шағылысып ойнап жатыр. Олардың жасыл нұры ай сәулелі акык тас нұрындай нәзік еді. Су бетінде қалқып жүрген қабаққа шабақтардың күміс түйреуіштері шүпірлесе ұмтылады. Судың түбі, көгілдір құмдауыт түбі анық көрінеді, со маңда бадырақ көз бұзаубас балық кезіп жүр. Тіпті теңіз түбінде тот басып, ыбырсып жатқан консервінің бланкілері де асыл металдардан жасалғандай болып көрінеді.
Теңіз шуылы толастапты. Уфра жартастарынан қалаға ыстық жел соғады да осы арада әл-дәрмені таусылып, жағалауда басылып қалады.
Суға шомылатын ертеңгі шақ менің күллі жоспарымның аяғын аспаннан келтірді. Мен Қарабұғазға келе жатқанмын, о жақта индустрияның Қарақұм шөліндегі алғы шебі үлкен химиялық комбинат салу ісі белгіленген еді. Красноводскіге Ташкент арқылы бару үшін, мен он тәулік бойы вагонның шаң-тозаңына тұншығып, ыстық күннің шұғылалы жарығы көзімді қарып, азапқа түстім.
Красноводскіде мен большевик-геолог Прокофьевпен кездестім. Мен оның кешқұрым "Қарабұғазсүлфат" трестінің жатақханасынан өте бір мүшкіл халде отырған кезінде тап болдым.
Көрші кинода қажуды білмейтін бір пианист клавиштер үстінде саусақтарын жосытып жатты. Прокофьев төсегі үстінде жайсыз ыстықтан жанын қоярға жер таппай қиналып, әрі зерігіп, нәскишең отыр екен және сыртқа мүлде шыға алмайтын көрінеді: мінезі жұмсақ болғаны себепті, ол өзінін сары бәтіңкесін Миша шоферге береді. Миша киноға кетіпті. Красноводскіде жалт етіп бір көріну үшін, ол Прокофьевтің бәтіңкесін қиылып сұрап алып, оның орнына жағар май әбден сіңіп кеткен жыртық кенеп етігін қалдырады. Прокофьев, Миша, тегі Красноводскінің бір азаматшасын ұнатып, желігіп жүр ме деп күмәнданады.
Мен көрші әйелден жүгіріп барып, су сұрап әкелдім. Біз кірпияздана пысқырып тұрған примусты әзер жағып, шайды күтіп, төсектерімізге жантая-жантая кеттік. Прокофьев примустың мінезін біледі екен, бір сағат өтпей шай қайнамайды деп, бір-ақ кесті.
Менің Қарабұғазға бара жатқанымды біліп, Прокофьев жанданып сала берді, орнынан тұрып, бөлме ішінде әрлі-берлі жүре бастады .
— Бәрінен де бұрын, — деді ол, — сіз әуелі маршрутты — жүретін жолыңызды мұқият ойластырып алыңыз. Кәне, ақылға салып көрелікші.
— Яғни қайдағы маршрут? Осы арадан теңізбен жүрсек, Қарабұғазға дейін екі жүз-ақ шақырым.
Прокофьев миығынан қарап, күліп жіберді.
— Егер сіз Қарабұғазға трестің қызметкері ретінде баратын болсаңыз, әрине екі жүз шақырым. Бірақ сіз мүлде басқа нәрсені іздеп бара жатырсыз: менің түсінуімше, сіз Қарабұғаздың күллі проблемасын зерттегіңіз келеді. Солай ма? Онда жүрер жолыңыз күрделіленіп, қиындап кетеді. Сондай сапар жасауды мен де баяғыдан бері армандап келемін. Оны мен оның ең уақ бөлшектеріне дейін ескеріп, жасап қойғанмын. Бірақ менің ақшам жоқ, ал сіздің ақшаңыз бар, сол себепті де мен сізге өз маршрутымды тегіннен-тегін беремін.
Бір ғажабы бұл кісі филантроп ғалымның мүлде жаңа типі болатын: ол Мишаға бәтіңкесін, ал маған мұқият ойланып жасаған маршрутын беріп отыр.
Прокофьевтің қараңғы бөлмеде жүрген әрбір қадамы шыбындардың ызыңдағанын күшейте түсті. Сан мың шыбын осынау ұзын бойлы кісінің тосын қимылынан бар маза-тыныштығынан айырылып, соның маңында үйіріліп ұшып жүрді.
Кинодағы пианист клавиштарды жұдырығымен қойып қалды. Рояль, қатты шошып, бұрыштан айналып шыға келген кісідей, жанұшыра қышқырып жіберді.
— Есіттіңіз бе? — деді Прокофьев. — Тағылық!
Ол қайтадан бөлме ішінде адымдап жүріп кетті.
— Қарабұғазға сіздің спираль бойымен баруыңызға тура келеді,
деп Прокофьев сөзін сабақтай түсті. — Қарабұғаз дегеніміз не
осы? Глаубер тұзының әлемдегі аса ұлы, сарқылмайтын қоры. Бірақ істің мәнісі мұнда емес. Істің мәнісі - осынау байлықты қалай пайдалануда. Қарабұғазда түз бар, бірақ көмір, мұнай, су, газдар жоқ, осынау тұзды аса бағалы химиялық заттар шығаратыңдай етіп өңдеуге іргелі негіз жоқ, сол себепті де комбинатқа да орын жоқ сияқты болып көрінеді. Бірақ көмір, мұнай, су және газдар шығанақтың айналасын қоршаған қисық сызық бойында жатыр. Шығанақты зерттеместен бұрын, біз оған апаратын жол-жөнекейді зерттеуіміз керек. Менің маршрутым да осыған негізделген.
Шәйнек қайнады. Дәп сол уақытта инженер Хоробрых пен топограф Бархин келді. Олар қатыгез музыкаға шыдамай, шаңырқай шөлдеп, кинодан қашып кетіпті.
Хоробрых бірден әңгіменің желісін Прокоьевтің жұмсақ қолынан жұлып алды. Ол жүзі Шаляпинге келетін, әскердей жып-жинақы, биік бойлы кісі екен. Ол Красноводскіден Қарабұғазға дейін қара жол тарту істерін зерттеумен шұғылдану жағын басқарады екен.
Бірнеше күн бойы мен оны бақылап жүрдім. Оның армиясы тек шаруашылықты басқаратын Корчагиннен, бірнеше комсомол-топограф пен түрікмен-жұмысшысынан және төрт түйеден құралса да, ол майдандағы қолбасшы сияқты жұмыс істеді. Бірақ осынау шағын армияның іс-әрекеті тез және дәлме-дәл мерзімінде жүзеге асатын еді. Хоробрыхтың жарлықтары қысқа болатын және Наполеонның: "Солдаттар, пирамидалар биігінен сендерге қырық ғасыр көзін тігіп тұр", — деген аса әйгілі сөзін еске түсіретін.
Бір өкінішті жері, Хоробрыхтың еш жерде жазылмаған бұйрықтарынан шөлдің қаталдығы мен ұлылығы білінетін. Ол күндей күркіреген жуан даусымен: "Топографтар! Сіздер Кос Аджының ащы бұлақтарынан барып шығып, Темірлан заманының жартаста қашалған жазуларында жүз түйені суғаруға болады дейтін құдықтарын қуалай жүресіңдер. Сол құдықтардан бастап, қара жолды солтүстік батысқа қарай тартасыздар, бірақ естеріңізде болсын, сол маңайдағы өлшеу ісі тұзды көлдердің шағылысуына байланысты жиі-жиі бұрмаланып отырады", — деді ғой.
Хоробых бүкіл ғұмырын Орта Азияда өткізді. Ол азамат соғысына катысты. Әскери коммунизм дәуірінің нышандары — шұғыл шешімдердің, батыл қимыл-кылықтар мен сыртқы декірліктің белгілері оның мінез-құлқында ең соңғы күндерге дейін, тасқа басқандай болып қалған еді.
Қысты күндері ол көлікпен құба шөлді басып, Қарабұғазға баратын, ал күзде түрікмен қайықтарымен Қарабұғаздан Бакуге жол тартатын.
Инженерлердің бірде-біреуінің бұған батылдығы жетпейтін. Жүзу сапары ажалмен ойнауға ұқсайтын.
Хоробрых сол қайықтардың теңізде жүзу қасиеттері туралы мақала жазып, оны Ашхабадтағы өлкетану журналына бастырды. Мақаланың ыңғайына қарағанда, түрікмен қайықтары пароходтар мен жедел жүрісті моторлы катерлерден беріктеу болып көрінеді. Хоробрыхтың бұл қайықтарды айрықша бағалайтын бір қасиеті — олардың жік-жіктерінің арасына ештеңені тықпалаудың қажеті болмайтын - оның жеке-жеке тақталары бір-біріне кереметтей дәлдікпен жымдастырылғаны сондай, ара-арасында пышақ жүзіндей де сызат қалмайтын. Хоробрыхты бір жайт қана алаңдататын:
Қарабұғаздың суына түскеннен кейін түрікмен қайықтарының түбінен жиі-жиі су өтіп кетеді, кейде тіпті суға батып та кетеді.
Хоробрых осы бір құбылысты зерттеу ісіне кірісіп те кетеді — тек қызық қуалап, қызынғандықтан емес, өйткені соңғы кездерге дейін шалғайдағы кәсіпшіліктерден бұғазға глаубер тұзы (мирабилит) осы қайықпен тасылатын. Қайықтың осалдығының себебі Қарабұғаз суында болатын және оған қоса әрбір ағашта, тіпті оның әбден қурап қалғанында да, тұщы судың зәредей ылғалы болады. Ал Қарабұғаз суы еріген тұзға әбден қаныққан ғой, — дейді Хоробрых. Қайық Қарабұғазға тап болған кезде, оның жебір суы сол сәтте, дереу қайықтың тақтай жақтауларындағы ылғал атаулыны түгелдей сорып алады, сосын тақталардың жік-жігі ашылады да, ол шым батып кетеді. Хоробрых бұл теориядан айырылмады, соны қатты ұстанды.
Кештің қалған уақыты түрікмен қайықтарынан судың ағу себептері туралы және Қарабұғаз шығанағын зерттеу тарихы туралы, Хоробрыхтың хикаясы жайлы егес, ерегіс үстінде өтті. Хоробрых Қарабұғазда 1914 жылы бірінші рет болыпты, сол себепті де езін Қарабұғаздың көне тұрғынымын деп есептеуге толық хақым бар дейді.
Прокофьев кеше кешқұрым маған маршрутты беріп үлгірмеген болатын, сондықтан да біздің әңгімеміз ертеңгісін суға түсетін жерде аяқталды.
— Сіздің маршрутыңыз төмендегідей болуға тиіс, — деді Прокофьев шомылма басқышында көлеңкеде отырып. - Ең әуелі өзіңіз дәп қазір отырған Красноводскіде боласыз, сосын Дағыстанға — Берикей мен Махачкалаға, сосын Ембіге, ең соңында Маңғыстау түбегіне барасыз, тек содан кейін ғана Қарабұғазға баруға құқылысыз. Небәрі Каспий теңізімен үш мың шақырым, кұрлықпен жүздеген шақырым жүресіз. Красноводскінің маңайы мұнай мен газға бай, Дағыстан — газға, Ембі — мұнай мен әк кеніне, ал Маңғыстау — тас көмірге, фосфориттер мен мұнайға кенелулі. Міне, осының бәрі Қарабұғаз мирабилитін өңдеп, аса бағалы химиялық өнімдерді шығаруға өте қажет. Осылар болмаса Қарабұғаз комбинатын салудың ешбір мәні жоқ. Қалай, бұған келісесіз бе?
— Келісемін.
Прокофьев суға секіріп түсті. Ол өз денесімен бірге су түбіне дейін көптеген ауаны ала барды: оның айналасындағы су газдың өте уақ отау-отау көбіктерінен аппақ болып кетті.
Көрші кабинкадан суға шалп етіп, Хоробрых құлап түсті.
— Қырандар, саламатсыңдар! — деп айқайлады да, ол бір сүңгіп шығып, Уфра жартастарына қарай құлашын кең тастап, жүзіп бара жатты.
Ол жалтыр су сәулесіне малынып жүзіп барады. Ол онда түрлі-түсті ғажайып бір мұхитқа батып бара жатқандай болып көрінеді. Хоробрыхқа қарай төтелеп, ақ сары түсті трубасы бар пароход сызып келеді. Оның көпіршесінен "Лафарг" деген орасан зор жазу қарауытады.
Аптап алаулап, қызғылт түтін болып, өлі таулар мен алыста кең көлемді бір беймәлім құрлық сияқты, жалтырап жатқан құм қайраңдарына түсіп жатыр.
Кешке салым мен Прокофьевті вокзалдың ар жағындағы Жаңа қалада көрдім. Бұл арадағы көшелердің бәрі жирен түсті тұнжыраған жартастарға барып тіреледі екен.
Прокофьев маған ең соңғы жаңалықты айтты: горпоның асханасына жебел бұлағының суын әкеліпті. Біз асханаға жеткенше асықтық. Тұшытқыштан шыққан су бізге касторка майынан да нашар бірдеңе болып көрінді. Бұл ыдыс түбіне еріне-еріне әрең шөгіп жатқан қайдағы бір жармаларды қосқандықтан түр-түсі жирендеу, өзінен керосин иісі шығатын қою да лайсаң сұйық зат болатын. Оны ішкеннен ешбір пайда жоқ; ол кісінің шөлін қандырмайтын. Бір ғана Хоробрыхтың өзіне күніне осынау судың екі шелегі керектұғын. Әр адамға оның тек бір шелегін ғана беретін, өйткені тұшытқыштың біреуін жөндеуге қойған еді.
Су алатын будкелер айналасына серіппе секілді етіп, қоршай қойылған бос шелектердің әлі шіреті су дағдарысының куәсіндей еді. Тәкаппар түйелер әйелдердің, карт түрікмен-философтың көз қырын салуына сеніп тастап кеткен шелектерін басып-жаншып өте шықты. Көшелерді табанда айқай-шу кернеді, түрікмен түйелерді сұрғылт бүйірлерінен таяқпен соққыласа, әйелдердің бет-аузы әудемде, от жаққыш кочегарлар беті секілденіп, қып-қызыл болып дуылдап, түйелерді қарғап-сілеп, маймаңдай басып, шелектеріне ұмтылысып жатты.
Жолай біз Хоробрыхты қуып жеттік. Біздің жебел суы жөніндегі хабарымызға ол немғұрайлы кейіппен бір қарап, онша мән бермеді, бірақ қолма-қол бізбен бірге асханаға баруға келісе кетті. Шын мәніндегі инженер және ортаазиялық тұрғын ретінде, ол бізге тұшытқыштың суы бұлақ суынан әсте кем емес деп дәлелдеуге тырысты.
Асханада шайды "көтермелеп" — бес, сегіз, тіпті, он стаканнан әкелуге тапсырыс береді екен. Бархин мен Корчагин хош иісті бу қоршауында, экспедиция пастиласын қомағайлана обып отыр екен. Кинодан музыка сазы естіледі. Күндізгі шаң-тозаң көше-көшелерді алақұйындата қуалап, ел-жұртты әбігер етпей, орын-орнында алаңсыз жатыр.
Ауа мұнтаздай. Сұйық жасыл аспанда үй шатырларына тиер-тимес болып, толықсып піскен жұлдыздар ілініп қалыпты. Біздің суреткерлердің шығыс пейзажы мен шығыс өлеңдерін еске түсіретін тамылжыған кештер тіпті мұнда да болады. Бархин аспанға қарап:
— Шаһризада, — деді қоңыр үнмен.
— "Шаһризадаң" не? — деді Хоробрых оған қатал.
— Аспанды айтамын.
— Неліктен "Шаһризада"?
— "Шаһризада" атты арап сөзі біздің "шатысқан" деген сөзімізге ұқсайды, — деп әңгімеге ізетпен Прокофьев араласты. — Бархин, сізде бір өте қызық ассоциация пайда болды: Шаһризада — шатысу. Аспанға қараңызшы: алуан түрлі — үлкенді-кішілі жұлдыздар қалай шытырман болып шатысқан!
— Ендеше осынау шатысулардың ортасына бұлбұлды әкеліп отырғызыңдар, ал келіп сайрасын, — деді Хоробрых. — Ah, шіркін, Шираздың бұлбұлдары мен Хорасанның раушангүлдері-ай! Аһ, Зылиха, Иран алқабының ақ ләйлегі қайда!
Хоробрых шығыстың жаттанды экзотикасын мысқылдап, қорлай бастады. Ол шығыстың өзге дүниесін: сары құмдарын, мақтаның гүлдегенін, пошта көлігін (нарларды), таусағыздың тоғайын, Гиндукуш бөгетін, су тұшытқыштарын жақсы көретін.
Ол Самарқандтың мешіттерін құрметтейтін, бірақ оларға тек архитектуралық ғимарат деп қарайтын. Сағдидің поэзиясын ол аңқау шахтардың басын айналдырған қушыкеш қарт парсының әлаулайы деп білетін. Ол Сағдидің бір нақылын ғана жақсы көретін, оны топографтарға:
"Егер сен ақсақпен бірге жүрсең, оның кемістігі көзге ұрмас үшін, аяғыңды сылтып бас" деп қайталап отыратын.
Шығыс сыпайылығының шет-шегін сездіретін осындай жайт Хоробрыхтың көңілін бір көтеріп тастайтын.
— Одан да шай ішіңіз, - деді ол Прокофьевке, - және осындай реті келгенде, Чикишлярда істеген жұмыстарыңыз жөнінде айтсаңызшы. Бізге бәрінен де соныңыз әлдеқайда қызық.
Прокофьевтің шаң-тозаң қонған кенересі мүйіз көзілдірікті, күнге күйген жүзі қоңыр кеште мүлде қап-қара болып көрінеді.
— Чикишляр деген не! - деп жауап берді ол. - Ондағы жердің әрбір сүйемі - мұнай. Тұтас гектары — тұнып тұрған мұнай.
Чикишлярдың алдында Бакуің кімнің шекарасы? Жердің әрбір жарығынан асыл текті газдар пысылдап шығып жатады.
— Пәле, пәле, — деп ымыраға келгендей болды Хоробрых жайымен күбірлеп, — дүние жүзінде, сірә, сіздің Чикишлярдан артық жер жоқ екен-дағы.
— Әй, оданда байыптап бір сөйлесейікші. Міне, табаны күректей екі жылдан бері мен кез келген кеңесте Чикишляр мен Небит-Даг, Челекен мен Бая-Даг туралы тамағымды жыртып, айқайлаумен келемін. Өздеріңізге мәлім, мен Чикишлярға мейлінше ықтиятты зерттеу жүргізген үш жылымды жұмсадым, ендеше менің Чикишляр жайлы ең шынайы, адал сөзді айтуға хақым бар.
Оқыс ашуланған Прокофьев бізге Чикишляр туралы өте қызық бір тарихты айтып берді.
Менің бір әлсіз жерім бар: мүмкін болғанынша адамдардың көбін жазушылық іске ынталандырғым келеді. Өмірден талай тауқымет көріп, қызық жайттарды басынан кешірген адамдар жиі кездеседі. Олар со ғұмырынан тапқан ауыр жүгін өзімен бірге болған жерінің бәрінде арқалап жүреді де, сосын кездейсоқ кездескен бір жол серігіне айтып, тектен-текке талан-тараж етеді немесе бұдан да өткен бір сорақылығы құдайдың тірі жанына айтпайды.
Бостан-босқа рәсуа болып, өліп-өшіп бара жатқан керемет материалға деген өкініш мені ұдайы өкшелеп қуады да жүреді. Әдетте мен сондай адамдарға басынан кешкенін сипаттап жазуын айтып, тыныштық бермеймін, бірақ мен әманда өз күшіне сенбеушілік пен үркектікке, ақыр соңында мырс етіп күле салуға тап боламын. Жазушылық оңай іс деген қара дүрсін ой әлі күнге дейін көп адамдардың көкейіне қағылған қазықтай болып, тікірейеді де тұрады. Солардың басым көпшілігі жазушылық — өтірік айту деп ойлайды да, өздерінің тек қана ақиқат шындыққа құштар екенін тілге тиек етеді. Олар бірақ қажетсіз бөлек-салақты алып тастап, өзіне тән белгілерінің бояуын қанықтырып, әдеби түрде әдемілеп берген факті, ой-қиялдың нәзік сәулесімен нұрланған факті, өте дұрыс, дәлме-дәл түсірген протокол — хаттамадан заттың табиғи мән-мағынасын жүз есе жаркын да түсінікті етіп береді.
Прокофьевті ықылас-ынтамен тыңдағаннан кейін, мен оған осы айтқанының бәрін жазғанын жөн көрдім. Менің күпті көңіліме қарамастан, Прокофьев шын пейілімен келісе кетті.
Ол Красноводскіде Қарабұғазға баратын пароходты күтіп отырған болатын. Пароход Гасан-Кулиде кідіріп қалыпты, оның қашан келетінін тіпті порттың капитанының өзі дәлме-дәл айта алмады — қайткен күнде де, енді бір аптадан бергі жерде келмейтін шығар, — деді ол.
Прокофьев жазу үшін екі күнге пұрсат алды. Жатақханада ол жаза алмайтын. Топографтар оның жазушылық тәжірибесін білуге құмартты да дереу "қасиетті шабыт" туралы, "Прокофьевке ұйқы бермей жүрген "Шолоховтың даңқы" туралы тілдерін безеп, қызыл сөздің қызуына түсті де кетті. Сол себепті де Прокофьев таңертеңнен Жаңа қалаға, өзінің сырлас серігіне кетіп, оның салқын бөлмесінде жазып қайтады. Жатақханаға тек кешке таман келіп жүрді, ол келісімен біз сол сәтте қаланың шет жағына суға шомылу үшін баратын болдық.
Түн, еріткен күйе тәрізденіп, теңіз бен жағалауға тұрақты тыныштықтай болып, түсіп келе жатты. Біз суды көргеніміз жоқ, біз оның салқын деңгейін тек ыстық денемізге тигенінен сездік. Бірте-бірте көзіміз қараңғылыққа үйрене бастады да жұлдыздардың жарық сәулелі жармасы біздің айналамызға, суға шашылып төгіле берді, енді су күңгірт нұр шашты, біз сол белуарымыздан келетін суда тұрып, төңірегімізден қоңыржай үйектің ашық та таяз теңізін көз алдымызға елестеткендей болдық.
Порттың шамдары, түн ортасында жұлдыздарға қарау үшін жоғары көтерілген терең-тұңғиық балықтарының көгілдір көздері тәрізденіп, су бетінде қимыл-қыбырсыз қозғалмай жатты. Теңіз иісі, таң алдында молынан суарылған бақша тәрізді, аңқып тұрды. Оның иісінде тұз бен бақа шанақтардың күшті кермек иісі бұрқырап тұрған еді.
Прокофьев көзге түрткісіз қараңғыны қармалап киініп жатқанда, жазушылық — әлемдегі ең ауыр да тартымды тірлік, егер езі геолог болмағанда, онда жазушы болып кететінім анық еді дегенді айтты. Өз әңгімесін жазуға әуелдегі екі күн енді жетпей қалды. Ол тағы екі күнге мұрша беруімізді сұрады. Соның кесірінен мен Бакуге баратын кезекті пароходты өткізіп жібердім (Прокофьевтің маршруты бойынша, мен Дағыстанға кетуім керек еді). Біз ұзақ таластық, бірақ ақырында менің онымен келісуіме тура келді.
Прокофьев маған өз хикаясын жүруіме бір күн қалғанда берді. Ол әңгімені өзінің көз алдында оқуымды қаламады. Жалған ұят оның ойынан әлі біржолата сейіліп кетпеген еді. Әңгіме "Қара өзендер" деп аталыпты.
Мына төмендегі сол хикая.
"Осыдан үш жылдай бұрын мен Челекен аралында болып өткен түсініксіз бір құбылысқа қатты қызықтым. Бұл құбылыстың мәнісі мынадай екен, сол аралдан, мінеки, отыз жылдан бері мұнай өндіріп келеді, бірақ барша геологиялық мәліметтерге қарағанда, Челекендегі мұнай қоры онша мол емес, сол себепті де мұнай өндірудің алғашқы он-он бес жылында оның сарқылуы керек екен.
Ғылыми мекемелердің бәрі осының жағдайын анықтау үшін мені Челекенге іс сапармен аттандырды.
Мен сөйтіп тұңғыш рет Орта Азияға тап болдым. Мені, өзім болуға тура келген жерлердің құлазып бос жатқаны таңғалдырады. Ғылыми әдебиетте со жерлер жиі-жиі еске алынады, ендеше оны мекендеушілер көбірек болуы керек еді.
Челекенде болған аз уақытта, оның мұнайының сарқылмайтын тамырларын тек құрлықтан, шамамен, Чикишляр, Гасан-Кули мен Атрек ауданынан анықтауға болатынына көзім жетті.
Мен сол жаққа аттандым. Гасан-Кулиде жолай бізді түбі тегіс қайықтарға ауыстырып отырғызды, ал құрлыққа бір шақырымдай қалғанда қайықтардан арбаларға отырғызып, тайыз сумен жүріп отырып, теп-тегіс құмдауыт жағалауға апарып түсірді.
Мен қапырықтан булығып, шөлдеп, мазам кеткенін сездім. Шіріген балық иісінен жеркене тұншығып, Шығыспен бірінші рет кез болған кісіге жақсы таныс бір жайсыз күйді басымнан өткердім. Оны "үйренген нәрсені аңсау" деп айтуға болады. Институттың салқын лабораториясы, Ленинград бауларының жамыраған қалың жапырақтары бөлмелерден жасыл түнек жасайтыны маған жоғалған жұмақ болып көрінді. Мен өз-өзімнен шынымен-ақ дүниеде қайың ормандары мен кувшинка қаптай өскен өзендер, сіркіреген жаңбыр мен көк шөп тіршілік етіп жатыр ма деп сұраймын. Бұл араның ындыны кеуіп, құрған қалған жерінің жалаңаш-жалтаңдығы, қаттылығы сондай, әсіресе шөптің тіршілік етуі шындыққа мүлде жатпайтын сияқты.
Мен Бакуде болғанмын, Грозныйда және Ембіде тұрғанмын, геолог ретінде, мұнай қорларының құрғап қалған бұрынғы теңіз шығанақтарының түбінде жататынын, әдетте жұрт назарына ілінбейтін құнарсыз жерлерде болатынын жақсы білетінмін. Өзім душар болған осы бір жердің кісіні жабырқатып-жалықтырып жіберетінінің өзі бұл маңайда мұнайдың аса мол екендігінің айқын дәлеліндей болып елестеді.
Мен Құлжар ауылына, түз емшісі — тәуіптің үйіне келіп орналастым. Ол өңі қараторы, әлдеқандай болып кекірейіп жүретін түрікмен шалы еді, ол мені де, өзі сияқты мұнай мен басқа да қазба байлықтарының тәуібі, сол себепті де кәсіптес жолдас деп есептейтін. Тәуіп өзінің кәсіби құпиясын бейхабар жұрттан жасыруға мәжбүр болатын.
Мен Құлжарға келгенімде ауыл осы қонысында отырғанына жыл толған екен, және айналасы тастанды күл-қоқыстан аяқ алып жүргісіз болып, ел сасып-мұңкіп отыр екен. Мен ол кезде ауылдың бір орнын бір жарым, екі жыл ғана қоныс ететінін білмеуші едім. Содан кейін олардың төңірегіндегі жердің бәрін бүлдіріп, ластайтыны сондай, оларды жаңа қонысқа көшіруге тура келеді екен.
Мен жұмысқа көміліп қалдым. Мүмкін, жұрттың көбі бірінші реттегі, екінші реттегі мұнай туралы теорияны білмейтін де шығар. Бұл теорияның мәнісі мынадай: бір орында пайда болған мұнай жер астыңда алыс сапарға шығады, ол әдетте қуыс-қуыс пен борпас породаны қуалап, терең қатпарлардан жер бетіне жақындай түсіп, қарсылығы аз жаққа қарай беттейді. Бұл сапарда мұнайлы газдардың қысымы үлкен рөл атқарады.
Менің бақылауыма қарағанда, Челекенмен болған жайттан біз мұнай қозғалысының классикалық мысалын кереміз. Айта кетуді ұмытыппын, оның әуел баста түзіліп, құралған орнынан табылған мұнай бірінші реттегі мұнай деп аталады, ал ол пайда болған орыннан алыс жатқан жерден табылған мұнай екінші реттегі мұнай делінеді. Челекенге келсек, ондағы — екінші реттегі мұнай, осы арадағы мұнайлы қатпарларға қайдағы бір басқа жақтан толассыз ағып келіп жатады. Челекен қорының сарқылмайтындығын осымен түсіндіруге болады. Бірақ мұнай отынының өзі қайда? Осы бір мәселе менің көкейімнен кетпей қойды.
Маған жұмысшыларды табу өте қиын болды. Менің ауылымның бүкіл түрікмендері Итдыр руынан еді. Ежелден бері келе жатқан осы рудың сан жетпейтін мыңғырған малы болған және олар рымшылдықпен әйгілі болған. Тек жастары ғана революциядан кейін жұмыс істей бастаған, ал шалдары осы уақытқа дейін жұмыс істеуді қорлық деп санайды, уақыттарын бекер босқа өткізеді, шылым шегеді, асық ойнайды. Әйелдері ғана жұмыс істейді.
Тәуіп жұмысшы ретінде маған үш териакешті-түкке тұрмайтын ең лас апиынды шегетін, кісі сенуге болмайтын, мелшиген меңіреу біреулерді ертіп келді. Бағзы бір кездері оларды тіпті орнынан қозғаудың өзі мүмкін еместі. Тек бір айдан кейін ғана менің қарауымда алымды да шалымды, бірақ әр неге шамадан тыс қызыққыш көмекші — жасөспірім Ғузар пайда болды. Оның қызықпайтын нәрсесі жоқ, сол себепті де менің оған тіпті бірінші және екінші реттегі мұнай теориясын түсіндіруіме тура келді. Оның көзі алдында мен небір кереметтердің шығу тегін білетін ұлы ғалым-большевик және ауылдағы жасарын жасаған қадірменді әвлядтар — пайғамбардың ұрпақтарынан да әлде қайда құрметті кісі болып шыға келдім.
Тәуіп мені жайымен, аспай-саспай ақылмен жүйкелете бастады. Ол құпия түрде большевиктерге өш болды, революцияны еске түсіргенде бір күрсініп, ескіден келе жатқан бір нақылды: "Керуен бұрылған кезде, ақсақ түйе алға шығады" дегенді жар салып айтып отыратын. Ол ақсақ түйе дегенде өкімет басында тұрған кедейлерді тұспалдап айтқаны айдан анық еді.
Оның емдеудің тазалық әдістерін қолданғанына менің жыным келеді. Ол қызыл бұрышты түйенің сүтіне салып тұндырып, сонымен трахматоздарды — көз ауруларына улы дәрмекті жағады. Сөзбен ауырған кісілерге ол өлтірілген кесіртке-кеселдің кептірілген бас сүйегін ұнтап, соның ұлпасын темекімен араластырып, шылым етіп шегуге беретін. Іріңдеген жара аузына енді ғана өлтірілген кесірткенің не күшіктің жас етін басумен емдейтін. Бірақ бәрінен де масқарасы іш ауруды емдеу әдісі болатын. Бұл аурудан балалар қынадай карылатын. Тәуіп балаларды шыңғырып жылағанына қарамай, олардың кіндіктерін бар күшін салып бұрай бастайтын. Емдеудің бұл әдісі әдетте грыжамен аяқталатын.
Тәуіп тек қана төрт ауруды — көз ауруын (трахома), іш ауруын (дизентерия), сөз бен кұрт ауруын (туберкулез) білетін. Қалған аурулардың бәрін ол жүректің науқасы деп, оларды күйдіру арқылы емдейтін. Күйдіру әдісі адамды азаптаудың ең бір сұмпайы түріне ұқсайтын. Науқастың бүйіріне күйдірілген киізді басып, таңып тастайтын. Тәуіптің пікіріне жүгінсек, күйдірілген жер мөлшері қажетті шамаға жеткен кезде, киізді алып тастап, оның орнына зәрлі компресс қоятын.
Мен бұл сұмдықтың бәріне екі аптадай төздім де сосын тиісті кісі арқылы Чикишлярға жазбахат жолдадым, тәуіптің адамдарды жарымжан етуіне тыйым салуды талап еттім.
Содан кейін мен ұзамай тауға кеттім. Сол арадан мен, тәуіпті мүлде ұмыттырған, бір аса құнды жаңалық аштым.
Кетерден сәл бұрын мен тәуіптің үйінен жесір әйел Начардың киіз үйіне көшіп кірдім. Оның өзі үйіне бірнеше қадам жерде тұрған күркесін пана етті. Начардың қараша үйі маған ұнады. Іші тап-таза бұл үй ауылдан алыс шетте, сасық күл-қоқыс пен әлі күшіктерден аулақ, тау жақтан аңқып соғатын қатты жел өтінде тұрған еді.
Тау баурайынан мен себездеп тұратын газ көздерін таптым және біраз уақыт мұқият бақылау нәтижесінде, өзім зерттеген жердің бірінші реттегі мұнай қорының аса бай ошағы екеніне көзім жетті, сол арадан мұнай жерастылық баяу ағыспен, менің болжауыма қарағанда, екі бағытта Челекен мен Небит-Дагка қарай жайылып кетеді.
Со кездері ғылыми орындарда мейлінше кең түрде Қарабұғаз проблемасы, басқаша айтқанда, жер шарындағы ең улы мирабилит қорын өндіру және өңдеу проблемасы қойылып жатқан еді. Мені қызықтыратын ең басты мәселе мирабилитті өндеу проблемасы болатын. Қарабұғазда аса қуатты химиялық комбинатты салу идеясы сол кездің өзінде ауада ілініп тұрған еді. Комбинаттың өмір сүруі соның негізін құрайтын — шикізатсыз, отын мен сусыз ақылға қонбайтын.
Қарабуғазда тек шикізат мирабилит ғана бар: отын мен су жоқ болатын. Мен аса улы газ шығатын жерді аштым.
Чикишляр ауданындағы газ қорын тіпті шамамен болса да анықтаңқырап айтуға дәтім бармайды — сондықтан да едәуір дәрежеде комбинатқа қажетті отын мәселесін шешкеніме сенімім зор болатын, өйткені жанатын газды шалғай жерге жеткізіп беру мәселесін техника баяғыда шешіп қойған еді.
Газ көздерінен басқа, мен, тағы да йод пен бромный аса бай бастауларын да аштым.
Отын мәселесінің бір бөлшегі шешілді, бірақ оның екінші бөлшегі — мұнай әлі шешілмеген еді.
Бұл істе ешбір күмән-күдік және ұзақ ойланып-толғанушылық мүлде болмады. Бүкіл ауданның он бойы толған мұнай-ды. Бірақ бұл мұнай да, Челекен мұнайы сияқты, Қарабұғаздан алыста, жердің терең қойнауында жатқан. Нефте-Даг жақынырақ болатын. Дәп осы Нефте-Дагтің мұнайын Қарабұғазға айдау бәрінен де пайдалырақ болар еді.
Әлі есімде, бір күні таңертең ерте тұрып, шатырдың алдында соны ойлап отырғанмын. Ғұзар маған келіп, қобалжығанын жасырмай, әлгі екі териакеш төбенің арғы жағынан жұртта қаңырап қалған мешітті тауыпты, соған көшіп барып, кіріп алған жөн болар еді, деді.
Ғұзар мені өзіміздің енді тұратын үйлерімізді дереу барып көрелік деп асықтыра сөйледі.
Мен мешітке ренжулі күйде бардым. Ғұзар менің берекелі ой-толғанысымды бұзып жіберді. Мұнай ағысының езім ашқан жаңалықтарының бағыт-бағдарын азды-көпті дәлме-дәл біле отырып, мен мұнайды Қарабұғазға таяу жердің қай тұсынан іздеу керек екенін анықтауым қажет болды. Менің мұнайды қай арадан бәрінен де көбірек кездестіруге болатынын нүктелермен белгілеп қоюым керек еді яғни басқа сөздермен айтсақ, Қарабұғаздан солтүстікке қарай жүретін, мұнай танабына баратын ең қысқа қашықтықты (жолды) табуым қажет болды. Және ол өзім күні бұрын болжап қойғанымдайын, Маңғыстау мен Ембінің мұнай шығатын жерлерімен ұласып құйылып жатуы керек еді.
Біз бір төбенің басына көтерілдік. Мен көкпеңбек зер тастары үгітіліп түсіп жатқан, бүлініп бұзыла бастаған мешітті көремін ғой деп ойлағанмын, бірақ біздің алдымызда балшықтан салынған көзге қораш, аласа үй тұнжырай қарауытып тұрды. Териакештің екеуі бірдей есік алдында ыржаңдасып отыр. Біз оларды жанай мешіттің ішіне ене бергенімізде, олар мені мен Ғұзарға ызаланып бір қарады. Мен мешітке ешқашанда көшпеуіміз керек деп, іштей күнілгері шешіп қойдым. Ғұзардың іс-әрекеті мүлде қисынсыз болатын.
Мешітке кіруін кірсем де абыржып сасып қалдым. Ішіне сабан түстес күн шұғыласы түсіп тұрған, төбесі бұзылған үй қабырғасының қасында басындағы жаулығының бір шетімен аузын бүркеп алған, жұпыны киімді бір әйел отыр және өзі баяу ыңқылдап қояды. Оның, жанында жерде кішкентай бала ұйықтап жатыр.
Өзіне көмектессін деп, Начар бізге келген ғой, — деп күбірледі ұялып қалған Ғұзар.
Мен оның мешітке көшелік деген балалық қулығын бірден түсіне қойдым, мені осында әкелу үшін ойдан шығарғаны ғой, сол себепті де еркімнен тыс күлімсіреп:
— Әйелдің сөзін аудар, — дедім.
Әйел жаулығын ысырып тастап, бізге тобылғы торы тарамыс қолын созып жіберіп, жылдамдатып сөйлей жөнелді. Оның көзінен сирек те болса көз жасы сығымдалып әзер шығады. Ол құшырланып ұзақ сөйледі, жез теңгелерден тізілген алқасын ағытып, аяғымның астына лақтырып тастады. Ғұзар одан айтқан сөзін қайта сұрап, әйелмен таласып та қалады.
Мен Начарға көз тоқтатып қарай бастадым. Мен оның азапты көп шеккен ажарлы жүзіне таңғалдым. Мен түрікмен әйелдерінің жақ сүйегі шығынқы, беттері жалпақ келеді және ауыр жұмыстан бәдендері бұзылған деп ойлап, дағдыланған едім.
Ақырында Начар үндемей қалды, жаулығымен қайтадан аузын бүркеп, қабырғаға арқасын сүйеп отыра кетті.
Ғұзар оның сөзін қиналып, әрең аударып тұрды. Начар түрікмен әйелі емес, ауған әйелі. Содан жиырма жыл бұрын, үш жасқа толған кезінде, оны әлдекімдер ата-анасынан ұрлап алып кетеді де, Құлджар ауылындағы тақыр кедей Мұратқа сатады.
Ол он бес жасқа шыққан кезде, Мұрат оған үйленіп алады. Жат жерлік деп, күллі ауыл оны жек көретін. Мұрат оны төмпештеп ұратын да еді, өйткені бірінші жылы ол бала таппады. Сосын бір бала жарық дүниеге келді де, тұрмыс-тіршілігі жеңілдеп сала берді: түрікмен отбасында тұңғышының бала болуы бақыттың нышаны деп есептелетін. Сосын ол қыз тапты, бірақ содан кейін көп ұзамай Мұрат дүниеден озды. Шариғаттың заңы бойынша, Начардың барлық қойын сыпырып алды — олар елу шақты екен. Содан бір ай бұрын оның қызын ұрлап әкетіп, белгісіз бір жаққа сатып жіберіпті. Ауылдың балалары оны енді түйенің жапасымен атқылайтын болады.
Әйел қызының қайда сатылғанын жылап тұрып, жалынып-жалбарынып сұрап, күллі киіз үйлерді түгел аралап шығады, бірақ әрбір үйдің еркектері оны жұдырықпен қарсы алады. Бір күні түнде ол баласын ертіп, ұрланып Красноводскіге кетіп қалады. Начар сондағы большевик-судьяларға және түрікмен әйелдерін ерлерінің зорлығынан қорғайтын орыс әйелдеріне барып шағынғысы келеді, бірақ шалдар ауылдан онша ұзай қоймаған бейбақты ұстап алып, ұрып-ұрып, желкелеп ауылға қайта әкеледі. Кеше әйелдің үйіне үш эвляд пен тәуіп келіп, оны қашаған ешкі деп тілдеп, өзін өлтіреміз деп қорқытып, орыс тұрған үйдің туырлықтарын сыпырып алып кетеді.
— Олар оны өлтіреді, — деді Ғұзар дірілдеп қалшылдап, — Иолдаш Прокөпий, біздің ауылға қайтып баруымызға болмайды. Олар біздің үшеуімізді де, бізбен бірге баланы да өлтіреді.
Мен үндемедім. Күллі ғылыми жұмыс басымды тастай қашты. Менің он бойымды бір ғана сезім — құтырыну билеп алды. Мен мешіттен шығып, ыржақтап күліп тұрған териакештерге:
— Мына әйелді ауқаттандырыңдар, сосын үйді жинаңдар — біз жаңа орынға көшеміз, — дедім.
— Афганның албастысы өлсе — өмірем қапсын! — деп жауап берді қарт териакеш, күректей сары тістерін ақситып.
Осыдан кейін мен, геолог, ірі ғылыми институттардың бірінің қызметкері, оны шекпенінен тап беріп ұстап, бар күшіммен жұлқып қалғанымда, оның тақырлай қырылған басынан құрайыш бөркі ұшып түсті, сосын мен тіпті өзімді де қорқытқан дауыспен:
— Есіттің бе, бұралқы ит, өзіңе не дегенімді?! — деп айқайлап жібердім.
Териакеш жүрелеп отыра кетті де көзін жұма қойды — ол тегі атып тастайды деп ойласа керек.
Үш сағаттан кейін біз дүр көтеріліп, өзімізбен бірге Начар мен оның ұлын алып, Гасан-Кули жаққа қарай жүріп кеттік.
Менің Атрек ауданына жасаған бірінші экспедициям тап осылай қайғылы түрде аяқталды. Болған оқиғаның бәрі негізгі жұмыстың аяқталғанына сәйкес келгеніне іштей риза болдым. Енді ешбір мән-маңызы жоқ уақ-түйектер ғана қалған еді.
Жолай териакештің біреуі қашып кетті. Біз қуаң шөлде түнедік. Мен түні бойы ұйықтамай, елеңдеп құлағымды тостым, бірақ кесірткенің сыбдырынан өзге ештеңені де естімедім. Екінші күні біз Гасан-Кулиге жеттік. Менің қолымда экспедицияның өңделмеген материалдары мен өз тағдырын менің қарауыма берген үш адам: Ғұзар, жесір мен оның төрт жасар баласы қалды. Бұдан басың айналады әрине. Мен бәрін де Красноводскіге апаруға бел байладым, сонда барғасын көреміз.
Красноводскіде Ғұзарды мен түрікмендерге арналған мектепке орналастырдым, Начарды ертіп аудандық партия комитетіне бардым. Әйелдер бөлімінің меңгерушісі Берил — бұрынғы тігінші, көзілдірігін кайта-қайта түсіріп ала беретін ашуланшақ та қайсар әйел менің сөзімді тыңдап алғаннан кейін, оның беті бірден теңбіл-теңбіл болып қызарып кетті:
— Сіз, жолдас, жарамды жігіт екенсіз, — деді көзі жалтылдап. Бұл әйелді осында қалдырыңыз. Біз бәрін де реттейміз.
Ол маған әлуетті қолын ұсынды. Мен одан жаным жай тауып, жеңілдеп шықтым.
Бір аптадан кейін мен сот төрағасынан хабар хат алдым, со хаттан "азаматша Начарды азаптағанынан және қудалағанынан байқалатын тағылық тұрмыстың сарқыншақтары туралы" ісі бойынша қоғами айыптаушы болып тағайындалғанымды білдім.
Сот төрағасынан мен тәуіп пен алты эвляд шалдың тұтқынға алынып, Красноводскіге әкелінгенін, тергеу ісі аяқталуға жақын екенін, енді бірнеше күннен кейін сот болатынын есітіп білдім.
Сотқа дейінгі күндерді мен айыптау сөзіне әзірлену үшін пайдаланған жоқпын, Чикишлярдің табиғи мұнайлы газын пайдалану туралы баяндаманы жазумен өткіздім.
Бұл мәселе, басқалармен салыстырғанда, әлі жаңа болғандықтан да мен өз баяндамама көбірек тоқтауға бел байладым.
Газ туралы мәселені әзірлеу кезінде мен Қарабұғаз комбинатының мұқтажын негіз етіп алдым. Отын ретінде көмір де, мұнай да газбен бәсекеге түсе алмайды.
Барша мәселенің түйіні тек төрт жүз шақырым жерде жатқан Чикишлярдан газды Қарабұғазға қадай жеткізу мәселесінде.
Осыдан бес жыл бұрын жүз-жүз елу шақырым газ құбырын тарту аса ұлы техникалық жетістік болып есептелетін, ал қазір ұзындығы жеті жүз елу шақырымдық газ құбыры жұмыс істеп жатыр. Сондықтан да төрт жүз қырық шақырымды газ құбырын төсеу көп еңбек қажет етпейді.
Газ құбырының жолын кесіп өтетін Үлкен Балкан таулары оған онша кедергі болмайды. Қазіргі уақытта газ құбырлары бедері алуан түрлі жерлерді емін-еркін кесіп өте береді.
Мен өз жобамды инженерлерге баяндап бердім. Олар газ желісін тарту үлкен-үлкен газ сақтайтын қоймаларды салуды қажет етеді деп, маған қарсы шықты.
Айтайын дегенім, дүниедегі ең жетілген жобаның өзіне қарсы дәлел тауып айта алмайтын маманды мен әлі кездестірген емеспін. Бұл - кәсіби әдет. Қарт мамандарда бұл әдет қана емес, зауыттың көлемін жақтырмау да болып табылады. Олар аулаларында бақбақ қаптай өсіп, кеңселерінде әманда нұрлы тыныштық тамылжып тұратын ескі жайлы зауыттарды күрсіне отырып еске алады. Асыққанда қайда барады және кімді қуып жетіп, басып озады.
Инженерлердің қарсы шығуы мені бірқатар есептер шығаруға мәжбүр етті. Инженер Хоробрых өзіне тон қажырлы қайратпен мені қолдап шықты. Ол "қоян жүрек қорқақ", "сөзуар инженерлерге" қарсы бағытталған қызулы сөзімен менің есептеулерімді дәлелдеп шықты. Шынында да ешбір газ қоймасының қажеті жоқ екен, өйткені газ құбырының өзі алып қойма болып шықты. Расында да ұзындығы төрт жүз шақырымдық газ құбырына екі жарым миллион текшеметр газ сияды екен. Әлемдегі бірде-бір газ қоймасы өз ішіне осыншама газды сыйғыза алмайды екен.
Газдарды қолдану жолдары алуан түрлі. Олар отынға, тұрмыстық қажеттерге пайдаланылады, мұнай өнеркәсібінде көне скважиналарды тыңайтуға қолданылады, олардан резина өнеркәсібіне қажетті сананы, "құрғақ мұз" деп аталатын қатты көмір қышқылын жасайды, тағы басқа да ағаш спирті, ацетон, сутегі, автогенді дәнекерлеуге қажетті ацетиленді, жасанды каучук алуға керекті бутадиенді, эфир, бензол, хлороформ, тоңазытқыш заттар сияқты көптеген химиялық заттарды шығарады.
Мен баяндамамда Чикишляр ауданындағы зерттеу жұмыстарын мен жүргізген дәрежеден гөрі әлдеқайда зор көлемде жүргізу қажеттігін баса айттым. Мың метр және одан да көбірек мөлшерде тереңдете бұрғылау қажет-ақ. Газ скважиналарын орнату ісін барынша сақтықпен жүргізу керек, онда да бұл іске газды пайдалануға мүмкіндік туған кезде ғана жүргізген дұрыс. Әйтпесе миллиондаған текше метр газды ауаға бостан-бос таратып, рәсуа етуіміз мүмкін. Газ скважинасын жауып тастау өте қиын болады. Газ әрқашанда өзіне қажетті жолды тауып, трубалардың айналасынан тасқындап құйыла бастайды.
Газ көлемін есептеп шығару үшін, мен келесі жылы тағы да Чикишляр ауданына барамын. Бұның өте қарапайым да қызықты екі әдісі бар. Оның біріншісі газды породаның қуыстары мен бос жерлерінің көлемі есептеп шығарылады, бұл газдың аумағына тең болады, өйткені газ сол бос қуыстарды толтырып тұрады. Алайда бұл әдіс тек жақын-жуық доғал сандарды ғана береді. Екінші әдіс - "қысымды шығару әдісі" деп аталатыны скважинадан шығатын газ қысымының азаюын анықтауға байланысты. Скважинаның дебитін (басқаша айтсақ, ол беретін газдың саны) біле отырып, жерастыңдағы газ қорын есептеп шығарады. Бұны мынадай жолмен шығарады. Мәселен, скважина жүз мың текше метр газды берді делік, содан кейін қысым соның оннан біріндей мөлшерінде азаяды. Бұл жағдайда скважинадағы газдың қоры дебиттің оннан тоғыз мөлшерін құрайды яғни тоғыз жүз мың текше метрге тең болады.
Менің баяндамамның басты түйіндері жалпы алғанда, міне, осындай. Содан кейін сот басталды.
Соттың ғимараты Красноводскідегі бау-бақшасында бозғылт түсті түрпідей жапырақтарын шаң-тозаң басқан гүлдер өсетін бірден-бір жер.
Менің өзімнің не айтқанымды ұмытып қалыппын. Әсілінде, мен шамасы, басыбайлы ауыр еңбек салдарынан түрікмен әйелдерінің жартысы бедеуліктің азабын тартатынын, әйел өмір бойы сөйлемей, үн-түнсіз өтуі керек дейтін әдет пен жас түрікмен әйелдерінің аузын байлайтын орамалды тек қазан революциясы ғана жұлып тастады, дегенді айтсам керек. Мен әйелдердің салмағы үш килодай, мойын омыртқасының туберкулезін тудыратын, ұлттық бас киімді киюге тыйым салынуын талап еттім.
Сотқа тартылғандар өз сақалдарының ұшына тұнжырай қарап, сазарып отыра берді. Тәуіп соңғы сөзден бас тартты, бірақ со қылығын мардамсыған нақылмен бүркеді. "Пайғамбардың перзенті, — деді ол, — шайқасуға ерінбейді, дегенмен, сөйлеуге ерінеді".
Үкім қатал еді: қылмыстылардың әрқайсысы бес жылға кесілді, жазаны өтегеннен соң, олар Түрікмен республикасы шекарасынан тыс жерлерге жер аударылатын болды.
Сот залынан мен Начарды көрдім. Ол жаулығын тастап, үстіне еуропалық көйлек киіпті.
Қымбатты жолдас, — деді маған Берил, — Начарға қараңызшы! Қандай ғажайып сұлу әйел! Менің үстімдегі көйлегім дәп соның көйлегіңдей ешқашанда қонымды болған емес. Мен оны Бакуге тігін фабрикасына аттандырамын. Бірақ ол ең әуелі еркектер мен автомобильдерден қорқатын әдетінен арылуы керек.
Шынымды айтсам, бұл гәпке осы арада нүкте қоюға болады. Тек тағы бір қосатыным, менің өмірге тікелей араласуым, маған, Челекен мен Чикишлярдағы зерттеу жұмыстарым сияқты, қаншама алаңдаушылық пен қуаныш әкелді десеңізші".
Бұл хикаяның жалғасы бар ма? — деп сұрадым мен Прокофьевтен.
Мұны жалғастыруға сіздің де қатысуыңызға тура келе ме деп қорқамын. Сіз ертең жүресіз, ал Бәрпл Начарды ертеңгі пароходпен Бакуге жібереді. Сізден сұрайтыным: жолай оның сыртынан бақылап жүріңізші және сосын Бакуде оны тиісті адресіне ертіп апарарсыз, - деді ол.
Прокофьев, — дедім мен дауыстап, — сіз әр күн сайын мені Қарабұғаздан қашықтатып барасыз!
Ол күліп жіберді.
Мүлде алдамшы көзқарас. Бұл арадағы бар нәрсенің со шығанақпен көзге көрінбейтін байланысы бар. Берил таяу күндері түрікмендер мен қазақтар арасында жұмыс істеу үшін Қарабұғазға жүреді. Сіз оны кейін Қарабұғаздан кездестіресіз, сонда ол сізге қызғылықты талай жайттарды айтады да көрсетеді.
Келесі күні тау басында сұрғылт шірінділердің шаң-тозаңы бұлт болып көшіп жүрді. Мысатырдай ақ күн алаулап, жер бетіне ақшыл інтап мұхитын төгіп тұр. Жүні тазығырланып қалған төбеттер айлақтағы шаңды түйіншектер мен шиландарды иіскелеп, бір-бірін сақтандырғандай, сыпайы ырылдасып қояды.
"Чичерин" пароходы өзінің тым ерсі биік тұмсығын көтеріп, теңіздің толқынды жазығына шықты. Прокофьев айлақта тұрып, киім оңып әбден ағарып кеткен қалпағын бұлғап, маған Махачкалаға барғасын міндетті түрде геолог Шацкийге кіріп шыққайсың деп айқайлап жатты.
Борил маған Начарды мегзеп:
Байқаңыз, Начар суға батып кетпесін! — деп ескертті.
Хоробрых мүжілген қорқорын түтіндетіп тұрып, өз бұйрығының дәлме-дәл орындалуын қадағалайтын бастықтың кейпімен, маған мейірлене қарап, жайымен қолын бұлғады. Сол сәтте мен оған бағынышты кісі екенімді сезіндім және топографтардың бұл адаммен "бетон қабырға ішінде жүргендей" алаңсыз жұмыс істеуге болады деп бек дұрыс айтқанын сездім.
Ең соңғы минутта өкпесі өше ентігіп, Корчагин жүгіріп келді. Ол іздеушілер партиясының мұқтажына қажетті түйе ашамайларын таба алмапты, сөйтіп ол айлаққа өзінің тірліктен сағы сынған уайымын арқалап жеткізді, бірақ онысы Хоробрыхтың қайтпас қайсар ерік-жігеріне тап болып, сейіліп кетті.
— Табу керек болса — табасың. Кеттік бірге, — деді Хоробрых оған.
Мен олардың айлақтың тор көз қақпасынан өтіп, аласа тау басына шыққанын көрдім. Со жақтан солып қалған сары гүлдер арасынан қалалық Советтің үйі ағарып көрініп тұрды.
Жағалаудың шаң-тозаңын бұрқылдатып, жүк машинасымен Миша ағып өтті. Ол шаңырқап шөлдеген сиренасының қырылдаған даусымен бар әлемге қарғыс айтып бара жатты. Оның жүк машинасының бортындағы "Қарабұғазтрест" деген ақ жазу сонау алыстан көзге ұрады.
Содан кейін күллі қала мен иір-иір де мейірімсіз таулар зу етіп, сол жаққа қарай аунап түсті. Тентек толқындар жүзбелі қызыл кеспектер маңында ала мүліктеніп билей жөнелді. Оқыстан жел тұрды. "Чичерин" салтанатты түрде баяулап барып, тұмсығын төмен түсірді де, трубасынан түтінін будақтатып, туын желбіретіп, палуба үстіндегі брезент пен кенеп желкендерін жел өтіне кептете-кернеулете, он бойы дірілдеп, шуылдап теңіз жақтан дөңбекшіп келе жатқан биік толқынның жалына көтеріле берді...
Кешке салым толқын тынышталып, батыста қызыл шапақ маздап қоя берді. Со шапақтан сәл төменіректе, теңіз үстінде көкжиектің о. шетінен бұ шетіне дейін көгілдір жебелер тәрізденіп нұр сәуле құбыла, құлпырып өтіп жатты. Пароходты үлбіреген тыныштық бүркеп тастады.
Мен үргедек Начарға қайнаған су әкеліп бердім. Біз сырттай қараған кісіге шай ішіп отырған қаңғыбастар отбасы секілденіп, палубаға жайғастық. Начар үстіне Бәрилдің көне көйлегін, аяғына сұрғылт шұлық киіп, мойнына ақ шалма салыпты. Оның жанында бір бәкене теңізші ескі гитарын тыңқылдатып шертіп отыр.
Начар қазір бірнеше орыс сөзін біледі, бірақ соларды сыбырлап айтқанның өзінде жүзі қызарып кетеді. Шайдан кейін ол бетінің төменгі жағын шалмасымен жапты да теңізге қарап, қозғалмай отырып қалды. Меніңше, ол түнімен осылай отыра берген сияқты: ертеңгілік біз Апшеронның плакаттағыдай сары жағалауына жақындай бергенде, келсем, ол әлі сол қалпынан өзгермей, сіресіп отыр екен.
Шаңқай түске таяп қалғанда күңгірт су үстінен алыс Бакудің үйме-жүйме сұлбасы, сұрғылт таулар, сұрқай аспан мен сұрғылт үйлер бейнесі ашыла бастады, бірақ үйлерді бүркеген сұрғылт жамау өзгелерінен гөрі күн нұрына малынып, жарқынырақ көрінер еді. Біз Нарген аралын, Зых мүйісін жанай өттік, күллі "Стандарт Ойлдар" мен "Ройял Датчтардың" тойымсыз обыр көзін өзіне қарай тартып тұратын осынау жайдары жүзді жарқын қала, революция мен 26 комиссардың қаласы, мұнайдың қаласы, "Чичерин" пароходы жуан дауысты гудогін айқайлатып, дәл қасына таяп барам дегенше, шығанақтан түрлі түспен құлпырып жатқан су тегістігі үстінен үйме-жүйме болып дүңкиіп, биіктеген үстіне биіктей түсті.
Мен Начарды Бәрилдің айтуымен жазылып алынған адрес бойынша, тігін фабрикасының әйелдер ісін ұйымдастырушысы болып істейтін мейірбанды жас қызметкер әйелге қолма-қол апарып тапсырдым.
Сол күні кешкілік шаң басып, демігіп тұрған ыстық пойыз мені отырғызып, солтүстікке, Дағыстанға қарай зулай жөнелді, ол жерде Қарабұғаздың болашақ тарихының бір беті ашылуы керек еді.