Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 13 сағат бұрын)
Нағашы атамның бейнесі

Көзбен көрмесек те, тарихтан оқып, ата-әжелеріміздің аузынан еститін сұрапыл соғыс біреудің тәтті балалығын, біреуінің жастық шағын, ал біреулерінің ең асылын ұрлағаны анық. Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған батырлар қатарында менің атам Әміре де болды. Отбасымызбен мақтан тұтып жүретін атамның өмір жолының айшықты кезеңдеріне шолу жасасақ.

Қызылорда өңірінде қызықты күндерін бастан кешіп жүрген жас жігіт 1939 жылы қазан айында әскерге алынады. 1939 жылы қазанда Кеңес Одағы мен Финляндия арасында қақтығыстар орын алады. Кеңес Одағы шекара шебін Ленинградтан 70 шақырым ары қарай ұзатуды талап етеді. Карелиядағы Ханко аралын береміз деп ұсыныс жасайды. Фин жағы ұсынысты қабылдамай тастаған соң, Кеңес-Фин соғысы басталады. Атам ойланбастан Қызыл Армия қатарына қосылады. Әскерде Отан алдындағы борышын өтеп жатқан Ленинград әскери округы бір күнде солтүстік-батыс майданына айналды. Генерал Мирацковтың жетінші армиясының құрамындағы жауынгер атам өзі сияқты мыңдаған солдаттармен осы соғысқа қатысты. 1940 жылы 12 наурызда Кеңес-Фин соғысы аяқталды.

Әміре атам әскери борышын өтеуді әрі қарай жалғастырады. Сол уақытта ашық аспан төсіне бұлт үйіріліп, көптің көңіліне қаяу түсірген сұрапыл соғыс басталып кетеді. Әскерден 1941 жылы қазан айында майданға аттанар алдында елге деген сағынышын мына өлең жолдарынан көруге болады:

Аттанып кетіп барам майданға мен
Қоштасып алтын бесік, қайран елмен.
Мен бәлкім оралармын жеңіспенен
Аман бол туған елім, ата-анам.

1942 жылы атам Сталинград түбіндегі майданға қатысады. Осы Сталинград шайқасында күресіп, оң қолынан және оң көзінен жараланады. Уақытысында госпитальда емделіп, қайтадан әскер қатарына қосылады.

Соғыс біткен соң, елге оралады. Жұмыстың ауыртпалығына қарамай, Қызылорда өңірінде Бөгендегі балық зауытында жұмыс жасайды. Кейіннен Жұмагүл әжем екеуі отбасын құрады. 1966 жылы өмірлерін жаңа арнаға бұрып, Жаңақұрылыс ауылына көшіп келіп, бақташылықпен айналыса бастайды. Қазалыдағы «Ленин туы» газетіне атам жайлы «Үлгілі бақташы» деген мақала жарияланады. Атам жайлы мақаланың шығуы сол уақытта үлкен абыройлы жағдай болған деседі.

Атамның Ұлы Отан соғысы ардагері болғанымен қатар, тынбай атқарған еңбектері үшін алған медальдары мен марапаттары өте көп. 1975 жылы “Социалисік Еңбек Ері” медалімен марапатталды. “Ұлы Жеңіске 30 жыл”, “Ұлы Жеңіске 40 жыл”, “СССР Қарулы Күштері 50 жылдығы”, “СССР Қарулы Күштері 60 жылдығы” “СССР Қарулы Күштері 70 жылдығы” және 1980 жылы “Еңбек Ардагері” орденімен марапатталды. Олар әлі күнге дейін өз өңін жоғалтпаған. Барлық қымбат естеліктер ауылда әлі күнге дейін сақтаулы.
1995 жылы атам дүние салды.

Көзі тірі болғанда, нағашы атам биыл ғасырмен құрдас болушы еді.

Әміре атам мен дүниеге келмей тұрып өмірден өткендіктен, бұл әңгімелерді үлкендерден естіген болатынмын. Осы оқиғалар мен ескі суреттерге қарап отырып, атамның жарқын бейнесін қалыптастырамын. Отан үшін жан берген, өмірлері кейінгі ұрпаққа үлгі болатын атам секілді тұлғалар қаншама. Қағаз бетіне түсірсе, әрқайсысының өмір жолы ұмытылмастай бір-бір дастан болушы еді. Батырларымыздың есімін ұмыттырмай, болашаққа аманат ету – біздің парыз!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама