Насратулла ТАБАН, шетелдік студент: Қазақстанға алғыстан өзге айтарымыз жоқ
— Қазақстанға деген көзқарасыңыз қандай? Тоқталып өтсеңіз...
— Сәлеметсіз бе?! Біз Қазақстанға білім алу үшін арнайы грантпен Ауғанстаннан келдік. Қазақстанды біз жақсы көреміз. Себебі мұнда біз барлық керек материалдармен білім аламыз. Сол үшін де қатты жақсы көреміз (күлді).
— Насратулла жасыңыз нешеде?
— Жасым жиырмада.
— Мұны сұраған себебім, бізде жиырма жастағы студенттер осы жылы дипломдарын қолдарына алып, маман атанады. Әлде бұл сіздің екінші мамандығыңыз ба?
— Йә, бұл менің екінші мамандығым. Бірінші мамандығым- ақпараттық технологиялар.
— Ақпарттық технологиялар бойынша білімді қай елден алдыңыз?
— Өз елімнен, яғни Ауғанстаннан.
— Не себепті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды таңдадыңыз?
— Оның көп себебі бар. Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азияда үлкен мәртебеге ие. Бұл университетті тәмамдаған соң, біз Ауғанстаннан бірден жұмыс таба аламыз.
— Не себепті журналистиканы таңдадыңыз? Сіздердің елде маман тапшылығы бар ма, әлде?
— Мен негізінде, PR яғни, қоғаммен байланыс саласында білім алғым келген. Ал, Қазақстанға келгеннен кейін универститет қызметкерлері маған тағайындалған гранттың тек жалпы журналистикаға ғана арналғандығын айтты. Қазір барлығы жақсы.
— Университетіміздегі білім беру жүйесіне көңіліңіз толады ма?
— Әрине, бізден жоғары. Сабақ беретін ұстаздардың барлығы дерлік ағылшын тілін жетік меңгерген. Маған еш қиындық тудырмайды.
— Ауғанстанда журналистер дайындайтын университеттер бар ма?
— Йә, бар. «Кабул» универститетінде және тағы бірнеше университеттерде журналистика факультеттері бар. Алайда, ҚазҰУ дипломымен қызметке тұру оңай.
— Өте тамашаІ Бұл университетіміздің абыройын асқақтатып отыр ғой. Қазақ студенттерімен қарым-қатынасыңыз қалай?
— Жақсы, жақсы. Олар бізді жақсы көреді. «Сіздер қонақсыздар»,- деп жиі айтады. Қазақстанда, ҚазҰУ-да барлығы жақсы. Біз университетті отбасымыздай көреміз. Себебі ұстаздарымыз, достарымыз барлығы жақсы.
— Болашаққа деген жоспарыңыз қандай? Оқуды тәмамдаған соң бірден Ауғанстанға ораласыз ба, әлде қазақстандық журналистермен тәжірибе алмасу ойыңызда бар ма?
— Бірден елге қайтамын, қызмет атқарамын.Отан, намыс дегендей...(күлді).
— Қазір өзіңіз біліп алып жатқан бакалаврды аяқтағаннан соң, магистратураға тапсырып, бағыңызды сынап көру ойыңызда бар ма?
— Менде қазір Жапоняида магистратураны тегін оқуға жодама бар. Ауғанстан сол елден білімімді жетілдіруге мүмкіндік беріп отыр.
— Университеттегі тобыңызда қазақ студенттері бар ма? Олардың білім деңгейіне көңіліңіз толмай қалып жататын кездер болмайды ма?
— Біздің топта ауған, қазақ және вьетнам студенттері білім алып жатыр. Мен бұған дейін бір жоғарғы оқу орнын аяқтап келген болсам, олар мектепті тәмамдап келді. Олар төмен, мен жоғары деп айта алмаймын. Тек оларда ағылшын тілінде сәл қиындықтар туындаса, бізде қазақ тілінен дәл солай.
— Байқауымша, Ауғанстаннан келген студенттердің басым бөлігі ағылшын тілін жетік меңгерген, сыры неде? Халықтың барлығы дәл сіздер секілді еркін сөйлейді ме?
— Мектепте бірінші сыныптан ағылшын тілін оқыдық. Менің әкем аудармашы болғандықтан ағам, әпкем барлығымыз ағылшын тілінде сөйлесеміз. Ағылшын тілі маған мүлде қиын емес.
— Ал қазақ тілін қалай меңгердіңіз? Қиындықтар туғызды ма?
— Қазақстанға оқу үшін келгеннен кейін қазақ тілін білуге міндеттіміз деп ойлаймын. Яғни елді сыйлап, тілін де құрметтеуіміз керек.
— Ауғанстан көпшілік қауымға майданның, соғыстың отаны болып көрінеді. Ал елде қалып қойған өзіңіз секілді жастардың білім алуға мүмкіндіктері бар ма?
— Біздің мемлекет жақсы оқитын қыздар мен жігіттерді бірден арнайы жолдамамен шетелге білім алуға жібереді. Білімге құштарлығы бар жастарға мемлекет қолдау көрсетеді.
— Қазақстан, Жапониядан өзге қандай мемлекеттерде сіздің елдің жастары білім алып жатыр?
— АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Германия сынды елдерде оқып жатқан достарымыз көп. Олар міндетті түрде қайтадан елге оралады. Ол-заң.
— Қазақ еліне айтар тілегіңіз?
— Қазақстанға, ҚазҰУ-ға тек алғыс айтамын. Себебі, Ауғанстанда қандай жағдайлар орын алып жатқанын жақсы білесіздер. Тек рақметтен өзге айтарымыз жоқ.