Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Найзағайлы түн

Жаз айының жайдары таңы тағы да әдемі атты. Жауынның көптігінен қоңырланып, биіктеп алған батсайы раң шашақтарын сілкініп, ертеңгі арайға бет бұра бастады. Азанғы самалмен азды-кем бұйра толқын ойнатқан көк дала кейпінде жұмсақ нұр бар. Күн әлі ояна қойған жоқ. Сөйтсе де, Көрпеш бүгін ертелеп өзенге беттеді. Көңілінде өзімен бірге құлқын сәріден түрегелген тынымсыздау алаң бар ма, әйтеуір жайбарақат жата алмаған еді. Мұздай сумен жуынып алды да, қоңыр самалға кеудесін тосып, Кербұлақ өзеніне тартты. Ең алғашқыда жылдамырақ жүргенімен, ауыл шетіндегі шатырлы үйдің тұсына келгенде саябыр аяңдады. Егер ол бүгін тағы кездесетін болса, атын атап сәлемдесемін деп ойлады. Сөйткенше болған жоқ, аула ішінен жігіт те көрінді.

— Қайырлы таң, Көрпеш.

— Жағдайыңыз жақсы ма, Қайсар?..

Күнде осылай. Көрпеш жұмысқа бара жатқанда осы ауылға жақында келген шофер бала машинасының о жер, бұ жерін шұқылап есігінің алдында жүреді. Екі ауыз сөзден бөтен әңгімелері болмаса да, күн сайын жүз көрісуді екеуі де парыз санап алған сияқты. Әрдайым бастарын изесіп, бір-бірлеріне ишара білдіреді.

Көрпеш бұрын бейтаныс жігіттің сәлеміне жай ғана ізет көрсетіп өте шығушы еді. Жаңа әлгінде есімін атап амандасты. Неге екені белгісіз, сондай бір сый ұсынғысы келді. Сый болғанда, өз көңілінің өтініші тәріздес күңгірт тілек, көмескі қалау...

"Жап-жас қалпымен шофер болуын қарай көр өзінің..."

Ол жаңағы баланың оныншыны биыл ғана бітіріп келгендігін есіне алды. Қалай екені беймәлім, дәл қазіргі сәтте сол бала жайында еркелігі аралас, елжіремелі сезім құшағына бөленуді аңсағандай.

Алайда ә дегеннен сырт біреуді жүрегіне жақын алып, бауырына тартудың қисынын таппады. Сөйтті де сәл ғана жазғырғандай болды. "Өзі де қызық, күн сайын сәлемін үзбейді. Тұп-тура бұрыннан бірге өскен жолдасым сияқты. Амандаспай-ақ қойса, не етпекші?.. Күнбе-күн жүз көрісуге міндетті ме едік. Егер мен сәлемін алмай қойсам ғой, ыңғайсызданып қалады".

Ол жігіттің аппақ ірі тістерін, реңіндегі үнемі құйылып тұратын ибалы ізеті мен жасырын нұр шашқан қоңырқай жанарын көз алдына келтірді де, сәлемдеспей өтуге қия алмайтындығын аңғарды. "Мейлі, сәлемде тұрған не бар дейсің. Қаласам, барып қолын аламын..."

Бағанағы үйді қиып өткен жалғыз аяқ сүрлеу ауылдан шыға бере жасыл шөптердің астын кеулей, әлденеше ирелеңдеп, Кербұлақ өзеніне құлайды.

Өзен мен Көрпештің достасқанына көп уақыт өткен жоқ. Он жылдықты бітіргеннен кейін осы араның суын өлшейтін қызметке тұрды. Оншама ауыр да жұмыс емес, күніне үш мезгіл келіп, арнаулы аспаптағы көрсеткіш сандарды жазып қайтады. Өстіп жүріп мына сүрлеудің алғашқы із таңбасын салған да өзі. Сондықтан да ауылдың қайсыбір адамдары: "Бағана Көрпештің жалғыз аяқ сүрлеуімен келе жатып..." немесе "Көрпеш сүрлеуінің сол жағына бұрыла беріп..." деп көрген-білгендерін Көрпеш есімімен байланыстыра әңгімелейді.

Бүгінгі қыз жүрегінің майса тартып, үгілмелі сезімге оранып оянуынан ба, жабайы жол жиегі соншама ыстық соқты. Бүгін де сан мыңдаған таңғы шық жайраңдап келіп Көрпештің алды-артынан қаумалай берді. Кейбіреулері кер бетегенің құлағында тұрып көз жүгіртсе, енді біреулері балауса балдырдың балағынан сығалайды. "Есенбісің, таныс қыз" дескендей игі ниетті, саф таза жарқыраулар... Жаңа шығып келе жатқан жаз күнінің жалпақ жанары да қыз көңілінен сыр тартқандай. "Көрпеш-ау, жапа-жалғыз жүріп жалыққан жоқпысың, қалқам. Менмен басыңды сәл ғана еңкейтсең ғой, әлгі жігіт заулап тұрған машинасымен зыр еткізіп әкеліп тастаған болар еді".

Расында, Көрпеш бүгін әлденедей жолсерік іздегендей біртүрлі сынық. Жүгірме жауыннан кейін шық буына бөленген шырқау дала дидары күндегіден бетер күлгін шуақ себелеп, күлімсірей құбылғанымен, Көрпеш көңіліндегі алау сезімді алдаусырата алмады. Осыншама балғын нұрға бөленген жас шұғылалы жайлау төрінде тап-таза тәттіліктен гөрі қалтыраған ыстық демді сағыныш сазы басымдау. Жапалақ бауырындай бөрте жусанның тасасынан табан асты жамырап шыққан жеткізбес аңсау бар ма?.. Қыз көзінің алдынан алдырмас сағымның белең беріп елп ете түскені ақиқат. Орнықпалы мекені жоқ, ары-бері қозғалғандай оқшау тілектің бүгін таңда жүрегіне жабысқаны да анық. Сәби көңілінің бейбіт жатқан түкпіріне келіп, беймаза көршінің қоныстанып жатқанын да жақсы сезінді...

Ол бүгінгі таңмен бірге қасына ілескен "шақырусыз қонағымен" алысып, өзенге қалай жеткенін де аңғармай қалыпты. Майша созылып, сызыла сырғыған таныс ағын бұрала бүлкілдеп алдынан шықты. Қашан келсең де имене монтиып, іш тарта жүгірген балауса қалпы со қалып екен. Ешкіммен ісі жоқ, мейірлене жылы ұшыраған бауырмал пішіні әлі де өзгермепті. Тек, алқымындағы шырқауық жалбыздардың қабындап өскендігінен де арнасы тарылып, тұйықтала түскендей.

Көрпеш еңкейіп келіп, еркелене ирелеңдеген уақ толқынға ернін тосты. Ентелей ілгерілеген ойнақы иірімді бір-екі рет ұрттап еді, тұзы кем сияқтанып, татымсыз көрінді. Содан кейін шөліркемей ішкенін есіне алды. Әлденеден құтылғысы келген ниетпен бас қойғанын ойлады. Жүрегіне сұраусыз бойлап бара жатқан соны сезімнің сағынышы ма, жоқ, болмаса, бейтаныс баланың барған сайын бойына үйренгендей байлаулы бейнесінің беймаза бүлкілі ме?.. Әйтеуір, бұрын да бал татитын таза ағынның дәл бүгін татымы кетіпті. Ол айналасындағы заттарға алғаш рет сұқтана қарады. Алдында жатқан момақан өзен бір-біріне бастарын үйкесіп, баяу мүлгіген балғын құрақ, секпіл бетті бедірейме тарғыл жартас, жер бауырлап, арлы-берлі жүйткіген күнәсіз қарлығаш, осы өзен бастауынан шомылып шыққандай күлімсіреп көтерілген кербез күн - барлығы да: "Басыңа түскен мазасыз машақатты көріп тұрмыз, Көрпеш. Асау тай қаншама жабайы болғанмен, жылқышы құрығынан құтылушы ма еді. Мезгілі жетіп, сағаты соққан тірліктің айыбы қанша?.. Одан да сол серігіңнің баяндылығын күт!" - десіп, ақ пейілді, ақ жарқын ақылын ұсынғандай.

Ол күлтелі шалғынды кешіп келіп, өзенге мінбелей төнген тіп-тік жартасқа көз тікті. Құлама адыр алқымында қазақы үй орнындай аласа ойпаңға көкшіл гүлдер қоралана үйіліп, жемге үйірілген сары уыз балапандай жыпырлай қалыпты. Түн қараңғылығынан үркіп барып, бірінің қолтығына бірі жасырынғандай опыр-топыр құжынайды. Енді, міне, жадыраған жақсы күннің шыққанына қуанысып, разы болғандай. Денелеріндегі мөлдір тамшы үзілген сайын сан түрлі сайранға кенеліп, жайраң қағады. "Екеулеп не болмаса үшеулеп келіп көрер ме еді дәл мына пәк пейішті. Шын шаттық, таза бақыт осы болмаса игі еді. Нәресте лебіндей бейкүнә сезімнің иесі кім? Аңсаулы мерей осы болса, аймалап сипар алақаны қайсы? Осыншама ынтық ықыластың ел көзінен сырт, тасада тұрып таусылатын болғаны ғой..."

Жас қыздың тұла бойын елжіреген сезім самалы шарпып өтті... Айдалада, назардан тыс нарттай жанып, алқызыл гүл шайқалады. Майыса желпініп, манаурай мүлгіген келбетінде нәзіктік бар. Дүниенің төрт бұрышы түгел құрмет, қошеметке толы. Олай болса, ине шаншуындай сұққылап өткен әлгі бір әбігер сезімге жол болсын! Адам көңілі осындай мақпал майсадан масайраған ләззат алмаушы ма еді. Бәрі де бар ғой, алыстан іздесе таптырмайтын әдемі көріністің ішінде тұрған жоқ па. Ендеше, тұяқ тимеген ту шалғынға шалқалай жатып мауқыңды бас.

Көрпеш бірақ өйте алмады. Бір уыс майда гүлді жұлуға ұмтылып, үзе алмастан ауыр күрсінді. Сөйтті де, өзенге келіп, суық суды бетіне, мойнына, маңдайына шашты...

Ол әлден уақыттан кейін керекті сандарды жазып алды да, ауылына барар сүрлеуге түсті. Жалғыз аяқ жол жиегі ұстара көрмеген сақал-мұрттай сабалақтанып, жабайы шөптермен көмкеріліп алыпты. Қыздың қысқа етегі уақ бүрлі мамық көк бастарын сипалай сызып, шалғынға матырылып келеді... Шынын айтқанда, оның қайтқысы да жоқ еді. Осы арадан шыққысы келмей, біршама аялдап жүргенді қалағанды. Алайда белгісіз бір нәрсе жүрегін бүлкілдетіп, мазасыз түрткілей беретін сияқтанды. Сондықтан да ол айналасындағының барлығын ұмытып, күндегідей гүл шоқтарын жинамай, тұп-тура үйіне жеткенді жөн көрді. Есік-терезені қараңғылап алып, жұмсақ жастықты бауырына басып, ырду-дырдудан алыс жайбарақат жатқанды аңсады. Сөйтті де, тез-тез басып жүріп кетті.

Кішкене тұмсықты айнала бергенде Көрпештің есімі аталғандай болды. Ол жалт бұрылып артына қарады. Қалың құрақты қақ жара қарсы келе жатқан қыздың Шарап екенін бірден айырды. Осы өзен бойындағы Ақтастыда тұратын кластас құрбысы. Неше жыл бірге шуласқан сәби серігі. Көрпештің жүрегі лүпілдеп сала берді. Он жыл бірге оқыған мектептес сырласын дәл мына арада кездестіремін деп ойлаған жоқ еді. Асығып, тықырши күтті.

— Болсаңшы, малтықпай! Ертемен қайдан жүрсің адасып?

— Сенің анау аспаптарыңды күзетіп шықтым. Бірақ сен өтеуің жоқ қызсың ғой...

Екеуі біріне-бірі қарсы жүгіріп, құшақтаса кетті. Көрпеш: "Мынамен өтеймін", - деп, құрбысының көзінен, маңдайынан сүйді.

— Жә, болды, бет-аузымды сілекейлегенің де жетер, немене, еметайың сонша езіле қалған?..

— Әй, Шарап-ай, әлі де әшкере әзілің қалмапты-ау! Сағынып, аңсады ма десем...

— Сағындым дейді. Осы араға күніне бірнеше рет келіп-кетіп жүріп, таяқ тастам жерге аяғы жетпеген адам сағындым дейді. Мен оған сене қоярмын.

— Сен менің жұмысбасты болып кеткенімді естіген жоқпысың?

— Иә, сен болмасаң, мына өзеннің суын әлдекім қотарып әкетеді дегенді естігенім бар.

— Жарайды, жеңілдім, Шарап! Менің шын сағынғаным үшін өкпеңді қишы... Бірақ мен сенің осыңды аңсаппын.

Ол Шараптың белінен ұстап, шыр көбелек айналдырып жіберді:

— Ал қайдан жүрсең ертелеп? Бұртимай, жөніңді айтшы. Үй іштерің аман ба?

— Орынбасардың дүкеніне бара жатырмын. Бүгін үйге кісілер келмекші. Оның ішінде сен де боласың.

— Мен бе? Алла сақтасын. Мен қашан үлкендер санатына кіріп едім.

— Үлкен болғанда, өзің қатарлас, ағамның жолдастары. Ертең туған күні еді, соған жиналмақшы.

— Ұят қой, бара алмайтын шығармын.

— Мен сенің ырқыңа қоярмын?! Келгенде, ең бірінші өзің келесің. Құлағыңды бұрап тұрып алып барамын.

Шарап жолдас қызының мойнына асылды.

— Тоқта, сонда кім-кімді шақырмақсыңдар?

— Қорықпай-ақ қой, сенің идеалың болар жігіттер толып жатыр.

— Сен енді өстіп кетесің. Аттарын атауға болмай ма дегенім ғой...

— Аттарына құмар болсаң: Әскен, Рахтай, Әлдихан, Сайлау, Нүсіп, Мұхтарқұл, Жұмахан... тағы кім... әлгі сендердің ауылға бір шофер бала келіп еді ғой, аты қалай еді?

— Қайсар ма?

— Иә, иә, сол бар, тағысын тағылар.

Көрпеш көңілі дір еткендей. Жұқалаң қызыл арай бетіне де ойнақтап шығып еді. Бірақ бұл құбылысты құрбысы байқаған жоқ. Тек қана әзілін жалғастырып:

— Тағы да санайын ба, жоқ, осылардың ішінен-ақ біреуін таңдап аламысың, - деді.

Көрпеш те әзілге орай:

— Жақсы болды ғой, жалғызсырап жүргенде жігіттерді көбейткенің, - деді.

Дегенмен, Қайсар есімі аталған жерде біртүрлі жуаси түсіп, іркіліп қалды. Алыстағы бөгде есім қыздың еркін демін әзер алдырғандай...

Шараптың әлгінде "Орынбасардың дүкені" деп атаған жері осы Кербұлақ өзенінің бойындағы ескі қыстау. Тау тұрғындарының тізе қосып, мінгесе отыратын елді жиыны. Онша қашық та емес, осы арамен есептегенде қозы көш қана жер. Жайлаудағы жалғыз сауда орны болғандықтан, әлгі дүкен малшылар арасында Орынбасар деген сатушы жігіттің есімімен аталып кеткен. Екі құрбы ең алдымен осында келмекші. Екеуара келіскен келісім бойынша, Көрпеш бүгін үйіне қайтпайды. Бүгінгі түнді құрбысымен бірге қонақтармен өткізеді. Апасы мазаланбау үшін о кісіге Шараптың інісін арнайы жіберіп, хабар айтқызады. Мұның бәрі оп-оңай шешілді. Сөйтіп, Көрпеш өмірінде алғаш рет анасының рұқсатынсыз бөтен ауылға түнеп шығуға бел буды...

Түн әбден кірді. Жұлдыздар пырдай жанып, қаумалап тұрғанымен, батыс жақта бүлкілдеп от ойнатқан ойнамалы қалың бұлт бар. Тек тау ішіне ғана тән жым-жырт тыныштық. Ауық-ауық иттер үреді. Түн көрпесін жамылып, жамырай шырылдаған шегіртке үндері бір сәт те басылған жоқ. Бақа шуылымен үйлесіп, үзілмей қатаймаған ұзын-сонар әуен бесігі тербелгендей.

Көрпеш ыстық үйден тысқа шыққанда өзеннен соққан үлпілдек самал аймалап келіп мойнына, денесіне сүйкенді. Рақат лебіндей жадырай желпінген жеп-жеңіл тыныс. Бар бойыңды балауса барқытымен көмкеріп, балмұздақ мамығын ұсынатын сияқты. Қыздың ойынан мандолдың сағынышты жұмсақ үні әлі де айыққан жоқ. Солқылдап, көкірегіңнен әлденені суырып алардай сұңқылдаған тәтті сазы құлақ түбінен естіліп тұр. Бірақ мандол тартқан жігіт ұнамады. Ұнамағанда - әрбір ән тартқан сайын бұған бар ықыласын салып, ішіп-жеп қоярдай өкшелеген көз қарасын жақтырмады. Сол жанардан жалтарып, назарын басқа жаққа аударғансып отырғанмен, қызып, құтырынып алған отты шырақ қалай бұрылса, солай кезеніп, телміре қадалады.

"Жүрегімді түсінсең нетті. Мен де басы жұмыр пендемін ғой. Тұла бойымның шымырлап отырғанын көрмеймісің?.." - деп жалбарына түскендей. Ең алғашында әдемі әуеннің шуағына шомып, момақан музыканың құшағына бөленгенімен, кейін тым берекесі кетті. Темекінің шоғындай жабысқақ жанар жас қызды үйден шығып кетуге мәжбүр етіп еді...

Ол бағана пеш алдында Қайсармен қалай кездескенін есіне алды. Қоңыр костюм, ақ көйлек киген жас жігіт машинасынан түсісімен қолын жуу үшін су іздеді. Шараптың жанындағы Көрпешті көрсе де, тіс жарып еш нәрсе дей алмады. Су іздеп жүргенін сезген Шарап:

— Қайсар, шәугім таппай жүрсіз бе? - деді. Сөйтті де, Көрпешке бұрылып: - Сен ана шәугімді әпере салшы, бауырсағым күйіп барады, - деп ошақ басына қарай жүгіре жөнелді.

Көрпеш есік алдындағы шәугімді көтеріп Қайсарға қарсы жүрді. Сонда ғана жігіт аппақ ірі тістерін көрсетіп:

— Саламатсыз ба, Көрпеш, - деді.

Көрпеш белгісіз қысыла:

— Бүгін таңертеңгісін сәлемдескен жоқ па едік? - деп күлді.

— Қайдан білейін, қыздарды көргеннен кейін есіміз шығып кетті ғой.

— Сондай да әдетіңіз бар ма еді?..

Көрпеш Қайсарға тағы бір сөз айтуға оңтайлана беріп еді, Шараптың інісі келіп:

— Қайсар аға, мына төменгі ауылдағы біршама кісілер келмей жатыр. Соған барып қайтсақ қайтеді? - деп әңгімесін бөліп жіберді.

Қайсар қолын шайып болған соң:

— Рақмет, Көрпеш. Мың жасаңыз, - деді.

Көрпеш бір нәрсе деуге Шараптың інісінен қымсынып, жай ғана басын изеді.

Одан кейін бетпе-бет оншама оңтайлы ұшырасу болған жоқ. Қалың көптің бірі ғана болып отырысты. Тек бір жолы Қайсарға жолдастарының бір-екі рюмка шампанды қатарынан ішкізіп жібергенін байқап, кезекті би үстінде:

— Қайсар, сіз көп ішпеңізші... - деп өтінді.

— Не себепті?..

— Әрдайым жол үстіндесіз. Оның үстіне, ішімдік сізге жараспайтын сияқты.

— Мақұл, енді бір грамм да татпауға уәде беремін.

— Уәде емес, ішпесеңіз болғаны...

Көрпеш Қайсардың кейін де бірнеше рет жолдастарымен соғыстырып жатқанын байқады. Бірақ оның осы қылықтарының өзі жарасымды, лайықты көрінді. Сонан кейін ол жас сәби баланың орынсыз көп қылығын кешіре салғыш үлкендерге ұқсап, сүйсінген пейілмен Қайсардың ту сыртынан мейірлене көз тастап отырды.

Көрпештің көңіліне енді бірде таң азанғы саф сезім қайта оралды. Сол аппақ таң не себептен бұрынғыдан оқшау атты? Қазір көзін жұмса, осы қараңғы түн ішінің өзі самаладай жарқырап, күміс шық жауһарын жалт-жұлт жағып, бейкүнә гүл бастарын бұлғап, ашылып жүріп беретін тәрізді. Сол сағынышты сезім кімді жоқтап еді? Мына жүрген Қайсарды ма? Әй, ол емес шығар. Одан басқа болар. Қайсар болатын болса, оншама қашық емес, өз маңындағы біреу екен ғой. Бағанағы бақыт таңы соншама алыс адамды мегзеген сияқты емес пе еді? Жоқ, әлде мұның бәрі әшейін алдамшы сағым ба?.. Тегінде, торға түскен торғайдай шығар есігін таппаған баянсыз бұлқыныстың қай бағытқа жетелері белгісіз еді.

Мазасыз мандол қайта шырыл қақты. Сампылдап, сары желдей есілген ерке дауыс қайта аңқылдай бастады. Тұп-тура Көрпештің қасынан тартылғандай тап-таза анық естіледі. "Байғұс, көзін қазір кімге сүзіп, сүріне жаздап отыр екен",- деп, мандолшы жігітті есіне алды. Текенің көзіндей шатынаған жасыл жанарларды елестетіп, сәл ғана жымиды... Жұмсақ бүлкілдеп, жауынша себеленген мыс ішек әуені іші-бауырына кіріп, әлдеқайда жүршілеп, қол созғандай! Сиқырлап сөйлеп, сағыныш лебі желпініп тұр.

Жас қыздың мына түнді жамылып, елден бөлектеніп, алыс сыртқа кеткісі келді. Мүмкін, көңіліндегі беймаза аңсаудың тыншуы сол болар. Отырғандардың ешбіріне білдіртпей, өзен бойлап үйіне кетіп қалса ше? Оған батылы жетер ме екен? Батылы болғанда, қазіргі қараңғы түннен қорқып, үрейлену емес, жеке шығып кеткеннен кейін еріксіз жетелеген елікпе сезімнің сағынышы басыла ма, жоқ па?! Арқандалған аттай, аптықпа аңсаудың осы жиынға, мына Қайсар отырған ортаға қайта шақырмасына кім кепіл. Әйтеуір Көрпештің жүрегі бүгінгі күндері дағдысынан тыс, ерсі әрекет жасауға құмартып алған сияқты...

Қарсы жақтан қып-қызыл қос жанар жылт ете түсті. Қара түнді қақ жарып, қас қаққанша зырлап келген дөңгелек шоқ елп берді де сөнді. Өрістегі жылқы жанары ма? Мүмкін, киік шығар. Жауын құртындай ирелеңдеп найзағай сызығы көрінді. Ирек-ирек жазу жазып о да өшті. Бірақ күн күркірі естілген жоқ. Айнала сол балқып қорыған балық майыңдай дем дымсыз қоңырланып жатыр. Шоқтай жыпырлап, тынымсыз от бүріккен көк жұлдыздарын бүркеп, енді аз уақыттан кейін жауын жауады деуге сену қиын. Үнсіз ымдасып, үндемей сауық құрған момақан оттарды жауын суына қиғың келмейді. Дегенмен, аспанның батыс бауырындағы алыс түкпірде жылан тіліндей сумаңдаған сансыз сызық жортып жүр... Көрпеш те тура осы құбылыс кейпіндей емес пе екен! Мол жауын алдындағы момақан тыныштық сезілгендей ғой. Әлсін-әлсін әлек беріп, алыстан торыған сағыныш сезімі өз ішінің ойнамалы найзағайы ма?..

— Көрпеш-ау, Көрпеш!

Шараптың даусы дәл қасынан естілгендей:

— Мына қызды түн жұтып кеткен бе? Көрпеш?!

Көрпеш әлі де үн қатпады. "Егер менің атымды Қайсар осылай атап шақырса, қалай боп естілер еді?.." - деп ойлап тұрды.

Шарап енді інісіне дауыстады:

— Сен Көрпешті көрген жоқпысың?

— Көрпешті ме? Көргенім жоқ. Әлгінде іште еді ғой.

Шарап ішке кіріп іздейтін болды. Соны сезген Көрпеш:

— Мен мұндамын, Шарап. Соншама түйе жоғалтқандай айқайлағаның. Тұп-тура қасыңда тұрмын ғой, - деп үн қатты.

Жолдас қызы дауыс шыққан жаққа қарай жүрді.

— Немене, тілің байланып қалған ба? Қаншама айқайласам да үн қатпайсың.

— Әдейі істедім.

— Жігіттер сені сұрап жатыр. "Жұлдызым қайда батты? Айымды бұлт шалғаны ма?" -деп әсіресе мандолшы жігіт әнге қосып жоқтап отыр.

— Ақырып, дабырлама. Сен одан да маған Қайсарды шақырып бер... Жолығатын шаруам бар.

— Е, байғұс, не болып қалды?

— Тілімді алшы, Шарап, ешкімге білдірмей ертіп келші...

Ең соңғы сұрау сияқты соншалықты қимас өтініш. Бала кезінен бірге өскен бейкүнә серігінің осы күйін құрбысы бірден ұқты. Бұл турасында әзілдеп ешқандай артық сөз айтудың қажеті жоқ екенін де жақсы сезінді. Сөйтті де, тіпті ыңғайсызданып, басылып қалды. "Солай де... Апырай, осы күнге дейін ішіне қалай сыйып жүрген? Маған да сездірмегені ғой!"

— Жарайды, Көрпеш, мен қазір ертіп шығамын.

— Тек өзіне ғана айт.

Көрпеш әлденеге анық бет бұрғанын айқын байқады. "Бар сергелдеңің себебі осы болса, сонымен тынсын!" Жүрегі дүрсілдеп аузына тығылғандай. Өзі де кәдімгідей қатайып, ширап алды...

Дабырлап сөйлесіп Шараптар да шықты. Шараптан оқтау бойы алда келген Қайсар Көрпештің қолынан ұстады:

— Мені шақырдыңыз ба, Көрпеш?

— Үйге қайтқым келді, апарып тастамайсыз ба?

— Мен дайынмын.

Көрпеш Шарапқа бұрылды:

— Шарап, айып етпе, менің үйге қайтқым келді.

— Мен не дейін, барыңдар...

Қайсар жылдам барып машинасын от алдырды да, қос қыздың қасына келіп тоқтатты. Көрпеш те асығыс қимылдап, кабинаның есігін аша берді.

— Қош, Шарап!

— Жолдарың болсын...

Су жаңа мотор онша үн шығармастан саздау жермен төмен құлдилап, қою түн ішіне еніп кетті. Артындағы қос кішкене қызыл шамы бір өшіп, бір жанып, Шарапқа қош айтысқандай. Әлдеқайдан лықсып келген отты өксік Шарапты еркіне қоймады. Деміне тұншыққандай булығып, екі қолымен бетін басты. Ыстық тамшы саусағының арасынан төгіліп, біртін-біртін жерге тамды... Алыстан айқыш-ұйқыш найзағай ойнап жатты!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама