Оқытудың эксперименталды теориясы және Колбтың оқыту стильдері
Дэвид Колб — эксперименталды оқытуға (үйренуге), мансап пен кәсіби білім беруді дамытуға маманданған ғалым, педагог. Өзінің оқыту моделін жасау кезінде Джон Дьюи, Жан Пиаже және Курт Левиннің жұмыстарын пайдаланды, ал оның теориясы бүгінгі күні де білім беру бағдарламаларын әзірлеуде қолданылады.
Эксперименталды оқытудың (үйренудің) моделі
Колбтың моделі келесі кезеңдерден тұратын оқыту (үйрену) циклын құрайды:
— Нақты тәжірибе. Жаңа жәйттың пайда болуы және жаңа тәжірибеге иелену. Немесе бұрыннан бар дүниелерді қайта ой елегінен өткізу.
— Ойланып бақылау. Иеленген тәжірибені бағалау. Бұл кезеңде тәжірибе мен түсінудің арасындағы кез келген сәйкессіздікдік ерекше маңызға ие болмақ.
— Абстрактылы концептуализация. Рефлексия (ойлану, толғану) жаңа идеяның қалыптасуына немесе бар болған абстрактылы тұжырымдаманың өзгеруіне себеп болады. Адам жинақталған тәжірибеден үйренеді.
— Практикалық қолданыс. Өз идеяларын белсенді қолдану.
Адам барлық циклді толық өткерген жағдайда оқыту (үйрену) тиімді болмақ, дегенмен процесс міндетті түрде нақты тәжірибе кезеңінен басталуы шарт емес. Колб оқытуды (үйренуді) кешенді процесс ретінде қарастырды, онда әр кезең бір-бірін қуаттап, келесі кезеңнің бастамасы болады. Кез келген кезеңде циклді бастауға болады, алайда, логикалық жүйе арқылы толық өткен дұрыс, өйткені оқыту (үйрену) үшін бірде-бір кезең жеке өзі тиімді бола алмайды.
Мысалы, біз автокөлік жүргізуді үйренуге бел будық. Кейбір адамдар көлік сүрген жүргізушілерді бақылай отырып, ойлау кезеңінен өз үйренуін бастай алады. Енді бірі жүргізу жөніндегі нұсқаулықты және жол қозғалысы ережелерін оқып, талдай отырып абстрактілі концептуализация кезеңінен бастайды. Ал біреу бірден рөлге отырып, тест курсында жаттығуды жөн көреді.
Эксперименталды оқытуды (үйренуді) қандай кезеңінен бастау керек? Мұнда біздің жеке қалауымыз бен айналадағы жағдайдың маңызды рөл атқарады. Колб өзін «бақылаушылар» деп санайтын адамдар ойланып бақылауды қалайтынын айтады. Ал «әрекетшіл адам» белсенді тәжірибелеуге бейім келеді. Өмірлік тәжірибе, тұқым қуалау және ортамыздың талаптарына байланысты өзіміз үшін қолайлы болатын нұсқаны таңдаймыз.
Колб бойынша оқытудың (үйренудің) стильдері
Дэвид Колб өз моделін негізге ала отырып, оқытудың төрт стилін әзірледі. Оның нұсқауы бойынша, олардың әрқайсысы екі негізгі сала бойынша оқуға (үйренуге) басым қабілеттері бар: белсенді/рефлексиялық және абстрактілі/нақты. Стильді білу оқытудың (үйренудің) қолайлы әдісін анықтауға мүмкіндік береді. Әр адам әлеуметтік орта, жинақталған тәжірибе, тұлғаның когнитивті құрылымы және осы сияқты т. б. түрлі факторларға негізделе отырып, өзі үшін таңдау жасайды.
Осы төрт оқыту (үйрену) стилі қандай және олар қандай адамдарға тән?
1. Шеттету
— Ойша бақылау және нақты тәжірибе оқытудың басым қабілетін сипаттайды.
— Нақты жағдайларды әр түрлі көзқарастармен қарастырады.
— Ауқымды мәдени мүдделерді көрсетіп, жаңа ақпарат жинайды.
— Тұлға аралық қарым-қатынаста қызықты, өйткені қиялы бай және әсершіл келеді.
— Көбінесе өнер мен гуманитарлық ғылымдарда маманданған.
— Топтарда жұмыс істей отырып, жеке кері байланыс алу мақсатында түрлі көзқарастарды бағалай біледі.
2. Аккомодация
— Нақты тәжірибе және белсенді эксперимент жасау білім алуға бағытталған басым қабілеттілікті сипаттайды.
— Оқуға қабілеті, ең алдымен, практикалық тәжірибе арқылы көрінеді.
— Жоспарлардың орындалуынан және қандай да бір жаңа, күрделі жағдайға араласудан ләззат алады. Сын-тегеуріндерден қорықпайды.
— Логикалық талдауға емес, өз интуициясына сүйенуді қалайды.
— Көбінесе техникалық ғылымдарды таңдайды, маркетинг немесе сату сияқты іс-әрекеттерге бағытталған кәсіптерде табысқа жетеді.
— Басқалармен жұмыс жасай отырып, алға жылжудан, діттеген мақсатына ұмтылудан рахат табады.
— Жұмысты аяқтау үшін әртүрлі әдістер мен тәсілдерді қолданады.
3. Конвергенция
— Абстрактілі концептуализация және практикалық қолданыс оқытудың (үйренудің) басым қабілетін сипаттайды.
— Идеялар мен теорияларды іс жүзінде қолдану мен пайдалану жолдарын іздестіреді.
— Қиындықтарды реттеу, тиімді шешім қабылдау үшін әрбір нақты мәселеге байланысты қолайлы тәсілдерді қарастырады.
— Техникалық мамандық үшін тиімді қызметкерлер әрі нағыз кәсіпқойлар.
— Қолданбалы бағдарламалар, зертханалық жұмыстар және жаңа идеялармен тәжірибе жасау мүмкіндігі болған жағдайда оқиғалардың симуляциясын құру арқылы үйренуі әлде қайда жақсы.
4. Ассимиляция
— Абстрактілі концептуализация және ойланып бақылауы үйренудің басым қабілетін сипаттайды.
— Қысқа және логикалық форманы беру арқылы ақпараттың кең спектрін түсінудегі ең жақсылары.
— Адамдардан гөрі идея мен абстрактілі ұғымдарға көбірек қызығушылық танытады.
— Ақпараттық және ғылыми зерттеулер саласында тиімді жұмыс атқарады.
— Дәріс тыңдаудан, оқудан, өз ойларын саралаудан және талдау үлгілерін зерттеуден ләззат алады.
Колб оқытудың эксперименталды теориясы дәстүрлі когнитивті және мінез-құлық теорияларынан ерекшеленетін жаңа көзқарасты ұсынды. Ол оқуға менталдық үдерістер емес, бірінші кезекте тәжірибенің әсерін көрсетеді. Теория, әсіресе ересектерге білім беру және ұйымдастырушылық басқару саласында танымалдыққа ие болды, алайда сынға да ұшырады. Уақыт өте келе эксперименталды оқыту жоғары оқу орындары мен мектептердегі оқыту жүйесіне көптеп енгізіле бастады, бұл теория мен тәжірибені байланыстыруға мүмкіндік береді және тиімді оқытудың маңызды шарты болып табылады.