Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті
Қадрбекқызы Сымбат
Жоспар:
I. Кіріспе
II. Негізгі бөлім
Ойын туралы ұлы ғұламалардың көзқарастары
Дидактикалық ойындар
III. Қорытынды
1. Ойын – балалық шақтың ең бір керемен кезеңі. Бұл арқылы бала қоршаған ортаны, өмір сүріп жатқан айналасындағы құбылыстар мен заттарды барынша түсініп, ұғынады.
Бала өміріндегі ойынның мәні ерекше. Себебеі, бала дүниеге алғашқы қадам басардағы әрекеті ойын болып табылады. Жас буынның өмірді тануы, еңбекке араласуы, психологиялық ерекшеліктеріде осы ойын үстінде қалыптасады. Ойынның өзіндік шартты түрдегі мақсаты бар, ал сол мақсатқа жету жолындағы жасалатын іс-әрекеттедің баршасы бала үшін өте қызықты. Балаларға ақыл-ой, адамгершілік, дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды тетігі осы ойында жатыр. Ойын барысында балалар өзін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекет байқатады. Сезіну, қабылдау, ойлау, қиялдау, зейін қою, ерік арқылы түрлі психикалық түйсік пен сезім әлеміне сүңгиді.
Баланың танымын алғашқы күннен бастап дамыту құралы да, балада оқу мен білімнің, тәрбиенің негізін қалыптастыратын да – ойын әрекеті болып саналады Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындайды, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығарымпаздық қабілеті мен дарынын ұштайды. Ойын арқылы бала тілін дамыту Ойын балалар үшін айналадағыны танып білу тәсілі.
Ойынның негізгі ерекшелігі - балалар үн-түнсіз ойнамайды. Тіпті бала жалғыз болғанның өзінде де сөйлесіп жүреді. Ойын процесінде сөйлесу қарым-қатынасы үлкен роль атқарады. Сөйлесе жүріп, балалар пікірлесіп, әсер алысып, ойынның түпкі ниеті мен мазмұнын анықтайды. Ойынның,негізгі құрылымдық элементтері мыналар: ойынның өзінен туатын және балалар жасайтын немесе ересектер ұсынатын ойын ережесі.
Ойынньң түпкі ниеті - бұл балалардың нені және қалай ойнайтынының жалпы анықтамасы. Мысалы: «Дүкен», «Аурухана», «Ұшқыштар», «Отбасы», «Балалар бақшасы» және т.с.с болып ойнайды.
2. Ойын әрекетінің философиялық негізін ғылыми тұрғыда қарастырған К. Гросс, Г. Спенсер, И. Хейзинга, И. Кант, В. Вундт, Ф. Шиллер, К. Бюллер, В. Фриге, Р. Ван дер Коэй, В. Демин, М. Каган, К. Исупов, т. б. ғалымдар ойын теориясының қалыптасуы мен дамуын, ойын әрекетінің әлеуметтік жақтарын айқындап, оның бала қиялы мен ойлау қабілетіне оң әсер ететінін анықтаған.
Ойын жөнінде айтылған барлық философиялық көзқарастар әлем мәдениетімен тығыз байланысты. Ерте замандардағы эллиндік және римдік халықтар өмір сүрген дәуірдің өзінде-ақ ойынды балаларды тәрбиелеу құралына жатқызып, жауынгер ұландарды дайындау үрдісіне қосқан. Ойындар арқылы жас ұрпаққа соғыс өнерін үйреткен, мәдениет пен сөз өнерін дарытқан. Ойындардың жастарды тәрбиелеу мүмкіншіліктеріне аса зор мән берген. Мәселен, сол дәуірде өмір сүрген грек ойшылдары Гераклит пен Платон ойынның философиялық жақтарын ашқан және олардың көзқарастары бірін-бірі толықтырған. Гераклит ойынды шексіз әлемге теңесе, Платон өзінің «Мемлекет» еңбегінде жас өскінге өмірлік қажетті іс–әрекеттерді үйретуші құралға, өмірге, трагедияға, сезімге жалпы ғарыштық әлемге теңеген.
Ойын — өмірдегі, іс-әрекеттегі пайдасыз және сонымен қатар аса қажетті маңызды құбылыстардың бірі болып табылады. Кеңестік педагогика және психология ғылымдарында ойын К. Д. Ушинский, П. П. Блонский, С. Л. Рубинштейн, Д. Б. Эльконин еңбектерінде қарастырылды. Ойынды шетел зерттеушілері — К. Гросс, Ф. Шиллер, Г. Спенсер, З. Фрейд, Ж. Пиаже және т. б. зерттеді.
Осы теориялардың арасында К. Гросстың теориясы көпке белгілі. Ол ойынды баланы болашақ іс-әрекетке даярлау қызметін атқарады, сондай-ақ сол ойында жаттыға отырып, өз қабілетін жетілдіреді деп қарастырды. Бұл теорияның құндылығы, ойынды дамумен байланыстыруында, ал кемшілігі –ойынға итермелейтін себеп, мотивтерді ашпайды. Ол адам ойынын жануарлар ойыны тәрізді түсіндіре отырып, оны биологиялық факторлармен, инстинктпен байланыстырып қателік жібереді.
Ф. Шиллердің ойын жалғастырған Г. Спенсердің теориясы бойынша ойын барысында бала өзіндегі артық күшін сыртқа шығарады. Ойынның мотивін ашуға талпына отырып, К. Бюллер ойынның негізгі мотиві ретінде қанағаттан (нәтижесіне қарамай-ақ әрекеттің өзінен қанағат алу) теориясын ұсынды.
Г. В. Плеханов ойынды еңбекпен байланыстырды. Г. В. Плехановтың пайымдауынша, ойын еңбекке еліктеуден пайда болған еңбектің нәтижесі. Ойын — балалардың еңбегі. Сондай-ақ еңбек оның мазмұнын анықтайды, дәл тұжырым жасайды. Ертедегі ойындардың мазмұнынан соғыс, аңшылық орын алды. Ең әуелі соғыс, содан кейін осы соғысты бейнелейтін ойынның болғаны еш күмәнсіз. Сөйтіп, Г. В. Плеханов ойынды балалармен біріге отырып, ойын міндеттерін шешу барысында тиісті жағдайларды қалыптастыра білуді де ойластыруы қажет деп тұжырымдайды.
З. Фрейдтің теориясы бойынша ойында өмірде нені жүзеге асыру мүмкін болмады, соны бастан өткізуге, көруге болады.
И. Хейзинга ойынды бүкіл мәдениетке, өнерге теңеп, оған поэзияны, би өнерін, салт–дәстүрлердің барлығын енгізеді. Ал неміс философы И. Кант ойынды қоғамға тән құбылыс ретінде танып, Г. Спенсердің көзқарасын ұстанады.
Жеке тұлғаның дамуындағы ойынның әсерін ерте заманның өзінде–ақ атақты ғұлама ойшылдар, педагог, психолог ғалымдар көріп, байқап оны іске асыру жолдарын ұсынған. Ертедегі ұлы ойшылдар Я. Коменский, Ж. Руссо, Дж. Локк, И. Пестолоцци ойын арқылы балаларды болашақ өмірге бейімдеу керек деп түсіндірген.
Я.А. Коменский ойынды баланың қозғалуына табиғи қажеттілік ретінде қарастырды. Ол балаларға ойнау үшін көмектесіп отыру қажеттігін, олардың іс – әрекетін бақылау керектігін ерекше атап көрсетеді.
Дж. Локк балалардың еркіндікке, бостандыққа, ынталы келетіндігімен санасуды талап етті. Бұл мәселеде ол кейін Ж. Руссо дамытқан еркіндік тәрбие ұғымының негізін сала бастады. Оқытудың әдістері мен құралдары жөнінде мәселелерді қарастырған. Дж. Локк та, Ж. Руссо да ең бірінші орынға баланың дамуын, білім алып тәрбиеленуін ойын арқылы жүзеге асырылуын қойған.
Неміс педагогикасының көрнекті өкілі Ф. Фребель дидактикалық ойындардың негізін салушы болып есептеледі, ол қимыл–қозғалыс ойындарының, құрылыс дағдылары мен еңбек ету қабілеттерін дамытуға бағытталған дидактикалық жаттығулардың жүйесін жасады. Бірақ, Ф. Фребель ойындарының мазмұны баланың ой–өрісі мен қиялын дамытуды шектеді.
К.Ушинский: «Сабаққа ойын элементтерін енгізу оқушылардың білім алу үрдісін жеңілдетеді. Ойынды балалардың өз бетімен ерікті атқаратын іс-әрекеті, ойын арқылы адамның жан дүниесінің барлық қырлары, жүректілігі, ерік-жігері қалыптасады»,- деген ой айтады.
Н. Крупская: «Бала жас болғандықтан ғана ойнамайды, балалықтың өзі оған ойнау үшін, яғни жаттығу арқылы өмірде қажетті дағдыларды игеру үшін берілген»,- деген пікір айтады.
В. Сухомлинский: «Ойынсыз ақыл–ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз – ұшқын білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты»,- деген ой айтады.
А. Макаренконың айтуы бойынша, ойынға бір жақты көзқарас қате. Педагогикалық үрдісте ойынды дұрыс пайдалану сабақтың тиімділігін арттырады, балаларға қуаныш сыйлайды. Ойын бала үшін жаңа ортаға тезірек бейімделуге мүмкіндік береді. Жаңа ортаға, оқу үрдісіне өту үйреншікті өмір сүру әдістерін өзгертуді қажет етеді.
С. А. Шмаковтың анықтауы бойынша ойын төрт түрлі қырымен сипатталады:
— еркін дамытушы іс-әрекет, ол әрекет белгілі бір нәтиже үшін емес, баланың қанағаттануына байланысты;
— әрекеттің эмоционалды жағынан көтерінкі болуы, яғни жарыстың орын алуы;
— ойынның мазмұнын сипаттайтын қағидалар.
Ойынның, әсіресе балалардың психологиясына тигізетін әсері көп, ойын кезінде балалардың ортамен қарым–қатынасы кеңейіп, таным қабілеті өсіп, мінез–құлқы қалыптасады, ойынның сан алуандылығы балаларды достыққа, адамгершілікке, тапқырлыққа, шапшаңдыққа баулиды.
Ойындардың психологиялық мәнін зерттеу мәселесімен көрнекті психологтар: Л. Занков, Л. Выготский, Д. Узнадзе, С. Рубинштейн, А. Леонтьев, Д. Эльконин, А. Люблинская, В. Мухиналар айналысты.
Д. Эльконин төменгі сыныптағы бала психикасының дамуында ойынды «жетекші іс–әрекет» сөз тіркесімен сипаттайды. Д. Эльконин еңбектері балалар ойынының әлеуметтік табиғатын ерекше мәдени құрылым ретінде түсіндіреді, ол ойынды ересектердің қоғамдық өмірін бейнелеу деп анықтайды.
3. Дидактикалық ойын баланың қоршаған дүние туралы түсінігін кеңейтіп және оны бекітіп нақтылай түседі. Бала бақылау, оқыған кітап, естіген ертегі арқылы айналасын таниды. Олардың түсінігі алғашқы кезде айқын болмайды. Тәрбиеші баланың түсінігін дидактикалық ойындар арқылы нақтылап, дамытып саналы түрде түсінуін өрістетеді. Мысалы, бір заттың түсін атаңдар? Бояудың қандай түрін білесіңдер? Үй жануарларының үшеуін атаңдар. Бала дидактикалық ойын арқылы әр затқа байланысты жаңа білімді меңгеріп, түсінігін тиянақтайды.
Әрбір дидактикалық ойын ойлай білуге баулып, сөздік қорын өсіреді, ақыл - ой қызметін қалыптастырады. Дидактикалық ойын адамгершілікке тәрбиелеудің құралы болып табылады. Дидактикалық ойынмен ұйымдастырылған сабақ балаларға көңілді жеңіл келеді. Сондықтан дидактикалық ойынды іріктеп алуға нақтылы сабақтың мақсаты, мүмкіндіктері мен жағдайларын ескертуге ерекше назар аударған жөн.
Дидактикалық ойын – балалар үшін оқу да, еңбек те. Ойын - айналадағы дүниені танудың тәсілі. Ол балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймай, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады. Педагогикада дидактикалық ойындарға былай анықтама беріледі: дидактикалық ойындар дегеніміз – балаларға белгілі – бір білім беріп, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру мақсатын көздейтін іс - әрекет.
Дидактикалық ойындардың мақсаты:
1. Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдылар жайында түсінік беру;
2. Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды қалыптастыру;
3. Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды тиянақтау және бекіту;
4. Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды қайталау және пысықтау;
5. Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды тексеру.
Дидактикалық ойынның міндеті:
1. Баланың іс – әрекетке қызығушылығын туғызу;
2. Баланың белсенділігін арттыру.
Мектепке дейінгі ұйымда жүргізілетін тәрбиелеу және оқыту жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, әрі оны күнделікті іс - әрекет кезіндегі тілдік қарым-қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән берілген.
Қорытындылай келе, ойын – баланың білім – білік дағдысын қалыптастыратын негізгі тәрбие құралының бірі. Мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбиесі тәрбиелеу және білім беру үрдісінде әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады.
Дидактикалық ойын барысында есту, көру, сезіну, қабылдау сияқты үрдістері дамып, балалар музыкалық ойыншықтар мен әр түрлі саздық аспаптардың дыбыс шығару ерекшелігін ажыратуға, заттарды пішініне, түсіне, көлеміне қарай іріктеуге, әр түрлі қимылдарды орындауға үйренеді. Ауызша ойналатын дидактикалық ойындарда сұрақ, өтініш, келісімді білдіретін дауыс ырғақтарына еліктеу қабілеттері жетіледі. Ертегі немесе әңгіменің мазмұны бойынша бөлек-бөлек суреттерді пайдаланғанда оларды белгілі бір тәртіппен жинау үшін байқағыштық пен тапқырлық көрсетеді.
Қимыл-қозғалыс ойынында балалар санамақтар, өлеңдер, тақпақтар қолданады. Бұндай ойындарда балалардың ептілігі, қимылдың әдемілігі дамып қалыптасады, кеңістікті, уақытты бағдарлауға үйренеді, батылдық, тапқырлық, қайраттылық, достық, жолдастық көмек, тәртіптілік, ойын ережесіне бағына білу сияқты адамгершілік сапалар тәрбиеленеді. Бала өмір құбылыстарына, адамдарға, жануарларға деген ынтасын, қоғамдық мәні бар іс-әрекетке деген құштарлығын ойын арқылы қанағаттандыратындықтан, ойынның қай түрі болсын балалардың адамгершілік тәрбиесінің дамуында маңызды рөл атқарады.