- 10 қаң. 2020 00:00
- 237
Өздері асығып жүрген ұры екен...
Алыстан жолаушы келе жатқан Өмірбайды бір ауылдың маңында үш-төрт ұры киім-кешек, ат, ер-тоқымымен тонап кетіпті. Тоналған Өмекең жаяу-жалаң ауылға келіпті. Ауыл адамдары Өмекеңнен:
— Жаяу-жалаң не болған адамсың? Қайдан келесің? — деп сұрасады. Өмекең:
— Осы ауылдың маңында, қазір ғана үш-төрт ұры кезіге қалып, киім-кешегімді, атымды, ер-тоқымымды тонап кетті. Өзім болсам алыстан келе жатқан жолаушы едім, — дейді. Ауыл маңындағы адамдар тағы да қуарлап:
— Ұрылардың түр-тұсы, киімі, ат-көліктері қандай екен, көрсең, тани аласың ба? — деп сұрапты. Сонда Өмекең:
— Ұрылар маған айқаса кеткен жерде мал керек пе, жан керек пе? Түс аттан, шеш киіміңді деп дедектетіп, қарауға мұрсамды келтірмеді, өздері асығып жүрген ұры екен, — деп ауылдағыларды ду күлдіріпті. Өміркеңнің сөзіне күліп, қызыға тыңдап тұрғандардың ішінен біреуі:
— Ей, ұры сөйтіп тонамағанда қайтіп тонаушы еді, бұл бейшараның әбден есі шыққан екен, — дейді.
Өмекең ауылдағыларды әдейі осылайша бір күлдіріп тастап, онан соң барып істің нағыз ахуалын, ұрылардың жағдайын толық айтып береді. Ауыл жігіттері де дереу ұрылардың ізіне түсе қуып барып, Өмекеңнің киім-кешек, ат-көлігін қолға түсіріп қайтарып әкеліп береді.
Өмекеңнің осы сөзінен кейін ел аузында «Өмірбай айтқандай, өздері асығып жүрген ұры екен» деген тәмсіл болып қалыпты.