Пәтер
Біреу ыңырсығандай ма?
Шырт ұйқыда жатқан Амантай селк етіп оянып кетті. Көзін ашса, үйдің іші тас қараңғы. Әуелі түк түсінген жоқ. Манаурап, ұйқылы-ояу жатты да қойды. Әдетте, оң қол жақта алақандай терезе болушы еді. Түнде сол терезеден бозарып болмашы жарық білініп тұратын. Енді бозамықтанған жарық та жоқ, терезе де жоқ. Жым-жылас. Біреу терезені тас қып бітеп кеткен сияқты, сынық сүйем сызат білінбейді.
Ойына әлгі бір ыңырсық үн оралды. Құлақ төсеп, бірауық тың тыңдап еді, қайтып естілмеді. Бұның оянғанын сезіп қалғандай, ыңырсуын сап тиыпты. Әлде түсі ме? Әй, бірақ, түске ұқсамайды, осы жаңа ғана құлақ түптен ап-анық естілмеп пе еді. Иә, біреу ыңырсыды ғой.
Дыбыс шыққан жаққа қарай батылсыз қол созып еді, алақаны жұп-жұмыр жалаңаш кеудеге тиді. Қасында, бір көрпе астында тұла бойы қорғасындай балқып Мәдемі жатыр. Түкті де сезер емес, дем алысы білінбей алаңсыз ұйқыға кеткен. Амантай қыздың ып-ыстық кеудесінен қолын алғысы келмеді. Кеудесінің тып-тығыз екенін көзі көрмесе де, алақаны сезіп жатыр. Ұйқы шайдай ашылды. Тәтті бір құмарлық алпыс екі тамырға жайылып, алды-артына қаратпай дуылдатып ала жөнелсін. Томпиып ұйқы құшағында жатқан Мәдеміге қарай аударылып түсіп, жұп-жұмыр қос анарға тұмсық тақап еді, сүт иісі бұрқырап қоя берді.
Өзін біреу қоярда-қоймай бауырына қарай икемдеп әкетіп бара жатқасын қыз да шошып оянып, қапелімде қайда жатқанын, кіммен жатқанын ұқпай, көңілі үркіп, жастықтан басын жұлып алды. Сонысына бірақ өзі ұялып, жігіт құшағына құлап түсті. Бірін бірі жаңа көргендей кенеше қадалып ұзақ сүйісті. Ақыры аңсарына жетіп тынған олар, басы кеткен жаққа аяғы кетіп, ұйықтап бара жатыр екен.
...Тағы да сол ыңырсыған дауыс.
Әне, енді тіпті ап-анық естілді. Қатты жәбір көрген, соған жаны күйген адамның күрсінісі. Бәсеңсір емес, қайта бұның жүйкесін қасақана жұқарта түскісі келгендей үдеп барады. Тап ірге тұста, әлде аяқ жақта ма екен...
Амантай басын шалт көтеріп, тың тыңдай қалып еді, әлгі бір ыңырсық дауыс пышақ кескендей сап тиыла қалды. Енді ол мойны талғанша, жастықтан көтеріп алған басын төмен түсірген жоқ. Бірақ, ыңырсық дауыс қайтып естілмеді. «Қой бұл түс болды, — деп ойлады ол көрпені кеудесіне қарай тартып жатып. — Бірақ, бір нәрсе түске қайта-қайта ене бергені несі екен?» Мәдеміге қарай қолын созып еді, алақанын қыздың жұп-жұмыр анары қарып түсті. Ол бұл жолы шошып оянған жоқ, ұйқылы-ояу былдырлап, жалаңаш білегін созып, жігіт бауырына өзі кіріп бара жатыр.
...Кірпігі кірпігіне айқасқаны сол екен, әлгі бір ыңырсыған үннің тағы да естілгені. Құдай-ау! Көзі ұйқыда, көңілі ояу Амантай біресе тым алыс, қыр астынан талып жеткен, біресе жақыннан, дәл іргеден ап-анық естілген мазасыз үнге еріксіз құлақ түріп, қимылсыз қалды. Ыңырсық үн осымен үшінші рет естілгенін санасы сезіп жатыр. Астапыралла, әлгі бір кезде байқамапты, ыңырсып жатқан басқа емес, әйел адам. Қыздың дауысы. Әне, тағы да естілді. Қатынсыраған әңгүдік біреу о бейшараны еркінен тыс ұйпалап, апырып-жапырып бара жатқан сияқты. Байғұс қыз бұлқынып, қарсыласуға да дәрмені жоқтай. Қолынан бар келгені, кеудесін езіп-жаншыған неменің қорлығына шыдамай, ыңырси беру ғана. Соны өз құлағымен ап-анық естіп жатқан Амантайдың да, құданың құдіреті, тілі байланып қалыпты. Тырп етерге қауқары жоқ. Тұла бойын суық тер жуды. Ал, әлгі бір бейшара қыз... Жаңағы ыңырсу ыңырсу ма, ол енді булығып жылай бастады. Өзіне де, өміріне де разы емес біреу. Көкірегі толған өкініш. Қыжыл мен күйініштен жүрегі қарайған бір мұңлық.
Адамды әрі-сәрі етіп қойған немене бұл, түс пе, өң бе? Неге жылайды? Не көрінді оған? Ол ол-ау, бұныкі не? Жүрегі қысылып, басы айналды. Буын-буыннан әл кеткен, кеудесін көтеруге зар боп, сүлелеп жатыр. Шыбын жаны кеудесінде емес сияқты, иә, өзі де біртүрлі өлікке ұқсап бара ма қалай, бойында түк күш жоқ. Әлгі бір тұншығып жылаған қыз... бейшара-ай, өкпесі өшті-ау!
Өзін өзі ұзақ қинап тілінің ұшын әрең қозғады. «Пісміллә» деуге шамасы келді сосын. Сол-ақ екен, тарс жұмған көзі ашылып кетті. Сол-ақ екен, бейшара қыз, жаны жай тапқандай, кенет тым-тырыс бола қалды. Бұның көз жанарында ыстық жас іркіліп тұр.
Бозарып таң атып қалған екен. Бөлме ішінде қараңғылық сейіле бастапты. Қасында бері қарап, қырымен жатқан қыз мүсіні байқалады. Бұл жолы Амантай ол жаққа қол созған жоқ. Төсектен сыпырылып түсті де, аяғын сүйрете басып, қуықтай дәлізге бет алды. Құлағында тұншыға жылаған қыз дауысы.
***
Азанғы шәйін апыл-ғұпыл ішкен Амантай жұмысқа асығыс аттанып кетті. Мәдемі алғашқы түннің балдай тәтті ләззатын бірге татқан жігітті көзбен ұзатып салып, қуана күлімсіреп тұр. Ол тезірек кеш түссе екен, Амантай жұмыстан тезірек оралса екен деп тіледі. Амантайдың да ойы сол. Бірақ, бүгін Күннің тас төбеде тапжылмай тұрып алғанын жалғыз Мәдемі ғана аңғарған шығар. Уақыт тұсаулы аттай кібіртіктеп, жылжымай қойғасын, білек сыбанып аядай бөлмені жинауға кірісті. Есік-терезені сабынды сумен ысқылап жуып еді, кірден арылған әйнектен ішке шуақ құйылды. Қара қотырланған еден де бұрынғы сарғыш бояуын тапты. Қуыс-қуыста шаң бөгіп тұр екен, сыпырғыш ұшына, тұқымы құрысын, не нәрсенің бәрі ілігіп жатыр. “Тфу, кәпірлер, шошқалар, жиіркенбей қалай тұрған?” деп бұрынғы тұрғындарға кейіп, мұрнын тыржитты. Тек аяғының астына орындық қойып, төбедегі люстраға қанша созса да, қолын жеткізе алмады. Сонан соң “күйеуімнің алдынан дәмді ғып тамақ пісіріп қояйын” деп күлімсірей күбірлеп, асханаға тартты. Осылай деу жанына жағып, көңіліне ұнап барады. “Қызық, — деп жымың ете қалды сосын, — кеше ол басқа адам еді, енді - күйеуім”.
Амантай табалдырықтан аттай бере қуықтай үйде жанға жайлы шаттық орнай қалғанын сезіп, ет жүрегі елжіреп сала берді. Қаланың қарбаласқан тірлігін көтере алмай шиыршықталған жүйкеңді әп-сәтте жайма-шуақтандыра қоятын дәл мынадай бақытты бұрын-соңды бастан кешіп көрген емес. Бұны әр кеште қаңыраған бос бөлме сұп-суық боп, аяздай қарып қарсы алушы еді. Сонда орыс қожайынның адыра қалғыр ескі сарайынан безіп кеткісі келетін. Бірақ, қайда барады? Бұған пана бола қоятын біреу бар ма екен осы қалада? Жоқ қой, жоқ! Іргеге тақау қойылған үстел үстінде, қашан көрсең, қатып-семген, көгерген ас қалдықтары аткөпір болады да жатады. Біреудің жаман кепесін удай ақшаға жалдап алуын бұл жалдап алғанмен, бар рақат көртышқан мен қара шыбындікі. Төсегі торай аунағаннан жаман, өмірі жиналған емес. Жиналса, айына-жылына, онда да пәтер ауыстырғанда ғана.
Алматыға келгеніне, міне, үш жыл. Осы үш жылда бұл өзі қазан көтеріп, ас пісіріп пе десеңші. Үйден ыстық ас ішпеуге өзінің де еті өліп кеткен. Ал, бүгін... бәрі басқаша. Асхана жақтан айрықша бір хош иіс бұрқырап, жанға жайлы жылы леп есіп қоя берді. Өзі жап-жас, өзі сүп-сүйкімді әйел заты ып-ыстық құшағын жайып кеп, мойынға асылып, қуана қарсы алып жатқаны мынау.
Келіншегін лып еткізіп, жеп-жеңіл көтеріп алды. Түймесін ағытып, қос өңірін айқара ашып жібергенде кеудесіне бұлтиып біткен қос анар жарқ етіп көрініп, көзін қарықтырды.
— Жап-жарық қой. — Мәдемінің дауысы былдырлаған сәбидің уілі сияқтанып естілді. — Перде... пердені жапшы.
Амантай қазір тіпті тілалғыш баланың нақ өзі. Жүгіріп барып пердеге жармасты. Қасын керіп, көзін жұмған келіншек қайдан біліп қойғанын қайдам, “и-й, қараңғы емес қой” деп еркелей тіл қатты.
— Ұяласың ба?
— Ұялам. Ұят қой. Қарамашы.
— Қарамаймын. Міне, мен де жұмдым көзімді.
Мәдемі жігіт салмағын сезінген сайын, өн бойын от кеулеп бара жатқанын аңғарды.
***
Тас боп, қатып ұйықтап қалған екен, ыңырсып жылаған дауыс құлаққа тағы да түрпідей тигені. Бөлме іші бүгін де қап-қараңғы. Елегізіп құлақ түрді. Тым-тырыс. Сағаттың әлсіз тырсылы ғана талып жетіп тұр. Әлгі бір жылаған... Иә, иә, осы жаңа ғана өз құлағымен ап-анық естіді ғой. Оянып кеткені де сонан емес пе? Енді неге тиыла қалды? Неге? Әлде құлағы ма шулаған? “Осы үйде бір пәле бар, — деп ойлады бір мезет. — Жын-шайтан бар”. Маңдайдан сұп-суық тер бұрқ ете қалды. Саусақтары арбиған қорқынышты бір құбыжық ебедейсіз қимылдап, төсек үстіне төбеден төніп келгендей. Төніп кеп екінші түн бүйірін қыздырып жатқан жас келіншекті әй-шәй жоқ, қойнынан суырып әкетпек сияқты. “Пісміллә, пісміллә! Кет! Кет, пәлекет!” Демнің арасында санасына ұялап үлгерген үрейден әрең айықты. Басы қаңғырып, дәл кешегідей бүгін де ұйқы қашты. “Әлде, қабырғалас көрші әйел ме жылаған? Әлде, әлде... ұйқысырап жатқан Мәдемі болмағай!”
* * *
Осы бір үлкен қалаға тұяқ іліктірген соң әр істің басын бір шалып жүріп, белді бір мекеме бастығын таситын шопырлыққа әрең қол жеткізіп еді. Мазасыз жұмыс екен. Таңның атысы, күннің батысы өмірі таусылып бітпейтін сарт-сұрт жүріс. Бастық та тыным таппас беймаза біреу. Біресе ана мекеме, біресе мына мекеме... құдай оны да зыр қақтырып, табанын жерге тигізбей қойған. Ол тыныш таппаған соң, жазған құлда дамыл бар ма? Сонан қашан іңір түскенше тағы сол алашапқын сарт-сұрт жүріс. Үйге кірпігі қимылдап, сүлелеп жетеді. Кешкі ас-суын ішер-ішпестен төсекке сүре құлайды.
Сондай бір түн ғой, қараңғы көшемен жүйткіп келе жатқан-тұғын. Кенет жанұшырған біреу көшеге жүгіре шыққаны. Бұл тежегішті басып үлгерді ме, үлгермеді ме, білмейді, әлгі біреуді қағып кеттім бе деген үрейден тұла бойы шымырлап, жуық арада өзіне өзі келе алған жоқ. Ал, анау бас салып есікке жармасты. Көзді ашып-жұмғанша лып етіп жанына отыра кетті де:
— Ағай, жүріңіз... жүріп кетіңіз-ші! — деп зар еңіреп, жылап қоя бергені. Қараса... сұмдық-ай, біреу дегені бойжеткен қыз. Анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш. — Жүріңіз, ағай, жүріп кетіңіз, ағай. Аға-тай... Құтқара көріңіз...— Бұны қос қолдап жұлмалай бастады. Амантай қайтерін білмей, абдырап қалсын. Кім мынау? Жын ба, пері ме? Тек, көшеге сойталдай-сойталдай екі жігіт алақтап жүгіре шыққанда ғана, бұл арадан тез кетіп қалу керегін ұққан. Мәшине орнынан ытырыла қозғалды.
Анау екі жігіт жалма-жан такси ұстай салып, соңынан тұра қууы мүмкін-ау. Қараңғы көшемен ағызып келе жатып, қапелімде мұз жұтып жібергендей іші қалтырап кетті. Жетіп алса, оңдырмасы анық. Мына қыз неге тырдай жалаңаш? Бастың пәлеге қалғаны осы шығар?
Үлкен жолға түскен соң қасында бүрісіп отырған қыздың бас-аяғына көз жүгіртіп өтті. Ол боталаған көз-жанарын кеңірек ашып, бұны жаңа көріп тұрғандай үркіп қарады да, назарын төмен алып қашты. Қолын кеудесінен айырмай қалай жасырса да, құлын мүшесі ағараңдап, көздің сұғын суырып барады. Амантай арқалыққа асып қойған кәстөмін қыздың алдына тастап жатып:
— Кімсің? Не болды саған? — деді.
— Жа-жаңағы жі-жігіттер... хайуандар... ө-ө...
Жалаңаш иығы дір-дір етіп, тысқа жалтақтап қарай береді.
— Қайда тұрасың? Үйің қайда?
— Үй ме, үй... — Қыз сыбырлай тіл қатты. — Мына түріммен...
Біресе көзіне мөлтілдеп жас кеп қалып, біресе қанын ішіне тарта жүзі қуарып, қайтерін білмей, ернін тістелеп отыр. Енді байқады, шыбыш ешкідей шап-шағын қыз. Шашы жалбырап тұр. Көзінің үп-үлкенін-ай!
— “Шаңыраққа” апарасыз ба?
Белді мекеменің бастығы мініп жүрген мәшине қойсын ба, қыз тұратын ауданға әп-сәтте келіп қалды.
— Аға, — деді қыз жасқана сөйлеп. — Осы араға тоқтаңызшы.
Тоқтады.
— Анау көк қақпалы үй...
— Сол үй ма?
— Сол үй.
Түннің жарымы ауып кеткелі қашан. Төңірек тып-тыныш. Қыз нұсқаған үй жақтан да тірлік нышаны байқалмайды. Бірін бірі мігірсіз қуалаған қос қанден иттен өзге, көшеде қыбыр еткен тірі жан жоқ. Мәшине қақпаға тақалып тоқтады да, гүрілдеген моторы өше қалды.
— Келдік.
Деуін десе де үстінде бір жапырақ шүберек лыпасы жоқ тырдай жалаңаш қыздың есік-терезесі тарс бекітулі үйге қалай барып, әлдеқашан жатып қалған үйдегілерді қалай оятатынына ақылы жетер емес. Шеше байғұс масқара болған қызын көрген бойда естен танып жығылатын шығар? Әке сорлы қайтер екен? Мүмкін, қыздың өзі жалаңаш жонын жарқыратып түсе қалуға, көзбен ішіп-жеген зіңгіттей жігіттен қысылып отырмасын. Осыны ойлаған ол, тысқа шығып, көшенің арғы бетіндегі қарауытқан талға қарай бет алды. “Өзімен өзі оңаша қалған соң бір жөнін табар”. Ол жаққа назар аудармауға тырысты. Тал арасында аз бөгелді ме, көп бөгелді ме, білмейді, қайтып келсе, қыз отырған орнынан қозғалмапты. Алақанымен бетін басып, пыш-пыш жылайды. Кеудесін қымтаған кәстөм төмен түсіп кеткен. Тіп-тік қос анары дір-дір әйгіленіп, ап-анық көрініп қалып жатыр. Қасына кеп жайғаса берген бұның келген-кеткенімен жұмысы жоқтай. Амантай шарасы түгесіліп рөлге маңдайын тіреді.
— Ағам өлтіреді, — деді бір кез иегі кемсең-кемсең етіп. — Ағам қатал.
Қызды қайтіп жұбатарын білмеді. Оның бүгінгі түн тартқан жан азабы енді бұның иығына ауысқандай, еңсесі түсіп кетсін. Қыз бір кез демін іштен алып, тым-тырыс бола қалып еді, жалаңаш денесі тоңазып, иығы дірілдей бастапты. Кәстөмді қолына алды да, кеудесін жауып, иығын қымтап қойды.
Кенет, не ойлағанын қайдам, Амантай мәшинені келген жолға қайта салды. Қыз енді не нәрсеге де көндім дегендей, кеудесіне құлаған басын көтерместен, бүкшиіп отыр.
* * *
Амантай үйге жаяу қайтып келе жатып, қарындасын ойға алды.
— Шырағым, балам, анау жалғыз бауырыңа көз қырын салып жүр. “Мен де Алматыға барам, ағам сияқты мен де жұмыс істеп, ақша табам” деп айтқанды қылмай үйден безіп кетті емес пе? Оның сенен басқа сенетін кімі бар Алматыда. Бір біріңе қарайласып жүрмесеңдер... қайдам, қорқамын, — деп еді шешесі ана жолы ауылға барғанда. Шешенің сол аманаты жатса-тұрса ойынан кетпей жүр. Өзінен бес-алты жас кішілігі бар Гүлнұр үйдің сүт кенжесі болғасын ба, ерке еді. Жоғарғы класқа көшкен соң таралып өсіп, сүйкімді бойжеткен боп шыға келді. Әттең-ай, әкенің жоқтығы ғой. Мектеп бітірген соң құрбыларына ілесіп, алысқа ұзап оқи да алмады. Сүйеушісі жоқ адамды кім қолдай қойсын, мына тұрған облыс орталығындағы институттың алғашқы сынағынан тыраң етіп құлады да, енді қайтып оқуға беттемей қойды. Марқұм әкесі тірі болса, бұл енді ұл бала ғой, қызының қолын қайтсе де бір қараға іліктірер еді. Аға боп бұның да қайыры аз боп тұр. Кейде, сонан ба, Гүлнұрдың алдында кінәлі адамдай можып қалатыны бар. Анада Гүлнұр үйге бір келгенде: “Екеуміз бір үй жалдап тұрайық, апамның көңілі көншіп жүрсін” деп еді, оған қиқар қыз көнді ме?
— Уайымдамашы, мен таныс қыздармен бірге тұрып жатырмын ғой. Бәріміз бір жерде жұмыс істейміз. Жұмысқа жақын, — деп дес бермеді.
— Қай жерде тұрып жатсыңдар?
— Әдірісті білмеймін. Әйтеуір өзім тауып барам.
Гүлнұр өзі біліп келсе келді, келмесе осылай жер сипап қалғаның. Жалғыз ағамның халі нешік деп, үйге жиі-жиі келіп тұруды білмейді. “Жағдайың қалай?” десе, “Пайдет!” дей салады. Қазір не жұмыс істеп жүр екен? Сұрасаң: “Ақша табатын жұмыс” дейді жұмбақтап. Иә, саған, көп болса, кафе-ресторанда даяшы шығарсың. Ауыл қыздарының қалада бұдан басқа істейтін жұмысы бар ма екен? Ал, ауылдан келген жігіттер көбіне-көп құрылыс маңын шиырлайды. Оған да қол жетпесе, құдай берген қара базар дайын тұр. Сонда барып арба итереді, жүк түсіреді. Арба демекші, соны ойласа, бұның көкірегін әлдебір қуаныш ала-бөле кернеп ала жөнелетіні бар. Әлгі бір ауылдастары сияқты үсті-басы сатпақ-сатпақ болатын да жүретін құрылысшы емес, қара базарда мықшыңдап арба да итермейді. Көрмеймісің, тақымда ысылдаған шетелдік мәшине. Таза жұмыс. Иә, Гүлнұрды айтам-ау! “Ақша табатын жұмыс дейді. Ой, пәлі. Жалғыз шешемізді бір өзі асырап жүргендей-ақ. Әй, бірақ... қыз бала ширақ келеді, кім білсін, айтқаны рас болса рас шығар. Іздеп келіп, таппай кетіп жүрген болар-ау. Мен сияқты оның да жұмыстан қолы босамайтын шығар-ау. Мүмкін...” Осы жаңа ғана қара қазандай қабына қалған өкпесін ұмытып, қарындасын аяй бастады. “Әлгі бір қыз сияқты, оны да құдайын ұмытқан қағынғандар нақақ жәбірлеп жүрмесе”.
* * *
Сол күні өмірінде алғаш рет құрқылтай құстың ұясындай үйде буы бұрқырап қазан қайнады. Өз үйінде алғаш рет ыстық ас ішкен Амантай қыздың кейбір қылығын шешесіне ұқсатып, іші жылып сала берді. Әне, ол бұның тәрелкесіне үстемелеп сорпа құйып жатыр. Амантай үнсіз отыра бермей, көңілін ауламақ боп еді, қапелімде аузына жөнді сөз түспеді. Әңгімені неден бастарын білмей, ойы қаңтарылып отыр. “Ағаңның үйіне апарып салайын” дей ме, әлде “ағаңа телефон соқсақ қайтеді” дегені дұрыс па? Үйтейін десе, құдай айдап келген сүйкімді қызды көзі қимайды. Үйтпейін десе, ертең бір пәлеге қалам ба деп қаймығады. Қаймықпағанда ше, осы жұрт әлдеқандай қып аузынан суы құрып айта беретін алып шаһардың сиқы мынау болса. Аяғыңды аттап бассаң бір сұмдыққа тап боп жатқаның. Айналаң толы қауіп-қатер. Адамның төбе шашы тік тұрады. Оның үстіне кеше түн үйде қонбай, қайдағы бір танымайтын біреудің жаман баспанасында түнеп шыққан қарындасын көргенде қатал ағасы не істер екен? Бас салып бұны таяқтап тастамаса де. “Үстіңдегі бар киіміңді анау екеуі ме сыпырып алған?” “Қатырдың, есі дұрыс адам бойжеткен қыздан сүйтіп те сұрай ма екен? Беп-белгілі нәрсені...”
Ол бусынып, терлеп сала берді. Әй, өзі де сөзге шорқақ қасқа. Кейде бас жоқ, көз жоқ түйеден түскендей, дүңк еткізіп қойып қалады-ау! Бұ не әдет?
— Мен сенің жеңгеңе барып келейін.
Қыздың бетіне қарап еді, жанары боталап шыға келіпті. Екі қолын екі тізесінен алмаған күйі, басын батылсыз шайқады. Тығырыққа тіреліп, дымы құрып отыр-ау. “Енді не істейсің?” демекші еді, ол да айтылмай іште қамалып қалды.
Кешкі астан соң Амантай қайтерін білмей, қипақтап аз-кем отырды да, орнынан атып тұрып, көше кезіп кетті. Үйге қас-қарая оралса, жарық сөніп тұр.
— Ағай, сізге төсекті төрге салып қойдым, — деген қыз дауысы темір кереует жақтан баяу естілді. Жарықты жақпастан жан-жағын сипалап барып, төсекке киімшең қисая кетті. Көз алдында ұп-ұзын кірпігі инелік қанатындай дамылсыз дірілдеген, сүп-сүйкімді бойжеткен бейнесі. Қасына барса қайтер екен? Шошып кетпес пе екен? Қой, шошымас, шошып не көрініпті? Әй, не болса, о болсын. Нартәуекел! Осы жасқа келгенше әлі бір қыздың жалаңаш тәніне қол тигізіп көрмепті. Енді көр. Уылжып, қол созым жерде жатыр ғой. Есік болса да ілулі. Жігітпісің? Жігіт болсаң тұр орныңнан! Мешел адамдай шалжиып жата берме! Құдай өзі айдап келді емес пе? Жүрегің дауаламайды ә? Жоқ, неге? Ендеше бар. Бірден бас салмай, ақырын шайқап оят. Әуелі түкті де түсінбей қалар. Сонда сен оның шашынан сипа, аяла. Бетіне бетіңді тигіз. Бойын үйрет. Әп, бәрекелде! Міне, жігіт! Сосын, көре қал, ол саған өзі-ақ ысырылып орын босатар. Сөз жоқ ысырылып жатады. Жатпаса ше? “Орныңызға барыңыз” деп, жамылғыны тарс бүркеніп алса ше? Шыңғырып жіберсе ше? Әй, қойшы, құрысыншы. Қалай қиялдаса да, жатқан орнынан тұрып, қыздың көрпесін көтеруге батылы барар емес. Қашан кірпігі кірпігіне айқасқанша көзіне қыздың кеше өзі көрген жалаңаш кеудесі, әппақ бөксесі елестей берді. Көңіл қобалжуы басылып, бойын әлдебір тәтті құмарлық шымырлата бастапты. Кенет қыз темір төсекті сатыр-сұтыр еткізіп, ұшып тұрды да, бұның қасына жетіп келді. Сылқ етіп тізерлеп отыра кетті.
— Не болды, саған? — деді Амантай басын жастықтан жұлып алып.
— Біреу келе жатыр, — деді қыз үрейленіп.
— Қорықпа, есік бекітулі ғой. — Жігіт жайбарақат сөйлеуге тырысып бақса да, жүрегі кеудесіне сыймай атқақтап кетті. — Қорықпа.
— Жоқ, келе жатыр. Әне... — Зып беріп бұны құшақтай алсын.
— Қорықпа. Қорықпашы... Кел... қасыма жатшы...
Басын бұның оң иығына салып, аяқ-қолын бауырына жиып алған оның тұла бойы майда дірілден көпке дейін арыла алмады. Қыздың еркек атаулыны шабынтып қоятын тәтті иісін рахаттана сіміріп, не болғанын білмей Амантай жатыр.
* * *
Құшағына тығылып бір уыс боп жатқан қыздың үзіп-үзіп айтқан сөзіне ықыластана құлақ түрді. Мектепті осы жаз бітіріпті. Оқуға түсіпті. Әзірге аға-жеңгенің қолында. Күзге салым, оқу басталысымен жатақханаға шықпақ. Біреу естіп қоятындай сыбырлап жағдай айтқан қыз, бұның өзі туралы алқынып жатып баяндаған әңгімесін ұқты ма, ұқпады ма, білмейді. Бірақ, кешегі түн оқиғасын екеуі де қозғаған жоқ. Қыз не ойлағанын өзі білсін, ол жайында жұмған аузын ашпады. Бұл да сұрамады. Жүрек жарасын тырнағысы келмеді. Орнынан тұра салып, өз төсегіне тайып тұрар деп сескенді. Онан да қоянның көжегіндей боп бауырына тығыла түскенін жаны қалап-ақ жатыр. Әңгімені тез тауысқан олар өз ойларымен өздері арпалысып, ұзақ уақыт үнсіз қалды. Бір кезде ерні қыздың ерніне тиді. Күйіп тұр. Қыз басын алып қашқан жоқ. Былқ-сылқ етіп ыңғайына бағына берді.
* * *
Тұншығып жылаған кім сонда? Кім? Мәдемі ме? Санадан шырматылып шықпай қойған күдік бұны иірімге іліккен жаңқадай құрдымға шым батырып барады. Қарғыс атқыр сол түнгі көрген қорлық түске еніп жатпаса неғылсын. Сонда не болды екен өзі? Не болушы еді? Қызылсыраған құзғындар жап-жас қызды... Амантай өз ойынан өзі безіп, сол түнгі жағымсыз жәйтті жадынан өшіруге тырысып баққан-тұғын. Өше бастаған да сияқты еді, әлгі бір күйінішті зар қай-қайдағыны қозғап жібергені. Енді Мәдемі жаққа құлақ түріп, жеті қараңғы түнде тың тыңдап жатқан түрі мынау. “Құдай-ау, әлгі бір ыңырсық дауыс түсім болса етті” деп, жас келіншегін жамандыққа қиғысы келмей Мәдемінің дем алысына үрке соқтап құлақ төсейді.
Шешесі байғұс үлбіреген ұялшақ келінін көргенде қалай қуанды десейші. Барын шашып той қылмады ма? Құда-құдағиды ырза қып аттандырмады ма? Бұның ендігі ойы — шешесін ауылда жалғыз тастамай, осында, Алматыға тезірек көшіріп алу. Несі бар, өзі болса жұмыс істеп жүр. Гүлнұр да табыссыз емес.
Көзі ұйқыға іліге беріп, қуана жымиды.
...Тағы сол ыңырсып жылаған дауыс. Шошып оянды. Аяқ-қолы дірілдеп жатыр екен. Таң бозарып атып қалған. Өңі қабарып Мәдемінің бетіне үңілді. Жоқ, Мәдемі емес. Мәдемі түкті де сезбей, таңғы тәтті ұйқыда жатыр. Тұмсығын бұның кеудесіне тығып алыпты. Бөлме іші құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Сонда қалай... сонда қалай?
Еденді сипай басып, дәліз жаққа бет алды. Тұншыға жылаған қыз дауысы құлақ түптен кетпей, ыңырсып тұрып алған.
* * *
Түнгі ұйқысы қырық құрау болған ол күнұзақ көзі кіртиіп, мас адамдай былғақтады да жүрді. Жылаған қыз дауысын ұмыта алар емес. Бас айналар бақыт неге күрмеуі көп күмәнге ұласты? Бұл не өзі, шешуі қиын не қылған жұмбақ? Қалай болып еді өзі? Естігені рас па? Иә, естілді ғой. Естілгенде қандай! Қатарынан екі түн құлақ қажаған. Ол аз болса, бүгін тағы еститін шығар? Естісе екен! Еңірегенде етегі толған бейбақтың кім екенін біліп тынса екен! Кім? Кім ол? Осыған келгенде басы зеңіп жүре береді. «Өзім емес пе екем жылаған? Қой! Осы мен ауыра бастаған жоқпын ба?»
Есік алдында бағана таңертең оқты көзін өңменіне қадап, жақтырмай ұзатып салған көрші кемпір отыр екен. Ол басы салбырап, жұмыстан жабырқау қайтқан бұны көре сала:
— Сен бала, келгіштеп кеттің ғой, — деп дүрсе қоя берді. Көрші кемпірдің неге бұлай қадала қалғанын түсінбей аңтарылып тұр. — Немене ақшаң көп пе еді? Бай ма едің?
— Түсінбедім, не деп тұрсыз?
— Түсінбедім... түсінбедім? Сендейлердің талайын көргенбіз. Өзің тәп-тәуір баласың. Жезөкше сайқалдарға ылағып, ауру тауып алсаң қайтесің? Жүр сосын өмір бойы іріп-шіріп.
— Жезөкше? Кім жезөкше?
— Түк білмей қалғанын қара. Мені бір иісалмас жәмә-ән кемпір деп пе едің? Сендей желіккен балдардың есіл-дерті сол анау ғой... анау пәтердегі жезөкше ғой. Қой, қоя ғой, оны жұрттың бәрі біледі.
Селдірек шаш астынан құйқасы ағарып көрінген секемшіл кемпірдің тесірейіп қараған көзінде күмән тұр.
* * *
Бота көзі мөлдіреп, құшақ жая қарсы ұмтылған Мәдемі көңіл кірбіңін жуып-шайып жіберді. Неткен бақыт! Бақыт деген бар дәмдісін көмейлетіп бірден асата салмай, мысқалдап таттырып, бір тәттіден соң бір тәттіге ынтықтырып, тамсантып қоятынымен қымбат екен-ау. Көңілі ілезде көбелек қанаттанып, елпіл қақты. Мәдемі құшағына кіріп үлгерген жоқ, есік қоңырауы безектеп қоя берсін. Гүлнұр екен. Үстіне кигені кіндіктен жоғары, көкіректен төмен. Бұтта тырысқан шалбар. Әп-әдемі қою қара шашын сиырдың үйтілген басындай сап-сары қып күйдіре бояп тастапты. Онысын ана жолы көрген. Бірақ, байқамағансып қоя салып еді. Енді ол аз дегендей кіндігін жарқыратып келіпті. «Не боп бара жатыр өзі?» Қарындасының киім киісін жақамай тұрса да, оның басқа кез емес, осы қазір келе қалғанына іштей қатты қуанды. Ауылдағы үйде шошайып жалғыз отырған шешесін қолына көшіріп алмақ болған кешегі ойын айтуға асық.
— Кел, төрге шық.
— Қазір, қазір. Жұмысқа бара жатыр едім. Сендерді көре кетейін деп.... Мә-ә, жайнатып жіберіпсіңдер ғой үйді!
Гүлнұр таңданысын жасыра алмай, төр бөлме жақта самбырлап сөйлеп жүр.
— Мынаң қара, терезенің пердесін өзгертіпсіңдер... Төсек жапқыштың жараса қалғанын айтам-ау. Жанып тұр. Біз, екі қыз алты ай тұрдық қой осы үйде. Жұмыс, жұмыс деп, ештеңесіне қарамаппыз. Әй, өз үйің болмаған соң...
Амантай оның «осы үйде тұрдық қой» деген сөзіне тіксініп қап, бүйіріне шаншу қадалғандай түсі бұзылып бара жатты. Үндеген жоқ. Ал, Гүлнұрдың көзі жайнаң-жайнаң. Ерні сүйрең-сүйрең. Әңгімесі таусылар емес. Амантай оның бетіне қарағысы келмей, тыжырынып, теріс бұрылды. Жек көріп кетті.
...Елеңдеп, қанша тосса да, сонан былай ыңырсып жылаған қыз дауысы қайтып естілмеді.
15.12.2006 жыл