Қабыршақты теміреткі
Бұны медицина тілімен псориаз деп атайды. Теміреткі көбіне терінің, тырнақтардың және буындардың тұқым қуалайтын созылмалы, бірақ жұқпалы емес ауруы. Ол жүйкенің қатты күйзелістерден кейін пайда болады. Дұрыс тамақтанбау, асқазан-ішек ауруларына шалдығу, алкогольге үйірлік, бауыр, ұйқы бездерінің де аурулары псориазды өршіте түседі. Ауру күз және қыс айларында дамиды да жазда бәсеңдейді.
Псориаз алғаш рет 18-30 жаста пайда болады, қартая келе бір жерге орнығады немесе жоғалады.
Терінің кез келген жері теміреткімен зақымдануы мүмкін, көбіне терінің ұдайы үйкелетін жерлерінде болады. Теріде іріңсіз бөртпелер (папулалар) пайда болып, олар бір-біріне қосылып, ірі түйіндақтарға айналады. Олардың сыртында ақ түсті, оңай сыдырылатын қабыршақтары болады. Қабыршақтардың түсі күміс түсті де болады, оны сыдырып алған кезде жылтыр қызыл дақтар байқалады. Олардан ұсақ қан тамыр нүктелері көрінеді. Бұлардың бәрі де осы теміреткіге тән белгілер. Теміреткіде тырнақтар қалыңдап, сарғаяды, тырнақ өзінің табиғи жылтырлығын жоғалтады. Анда-санда алақан мен табан да зақымданады.
Ауру біртіндеп, баяу дамиды. Кейде барлық тері мен буындар зақымданады, мұндайда ол тез дами бастайды. Осындай клиникалық әртүрлі псориаз эпитродермия деп аталады. Сырқат ұзаққа созылады және ауыр болады, тері тартылып ауырады, науқас қалтырайды, денесі қызады. Сондықтан мұндай ауруы бар науқастар дерматологтың бақылауында жиі болып, оның алдын алу шараларын жасап отыруы керек. Кейбіреулері тез жазылады, ұзаққа созылатын кездері де, қайталанатын кездері де болады.
Емі
Емді дәрігер-дерматолог, яғни тері ауруларының дәрігері тағайындайды. Бұл көбіне жүйке жүйесінің қызметіне байланысты туындайтындықтан, ауыр жағдайларда науқасты тыныштандыратын және ұйықтатқыш дәрілер, жүйке жүйесінің қозғыштығын басатын дәрілер беріледі. Шүйгіншөп (валериана) тамырын ұнтақтап, оның екі ас қасығын бір құты салқын суға салып, 5 минуттай қайнатып, сүзіп алады. Алынған тұндырманы бір ай бойы күніне 2 рет 1 ас қасықтан ішеді. Бәрінен бұрын таза ауада серуендеу, дене жаттығуларымен айналысу науқастың күш-қуатын нығайтады. Тыныштандырғыш дәрілік өсімдіктерден тұндырма дайындап ішуге болады. Ұйқыға мезгілінде жатып, тұру керек. Көңіл-күйді жақсы ұстау қажет. В тобы дәрумендерін, А дәруменін және биотин қабылдауға болады. Дәрумендер жиынтығын пайдаланудың жәрдемі мол.
Терінің сыртына мырышты, нафталанды, метацилді және басқадай жақпамайларды қолдану керек. Қабыну жағдайлары болған кезде аз ғана уақыт кортикостероидтарды тағайындауға болады. Оларды қабынуға қарсы басқа дәрілік заттармен кезектестіріп беру керек.
Күн сайын итошаған шөбін немесе теңіз тұзын салып, басқа да дәрілік шөптер салынған шомылғы қабылдаудың да пайдасы зор. Шомылғыға жарты литр сүт және бір-екі қасық зәйтүн майын қосып та, сондай-ақ демделген шаймен де (25-50 г шай қосып) қабылдауға да болады. Суы тым ыстық болмауы керек. 10-15 минуттай жатқан дұрыс.
Судан шыққаннан кейін денені сүртпеу керек. Ал себілді тіпті пайдаланбаған жөн. Тамақтану жағына да көңіл бөлу керек. Майлы ет, майлы шұжық, жұмыртқа сарысын, сарымай қолдануды шектеген жөн. Оларда холестерин көп. Күнделікті тағамның көбісі көкөніс, жеміс-жидек, өсімдік майы болуы керек. Күнделікті дәмде сүт өнімдері, етсіз сорпалар болғаны дұрыс. Етті аптасына 1 не 2 реттен қолданса жетіп жатыр. Күкіртті сутегілі шомылғысы бар шипажайларға барған дұрыс. Құрамында күкірті бар балшықпен де емделуге болады.
Г. Арынова, тері дәрігері