Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қарттану қазақ білімінен
Қазақтың қарттану білімінен Қартаю процесі мен тарихын биологиялық тұрғыдан зерттейтін ғылым саласы – геронтология деп аталады. Геронтология (грекше geron және logos – ілім) – адамның және жануарлар организмінің қартаю заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Кемелдену – көптеген адамдар үшін өмірлерінің ең ұзақ кезеңі болып табылады. Кемел шақ кезеңін адамның жасы және рухының жай - күйі бойынша ежелгі гректер «акмэ» уақыты деп атаған, бұл қандай да бір нәрсенің шырқау шыңын, ең жоғарғы дәрежесін, адам тұлғасының ең жоғарғы гүлдену, «өзіне теңдестірілу» сәтін білдірген. Э. Эриксонның ойынша кемелденудің негізгі проблемасы өнімділік пен инерттілік арасында таңдау болып табылады. Өнімділік түсінігі шығармашылық және өндірістік (кәсіптік) өнімділікке ие. Кәсиби өнімділік Э. Эриксон бойынша адам қызығушылығының нәтижесі, идеясы және адамдар туралы қамқорлық. Кемелденудің маңызды ерекшелігі өзінің және өзгелердің алдында өзінің өмірінің мазмұнына адамгершілікті сезіну. Кәрілік кезеңі. Адам үш түрлі қартаяды. Ерте тәни қартаю - кәрілік белгілерінің мерзімінен бұрын аян болуы. Адамның биологиялық және психологиялық қорғаныс механизмдерінің шамадан тыс тотығуы Қалыпты физиологиялық қартаю - егделіктен кейінгі және жіті кемелінде байқала қоймайтын созылып барып анық белгі беретін табиғи құбылыс.
Рухани қартаю - тән мұқалуынан бұрын жан жұтап, жүйе жүйке түтіліп, жан көмескіленуі. Қоғамдық ортадан оқшаулануы. Рухани қартаю өте сирек кездесетін құбылыс. Ағылшын психологы В. Генри қарт адамдардың бойындағы психикалық энергиясы бойынша үш топқа бөліп қарастырады. Олар: Бірінші топқа өз жұмыс орнында қала отырып қоғам алдында белгілі бір міндеттерді атқаратын, белсенді әрі қуатты болып қала беретін қарттарды жатқызады. Екінші топқа қоғамдық міндеттерді атқармайтын, дегенмен жеке өзінің ісімен (хобби) айналысатын қарттар. Үшінші топқа әлсіз психология - лық қуатқа ие, қолы бос немесе тек өлім ғана ойлайтын қарттарды жатқызады.. Социолог А. Качкин қарттардың қызығушылық деңгейлеріне байланысты оларды былайша жіктейді. Отбасылық құндылығы басым тип (отбасы игілігін ойлаушы); - «жалғыздық» типі (өз естеліктері және өзімен - өзі өмір сүруші); - шығармашылық тип (өз уақытын шығармашылықпен ұйымдастырушы); - әлеуметтік тип (зейнетте де қоғамдық пайдалы еңбекпен айналысушы); - саяси тип (өз өмірін саяси өзгерістермен толықтырушы); - діни тип; - сөнуші тип (өмірін жаңа істермен толықтырмаған, бар күшін икемді пайдалана білмеуші); - аурушаң тип (көп жағдайда ауру емес, тек өздеріне ауру ойлап тауып алушылар). Хронологиялық (календарлық) қартаю - бұл өмір сүрген жылдар саны болып табылады.
Физиологиялық (денелік) қартаю – денсаулық жағдайы, ағзаның соматикалық ауытқулар жиынтығы. Оны хронологиялық қартаюмен салыстырғанда классификациялау күрделі болып келеді. Психологиялық қартаю деп адам өзін қарт ретінде ұғына бастаған сәтті айтуға болады. Әлеуметтік қартаю - барлық аталған қартаю түрлерінің белгілеріне негізделген, бірақ ол өткен өмір, басынан өткізген аурулар және эмоциялық сезімдердің қарапайым жиынтығын ғана емес, қартаю түрлерінің синтезі болып табылады. Өткен шақта, қазақтар кәрілікті жетпіс төрт жастан басталады деп санаған. Дән - дәулет, ырыс - береке, мал - мүлкі молайған, тамыры тереңге кетіп, бұтағы төрт құбылаға тең тараған ата қазақ. Үрім бұтағының келешегіне үнемі көңіл бөліп, қайғы уайым ойлайтын, күш қуатына шек келтіре бастаған, қарттық жасы таянған, ақсақал. Қазақ дұрыс қартая білген. Бұл жаста қазақ ақ өңді киімдерді тұтынатын, қол - аяғын, үсті – басын мұнтазадай таза ұстайтын, бала - шағасы жас баладай мәпелеп, асырап - сақтап, күтіп - бағатын ақуыз балапан жас. Қосағымен қоса қартайған нағыз бақыттылар жасы. Қарттар - тарих, қазына, ел қазығы.«Есік алды төбе болса, ерттеп қойған атпен тең. Ақылды қартың болса, жазып қойған хатпен тең»,«Ақылды қария - ағып жатқан дария», «Қариясы бар үй - құты бар үй» екені ақиқат. Аталарымыз: «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда дәулет бер» деп тілей жүріп, қарттық келмей қоймайтын табиғи құбылыс екендігін түсінген. Қазақтың қарттық шағындағы бағым - күтім, қамқорлыққа алу ісі, сыйлап құрметтеу әдет - әдебі орасан асқақ. Оған ешбір ұлт теңесе алмайды. Сондығынан болар қазақ дұрыс та, мәнді қартаяды. Оларда, торығу, мұңға бату, түңілу деген болмайды. Өмірден түңіліп, қалған ғұмырын тәрк ету, үмітін үзу, ішкілікке - нашақорлыққа, ашкөздікке салыну ешуақытта болмаған. Ал, жастығын аңсау, тұрғыластарынан ажырап, жетімсіреу, әрине болған.
«Жасым жүзге келсе де, өлгім келмейді, қара жердің қойнына кіргім келмейді десіп», ұрпақтары үшін барлық игілікті жасап, кәдімгі адам болып, Жаратушының берген жасын жасап өмірден озуды тілейтіні рас. Бір де Сырым бала сол өңірге батырлық, билік атағы жайылған Малайсарыға сәлем бере барады.- Уа, қай баласың? - Даттың баласымын.- Қой жая алмайтын жаманнан қолақпандай ұл туды деп еді, сірә, сол боларсың?- Болсақ болармыз. Бірақ бір құшақ отыннан бір оқтаулық мүсін шығады деуші еді. Әкем жаман болса, сондай - ақ болар. Өзіңді қазыналы қарт екен десем, қазымыр қарт па едің?- Бала, әкең нашар болғанмен шешең пысық еді. Күндіз келген жиырма адамды, түнде келген жиырма адамды ренжітпей атқарушы еді, шешеңе тартқан боларсың.- Шешем пысық болса, оның несін айып көрдіңіз? Әкем би болмаса да, би түсетін үй болыпты. Шешем күндіз келген жиырма кісіні, түнде келген жиырма кісіні ренжітпей аттандырса - қырық адам екен, қырықтың бірі қыдыр деген, онда қыдыр дарыған болар. Шал үш түрлі деуші еді: қазымыр шал, қадырсыз шал, қыдырымпаз шал. Өзіңіз соның қайсысыз? - Балам, сынайын деп айтқан бір - екі ауыз сөзімді көңіліңе алма? Жаманнан жақсы туады - адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туады - бір елтіріге алғысыз. Сен де маған шалдың үш түрін айтып қарсы сын қойдың ғой. Кісінің қадірін өзінен сұрамас болар. Қадірсіз десең - халқымнан сұра, қыдырымпаз десең - көршімнен сұра, қазымыр десең - кемпірім өліп, келінге қараған жетім шалмын, келінімнен сұра. Енді келген жұмысыңды айт? Сырымның көңілі жадырап сонда былай депті:- Ауылыңның алдында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең, аулыңда ақылды қарт болса, жазылып қалған хатпен тең деуші еді. Сәлем беріп, бата алғалы келдім.- Жарайды, балам! – деп батасын беріпті.
Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жоқ - жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қартты ақсақал деп, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау - дамайын шешіп, арғы - бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған. Көпен Әмірбек. (Егеулі найзаның жазбасынан) Менің «академик аталарымның» тұжырымын, шет жұрттық ғалымдарының түйіндерімен салыстырып көріңіз. Қайсысы қазаққа жуық екенін аңғаратын боласыз. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің өткен жыл соңындағы мәліметіне сүйенсек. 2017 жылдың басында халық саны 17 917 915 адамды құраған. Ал ағымдағы сәтте 18 146 778 адамға жеткен. Оның ішінде ер адамдардың саны 8 785 273 - ті құраса, әйелдер 9 361 505 - ке жетіп отыр. Бүгінгі таңда халықтың 15 жасқа дейінгі саны 21, 6 %- ды құраса, 15 жастан 65 жасқа дейінгі халық саны – 71%- ға тең. Ал 65 жастан асқан адамдар саны 7, 4 %- ды құрап отыр. 15 жастан кіші адамдар саны 3 890 984 - ті құраса, оның ішінде ұлдар – 1 987 807, ал қыздар – 1 903 177. Сондай - ақ, 15 жастан 65 жасқа дейінгі (14 жастан асқан және 65 жасқа толмаған) халық саны – 12 890 235 болса, оның ішінде ер адамдар – 6 246 903 болса, әйелдер – 6 573 332. Ал 64 жастан асқан ер адамдар саны – 456 532, әйелдер саны 876 974. Қазақстандағы ер адамдар мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығына келер болсақ, ер адамдар 63, 2 жас, ал әйелдердің 74, 1 жыл өмір сүруі күтіледі екен. Бұл сандар алдағы адам санағында нақтыланатыны белгілі.
Осы сандарға сүйеніп, еліміздегі қарттар тірлігінің халі, қоғамдағы олардың иеленіп отырған орны, тигізіп отырған көмегі мен ықпалы, жас ұрпақты жетелеп, ақыл - кеңес беріп, тәжірибесі мен білімін жалғастырудағы ұлттық ерекшеліктері мен өзгешеліктері, қол жеткізген табыстары жайлы талай әңгіме қозғауға болады. Сондай - ақ, аға ұрпақ пен жаңа ұрпақ арасындағы ой - сана, пікір - парасат арасындағы тарихи жалғасып келе жатқан бір - біріне көңіл толмау - шылықтың түрлі себептерін, біздің бүгінгі жағдайымыздағы бұл қатынастың кемшіліктерін де бажайлап бағадарлай аламыз. Кемелдену қазақ танымында қырықтан жетпіс төртке дейін созылады. Ол дамудың үш дағдарысын бастан кешіреді. Қысқа қайырсақ, елудің, алпыстың және жетпістің кемелдену кезеңдерін артқа тастап, барлығының жетістігін көзбен көріп, кемістігін бастан кешіреді. Бұл кезеңде әрбір іс пен дамудың жойқын табыстары, өте айқын және ашық тұрады, көпке де көріне алады. Өзгерістер қалыпты түрде, не баяу не жылдам жүрілуі мүмкін болуымен қатар, көпшілік адамда ерекше белгі бермесе де, өзіндік бағытынан айнымай қалыпты жүріп жатады.
Кемел шақ кезеңі – тұлға өмір жолының шырқау шыңы, әсіресе, адамның дені сау, күш - қуаты, сергектігі, білімі, тәжірибесі жетілген кезең. Адам бұл уақытта кәсіби шеберліктің шыңына және қоғамда белгілі бір орынға қол жеткізеді. Оның пікірімен әріптестері де, басшылары да санасады. Қағида бойынша, бұдан бұрынғы жас кезеңдеріне қарағанда, оның күш - қуаты азая түседі, бірақ кәсіби міндеттерін ол мол тәжірибесінің, өз жұмысын ұйымдастыра және айналасына көмекшілер жинай білуінің есебінен табысты шешеді. Бұл жас кезеңінде кәсіби тәжірибе және адамдармен қарым - қатынас тәжірибесі жинақталады. Тәжірибесін ары қарай беру қажеттілігі «шәкірт жасау», ізбасар арқылы іске асырылады. Қырқыншы жылдардың дағдарысын еңсерген адам үшін көкжиек кеңейіп, өмірдің негіздемелері тереңдей түседі, жаңа және алысқа апаратын мәселелер пайда болады. Өмір қызықтырақ бола түседі, күнделікті проблемалар кейін ығыстырылады. Енді ауқымды іс - әрекеттерді жоспарлау мен ұйымдастырудың жалпы мәселелері көбірек қызықтыратын болады. Жастардың өз өмірлерінің өктем сатысындағы дамуын бақылай отырып, бейтаныс және терең қуаныш сезімін бастан кешіреді. Бұндай жағдайда жастарға кеңесімен не ісімен көмек көрсетіп, олардың ризалықтарын алуға болады. Бұл әсіресе кәсіби тұрғыдан жастарға білім берумен және олардың тәрбиесімен айналысатын адамдар үшін маңызды. Жүйелі түрде дамитын адам өмірінің елуінші жылдарының ортасында екінші шығармашылық шарықтау шегіне жетеді. Ол өзінің өмірлік тәжірибесін жинақтап қорытып, оны ретке келтіре алады және оны өз жұмысына ендіру үшін оның өмірлік күштері әлі де жеткілікті болады. Бұл жас – барынша көп және ауқымды жетістіктер кезеңі. Кемел жастағы адам тұлғасына неғұрлым тән белгілер ұмтылыстарының шынайылығы, өндірістік, отбасылық және жеке өмірінде өзін - өзі жүзеге асыру барысына баса көңіл бөлу, өз даму кеңістігі үшін күрес, өз денсаулық жағдайына баса көңіл аудару, эмоционалдық икемділік, тұрмыстағы тұрақтылыққа деген құштарлық болып табылады. Адамның ересектік шақ дағдарысында табатын құндылықтары – саналы болмыстың құндылықтары. Кемел жастағы адам оларды өзінің өмір туралы түсініктеріне сәйкес деп мойындап, немесе олардың орнын басатын ретінде дамытып қана қоймай, сонымен қатар, осы құндылықтарды сақтап, олардың иеленушісі болып табылады, оларды өзінің жеке өмірінде іске асырады. Кемел шағында адам өзінің барлық дерлік ішкі сезім күштерінің нағыз басқарушысына айналады; олар енді шындық өмірдің кемелдігін оның барлық өлшемдерінде: іс - әрекеттерде, қатынастарда, дүниеге көзқарасында қалыптастыра отырып, саналы түрде іске асыра алады. Мәселен, кәсіби шеберлікте хабардарлықты үздіксіз дамыту, мамандануды тереңдету, типтік тапсырмалар мен жағдайларды тез тану орын алады, бұл жадындағыны кеңінен іздестіру қажеттілігін, проблемаларды шешуде жалпылама ойлау дағдыларын барынша азайтады. Жұмыс барысында көбінесе тек өздеріне сенулеріне – көп ойлауларына, ынталылық танытуларына, өздігінен шешімдер қабылдауларына тура келетін кемел жастағы адамдар интеллектуалдық икемділіктің жоғары деңгейін көрсетеді. Биологиялық тұрғыдан өмірлік күштердің сарқылу уақыты басталады. Әйелдерде, бұдан басқа, репродуктивті кезеңнің анық көрінген аяқталуы осы жылдарға дөп келеді. Өмірлік күштердің сарқылуы дене ұлпаларының инволюциясына негізделеді. Адам денесінің әрбір мүшесінің өз өмір қисыны болады. Бүкіл бұлшық еттер де икемділігін жоғалтады; бұл кемел жастағы адамның сол бір жұмыстың өзіне жас кезіндегіге қарағанда көбірек күш - қуат жұмсауына алып келеді. Бұл өзгеріс біртіндеп келеді. Көбінесе бұны ол анық көрінетін белгілі бір жағдайда, кенеттен байқайды. Ең маңызды және ең белгілі өзгеріс – эндокринді бездердің өзгеруі. Еркек пен әйелдің жыныс бездері қызметінде инволюция үдерісі басталады. Кемелдену – көптеген адамдар үшін өмірлерінің ең ұзақ кезеңі болып табылады. Оның шектерін әр автор әр түрлі белгілейді: 50 - 55 - тен 65 - 70 - ке дейін. Осы шақта оны зейнетке шығу жасымен байланыстырып жүр. Ал, қазақ адамтанушылары өз бастарынан кешкен нақтылылы өмір тәжірибесі негізінде айқындап отырған, Айталық; «... жетпісте жер таянбай тұра алмайсың, сексенде селкілдеген шал боларсың..., тоқсанда торғайдай халің болар...»- деген тәрізді кемел жасындағы адамдардың іс - әректін, мінез - құлқын, жәй - күйін жан - жақты жырлап, анық сипаттаған. Қарттық туралы, ән - күй, өлең жыр қазақта өте көп. Ал, қарттарды кемел кісі дегеннен гөрі «үлкен кісі» деу басымырақ болған. Кейуананың өзін «үлкен кісі дейді. Елу шылбырдан алды, Алпыс тізгіннен алды, Жетпіс өре салды, Сексен – тұсау салды, Тоқсан – толқып қалды. Сексенде сегіз байлық, Сегіз жарлылық. Сексен – жермен жексен. Алпысқа келгенде, Алты ағаң болсын. Жетпіске келгенде Жеті інің болсын. Алпыс — дер шағы, Жетпіс — мәр шағы, Сексен — жер шағы Тоқсан — шер шағы, Жүз — қор шағы... Жасында байқары жоқтың. Жасы жеткенде айтары жоқ. Қартайдым деп, қайғырма, Жас бала бар артында, Жалғызбын деп, қайғырма, Жақсылар бар артында. Алтыға дейін бала ерке, Алпыстан кейін шал ерке. Қарттардың жасын, қазақ құлпыртып отырып атап келген. Мысалы; 50 МЕН 60 ЖАС АРАЛЫҒЫ – ЖІГІТ АҒАСЫ, САРЫ КІДІР ӘЙЕЛ. 60 ПЕН 70 ЖАС АРАЛЫҒЫ - ҚАРАСАҚАЛ, АТА, ҚАРА КЕМПІР, АПА, ӘЖЕ. 70 ПЕН 80 ЖАС АРАЛЫҒЫ - АҚСАҚАЛ, АҚБҰРЫМ. 80 МЕН 90 ЖАС АРАЛЫҒЫ – АҚ ҮРПЕК ШАЛ, АҚ ҮРПЕК АНА, ҚАРТ, ҚАРИЯ. 90 МЕН 100 ЖАС АРАЛЫҒЫ - СЕЛКІЛДЕК ШАЛ, СЕЛКІЛДЕК КЕМПІР. 60 ЖАС - ПАЙҒАМБАР ЖАСЫ, АЛПЫСТЫҢ АСҚАРЫ, АЛПЫСТЫҢ АСУЫ, АСҚАРАЛЫ АЛПЫС. 70 ЖАС – ЖЕТПІС - ТІҢ БЕЛЕСІ Даналық жасы. 80 ЖАС - СЕКСЕННІҢ СЕҢГІРІ. Қазыналы жас. 90 жас. Абыздық жас. 
Қобдабай Қабдыразақұлы 23 қыркүйек 2019

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама