- 14 қаң. 2016 00:00
- 231
Қазақстанда білім беру саласындағы кез келген кемсітушілік жойылатын болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес туралы конвенцияны ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады. Конвенция 1960 жылы 14 желтоқсанда Париж қаласында жасалған. Айта кетерлігі, Конвенцияны Кеңестер Одағы 1962 жылы ратификациялаған болатын. Қазіргі таңда Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде Конвенцияға қосылғалы отыр. Бұл ретте Қазақстанның Конституциясы мен барлық заңнамасы Конвенция ережелеріне сәйкес келетінін атап өтуге болады.
Конвенцияның мақсаты адам құқықтарының жаппай сақталуын және барлығының білім алуға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ұлттар арасындағы ынтымақтастықты орнату, сонымен бірге, білім беру саласындағы кез келген кемсітушілікті жою болып табылады. Жалпыға бірдей мүмкіндіктер теңдігі мен осы саладағы барлығына бірдей қарым-қатынасты көтермелеу қарастырылады.
Бұл ретте конвенциядағы «кемсітушілік» сөзі нәсілі, түр-түсі, жынысы, тілі, діні, саяси немесе өзге де нанымдары, ұлттық немесе әлеуметтік тегі, экономикалық жағдайы немесе туу белгілері бойынша кез келген айырмашылықты, жоққа шығаруды, шектеуді немесе артықшылық беруді қамтиды. Оның мақсаты немесе салдары білім беру саласындағы қарым-қатынас теңдігін жою бұзу болып табылады.
Конвенцияға қатысушы мемлекеттер білім беру саласындағы мүмкіндіктер мен қарым-қатынастар теңдігін жүзее асыру үшін ұлттық жағдайлар мен салт-дәстүрлерге сәйкес келетін әдістерді пайдаланатын жалпы мемелкеттік саясатты әзірлеуге, дамытуға септігін тигізеді. Бұл ретте бастауы білім беруді міндетті және тегін етуге, орта білімді оның түрлі нысандарын жалпыға бірдей игілік етуге және онңы жалпыға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз етуге жағдай жасайды.
Мемлекет бастауыш білімін алмаған немесе оны аяқтамаған адамдарды және әркімнің қабілеттеріне сәйкес олардың білім алуды жалғастыратын білім берудің лайықты әдістерімен көтермелеуге және дамытуға міндетті болады. Оқытушы кәсібіне даярлықты кемсітушіліксіз қамтамасыз етуге жағдайлар жасайды.
«Аталған конвенцияға Қазақстанның қатысуы білім беру саласындағы халықаралық қауымдастықпен ықпалдастықтың маңыздылығын көрсетеді. Қазақстанның осы саладағы халықаралық нормаларды сақтауды және ұстанатынын дәлелдейді», - деді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
inform.kz