Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қымбат бағалы шаң-тозаң

Париж сыпырушысы Жан Шамет жөніндегі осы бір хикаяны қайдан есітіп-білгенімді есіме түсіре алмай-ақ қойдым. Шамет тіршіліктегі күнкөрісіне жалақыны өз махалласындағы қол өнершілердің шеберханаларын жинастыру арқылы табатын.

Шамет қаланың шет аймағындағы лашығында тұратын. Әрине, со шет аймақты байыптылықпен сипаттап, оқырмандарды әңгіменің негізгі арқауынан мүлде басқа жаққа әкетуге болар еді. Бірақ, әсілінде, осы уақытқа дейін Париждің шетіндегі елді мекендерде хадымдағы қорған-дуалдарының сақталып қалғанын айта кеткенім жөн болар. Осынау хикаяттың қимыл-әрекеттері болып жатқан кездері бұл дуалдар ұшқат пен долана тоғайларына малынып тұратын және оларға құстар ұя салатын.

Сыпырушының лашығы солтүстік қорған дуалының етегіне тақап барып, қаңылтыршылар мен етікшілердің, темекі тұқылдарын жинаушылардың және қайыршылар үйшіктерімен қатар қоныс тепкен еді.

Егер Мопассан осынау лашықтарды мекендеушілер тіршілігімен әуес болса ғой, ол тағы да бірнеше ғажайып әңгімелер жазар еді. Бәлкім, бұлары оның қалыптасқан атақ-даңқын бұрынғыдан бетер жая түсер ме еді.

Бір өкінішті жері, бұл маңайға тыңшылардан өзге тірі жан аяқ баспайтын. Олардың өзі де тек ұрланған заттарды іздеген жайттарда ғана төбе көрсететін.

Көршілерінің Шаметті "Тоқылдақ" деп атап кеткеніне Қарағанда, ол, қалпағының астынан, құстың айдары тәрізді, бір уыс шашы ұдайы шығып тұратын, істік мұрынды, тыриған арық кісі болған ғой деп ойлаған жөн.

Бір кездері Шамет те жақсы күндерді басынан өткерген. Ол мексикан соғысы кезінде "Бәкене Наполеон" армиясының солдаты болған.

Шаметтің жолы болды. Вера-Крусте ол безгектің ауыр түрімен мұрттай ұшты. Әлі де болса, бірде-бір аласапыран атыста болып көрмеген науқас солдатты отанына қайтарып жібереді. Полк командир! бұл жайтты пайдалана қояды, сөйтіп өзінің сегіз жасар қызы -Сюзаннаны Францияға апарып тастауға тапсырма береді.

Командир әйелі өлген – үй сынық болатын, сол себепті де лаждың жоғынан ол қызын өзі жүрген жердің бәріне бірге алып жүретін. Бірақ осы жолы ол кішкене қызымен айырылысып, оны Руандағы қарындасына жөнелтпек болады. Мексиканың ауа райы еуропа балаларын қыршынынан қиып түсер еді. Мұның үстіне алмағайып партизан соғысы тосын қауіп-катерге толы болатын.

Шамет Францияға қайтып келе жатқан кезде, Атлант мұхитының үстінде ыстық күн мұнартып тұрды. Қыз бала ұдайы ләм деп тіл қатпады. Тіпті майлы судан шоршып, атып шығатын балықтарға Қарағанда да жүзі жылып күлген емес.

Шамет, қолынан келгенше, Сюзаннаға қамқорлық жасады. Ол, әрине, кішкентай қыздың одан тек қамқорлықты ғана емес, еркелетіп, аялдағанды да күткен шығар. Отарлау полкінің солдаты мейірбан жылылықты, еркелетуді қайдан тапсын? Оның көңілін қалай ауласын? Сүйек тастап ойнай ма сонда? Әлде казарманың дөрекі әндерін айтып па?

Дегенмен, ұзақ уақыт үндемей отыра беруге де болмайды. Шамет жиі-жиі қызбаланың бірдеңені түсінбегендей, өзіне аңырып қарай беретінін байқап қалады. Сосын ол ақырында оған өз ғұмырының уақ-түйегіне дейін, ештеңесін қалдырмай есіне түсіріп, үйлесімсіз болса да, егжей-тегжейіне дейін айтып беруге бел байлады: Ла-Манш жағасындағы балықшылар кентін, сынық қоңыраулы село шіркеуін, көрші-қолаңдарын, жүрек қыжылдауынан емдейтін анасын — бәрін де қалдырмады.

Осынау естеліктерінен Шамет, Сюзаннаның көңілін көтеретін ештеңені таба алмады. Бірақ бұның бір таңғалғаны, балдырған, со әңгімелерді құмарта тыңдады, тіпті оның жаңа бір жайттарын қайталап айтуды талап етіп, маза бермеді.

Шамет со бір оқиғалардың егжей-тегжейін жадының сүзгісінен өткізіп, әуре болып, ақырында солардың болғанының өзіне шүбәлана бастады. Бұлары енді естелік емес, солардың көлеңкесі ғана еді. Соның өзі тұман сияқты сейіліп барады. Рас, Шамет ешқашан да өз ғұмырының баяғыда етіп кеткен кезеңін жадында қайта жаңғырту қажет болар-ау деп әсте ойламаған еді.

Бір күні алтыннан құйылған раушангүл туралы көмескі естелік пайда болды. Шамет со бір қарайып кеткен алтыннан жасалған дөкір раушангүлді кәрі балықшы әйелдің үйінен, Иса керілген айқышқа (распятье) ілулі тұрған жерінен көрді ме, әлде сол раушангүл жөніндегі әңгімені айналасындағы кісілерден есітті ме есінде сақталмапты.

Жоқ, тегі, ол сол раушангүлді бір күні көрген, терезе сыртынан күн көрінбей, бұғаз үстінде қара дауыл құтырып тұрса да ол жылтырап көзге түскен еді. Ойланған сайын Шамет соның жылтылын — аласа үй төбесі астыңдағы бірнеше от ұшқынын анық көргені есіне түсті.

Кемпірдің өзінің асыл тасын неге сатпай келе жатқанына кент жұрты таңғалатын. Ол сол алтынына қыруар ақша алар еді. Тек бір кісі — Шаметтің анасы ғана алтын раушангүлді сату — күнә, өйткені оны кемпірге ғашығы "бақытты болсын деп" сыйлаған, бұ кемпір о кезде Одьернедегі майшабақ фабрикасында жұмыс істейтін күлегеш қыз болатын.

— Әлемде мұндай алтын раушангүлдер өте аз, — дейтін Шаметтің шешесі. — Бірақ осындай алтын раушангүлдер пайда болған үй адамдарының бәрі міндетті түрде бақытты болады; Және тек бұлар ғана емес, сол раушангүлге қолы тигендердің әрқайсысы бақытқа кенеледі.

Бала кемпірдің қашан бақытты болатынын шыдамсыздана күтті. Бірақ тіпті бақыттың нышаны да білінбей қойды. Кемпірдің үйі аңырай соққан желден дірілдеп тұратын, ал кеш түсісімен бұл үй мүлде от жақпайтын.

Хош, сонымен, Шамет кемпірдің тағдыр-талайынан ешбір өзгерісті көре алмай-ақ кетіп қалды. Тек арада бір жыл өткеннен кейін ғана, пошталық пароходтың отжағушы танысы Гаврде, оған, кемпірге күтпеген жерден Парижден суреткер баласы, көңілді де сақалды бір қызық жігіттің келгенін айтты. Содан бері қарай лашықты жұрт танымай қалады. Оның іші у-шуға, ауқат-сауқатқа толады. Суретшілер өздерінің боямасына ақшаны күреп алады дейді жұрт.

Бір күні, Шамет палубада отырып алып, Сюзаннаның жел ұйыстырған шашын өзінің темір тарағымен жайымен тарап жатқанда, қызбала одан:

— Маған әлде біреу алтын раушангүлді сыйлар ма екен? — деп сұрады.

— Бәрі болуы мүмкін, — деді Шамет. — Саған да, Сюзи қарағым, қайдағы жоқ бір әпенді табылатын шығар. Біздің ротада бір арық солдат болды. Жолы болғыш неме еді. Ол арпалыс алаңынан сынып қалған алтын жақ сүйегін тауып алды. Біз оны күллі рота болып ішіп қойдық. Ол аннамит соғысы кезінде болған жайт еді. Mac зеңбірекшілер ермек үшін, мортирді гүрс еткізіп атып жібереді, снаряд сөніп қалған вулканның оқпанына тиіп, жарылады, ойламаған жерден сөніп қалған жанартау кенет пысылдап, жанданып атқылай бастайды, со жанартауды не деп атағанын шайтаным білсін! Крака-Така сияқты еді. Несін айтасың, атқылауында мін жоқ! Қырық шақты бейбіт түземдік қаза тапты. Ойлап тұрсаңыз, қайдағы бір жақсүйек үшін, қанша адам опат болды. Сол жақсүйекті жоғалтып алған біздің полковник екенін кейін барып білдік. Әлбетте, бұл істі дереу жауып тастады -армияның абыройы бәрінен де жоғары. Бірақ біз шарапқа сылқия бір тойдық қой!

— Соның өзі қайда болып еді? — деді Сюзи шүбәланғанын жасырмай.

— Мен саған айттым ғой, Аннамда деп. Үнді қытайда. О жақта мұхит, тозақ сияқты, өртеніп жатады, ал медузалары балеринаның шілтерлі юбкасы сияқты. Ондағы ылғалдың қалыңдығы сондай, бір түннің ішінде біздің етіктерімізге саңырау құлақ, өсіп шығады! Егерде өтірік айтсам, мені дарға тартсын!

Бұл жайтқа дейін де Шамет солдаттар өтірігін көп есіткен, бірақ өзі ешқашан өтірік айтпаған еді. Сонда оны айта алмағандықтан емес, жалпы соның ешбір қажеті жоқ болатын. Ал қазір Сюзаннаның көңілін көтеруді қасиетті міндетім деп есептеді.

Шамет қыз баланы Руанға алып келіп, сары ернін жымқырып алған ұзын бойлы әйелге — Сюзаннаның апатайына қолма-қол табыстады. Кемпір басынан аяғына дейін қара жылтыр матаға малынып алыпты, цирктің жыланы сияқты жарқырап тұр.

Балдырған оны көрісімен, Шаметке, оның күңсіген шинеліне жабыса қойды.

— Ештеңе етпейді! — деп сыбырлады Шамет, сосын Сюзаннаны иығынан ұстап, итере салды. — Біз, қатардағы солдаттар да, өзімізге рота бастығын таңдап алмайтынбыз. Шыда, Сюзи, солдатка!

Шамет кетіп қалды. Ол бірнеше рет мойнын бұрып, іш пыстыратын үйдің терезелеріне қарады, олардың перделерін тіпті жел де желпімейді екен. Қуықтай тар көшелердегі дүкеншелерден сағаттардың асыға соққан үні естіледі. Шаметтің солдаттық дорбасында Сюзиден бір ескерткіш — оның бұрымының бүктеліп қалған желемігі жатыр. Бұны шайтан білмесе, кім білген, әйтеуір со желемік дәп бір шегіргүл салынған себетте жатқандай-ақ, одан бір нәзік иіс шығатын.

Мексикан безгегі Шаметтің денсаулығына көп зақым келтірді. Оны әскер қатарынан сержант шенін бермей шығарып тастады. Ол азаматтық өмірге қатардағы қарапайым солдат ретінде араласты.

Жылдар бір сарынды мұқтаждықпен өте берді. Шамет кісі жарытпайтын сансыз көп іспен айналысты, ақырында париждің сыпырушысы болып алды. Содан бері шаң-тозаң мен жуындының иісі оны өкшелейді де жүреді. Ол тіпті Сена өзені жағынан көше-көшеге тарайтын самалдан да осы бір иісті сезетін, және ағашты алаңдарда мұнтаздай таза кемпірлер сатып тұратын құшақ-құшақ дымқыл гүлдерден де соны сезетін.

Сары күндер өтіп жатты. Бірақ кейде сағым түстес Шаметтің ішкі көңіл-көзіне жеп-жеңіл қызғылт бұлт — Сюзаннаның көне көйлегі шалынады. Осынау көйлек те, шегіргүл салынған себет те ұзақ уақыт жатқандайын, одан да көктемнің хош иісі аңқып тұратын.

Сол қыз, Сюзанна, қайда жүр? Оған не болды екен? Ол оның дәп қазір бойжеткен қыз болғанын, ал әкесінің жарақаттарынан қаза тапқанын білетін.

Шамет ұдайы Руанға барып, Сюзаннаны бір көріп қайтпақшы болып, қомданып жүрді. Бірақ қомданған сайын, оны кейінге қалдыра берді, ақырында қажетті уақыттың өтіп кеткенін, Сюзаннаның бұны баяғыда ұмытып кеткенін анық түсінді.

Балғын сәбимен қалай қоштасқанын есіне түсірген сайын, ол өзіне шошқасың деп кейнтін. Ол кішкене қызды сүюдің орнына, оны әне бір кәрі мыстанға қарай арқасынан итере салды да, "Шыда, Сюзи, солдатка!" — деді-ау.

Сыпырушылардың тек түнде жұмыс істейтіні мәлім. Бұған оларды екі себеп мәжбүр етеді: адамның қайнап жататын, бірақ әманда пайдалы бола бермейтін әрекетінен кір-қоқыс көбіне-көп күн батарда қордаланып жиналып қалады және бұған қосып айтарым, парижандардың жанары мен иісті сезінуін қорлауға болмайды. Ал түнде сыпырушылардың жұмысын, егеу құйрықтар болмаса, тірі жан байқамайды.

Шамет түнгі жұмысқа дағдыланып алған еді, ол тіпті тәуліктің осынау сағаттарын жақсы көретін. Әсіресе Париж үстінен баяулап, таң сапак жарып келе жатқан кезді. Сена үстінде тұман үйіріле бастайды, ол бірақ көпірлер жақтауынан жоғары көтеріле бермейді.

Бір күні осындай бір тұманды таң сәтінде Шамет Мүгедектер кепірінен етіп бара жатып, үстіне қара шілтерлі жұпаргүл түстес көйлек киген бір жас әйелді көрді. Ол көпірдің жақтауына сүйеніп, Сена суына қарап тұр екен.

Шамет сәл аялдап, қалпағын шешіп, бикешке баяу тіл қатты:

— Бикетай, Сенаның суы бұ кезде тым суық болады. Мен сізді одан да үйіңізге шығарып салайын, — деп.

— Еиді менің үйім жоқ, — деп іле жауап берді де ол Шаметке қарай бұрыла берді.

Шаметтің қалпағы қолынан түсіп кетті.

— Сюзи! — деді ол жанұшыра зор қуанышпен. — Сюзи, солдатка! Қарашығым менің! Сені де көрдім бе ақырында. Сен, бәлкім, мені ұмытып қалған шығарсың. Мен Жан-Эрнст Шаметпін, өзіңді әлгі сұмпайы тәтеңе апаратын, жиырма жетінші отарлау полкінің со баяғы солдатымын. Қандай сұлу болып кеткенсің! Және шашың қалай келісті етіп таралған! Ал, мен, ебедейсіз солдат басыммен, оны мүлде жиыстыра алмаушы едім!

— Жан! — деп қышқырып қалды да, келіншек ұмтылып барып, оны мойнынан құшақтап, жылап жіберді. — Жан, сіз әлі сол баяғыдай қайырымдысыз. Бәрі есімде!

— Е-е, есерлік қой бәрі! — деп күбірледі Шамет. — Менің қайырымдылығымнан кім қандай пайда тауып жатыр. Саған не болды, титтәйім менің?

Шамет Сюзаннаны кеудесіне басып, Руанда батылдығы жетпей қойған нәрсені жасады — оны жалтыраған шашынан сипап, емірене сүйді. Сосын Сюзанна оның күртешесіне сіңген тышқан иісін сезіп қоя ма деп қорқып, кейін шегіне берді. Бірақ Сюзанна оның иығына бұрынғыдан да бетер жабыса түсті.

— Саған не болды, қызым? — деп қайталады сөзін сасып қалған Шамет.

Сюзанна жауап бермеді. Ол көз жасына ерік берді. Әзірше одан ештеңені сұрауға болмайтынын Шамет түсіне қойды.

— Сонау қорған дуалының қасында, — деді ол асыға, — менің үңгір тәрізді баспанам бар. Бұл арадан алыстау. Әрине үй бос, қаңырап тұр. Бірақ суды жылытып, жұмсақ төсекте ұйықтай аласың. Сен онда жуынып-шайынып, тынығуыңа болады. Жалпы алғанда, қанша тұрам десең де еркіңде.

Сюзанна Шаметтің үйінде бес күн тұрды. Бес күн бойы Париж үстінен төтенше күн көтерілді. Күллі үйлердің бәрі, тіпті олардың ыс басқан көнелеріне дейін, барлық баулар, әсіресе Шаметтің үңгіріне дейін, осынау күннің шұғыласынан асыл тастай болып жарқырап кетті.

Ұйықтап жатқан келіншектің естілер-естілмес тынысынан жаны толқып көрмеген кісі мейірімділіктің не екенін түсінбейді. Оның ерні дымқыл гүл күлтесінен де қызыл түнгі көз жасынан кірпігі жылтырап жатты.

Иә, Сюзаннаның басына түскен жайт, тура Шаметтің ойлағанындай болып шықты. Оған ғашығы, жас актер опасыздық жасапты. Бірақ Сюзаннаның Шаметтің үйінде тұрған бес күні, олардың татуласуына жетіп артылды.

Шамет сол іске араласты. Ол Сюзаннаның актерге жазған хатын апарып беруіне және әлгі жасы жетпей қажыған жылтыр бетке, ол Шаметке шайға деп бірнеше суды — тыйынды алақанына басқысы келгенде, кішіпейіл сыпайылықты үйретуіне тура келді.

Көп ұзамай актер фиакрмен — күймемен Сюзаннаны алып кетуге келді. Гүлшоғы, сүйісулері, жылап тұрып күлуі, өкінулері мен жартыкеш бейғамдықтары — бәрі жөн-жоралғысымен болды.

Жастар кетіп бара жатқанда, Сюзаннаның асыққаны сондай, Шаметпен қоштасуды ұмытып, фиакрге секіріп шықты. Қас қағымда ағаттығы есіне түсіп, қызарып кетті де кінәлі кейіппен оған қолын созды.

— Талғамыңа қарай тіршілік түрін таңдап алған екенсің, — ендеше бақытты бол, — деді Шамет.

— Мен әлі ештемені де білмеймін, — деп жауап берді Сюзанна көзіне жас алып.

— Сен бекер толқып отырсың, титтәйім, — деді жас актер бұны жақтырмағандай даусын созып, сосын: — Менің титімдей әстайым, — деді қайталап.

— Шіркін, дүние-ай, маған алтын раушангүлді сыйлайтын біреу табылса! — деп бір күрсінді Сюзанна. — Бұл нағыз бақыттың жоралғысы болар еді. Сенің пароходта айтқан әңгімеңді ұмытқан жоқпын, Жан.

— Кім біледі! — деді Шамет. — Қанша айтқанмен, саған алтын раушангүлді мына мырзасымағың тарту етпейді. Кешір, мен солдатпын. Тыраштарды жақсы кермеймін.

Жастар біріне-бірі қарады. Актер иығын қушитты. Фиакр жүріп кетті.

Әдетте Шамет қолөнершілердің қосынан күні бойы жиналып қалған кір-қоқысты апарып тастай салатын. Сюзанна басынан кешкен жайттан кейін, ол зергерлер шеберханаларының шаң-тозаңын лақтырып тастамайтын болды. Ол соларды жұрттан жасырып, қапқа салып, үйіне алып кететін болды. Көршілері сыпырушы "ақылынан адасқан екен" деп ойлады. Бірақ со бір шаң-тозаң тастандылары арасында алтынның мысқылдан да аз ұлпасы болатынын елдің көбі біле бермейтін, өйткені зергерлер іс үстінде алтынның зәредей бір бөлшегін шарықтағанда ұшырып түсіреді ғой.

Шамет сол зергерлер шаң-тозаңын елеп-екшеп, алтын ұлпасын айырып алып, шағын ғана құйма жасап, содан кішкене ғана алтын раушангүлді Сюзаннанын бақыты үшін, шыңдап шығармақшы болды. Мүмкін, бір кездері анасы айтатын гәп бойынша, ол көптеген қарапайым адамдардың бақытты болуы үшін қызмет ететін шығар. Кім білген! Ол қашан сол раушангүл дайын болғанша, Сюзаннамен кездеспеуге бел байлады.

Шамет өзінің ермек-заты туралы жан баласына сыр ашпады. Ол өкімет пен полициядан қорқатын. Сот тәсілқойларының ойына не кіріп, не шықпайды. Олар мұны ұры деп жариялап, түрмеге тыға салуы, алтынын тартып алуы мүмкін. Не дегенмен ол бөтеннің дүниесі ғой.

Армияға алынғанға дейін Шамет селолық кюренің (молла) фермасында батырақ болды, содан ба, дәннің жай-күйін табатын. Сол білігі енді бұның кәдесіне жарады. Ол бидайды қалай суыруды білетін, салмақты дән саудырап жерге түсетін де шаң-тозаңды жел айдап кететін.

Шамет шағын ғана суырғыш істеді, түнемелікте зергерлік шаң-тозаңын суырады. Ол лоток-шіре үстінен әзер көрінетін алтын ұлпасы көзіне түскенше, қатты толқыды.

Алтын ұнтағы құйма жасауға жететін деңгейде жиналғанша, арада ұзақ уақыт өтті. Бірақ Шамет одан алтын раушангүлді жасау үшін оны зергерге беруге асықпады.

Оны тоқтата берген нәрсе ақшаның жоқтығы емес — кез келген зергер істеген жұмысы үшін, құйманың үштен бірін алуға келісер еді және оған риза да болар еді.

Істің түйіні онда емес-тұғын. Күн өткен сайын Сюзаннамен кездесетін сәт те жақындай берді. Алайда біраздан бері Шамет сол сағаттан қорқатын болды.

Жүрегінің ең терең түкпіріне қуалап тыққан ет бауырын елжіретер мейірімін ол тек со балғынға, Сюзиге бағыштағысы келген. Бірақ қарт сүдінсіздің мейірімі кімге керек! Шаметтің баяғыдан бергі бір байқағаны, өзімен кездескен кісінің бірден-бір тілегі осынау бет терісі болбыр, өңі қуарып, жағы суалған тескір көзді адамнан тезірек кетіп, оны дереу ұмыту ғана болатын.

Оның лашығында айнаның сынығы бар еді. Ол соған анда-санда бір Қарағанда, сол сәтте өзін-өзі балағаттап, айғаны лақтырып тастайтын. Ең тәуірі өзін — осы бір аяғын ақсаңдай басқан сиықсыз сүдінді көрмеуі.

Ақырында, раушангүл әзір болғаннан кейін, Шамет, Сюзаннаның Парижден Амернкаға кетіп қалғанын және біржолата кеткенін білді. Ешкім Шаметке оның адресін айтып бере алмады.

Алғашқы минутта тіпті оның бойы бір түрлі жеңілдеп қалғандай болды. Бірақ сосын Сюзаннамен емен-жарқын көрісіп, мәре-сәре болып, бір жасап қаламын деп аңсаған көңілі, мүлде түсініксіз жағдайда тат басқан темір жарықшағына айналды. Сол жарықшақ Шаметтің кеудесіне, жүрегіне жақын бір жерде қадалып тұрып қалды, содан кейін-ақ, байғұс Шамет әлгі бәлекет кәрі жүрегін тезірек жаншып, соны біржолата тоқтатса екен деп, бір құдайға жалбарына бастады.

Шамет енді шеберханаларды жннамайтын болды. Ол бірнеше күн бойы лашығында теріс қарап жатып алды. Ол лом деп үн шығармады, тек ескі күрткесінің жеңін көзіне басып, бір рет жымиып күлгенсіді. Бірақ оны тірі жан көрмеді. Көршілері тіпті Шаметтің үйіне кірмеді де - әркімнің қам-қарекеті басынан асып жатқан еді.

Шаметті сыртынан тек бір адам ғана бағып жүрді — ол алтын құймадан жіп-жіңішке етіп раушангүлді және оның қасына, бір бұтаққа кішкене ғана жұқа күлтені жасап шыңдаған қарт зергер еді.

Зергер Шаметке келіп, көңілін сұрайтын, бірақ дәрі-дәрмек әкелмейтін. Өйткені оны бәрібір пайдасыз деп есептейтін.

Шынында да содай болды. Шамет, зергер тағы бір келген кезде елеусіз ғана көз жұмды. Зергер сыпырушының басын көтеріп, сұрғылт жастық астынан бүктетіліп қалған көк лентаға оралған алтын раушангүлді алды, сосын аспай-саспай сықырлаған есікті жайымен жауып, кетіп қалды. Лентадан тышқан иісі шығып тұрған еді.

Күздің таусылар кезі болатын. Кешкі қараңғылық желден және жыпылықтаған жарықтан қимылдап тұрған секілді. Зергер, өлгеннен кейін Шамет жүзінің қалай өзгеріп сала бергенін көрді. Ол біртүрлі қатуланып, байсалды күйге түскендей. Бетіндегі сәл күйінгендік белгісі зергерге ғажайып сұлу болып көрінді.

"Өмір бермеген нәрсені ажал әкеледі", — деп ойлады жаттанды ойға бейім тұратын зергер, сосын қатты бір күрсінді.

Біраздан кейін зергер алтын раушангүлді ұқыпсыз киіне салған егде әдебиетшіге сатты, зергердің пікіріне жүгінсек, ол осындай қымбат бағалы затты сатып алуға қақысы жоқ, қоңыр төбел тіршіліктің адамы еді.

Зергердің алтын раушан гүлдің тарихы туралы айтқан әңгімесі бұны сатып алу ісінде шешуші рол атқарғаны анық.

27-ші отарлау полкінің бұрынғы солдаты Жан Эрнест Шамет өмірінің күйінішті бір сәті әлде кімге белгілі болып қалғаны үшін, біз қарт әдебиетшінің жазбаларына қарыздармыз.

Қарт әдебиетші өзі байқаған жайттары туралы сөз арасында былай деп жазыпты:

"Әрбір минут, әрбір оқыс айтылған сөз бен көзқарас, әрбір терең ой мен әзілкеш ой, адам жүрегінің әрбір елеусіз қимылы, теректің ұшып келе жатқан үпелегі, түнгі шалшыққа түскен жұлдыздың сәулесі сияқты, — міне осының бәрі алтын шаңның түйіршіктері болып табылады.

Біз, әдебиетшілер, оларды, осынау миллиондаған құм түйіршіктерін, ондаған жылдар бойы жинаймыз, өзімізге де елеусіз түрде жинаймыз да қорытпаға айналдырамыз, сосын со бір қорытпадан өзіміздін "алтын раушан гүлімізді" — хикаятты, романды, не поэманы жасап шыңдаймыз.

Шаметтің алтын раушан гүлі! Ол бір есепте маған біздің шығармашылық еңбегіміздің түпкі бейнесі болып елестейді. Таңғаларлық бір нәрсе, осынау қымбат бағалы шаң-тозаңдардан әдебиеттің тірі тасқыны қалай туатынын жан баласы соның ізіне түсіп, ықтияттап зерттеп шығуға күш-жігерін жұмсамағаны.

Бірақ, қарт сыпырушының алтын раушангүлі Сюзаннаның бақытты болуына қалай бағышталған болса, сол сияқты біздің шығармашылығымыз да жердің сұлулығы үшін, бақыт үшін, қуаныш пен бостандық үшін күресуге үндеуі, адам жүрегінің кеңдігі мен ақыл-ойдың күші қараңғы түнектен басым түсіп, мәңгі батпайтын күн тәрізді жадырап жайнап тұруы жолына бағышталады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама