- 03 жел. 2019 00:00
- 275
Қожанасырдың алашақ беріп, алашақ алуы
Қожанасырдың бір кісіде алашақ бес теңгесі бар екен. Екі жылға толғанда, алашағы есіне түсіп, берген кісісінен ақшасын алыпты да, қарызға бес теңге қосып алыпты. Бірақ ол кісі бес теңгені қарызға берерінде:
— Ертең тауып бер ақшамды. Бермесең, күніне бір сомнан өсіп отырады, — депті. Қожанасыр:
— Құп, — деп ертесінде есінен шығып, айлар бойы қарызын бермей жүре беріпті. Ал ана кісі бір күн өтсе «бір сом» деп, он күн өтсе «он сом» деп қарызының өсіп келе жатқанына қуанып, «жүз теңгеге толғасын алайын» деп жүре беріпті. Ақыры қарызының берген күніне жүз күн болғанда, Қожанасырға келіп:
— Қожеке, қарыз алғаныңа бүгін жүз күн, келісім бойынша бес теңгеме жүз теңге қосып бересің, — депті.
Қожекеңнің есіне қарызы жаңа ғана түсіп:
— Құп, тілегің болсын, бірақ қарызың мен өсіміңді бидің алдына барып беремін, — депті.
Бұл сөзді естіген ана кісі қуанып, Қожанасырды жер-көкке сыйғызбай мақтай беріпті. Сонымен ақшасын жүз бес теңгеге толтырған Қожанасыр кісісін ертіп, биге жүгініпті де, жүз бес сом ақшасын тосып:
— Мына кісіге беріңіз, — деп жайын айтыпты.
Би тілегін орындап:
— Тағы қандай арыздарың бар? — дегенде, Қожанасыр:
— Тақсыр, енді менің алашағым бар бұл кісіде. Бұдан екі жыл бұрын бес теңге қарыз алып еді, содан жүз күн бұдан бұрын берді. Күніне бір теңгеден өсіп отырғанда, мен қанша аламын, соны төрелеп айтып беріңіз, — депті.
Ана кісі:
— Ойбай, біз олай келіскеміз жоқ та, — деп безектеп қоя беріпті.
Әділ төреші:
— Жоқ заңды шығарып жүрген өздерің, «өсім» дегенді шығарып. Сондықтан Қожекеңнің өсімін сен де бересің. Бір жылда үш жүз алпыс күн, екі жылда жеті жүз жиырма күн, жеті жүз жиырма күннен жүз күн шығарғанда, алты жүз жиырма күн қалады. Қожекеңе алты жүз жиырма сом бер. Бермесең, зынданға алты жүз жиырма күнге салдырып қоямын, — деп үкім беріпті.
«Зындан» десе, зәресі кететін кісі «құп» деп, Қожанасырға алты жүз жиырма теңге беріпті.