Қоянның ерні неліктен жырық?
Қай кезде екені белгісіз, бір қырғауыл, бір қасқыр, бір түлкі және бір қоян төртеуі төс соғыстырып, дос болыпты. Олар өздерінің арасында атағы шыққан ақылды қоянның болғандығын зор мәртебе көріп, мәз болады екен, қоян да өзінің шағын топқа басшы болғанын үлкен қуаныш көреді екен.
Күндердің бірінде осы төртеуі аң аулауға шығыпты. Түске шейін сабылса да, ешнәрсе кезіктіре алмапты, қарындары қатты ашып, ішектері шұрылдайды. Осы кезде қоян қоржын салған бір сал келе жатқанын анадайтын жерден көріпті. Соның арасынша ол бір амал тауып, серіктерін оңаша шақырып алып, мұны олардың құлағына ақырын сыбырлапты. Олар да табылған ақыл екен деп шұрқырасып, қоянның айтқаны бойынша істейтін болып бытырасыпты.
Түлкі қоянның айтуы бойынша жылдам жүріп, салдың жолындағы шоқ тоғайға кіріп, оны тосып тұрыпты. Сал таяған кезде ғана орманнан шығып, мертігіп ақсаған болып, салдың алдына түсіп, шойнаңдай жүріпті.
Алдынан шыға келген ақсақ түлкіні көрген сал қуанып кетіп, «Бұл да болса құдайдың бергені ғой, енді түлкі тымақ киетін болдым, — деп екі қолын соза өңкең қағып, түлкіні қуа жөнеліпті. Неше дүркін ұстай бергенде тайып кетіп, түлкі жалт беріп, сытылып кетеді екен. Сөйтіп, сал түлкіні бірталай қуыпты, қара терге түсіп шаршапты. Сонымен, ол иығындағы қоржынын бір жерге, тымағын бір жерге, етігін бір жерге лақтырып, түлкіні жеңілтектеніп алып қуыпты.
Осы кезде оларды аңдып қоян, қырғауыл және қасқыр жетіп келіп салдың барлық нәрселерін алып кетіпті.
Бір ауықтан соң салды көз жаздырып түлкі де жетіпті. Сөйтіп, олжаларын бөлуге кірісіпті.
Қоян салдың тымағын қырғауылға ұсынып:
— Сен атыз басына барғыш едің, бұл тымақ сенікі болсын, мұны басыңа киіп алсаң, ешкім сені ұра алмайды, — депті.
— Жарайды, жарайды, — деп жырғап, мәз болған қырғауыл, сонымен ол тымақты басына киіп алып өз бетіне ұшып кетіпті.
Онан кейін қоян етікті қасқырға беріп:
— Сен қойға шауып ұрлық етуге құмар едің, етік сенікі болсын, мұнан былай жортуылға шыққанда осыны ки, лайсаң жерде жүрсең, аяғың су болмайды, — депті.
— Жарайды, жарайды, — депті қасқыр қарық болып, сонан соң ол етікті аяғына киіп алып, тайып тұрыпты.
Сонан соң қоян қоржынды алып, ішіне қолын тығып, бір мыс дабылды алып шығып:
— Сенің балаларың көп қой, мұны сенің үлесіңе берейін, алып барып даңғырлатып соқ, балаларың бір жырғап қалсын, — депті түлкіге.
— Жарайды, жарайды, — деп түлкі де мыс дабыл алғанына мәз болып, өз жөніне кетіпті.
Ең соңында бір қоржынбас әдемі қуырылған май бауырсақ қалыпты.
Көңілі алып ұшқан қоян мұны жалғыз өзім жейтін болдым деп үйіне бет алыпты.
Алдымен қырғауылға келейік. Салдың тымағын басына киіп алып қырғауыл дән теріп жеу үшін атыз басына келіпті. Басына киіп алған тымағы ерапайсыз шошақ, үлкен болып, көзіне түсіп, алдын көрсетпегендіктен, адамдар оны құйрығынан ұстап алыпты. Ол қанатын сабалап, жанталасып жүріп әзер дегенде құтылыпты, бірақ құйрығы жұлынып, солардың қолында қалыпты.
Ал қасқырға келейік, салдың етігін киіп алған соң, тірі жанға шалдырмаспын деп, қоралы қойды төңіректепті, шопан оны байқап қалып шоқпарын қолына ала ұмтылыпты, етікпен жақсы қаша алмай, аяғына шоқпар тиіп мертігіпті. Сонан аяғынан етігі түсіп қалған соң ғана әрең қашып құтылыпты.
Ал түлкішек, оның жағдайы да басқалардыкінен жақсы емес екен. Мыс дабылды ініне алып барған соң, күшіктерінің құз басында ойнап жүргенін көріп, мыс дабылды қағып-қағып жіберіпті. Ол асылында балаларын бір қуантайын деген екен, бірақ өмірінде мұндай даңғырды естіп көрмеген күшіктері шошып кетіп, түгел құздан құлап өліпті.
Қырғауыл, қасқыр, түлкі үшеуі бір жерге жиылып, қоянның өздеріне істеген қастығын сөз етісіпті. Қоянды тауып, кегімізді аламыз деп үшеуі даурығып жолға шығыпты.
Іннің аузында бауырсақты қомағайлана жеп отырған қоян, анадайдан қырғауыл, түлкі, қасқыр үшеуінің сұстанып келе жатқанын көріп, жағдайдың өзіне тиімсіз екенін сезген ол дереу жерден бір тасты алып, өзінің аузына өзі періп кетіпті. Тас «тақ» етіп тигенде, оның үстіңгі ернінен қан дір ете түсіпті. Сонымен ол қырғауыл, түлкі, қасқыр үшеуінің алдынан шығып:
— Ойбай! Салға келісіп алданыппыз. «Қараңдаршы, оның бауырсағын жеймін», — деп аузым дал болып, ернім жырылып қалды, ауырып жаным шығып барады, — деп безек қағады.
Бізді алдаған салдың өзі екен ғой деп, алдаған сөзіне әбден сеніп, сонымен, олар, қоянға тиіспей райларынан қайтып, өз жеріне кетіпті.
Бірақ сол күннен бастап қоян атаулы ұрпақтан-ұрпаққа жырық болып қалыпты.