Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Құмыр болған түйе

Алпыс тоғызыншы жылдың қысы ерекше қатты болды. Ақтүтек боран борайды да тұрады. Ауданның кейбір шаруашылықтарында талай қора босап, қойшылар таяғын ұстап қалды. «Қара қора болып қалдың ба? деген осы екен, қораның қой жатқан жерлері қап-қара болып қатқан қи ғана көрінеді. Қысқа ағаш ауданының партия комитетінің мал шаруашылығының мәселесін қараудан қолы бір босамайды. Бүгін мына совхозды қараса, кезекте анау колхоз тұрды. Қыстың қаттылығы сонша — айдалада бұзылған машиналардың жүргізушілерінің де қатып қалу фактілері болды. Мәлімет жинаған аудан басшылары да су жүрек болып алды. Күнде шаруашылықтардан «бір қора қоймен қойшы ығып кетті, үш күн болды, жоқ», «бір үйір жылқы жоғалғалы бес күн болды, хабарсыз» деген сияқты жан түршіктірер сөз жетіп, оның үстіне «алақашпа», «ұзынқұлақ» қосылып аудан мамандары да, басшылар да ығыр болып бітті.

Қысқа ағаштың барлық шаруашылығының мәселесі қаралды десе де болады. Осынша сақылдаған сары аязға бой бермей, малдан шығын бермеген жалғыз совхоз «Сеңгір» еді. Совхоз ауданнан алыста бір қиырда болатын. Әсіресе оған қыста бару үшін ең кемі екі машина жүретін. Шаруашылық бір бұдырсыз жалтаңда жататын. Егер таулы, адырлы, қырқалы жер болса, бір төбе болмаса, бір қойнауға тығылып, малды бораннан аман сақтар еді. Сондықтан да совхоз еңбекшілері табиғаттың рақымынан мақрұм болғандықтан, тек өз күштеріне ғана сенетін. Пішенін ерте жинап, қорасын жаз басынан жылылап, қысқа қамды күн ілгері қамтитын. Сондықтан болар көктемге бұл шаруашылық шығынсыз шығып, ауданның мақтанышына айналды.

Наурыз айы басталғанда малдың өлім-жітімі тоқтады да, барлық жағдай қалпына келгендей, мал шаруашылығындағы жайсыз хабарлар аз күнге болса да тыншығандай жайы бар еді. Аудан басшылары, мал мамандары «уһ» деп демін бір алған.

Нақ осы бір малдың індеті, өлім-жітімі саябыр тартып, қысқы қиын командировкалар азайған сәт көктем күніндей аяқ астынан бұзылды. «Сеңгір» совхозының бар түйесі қырылып қалыпты. Қашанда жаманат жатқан ба, «отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге жетіп», сыпсың сөз аудан мекемелері түгіл, бүкіл шаруашылықтарды аралап жөнелді. Кәдімгі ала қыстай аупартком секретари мен ауатком председателі барлық шаруашылық басшыларына үлгі ретінде алдына тартып отыратын «Сеңгір» совхозы. Және бір қора қой емес, бір үйір жылқы емес, бір табын сиыр емес, шаруашылықта бар түйе қырылып қалыпты.

Жасыратын несі бар, «мақтанған қыздың тойда» не бүлдіретінін жұрт біледі, «жұмысты Үсеновтей істеу керек» деп көзге түрткендей етіп көрсетіп еді, «көрінді оның дағы әуселесі» деп табалаушылар да табылды. Табалаушылар малдан мол шығын беріп, күн жаумай су болып, жел соқпай қураған, сөйтіп бір-бір «ақырғыны» арқалағандар болатын. Айтып айтпай не керек, олардың да ауданда достары, жекжат-жұраты бар, олар да бұған қосымша болып, айғайға аттан қоса түсті.

Бәрі әлгі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасындағы «Есірқара» атанып кеткен Қалақайдан шықты. «Еламанның таз қызына естір де қаш» дегендей, қолына бірдеңе тисе, бірді екеу қылып көбейтіп жіберетін, ел аман, жұрт тынышта дүниені дүрліктіріп жүретін Қалақай қолына түскен мәліметті байып-байыз демей ала жүгірді.

Жұмыстың көбі проценттеп есептелетін халық шаруашылығы есебі немесе сол кездері жиырма төртінші форма аталатын мәлімет бүгін, қалай екенін кім білсін, ең алдымен ауыл шаруашылығы басқармасының зоотехнигі Қалақайдың қолына түсіп еді.

Күнде қолды-аяққа тұрмай, таңертеңмен ауатком, аупарткомды бір аралап келмей орнына отырмайтын Есірқара кеше басқарма бастығы «орнында отырмайсың» деп ұрысқаннан болуы керек, бүгін ертемен кабинетінен шықпаған. Әйтпесе мұндай сәске болғанша оның кабинеті тарс жабық тұратын да, ол әр кабинетке бір кіріп шықпай кеңілі көншімейтін. Ал бүгін сағат тоғызда келісімен тыпыр етпей орнында отырды. Шашын бірнеше рет тарады, әнеукүні «Сарыкемер» совхозына барғалы бері суық тиіп, тізесі қақсап жүр еді, біраз соны уқалады, бет орамалын алып, аузы-басында ештеме жоқ болса да бірнеше peт сипалап шықты. Қалтасынан шылымын алып, оны уқалап, жұмсартты. Сонан соң оны тұтатуды ойлап, сіріңке алуға қалтасына қолын сала беріп ойланып қалды. Мүмкін сіріңке іздеген болып, бөлмелерге кіріп шықса ма екен. Жоқ тағы ұрсып жүрсе... Бір-екі күн ұмыттыра тұрғаны жөн.

Сонан соң ол сіріңкесін алып, шылымын тұтатып, асықпай ұзақ тартты. Қас қылғандай бүгін бұған ешкім кірмей қалыпты. Е, есебін тапты. Телефон трубкасын көтеpiп, барлық мекемелердегі тамыр-таныстың ешқайсысын қоймай түгендеп, қоңыраулатып шықты. Одан да жалықты. Басқа кеңселерге кірудің бүгін мүмкіндігі мол, өйткені басқармада өзінен басқа бастық жоқ. Бірақ кеше бастық ұрысқандықтан бүгін қозғалуға болмайды. Бәрін ұмыттыру керек. Кешегі ұрыс ескіріп, ұмытылған соң онды-солды кетуге болады. Ол енді не істерін білмей отырғанда, аудан малының есебі көзіне түсті. Ол дереу жиырма төртінші форманы алып, цифрларға көз тоқтата алмай, жыбырлаған санға үстірт қарап отырды.

Мынау не? Рас па? «Сеңгір» совхозының түйесінің өлімі жүз процент. Ойбай-ау, тігерге тұяқ қалмай қырылып қалған ғой. Масқара! Әлгі Үсенов бұлармен жүре сөйлесуші еді, енді міне, құдай қолға берді. Аман болса Қалекең оны енді шок басқан тайлақтай қылады. Ол не істерін білмей састы. Екі-үш күн болды көктемгі «ақпан-тоқпан» амалы басталып, түтеп тұр. Аудан бастықтарынан да ешкім жоқ, бәрі облыстық активке кеткен. Ол ақпарды алып аупарткомге тұра жүгірмек болды. Онда қайтып шыға алмай, мұны ешкімге айта алмай қалуы мүмкін. Одан да алдымен аудан мекемелеріндегі достарына «Сеңгір» жаңалығын жеткізіп, аупарткомге сонан соң барады. Ол телефон трубкасын көтерді.

Енді айтатындардың бәріне, желім ауыз, жез таңдайлардың құлағына тегіс тигізген соң, қолына қағазды ұстап аупарткомге жүгірді. Аупарткомның үш секретарь да жоқ. Бірінші облысқа, екеуі шаруашылықтарға кеткен. Ауаткомда да солай. Аупарткомдегі бүгінгі үлкен бастық ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы Елемес еді. Өзінше Елеместі өзі дәрежелес адам деп күнде жүрдім-бардым сөйлесетін Есірқара салып ұрып соған келсін.

Есірқара келгенде Елемес телефон трубкасы құлағында, даусы қарлығып, алысырақтағы совхоздардың бірімен сөйлесіп жатыр екен. Күшене сөйлегенінен болса да. әлде ертеңгі шайдан кейінгі бусану болса да, Елеместің екі самайынан тері ағып, бар даусымен бақырып, аупартком кеңсесін басына көтеріп жатыр. Екі өкпесін қолына алып жүгіріп келген Есірқара Елеместің ебіл-дебіл түрін көріп состиып тұрып қалып еді, оның сөйлесіп жатқаны «Сеңгір» совхозы болмағандықтан, «трубканы жерге қой» деген ишара білдірді де, ол қойғанша шыдамай:

— Масқара болдық масқара! Бүкіл ауданды масқаралады мына «Сеңгір». Сұмдық қой бұл, сұмдық! — деп айқайлайды.

Есірқараның айғайысыз да совхоздан түк ести алмай тұрған Елеместің құлағы қаңғырлап, басы зыңылдап кетті. Әйтеуір тегін емес екенін құлағына жеткен «масқара-масқара» дегеннен аңғарған ол, шықырлап-шықырлап кеткен трубканы қара тұғырға тастай берді. Елеместің трубканы тастауы мұң екен, Есірқара дарылдап-барылдап, зарлай жөнелді. Даусы тіпті құлақты жарып барады:

— Масқара болдық масқара! Мына мақтап жүрген «Сеңгіріңді» сен ұрыпты, бүкіл түйесі қырылып қалыпты. — Өрт сөндіргендей өліп-өшіп тұрған Есірқараның жүзін көріп Елеместің есі кетті:

— Не болды, не болды? — дегеннен басқаға шамасы келмей қалды.

— Міне, не болғаны. Қара мынаған. — Есіқара астын баттитып қызылмен сызып қойған, «өлген» деген графадағы «жүз процент» дегенді нұқып, шұқып көрсетті. Бәрі рас, «Сеңгір» совхозының түйесі түк қалмақ қырылып қалыпты. «Ойбай-ай, енді қайттік?» деп сасқан Елемес дереу телефон станциясына байланысып, олардан «Сеңгір» совхозымен үш күннен бері байланыс үзілген» деген хабар алды. Почтадағы қыздар жүз елу километрдегі «Сеңгір» түгіл, мына иек астындағы «Ермендімен» де байланыс болмай тұр деп хабарлапты. Елеместің есі шығып кетті. Оның есін шығарған совхоздың бар түйесінің қырылып қалуы емес. Есірқараның минут сайын айтқан «масқарасы» еді.

Елемес те басын қорғай білетін жігіт еді, сасса да, салбыраса да, бұл жағдайды облыстағы өз басшыларына хабарлауды ұмытпады. Ол оларды таба алмағанымен, обкомның ауыл шаруашылығы бөліміне айтып тынды.

...Облыстық активтегі Түскі үзілісте Қысқа ағаш аупарткомының секретары мен ауатком председателін президиумға шақырды. Бір бөлмеде обкомның бірінші секретарьі мен облатком председателі жеке отыр екен. Обкомның бірінші секретарь! аудан басшыларына олар отырмастан сөйлеп кетті және қысқа бұйырды:

— Аудандарында мал өлімі болса керек. Активті тастап, дереу екеуің де қайтыңдар. Жағдайларыңды түзеңдер.

Аудан басшылары біріне бірі қарады. Жаңа ғана активке кірер алдында ғана хабарласып «Бәрі орынша» деген мәлімет алып еді ғой. Япыр-ай, қыс күніне сенім жоқ-ау. «Зымыстанның бір күні қалса қорық» деп халық бекер айтпаған екен-ау деген оймен аудан басшылары машинаға келіп отырды...

Ауданның екі басшысы үйлеріне бармай, бірден аупарткомға түсті. Кеңсе іші әбігер. Не болғанын анық біле алмай күпті болып келген басшылар жағдайды білуге кірісті. Жандарынан өткен қызметкерлердің бәрі де екі бастықтың бетіне тура қарай алмайды. Өйтпегенде қайтсын, бастықтар жоқта бір мал, екі мал емес, бір совхоздың бүкіл түйесі қырылып қалды деген сұмдық емес пе! Және бұл бұрын малы өліп, шаруашылығы шайқалып тұрған совхоз емес, биыл қыстай ауыздан түспей мақталып келген және мал қыстатуды өткізу жөнінде аудан активтерінің әрқайсысы-ақ жақсы лебіз білдірген «Сеңгір» совхозы. Нағып қана екі тәуліктің ішінде бұларға топалаң келіп қалғанын кім білсін, «ақ шелегің түскір» түйелердің әйтеуір ақ шелегі түсіпті де. Е бұларда ақ шелек түседі дейсің бе, ең болмаса еті де жеуге келмейді.

«Сеңгір» совхозының түйесінің өлімі бар, оның үстіне басшылар ашулы кезінде кезіне түспеу керек деген қағида бар аудандық мекемелердің қызметкерлері өздігінен бүгін аупарткомге жоламады. Тек Есірқара мен Елемес екеуі ерекше бір ерен ерлік жасағандай екеуі аупартком секретарының кабинетіне қосамжарлай кірді.

Аупартком секретары Әділбаев түрегеліп әрі-бері жүр екен, шамасы күйініп жүрсе керек, ауатком председателі Байсалбаев секретарь үстелі алдындағы креслода үнсіз отыр, оның да қабағы тұнжыраңқы. Елемес жағдайды баяндауға сөйлейін деп жиналып келе жатыр еді, Есірқара көлденеңінен қойып кетті:

— Масқара болдық, масқара. Совхоздың бүкіл түйесі қырылып қалды. Ел аман жұрт тынышта, ең болмаса қысқы ақпан-қаңтарда болса екен-ау, көктем шығып қалғанда...

— Тұра тұрыңыз. Мен сізден сұраған жоқпын, — деді ашулы Әділбаев, мынаның орынсыз киіп кеткенін ұнатпай. Есірқара тосылып қалғанда барып, Елемеске жан кірді.

— «Сеңгір» совхозының бар түйесі қырылып...— деп, Елемес айта бастағанда аты жоқ, жөні жоқ ауатком председателі Байсалбаев күлкіні қойып көп берді:

— Ой, құдай ұрсын сендерді, өңкей тоғышар... — Ол ішін басып алып күлді. Аупартком секретарының да түсі жылып сала берді. Мұны Есірқара өзінше ұқты. Бұлар оның түйесі түгіл, басқа малы қырылып қалса да, оған шаң жуытқысы келмейді. Біреуі күліп, екіншісі жымиып отыр. Ал Елемес ештеңе түсіне алмай сүлесоқ тұрып қалды. Тікесінен тік тұр. Есірқара қайта тірілді.

— Сіз неменеге күлесіз. Совхоздың малының қырылуы Сізге күлкі сияқты. Жоқ бұл күлетін нәрсе емес, біз совхоздың директорын, партком секретарын, бас мамандарын тегіс телеграммамен шақырттық. Оларды тегіс орнынан алу керек...

Елемес бұл жерде бір кілтипан бар екенін біліп жым бола қалды. Нақ осы бір сәтте аупартком секретарының көмекшісі кіріп:

— «Сеңгір» совхозының басшылары келді, — дегенді айтты.

— Кірсін, бәрі де.

Түрлері кетіп, түстері қашқан совхоздың басшылары бір топ болып кабинетке кірді. Күлкісін баса алмай отырған Байсалбаевқа Есірқара жабыса түсті.

— Міне, көріңіз, қысы-жазы мақтаған совхозыңыз. Міне, сүйсінер болсаңыз, — деді де ол, Байсалбаевтың алдына бір бет қағазды тастай салды. Байсалбаев күлкісін тыйып, қатулана бастады:

— Жетеді, осы дүрліктіргенің де.

— Түйені қырып тастадыңдар ма? — деп, жымия сұрақ қойды аупартком секретарь! сылыңғыр, бозша жігіт Үсеновқа қарап. Үсенов жауап берудің орнына:

— Сол ма еді, тәйірі, — деп, сылқ етіп отыра кетті. Енді кабинеттегілердің бәрі күлді. Бұлардың күлкісіне күйініп кеткен Есірқараның даусы қайта шықты:

— Бұл не мазақ?

Енді асықпай совхоз директоры Үсенов орнынан тұрып маңдайынан терін сүртіп, жауап берді:

— Жиырма төртке келген жалғыз атан өз-өзінен солып, қартайғаны ма, орнынан тұра алмай қалды. Шалдардың бірі солма, бірі құмыр болды деген соң мұрнынан қойдың майын ерітіп құйдық. Шынымен құмыр болғанға ұқсайды. Майды жұта береді. Бірақ емнің ешқайсысы дару болмады. Өлді. — Ол тағы терін сүртті.

— Ол біреу ғой, басқасы ше? — Есірқара әлі кенедей жабысып болмады. Секретарь қабағын шытынды. Есірқараға тоқтаңыз деген ишара жасады. Ол «Секретарь, міне, ашуына мінді, қазір Байсалбаевтың да, совхоз басшыларының да сазасын береді» — деп ойлады. Жоқ, олай болмады. Әділбаев Есірқараға қарап сөйледі:

— Совхоздың барлық түйесі — жалғыз түйесі өлді. Құмыр болды, яғни майға құмыр болды, ал сіз Қалақай даурықпаға құмыр болғансыз, бар болғаны осы.

Сәлден кейін Қалақай-Есірқара еңсесі түсіп, мойыны салбырап аупарткомнан шығып бара жатты. Шамасы бүгін ол кабинетінен шықпай отыратын болар.

Ертеңіне аупартком мен ауаткомның «бұдан кейін өлген малдың есебі процентпен емес, санымен көрсетілсін» деген қаулысы шықты. Бірақ бір жаман жері Қалақайдың Есірқара деген жанама аты да ұмытылып, «Құмыр болған түйе» атанып кетті.

1987


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама