Құн
Өмір деген қызық қой,
Керек жерін сызып қой.
Қазақы қалжың
Ол қызулау екен, ащының буы болар, өзінше сал-сері сияқтанып көрінгісі келетіндей. Аузы қалың кірден сірне-сірне болған көнетоз шалбарының қалтасына қолын қайта-қайта апарғыштап тұр. Арасында:
— Арақ ішесің бе, коньяк ішесің бе? — деп менен көз алмай қоқиланып та қояды.
— Жоқ, екеуін де ішпеймін.
— Сен... Жайсаңсың ғой?
— Иә.
— Ендеше мен сенімен әдейі сөйлесейінші деп келдім.
— Рахмет.
— Ықылас-ниетіміз үшін... Есте жүрсін де...
Арақ ішпейтінім мұндай жақсы болар ма. Әйтпесе, кім біледі, қызды-қыздымен әдеп шекарасын аттап, байқаусызда бейтаныс бейкүнә жанның жанын жаралап тастауым мүмкін еді. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтардың» керімен өзін-өзі іштей алдап жүрген жан ғой. Мен оның сағын сындырып, жанын жаралағанда не ұтам. Онсыз да Құдайдан ауыр жаза алған.
Иә, Құдай бәрін көреді, бәрін біледі. Әр нәрсені өзінің орын-орнына қояды. Оған осы Мазиттің ащы тағдыры да бұлтарпас бір дәлел демекпін...
Мазит ауылдағы мынау деген ең сұлу қызға үйленген. Ай десе — аузы, күн десе — көзі... Құлын дене жүргенде сәмбі талдай солқылдайды. Білектей қара бұрым қозы құйрықтан төмен түсіп, өкшеге дейін жетіп тұр. Аялы да ойлы жанары көктемгі қара судың тұнығындай... Жалт етіп бір қарағаны жүрегіңді тесіп жібергендей-ау, шіркіннің.
Мазит те осал жігіт емес-тін. Орта бойлы, шымыр. Мінезі өткір де өктем. Бетіме жан баласы тіктеп қарамаса дейтін нағыз өзімшіл тәкәппар. Кеуде кернеген менмендігінен болар, келіншегі Ақнұрды адам түгіл, желдің өтінен де қызғанатын. Келіншегін қызғанатыны сондай, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылды. Күндіз үйден аттап шықса болды, мұның ізін аңдып жүрген біреу, бұл кетісімен жып беріп үйге кіріп алатындай, Ақнұрмен сұхбат-қызық құратындай көрінеді де тұрады. Шырт ұйқыда жатып, кенет шошып оянады да, оң жағын қарманады. Ақнұр орнында жатыр ма, жоқ па?.. Алда-жалда келіншегі дәретке шығып кеткендей болса, жүрегі су етіп тас төбесінен бір-ақ шығады. Мені Құдай ұрды деп ойлайды.
Жас жұбайын сонша қызғанатын себебі де жоқ емес. Сұлуды кім сүймейді деп, ол далаға шықса, қарсы ұшырасқан еркек заты оған сұқтанбай өтпейді. Үйге келетін келімді-кетімділер де ашықтан ашық көз сұғын қадаумен болар еді. Мұны көрген Мазит қызғаныштан ішіне шоқ түсіп, бір ысып, бір суиды. Тікенектің үстінде отырғандай қылпылдайды. Таз ашуын тырнақтан алады деп, кісілері кеткен соң, жазықсыз Ақнұрға тиіседі. Уыздай тоқ балтыры көйлек етегі астынан жарқ ете қалса да, ақ білегі жең ұшынын бір бұлаң ете қалса да аяқ астынан күйіп-пісіп шыға келеді. Алда-жалда Ақнұрдың біреуге қарап жымиғанын көрсе, табан астында көгеріп-сазарып талып қалуға бар.
Күйеуінің қазымыр-қызғаншақ мінезінен қорыққан Ақнұр болса, қазақ әйеліне тән ұяңдықпен оның ығын есіп, тіпті үстіне дұрыс киім де кимейді. Жаздың ыстығында да аяғынан жылы шұлығын, басынан орамалын тастамайды. Бөтен кісі көрсе, бетіне тіктеп қарауға да жасқанар еді. Дауыстап күлмек түгіл, жымиюды да ұмытқан.Мазиттің азын-аулақ дос-жарандары да оның қызғаншақ мінезінен, парықсыз дөрекі қылығынан сақтанып әрі жалығып, өзара емен-жарқын араласуларын қойып, бұл үйді анадайдан айналып өтетін болған-ды.
Бірде ауылға оқу бітіріп жас маман келе қалды. Агроном. Кекіл шашы жалбыраған, қараторының әдемісі, қияқ мұрт, қыр мұрын, жанары отты қаракөз. Мінезі еркін, жайдары екен. Сөзуар, әзілкеш. Түс әлетінде бәрі бірге шәй ішіп отырған ғой. Үй иелерінің қабағынан араларындағы бір үйлесімсіз қайшылықты сезді ме, бағзыдан жеткен бір ескі әңгімені айтты да салды. Былай: Бір кісі әйелін өлердей қызғанады екен. Қайда барса да әйелін қасынан бір елі қалдырмайды, үйде де көзінен бір сәт таса етпейді. Бірде кешкі апақ-сапақта әйел етке қамыр илеп жатады. Қызғаншақ күйеуі қасында отырса керек. Кенет әйел: «Ойбай, қайтейін-ай, дәретім кеп қалды. Қолым қамыр, дамбал бауымды шешіп жіберші», дейді күйеуіне асыға-аптығып. Қызғаншақ байы «туһ» деп күледі де, жұбайының айтқанын істей қояды. Зып беріп сыртқа шығып кеткен әйел арада біраз уақыт өткенде екі беті алаудай боп қызарып, жайнаңдап қайтып келеді.
— Мен істеп келдім, білесің бе? — деп сұрайды байынан.
— Ой, нәлет, не істеуші ең, дәрет сындырдың да, — дейді тыжырынған жаман байы ашуланған болып.
— Жоқ, — дейді күйеуін басынған құтырған қатын. — Көңілдесіммен жолығып, басылмай жүрген құмарымды тарқаттым. Ал дамбалымды сен оған өз қолыңмен шешіп бердің.
Сонда қызғаншақ байы санын соғып:
— Әйелдің Құдай өз ынсабына бермесе, аңдып та, тыйым салып та түк шығара алмайды екенсің ғой, — деп, бейшара тәубасына келген екен дейді.
Дастархан басындағылар қарқ-қарқ күліп жатты. Ақнұрдың екі беті әуелде нарттай болып қызарып кетті де, найза кірпіктерін желбірете ақырын ғана жымиған. Соның өзі аңдып отырған Мазиттің жанына шоқ түсірді. Тура басқа шапшыған есер қаннан құлақшекесі шыңылдап, көзі қарауытып кетті. Бірақ шыдады...
Бірде жұмысынан түскі асқа кешігіңкіреп келген. Үйге кірсе, келіншегі Ақнұр шынашағы майысып агроном жігітке шәй құйып беріп отыр. Қызу оттың лебіндей лап еткен қызғаныш толқыны Мазиттің бүкіл жан-дүниесін алаулатып алып кетті.
— Далада, аңызақта көп жүріп қалып қатты шөлдеппін. Ақнұр болса сенсіз маған шәй беретін түрі жоқ. Қоярда қоймай сұрап ішіп отырмын, — деген, егін жай аралап, жел қағып, күн жеп жүретін агроном сөзін естімеді де.
Шәй көңілсіз, шала-пұла ішіліп агроном жігіт шығып кетісімен Мазит жемтігіне ұмтылған қарақұстай бірден келіншегіне бас салды. Тісін шақыр-шұқыр қайрап, кіжініп боқтық сөздерді астау-астауымен төкпелеп, Ақнұрды құлап жатқан жерінде ішке-ішке тепкіледі-ай келіп, жұдырықтады-ай келіп. Осының бәрі аз боландай бір кезде оны далаға шашынан сүйреп шығарды да, жолай қолына іліккен арқанның бір ұшын Ақнұрдың белі мен мойнына екі-үш орап байлады да, екінші ұшын сөреде сұлы жеп тұрған ат құйрығына жалғады. Жемқапты лақтырды. Шылбырды шешті. Сосын атқа қарғып мінді де, ұлан даланы бетке алып, тебініп қалды...
Ақнұрдың кеудесінен жан шықпай тұрғанда қанша жер, жаны шыққан соң, қанша жер сүйреткенін өзі де білмейді. Бұл екі ортада болып жатқан сұмдықты ауыл көріп, естіп біліп дүркіресіп, біраз жігіт атқа қонып, Мазиттің артынан қуып, қаумаласып жүріп ақыры ұстап алмаса, есі кетіп елірген күйі Мазиттің әлі де сілікпесі шыққан өлікті құр сүйретіп шаба беретін түрі бар екен. Не пайда, қауым жұртты сұлулығымен де, сүйкімді нәзік қылығымен де тамсандарған Ақнұрдың тау тасқа соғылып быт-шыт болған ай жүзі — денесіне қараудың өзі аса аянышты әрі қорқынышты да еді.
Ауыр қылмыс жасалды. Кінәлі жазаға тартылуы керек. Бірақ Ақнұрдың жақындары адам таңғаларлық сабырлық көрсетті. Болар іс болды, өлген қайтып тірілмейді, Құдайдың басқа салғаны шығар десті.
Ақнұрдың қырқын берген соң, аға-інілері оңаша жиналып, орталарына Мазитті де шақырды. Қызғаншақ адам аңқау келетін көрінеді, араққа сылқитып тойғызады. Сосын бәрі жабыла кетіп, тырдай етіп шешіндіреді де, аяқ-қолын мықтап байлайды. Ағалардың үлкені Дәуіт хирург-дәрігер еді, пышағын жалаңдатып:
— Сен біздің сүйікті қарындасымызды жазықсыз қорлап өлтірдің, — дейді кіжіне сөйлеп. — Сүйегімізге өшпестей қара таңба салдың. Қанға — қан, жанға — жан, бірақ біз сені өлтірмейміз. Еркектік арың мен барыңды ғана аламыз. Жаман жаның өзіңде қалады.
Ышқына шыққан ащы айқай естіген жанның төбеқұйқасын шымырлатыпты.
— Енді сен еркек емессің, әтексің. Өмірден қызылкөзденіп тірі өлік боп өтесің.
Мазит бастапқыда өзінше намыстанып бүйткенше өлтіргендеріңнің өзі жақсы еді деп, біразға дейін бұлқынып бағады. У ішемін дейді, асылып өлемін дейді. Қайдағы... Бәрінен де жан тәтті екен... Қашан көрме, тойғанша арақ ішіп алып, өстіп буы бұрқырайды да жүреді. Тек бойжеткен қыз яки жас келіншек көрсе болды, әлгінің алдынан да, артынан да қадалып ұзақ қарап қалады. Оның бұл әдетінен әуелде ауылдың қыз-келіншектері үркіп-шошып жүреді де, аржағында дымы жоғын білген соң, кейін оны адам екен-ау деп мүлде елемейтін болады. Бірақ Мазиттің артына «қызылкөз» деген ат байланады.
Құн үшін төленген қазақы жазаның ең ауырын арқалап, мына жалған пәнидегі өлшеулі қысқа ғұмыры тым ұзаққа созылып, қор болып Мазит әлі жүріп жатыр деседі...