Құрсау
Көз ашқалы көргеніміз — Кеңестер Одағы. Тегін оқытты, тәрбиеледі. Бізге одан күшті, әділетті ел болған еместей көрдік. Еліміздің патриоты болдық. Дегенмен жүре келе, өмірдің қитұрқыларын көргеннен кейін, қазақтың, оның ішінде өз ата-бабамыздың басынан өткенін, Қазақстанның шын мәніндегі тарихын оқып-білгеннен кейін, әсіресе КСРО сынды алып мемлекеттің іргесі шіріп, өзінен-өзі шайқала бастаған сексенінші жылдардың белортасында казармалық жүйеде, құрсауда өмір сүріп келгенімізді пайымдадық.
Өткенге ой жіберсек, ол кезде баспасөз, сөз бостандығы болған жоқ. Мұны сол замандарда бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеген журналистер жақсы біледі. Баспасөзде құпияны сақтау бөлімі, былайша айтсақ цензура жарыққа шыққалы жатқан газет-жорналдар мен телехабарларға екі шұқып бір қарайтын.
Түрікменстанның Красноводск ауданында шығатын "Жұмысшы" газетінде жұмыс істеп жүрген кезім республикадағы химия өнеркәсібінің ірі ошағы — "Қарабұғазсульфат" өндірістік бірлестігінен көлемді мақала жаздым. Мақалада кәсіпорында шығарылатын дефолянт ертіндісі мақта жапырағын түсіруге қолданылады, ұшақпен жоғарыдан себілгеннен кейін әп-сәтте көгеріп тұрған жапырақ қурап қалады да, бұл мақтаны комбайнмен оңай жинап алуға мүмкіндік береді. Бірақ ауа мен суға, төңірегіндегі халыққа аса зиянды деген сөйлемдер бар еді. Баспасөзде құпияны сақтау бөлімінің редакторы "шақырып жатыр" деген соң барсам, аласа бойлы, сары кісі екен. Алдында газеттің ертеңгі санының беттері жатыр. Менің мақаламды жуан қызыл қарындашпен айғыздап қоршап тастапты. "Мына мақаланың авторы сіз болсаңыз, газет бетінен алдырып тастаңыз, бұлай ашық жазуға болмайды". "Неге?" Енді ол маған ызбарлана қарады: "Мен сізге айтып отырмын ғой, химиялық өнімнің қыр-сырын ашықтан ашық жазуға болмайды деп", — деді. Менің мақалам алынып тасталып, орнына басқа жағымды мақала салынып, газет кешігіп шықты.
Біздің ауылда парасат-пайымы, ой өрісі жоғары бір ағай болды, өзінің рұқсатынсыз атын айту ыңғайсыз болар. Сол кісі өз кәсіпорнындағы орын алып отырған келеңсіздіктер, басшылықтағы бармақ басты, көз қыстыларға қарсы күресті. Оны арызқой ретінде көрсетіп, жұмысынан босатты, қудалады да. Бірақ ол алған бетінен қайтпады. Бір күні "Правда" газетінде газеттің сол кездегі Түрікменстандағы меншікті тілшісінің, (ұмытпасам Курченко болуы керек) "По замкнутому кругу" (Тұйық шеңбер бойымен) деген сын мақаласы жарқ ете қалды. Сөйтіп, одағымыздың бас газеті ағамызды қорғап шықты. Жұрт газетті іздеп жүріп оқыды. Ауыл адамдары бас қосқан бір отырыста мақала жөнінде әркім әрқилы пікір айтты. Мен әділдігіне бағып, кәсіби журналист ретінде мақаланың орынды да жақсы жазылғанын айттым. Арамызда МҚК-нің жансызы бар екен. Қалай шұғыл қимылдайды десеңізші? Ертеңіне таңертең жұмысқа барған мені жедел түрде аудандық партия комитеті шақырды. Барсам, аупарткомның үш хатшысы, идеологиямен айналысатын лауазымды қызметкерлері жиналып отыр екен. Екінші хатшы О. Аннаовезов сөз алып: Сіз неге "Правдаға" шыққан мақаланы дұрыс дейсіз? Мен: Еліміздің бас газеті, КПСС-тің органы "Правда" — дұрыс жазбайды дегенге кім сенеді, сондықтан мен газеттегі мақаланы дұрыс жазылған деп ойлаймын". Ол: "Міне, мәселе қайда жатыр? Бәлкім, оның жан-жаққа арыз жазуына көмектескен де боларсыз. Қарапайым жұмысшының мақала жазуға сауаты жете бермесі белгілі" — деді. Мен: "Ол кісіні ауылдас, жасы үлкен кісі ретінде сыйлаймын. Сәлеміміз түзу, бірақ сіз айтып отырғандай байланысым жоқ". Сонымен біраз әурелеп қоя берді.
Екінші қабаттан басқышпен төмен түсіп келе жатсам, көрші ағамыз көтеріліп келе жатыр екен. Оны да шақырған-ау деп ойладым. Обалы не керек, ол кісі менің оған ешқандай қатысым жоқ екенін айтып, мен туралы жылы лебізін білдіріпті дегенін естідім.
Ол кездерде жиналыс-жиындарда сөйленетін сөздердің өзі сүзгіден өтетінін жасы үлкендер жақсы біледі. Осындай жайларды еске ала отырып, демократияның адам баласына жайлы бостан лебі есіп, Қазақстанның дербес, тәуелсіз ел болып, көк байрағын желбіретіп өркениетке қадам басқанына мың бір тәубе дегім келеді. Қазақтың басына құрсаулы қоғам енді ешқашан төнбесе екен деп жаратқаннан тілеп өтемін.