Сынықтың пірі
1. СӨЗ БАСЫ НЕМЕСЕ БІР ҮЗІК СЫР
Қазақтан сөз қалған ба? «Жақын әулиенің қадірі жоқ» дегені бар. Бала кезден көріп өскен әрі ағайын Қанатбай көкеміздің (әкемнен бес жас үлкен, сондықтан көке дейтінмін) атақ-даңқы тірісінде-ақ түрікмен елінің өзі тұратын Красноводск (қазіргі Түрікменбашы қаласы) төңірегіне ғана емес, берісі Маңғыстау, арысы Ташкентке дейін асқақтап тұрса да, ол туралы қалам тербеу ойға келмепті. Тіпті, дертіне дауа іздеп, сонау Мәскеу мен Ленинградтан келіп жүргендерді де көргеніміз бар. Каспий теңізі мен оның іргесін қуалап, сілемдері Балқан тауына жалғасатын Құбатаудың арасындағы алып қазан шұңқырда шүпірлеген, шулы қаладан бойды аулақ салып, шөбі шүйгін Қайып ата жерінде өзінің азын-аулақ малын жайып қана отыратын көкеміздің жатаған үй-жайының алды қашан көрсең жалт-жұлт еткен машина мен кезек күткен адамнан арылмайтын. Құдайдың құдіретінде шек жоқ қой, қаншама мықты болғанмен шынтуайтқа келгенде кім-кімді де тізе бүктіретін таразы-тағдыр қайыс қара шалдың алдына келместі келтіргенінің талай куәсі болдық.
1977 жылғы маусымда менің әкем қайтыс болды. Қанатекең жеделдес інісінің жаназасын өзі шығарып, бар кәдесінің басы-қасында болып, атқарды. Марқұмның қырық күндік садақасы ыссыға тап келді. Ми қайнатар ыстық күн көзіне түскенді күйдіріп барады. Бар шаруаны жайғасып, киіз үйдің керегесін түріп, шайға енді отырғанбыз. Жүзі таныс бір жігіт босағадан ымдап мені сыртқа шақырды. Үстіндегі киімінен-ақ ауруханада емделіп жатқаны көрініп тұр. "Осында Қанатекең бар деген соң келіп едік", — дейді. Оның сырт жағында көлеңкелеп жиырмаға жуық адам отыр. Бәрі аудандық ауруханада жатқандар екен. Көкейімдегі "күн ыстық, әлі шай ішкен жоқ, ол кісі қабылдай алмайтын шығар" деген жауапты қинала тұрып айттым. Ол да: "Жарайды, ендеше", — деді де, көлеңкеге беттеді. Ішке кіріп, орныма жайғаса бергенде Қанатекең менен: "Жайшылық па?", — деп сұрады. Мен жағдайды қысқа айтып, ауыз жиғанша: "Ойбой, ниет қойып келген ауру адамның бетін қайтармас болар. Келе берсін", — деді. "Көке, әуелі шәйіңізді ішіп алмайсыз ба?" — дегенімде бетіме ажырая бір қарады да, тарамыстанған қағілез денесін ширақ қозғап, жүрелей отырды. Сопақша жүзінің иек тұсына біткен сұйықтау сақалын бір сипап, білегін түріне бастады. Бітіңкілеу көзін ашыңқырап, маған жанарын тіктегенде орнымнан ұшып тұрыппын. Бұл кейпінде ол маған томағасын сыпырып, шың басына қонақтаған мұзбалақтай елестеді. Алдындағы шәйін ысырып қойып, әлгі келгендерді қарауға кірісті. Біз де күттік. Жұрт тарап, көңілі жайланғасын ғана шәй ішілді. Көкенің мен қашаннан байқаған бір әдеті қаралуға келген адамның қолына қарап, "бәлен әкел, түген әкел" демейтін және ол біреуден бірдеңе сұраған екен дегенді де естіген емеспіз. Сонда да жұрт орамалын, тиын-тебенін ұсынып жатады. Кейін сол арадан балалар, үй жинаған келіндер көрпешенің астынан, төсеніштің жиегінен "ақша тауып алдық" деп, мәз болып қалатын.
— Темір шырағым, — деген еді сонда Қанатбай көкем, — сырқат адам келіп тұрғанда шай ішпек түгілі, мен шыдай алмаймын. Оны қарап, көмектескенше асығамын. Мына саусақтарды көрдің бе (ол етсіз ұзын саусақтарын тосты), менің негізгі құрал-аспабым осы, ауыратын тұсты дөп басамын, әсіресе, сыныққа келгенде құдай қырсықтырмаса, мүлт кетпеймін. Ал адамның іш құрылысына келгенде, қазіргі заманғы, жетілген құрал-аспапқа сүйенген дәрігердей қайдан болайын, дегенмен, келген адамның сағын сындырған емеспін, Алла сәтін салып, ауруынан жазылып кетіп жатқандар баршылық. Мұнда әсіресе, халықтық ем-домға жүгінемін.
— Көке, алғаш сынық салғаныңыз есіңізде ме? — деп сұрадым.
Ол жүзіме күлімсірей қарады да, ойланып қалды.
— Әкем сынық салатын. Ол кісіден көргенімізді көкірекке түйіп өстім. Сосын осы өмірдің өзі үлкен мектеп қой, тезіне салады, үйретеді. Ал сынықшылыққа соғыста жүргенде ден қойдым. Сталинград майданында от пен оқтың арасын кешкендей болдық.
Бірде күні бойы жау жағы күш алып, үсті-үстіне шабуылдап, окоптан бас көтертпеді, гүрілдеген жау ұшақтары, ызыңдаған оқ, гүрс-гүрс жарылыс. Бұйрық — жау әскерінің жолына қазықтай қағылып, бөгеу. Көртышқанша бүкеңдеп, алға жылжыған фашистерге оқ жаудырамыз. "Жалмауызға да жан керек" дегендей, олар бас бағып, тынышталғанда біз бас көтеріп, жан-жағымызға қарап, бір-бірімізге тіл қатамыз, әскери құтымыздан таңдай жібітеміз. Әбден қалжырағандық болар екі көзім удай ашып, кірпіктерім жабысып қалғандай аштырмайды. Сөйтіп жатып қалғып кетіппін. "Әй, балам-ай, орныңнан тұр, қасыңдағы жолдасыңа қара, қол ұшыңды бер!" — деп әкем аян беріп, еңкейіп келіп бүйірімнен түрткендей болды. Шошып ояндым, түсім екен. Жақын жерден жарылған снаряд құлақ тұндырды, окоптың іші ала шаң, сонадай жерде бебеулеп жатқан жауынгер жолдасыма көзім түсіп, жанына бардым. Жарықшақ оңдырмай тиген сол аяғының сау-тамтығы жоқ. Әп дегенде жүрексінсем де, шөлмектей шытынап сынған сүйектерді абайлап, іштей ата-баба аруағына сиынып, кірісіп кеттім. Өйтпегенде ше, санитар жетіспейді, көмектесер жан жоқ. Сынықты өзімше сипап салып, аяғын қозғалып кетпестей ғып таңып тастадым да, санитарларды іздеп, шақырдым.
Осыдан кейін-ақ бойымда бір құдірет күш пайда болғандай еді. Жаралыны көрсем көмекке бейім тұратын болдым.
Тағы бірде жау саябырсыған кез, бізге басқа шепке ауысуға бұйрық жетті. Айтылған бағытты бетке алып келеміз. Қаусап, үңірейген қабырғалары ғана қалған үйдің жанынан өте бергенімізде топталып тұрған бірнеше матросты көрдім. Белгісіз бір күш мені солай қарай сүйрей жөнелді. Саптан жырылып шығып, жақын барсам, әскери-теңіз флотының жоғары шенді бір офицері сұлап жатыр. Аяқ астынан сап ете түскен маған жанындағылар таңырқай қарайды. Мен ауырсына ыңыранып жатқан жаралының кеудесін көтердім, бір иығын оқ пәршелеп, төс сүйегі зақымданған, сипап көрсем, қос қабырғасы сынғанға ұқсайды. Жігіттерге түсіндіріп, әуелі күтірлеп тұрған иығын сылап орнына салғандай болдым, білегін шалма әдісімен мойнына ілдім де, төс сүйегін алақаныммен басып қалып ем, шытыр етіп орнына түсті, ішке кіріп кеткен қабырғасын уқалап көтергендей болдым. Содан бар білгенімше матростардың берген шүберегімен шандып, таңып тастадым. Жедел госпитальға жеткізу қажеттігін тілім жеткенше жанындағыларға айтып, сүріне-қабына жөнеле беріп ем, офицердің бірі: "Товарищ боец, задержитесь, нам бы хотелось знать вы откуда?"— деді. Асыға жағдайымды баяндап, әскери бөлімімді, аты-жөнімді айттым да, жөніме кеттім. Бағытымнан жаңылмаппын, бөлімшемді тез тауып алдым. Ұрыстың сәл де болса, тыншу тапқан кезі еді, сол бойда командиріміз мазалай қойған жоқ-ты. Бірақ ертеңіне кешқұрым комбат өзіне шақырды. Ішімнен "кешегі сұраусыз кеткенімді білген ғой, қайтер екен?" деген оймен барсам, командиріміздің жанында әскери-теңіз флотының формасындағы көрікті офицер отыр. "Өзіңіз сынығын салып, көмек көрсеткен капитан-лейтенантымыздың үлкен өтінішімен келдім. Бұл еңбегіңіз жоғары жаққа хабарланады. Ал, әзірше біздің флот командаваниесінің Алғыс хатын қабыл алыңыз", — деп қолымды қысты. Командирімізге мен туралы айтқан-ау деймін, содан кейін оның ілтипаты мен қамқорлығын сезіндім.
Бір сөз бір сөздің қуғыншысы дегендей, әңгіме болсын деп айтып жатқаным ғой. Сонымен сол Алғыс хат пен теңізші офицердің сәлем хаты менде әлі сақтаулы да шығар...
...Осылайша Қанатбай көкем маған сыр шерткен еді. Онан бері міне, жиырма жеті жыл өтіпті. Уақыттың жүйріктігіне сөз бар ма? "Жақсының жақсылығын айт..." дегендей, өткен күннен қалған бір белгі ғой деп баяндап отырмын.
2. ЖҮСІП БЕРДІҒҰЛҚЛЫ ЖАНҰЗАҚОРТЫҢ АЙТҚАНЫ
Қанатекеңнің сынықтың нағыз пірі екенін мына мысалдан да білуге болады. Бір күні оны Красноводскінің қалалық ауруханасына апатқа ұшырап бас сүйегі сынып, ес-түссіз жатқан әзірбайжан жігітіне көмекке алып барған. Қанатекең әлгі жігіттің төбесінің шашын ұстарамен жып-жылтыр етіп алдырған. Сонан соң сынғаннан іш жағына қарай кіріп кеткен төбесін өзінің аузымен сорып, орнына келтірген. Осы көріністі көрген адамдар: "Сорған уақытта Қанатекеңнің мойны шар болып кеуленіп кетті", — дейді. Содан жаңағы жігіт жазылып шығыпты.
Қанатекең қабырғасы сынып, орнынан қозғала алмай жатқан адамдарың көбінің сынықтарын аузымен сорып орнына келтіретін.
Бір күні мынадай жағдай болыпты. Қанатекеңе Небит-Даг қаласынан шықшыты шығып, аузы арандай ашылып, жабылмай тұрған бір қазақ жігітін әкеледі. Ол аузын қатты ашып есінегенде жақ сүйегі орнынан шығып кетіп, аузы ашулы күйінде қалыпты. Қанатекең қасындағы адамдарға "Қазір мынау менің саусақтарымды тістеп алатын шығар" деп қолын әлгі жігіттің ауызына салып, жақ сүйектерін шұқи бастапты. Бір мезгілде ол қолын жігіттің аузынан тез алып қалыпты. Сол уақытта арандай ашылған ауыз Қанатекеңе "салаумағәлейкум" деп, сәлем беріп жабылған көрінеді.
Тәжімағамбет шалдың Сұлтан деген немересі маған мынадай бір әңгіме айтып еді. 1971 жылдың жазында оған басы бір жағына қисайған орыс кісі "Москвич" машинасымен келіп, Қанатекеңе ертіп апаруын өтінеді. Ол ұшқыш екен. Мойнының күре тамыры ауыратын болып, ақырында басы бір жағына қисайып кетіпті. Дәрігердің емінен еш пайда болмапты. Сонан Қанатекең жарты сағат бойы оның мойнын үздіксіз уқалаған соң, қисайған басы қайтадан өз орнына келіпті. Сол мезгілде әлгі ұшқыш кісі қуанғаннан жылап жіберіпті.
Қанатекең кейде кейбіреулерге "ауыратын себебі жүрегің қорқып қозғалған екен, сондықтан жүрегіңнің тұсына тірі торғайды бас" дейтін. Тұрған деген әйел басынан кешкен мынадай жағдайды айтып еді. Ол бір жаман ауруға тап болыпты. Аурудың асқынғаны соншалықты енді өлетін шығармын деп уайымдай бастапты. Ақыры Қанатекеңе барыпты, ол кісі "жүрегіңнің тұсына тірі торғайды басып тұр да, ұшырып жібер" депті. Үйге келгесін торғайды ұстауды ағайын-туғандарына тапсырыпты. Бірақ біршама уақыт өтсе де, ешкім торғай ұстай алмапты. Ал ауруы болса, үдей беріпті. Жаздың бір күні бөлме терезелерінің желдеткіштері ашық тұр екен. Бір мезгілде бөлмеге желдеткіштен бір торғай ұшып кіріп, төсекте жатқан жаңағы әйелдің жүрек тұсына біраз жабысып тұрып, қайтадан сол желдеткіш арқылы сыртқа ұшып шығып кетеді. Содан кейін жаңағы әйел ауруынан жазылады. Ол: "Торғай болып жүрек тұсыма қонған Қанатекеңнің аруағы шығар" дейтін.
Қанатекең өмірінің соңғы бір жылында сал болып науқастанып жатты. Ауыр науқасқа ұшыраса да, ақыл-есі дұрыс еді. Бірақ, мезгіл-мезгіл "астымдағы кішкентай баланы алып тастаңызшы" дейтін. Мен кейде кішкентай бала сол сірә Қанатекеңнің аруағы болар деп ойлайтынмын.
Әкем айтатын (Жүсіптің әкесі Бердіғұл білімдар, молда кісі еді. Автор): "Емшілерге барғанда тазаланып, аруақтарға сиынып бару керек. Емшіге ниетін дұрыс салмай барған адамға ем қонғанның өзінде, оның зардабы сол емдеген адамның өзіне тиіп, ауру қылуы мүмкін", -деп. Сондықтан шығар, кейбір бақсы-балгерлердің анда-санда кейбіреулерді қабылдамай тастайтыны. Ал қайран Қанатекең болса, күндіз болмасын, түн болмасын, ауырып жатыр деген адамға кәрі демей, жас демей көмегін тигізу үшін жүре беретін, жүре беретін. Ол бүкіл емшілік өмірінде ауырған адамға және оның туған-туысқандарына ешқандай талап та қоймайтын еді, еңбегіне ешқандай ақы сұрамайтын. Жан-жағын қаумалап отырған барлық ауруларды өзінің жағдайына қарамай таң атқанша қарай беретін. Қанатекеңнің осындай ерекше адамшылық қасиетін, асыл ниетін мынадай мысалдан көруге болады. Бірде Қанатекең Красноводскіден Ақтауға құдалыққа келеді. Осы құдалықтың үстінде оны адам емдеуге Жетібайға алып кетеді. Осының өзінен-ақ Қанатекеңнің қарапайымдылығын көруге болады. Ол көмек сұрай барған адамға еш уақытта, қандай жағдай болса да "болмайды" дегенді айтпаған.
Ол сынықшылық, емшілік қасиетімен қатар, дінге берік үлкен молда да еді. Он үш жасынан бастап намаз оқып, ораза ұстаған. Ол кейбір ауруларды ішірткі жазып беріп те емдейтін. Бұған мен өзімнің отбасымның басынан өткен бір мысалды келтірейін. 1985 жылы қаңтар айында бес жасар қызымыздың іші қатты ауыратын болды. Дертінің күштілігі соншалық, ауруы ұстаған кезде жаны қиналғандықтан басын еденге ұратын. Денесінің қан тамырлары жарылып, ішіндегі, қол-аяқтарындағы тұстары қарайып, тері асты қанталап кететін. Әуелі осы қаладағы облыстық балалар ауруханасында емделді. Бір айдай жатқаннан пайда бола қоймағасын, Қанатекеңе апарайын деп шығарып алдық. Сол мезгілде Қанатекең автоапатқа түсіп, мертігіп қалды да, лажсыздан қызымызды Маңғыстау стансасындағы темір жол ауруханасына салдық. Бір айдай жатты. Күн сайын глюкоза жіберіледі, бірақ одан пайда болмады. Емдеуші дәрігер: "Енді ештеңе істей алмаймыз. Алматы не Москваға апарыңыз", — деді.
Сол уақытта Қанатекеңнен "баланы алып келсін" деген хабар келді. Әйелім Қанатекеңнің үйіне баланы апарып, үш күн қонып қайтты. Барған бойда-ақ ата ішірткі жазып беріп, ішкізіпті. Сол үш күн, үш түнде қатты ауырыпты. Сонда Қантекең: "Аурудың өршеленгені жақсы, себебі ол баланың бойынан қашайын деп, ішірткімен ерегесіп жатыр", — депті. Айтқандай-ақ, осында келгенде қызымыз ауруын қолмен сылып тастағандай сап-сау болды. Сонда сонша ауырған сәбиімізді үш күннің ішінде дертінен құлантаза айықтырып берген Қанатеке атаның аруағына тағы да бір тәнті болған едік.
Сырқаттанғанды емдеп, қамыққанды аялап, адамдардан жәрдемін аямаған қайран Қанатекеңді ел де жұмыла бас иіп сыйлайтын. 1968 жылы Қанатекеңнің Алтыбай есімді жалғыз ұлы қайтыс болғанда, Красноводск маңындағы күллі қазақ жұрты атамен бірге қайғырғаны есімізде.
Әңгімемнің соңында Қанатекеңнің өзіме айтқан мына әңгімесін келтіре кетуді жөн көрдім. Ол 1985 жылы ақпанда жол апатына тап болғанын жоғарыда айтып өттік. Сонда ол ауруханада жатып ес жиыпты. Байқап қараса, омыртқасы және екі қабырғасы сынған екен. Содан өзінің жақсы көретін бір сынықшысын шақырыпты. Ол кісі бір сағаттай омыртқасын қарап, бірақ одан ештеңе шығара алмай, ақырында: "Қанатеке, маған бір нәрсе бөгет болып, сынық салынбай тұр", — депті. Содан қатты налыған ата сынған қабырғаларын емшіге көрсетпепті. Біраз ауруханада жатқаннан кейін дәрігерлерге "мен не де болса, үйде болайын, жіберіңдер" депті. Үйге келгесін де он шақты күн өтіпті. "Бір күні қасыма екі қария келіп, арқамды сипап қарай бастады, — дейді Қанатекең. — Бір мезгілде сынған тұс сарт ете түскенде қатты шошып ояндым — бұл түсім екен. Абайлап қарасам, омыртқамның сынығы орнына түсіпті. Содан соң екі қабырғамның сынығын өзім салдым", — дейтін жарықтық..
3. ШЕГЕМ ҚОЖАГЕЛДІ ШӘУДІРҚЛЫНЫҢ АЙТҚАНЫ
Біз Қанатбай сынықшы тұратын Қайып ата жерінен төрт-бес шақырым жердегі Қиянды ауылына таяу теңіз жағасында, кемелерге тұз тиейтін айлақта тұратынбыз. Қанатекең ауылына жиі барамыз. Көлігіміз көбінесе мотоцикл. Бірде үйдің жанында тұрған шынжыр табан трактордан үйілген құмға секіріп ойнап жүрген балаларға еріп, Мақпал деген қарындасым тобығын шығарып алыпты. Жақсылық деген қолы ұсынықты ағам иманды болғыр "шыққан буынын салдым" деген-ді. Бірақ бала жылап қоймаған соң, мотоциклдің қорабына салып алып, Қанатекеңе тарттым. Оның мал жаятын өрісін білетінмін. Баланың аяғын көрген ата күліп жіберді: — Ау, баланың сау аяғын таңып қойған қай сынықшы? — деді де, шыққан тобығын уқалап салып берді. Бақсақ, Жакең ағамыз сәбидің сау буынын таңып қойыпты ғой.
Бізге жекжаттығы бар Қанатекеңмен оны-мұны сұрастырып, әңгімелесіп отырғанымызда жалт-жұлт еткен ақ "Жигули" таяқ тастам жерге келіп тоқтай қалды. Жүргізуші қазақ жігіті екен, келіп сәлемдесті де, машинаның артқы орындығында жамбасын шығарып алған орыс әйелдің отырғанын айтты.
— Жерге түсе алмай ма? — деді Қанатекең.
— Ата, өзіңіз көріңізші, — деп жүргізуші жымиып күледі.
Қанатекең машинаға таяғанда есік ашыла кетті. Ішінде отырған нән ақсары орыс әйелі ақсақалды көріп:
— Ата, здраствуйте, — деді. Аурудан болар өңі күреңітіп кетіпті.
— Здрәсти, қызым!
Қанатекең жанына барып, оның жай-жапсарын сұрастырды, мен де көмектесіп әйелді машинадан түсірдік. Түйенің жарты етіндей ірі екен. Сынықшы басын шайқап, аурудың ұршығын, буынын ұстап көрді де: "Қызым, сен ертең таңертең үйге кел, жамбас сүйегіңнің буыны тайған, мынадай жағдайда салу өте қиын. Мына аяғыңа күш салмағаның жөн. Ептеп ертеңге дейін шыда", — деп, біраз ақыл-кеңесін айтып, шығарып салды.
— Япырай-ай, бір саны кісінің беліндей, мұның жамбасын салу оңайға түспес,— деді де, маған бұрылып, — сен бізге күйеу екеніңді білесің бе, қазір ауылыңа жүре бер, жолшыбай біздің үйге соқ. Келінге айт, екі күн түнеп келетін ала сиырға су бермесін, қораға қамап, тұзын көптеу қылып жем салсын, жүре бер, қалай да айтарсың, — деді. Айтқанын орындадым.
Таңертең Қанатекеңнің ауылына тағы жолым түсті. Кешегі ақ "Жигули" де келіп тұр екен. Келіп қаралушылардың аяғы басылған мезетте Қанатекең кешегі әйелді қарай бастады.
— Ала сиыр қорада ма, суарған жоқсыңдар ғой? — деді.
— Жоқ. Шөлден қабысып, өлейін деп мөңіреп тұр жарықтық, — деді келіні.
— Жақсы болған екен, біз қазір ала сиырды суарамыз, — деді.
Бәріміз сыртқа шықтық. Атаның жігіт болған бір немересі ала сиырды жетелеп алып шықты. Үш күн су ішпеген жарықтықтың іші әбден қабысып кеткен, мөңіреп суға ұмтылады. Қанатекең сиырды бас жібінен тартып ұстап тұрды да, үйден көрпеше алдырып, үстіне жапты. Атамыз не істегелі жүр дегендей бәріміз аңтарылып қараймыз. Содан орыс әйелге қарап:
— Дочка, иди сюда, не бойся, — деді. Шошып кеткен әйел:
— Ой, я боюсь, я не смогу, — деп безек қақты. Біздің жан-жақтан кеу-кеулеуімізбен ғана қорқасоқтап сиырға жақындады. Көмектесіп, жабыла көтеріп әйелді сиырға мінгіздік-ау, әйтеуір. Қанатекең дайындап қойған жібімен әйелдің екі табанын сиырдың астынан түйістіріп, мықтап тартып, сірестіріп байлады. Біріміз әйелді ұстап, біріміз сиырды жетелеп, құдық жанындағы су астауына келдік. Әйелдің отырысын, жіптің байланғанын мұқият қарап шыққан сынықшы:
— Ал енді суды құйыңдар, — деді. Шөлден өлуге келген ала сиыр ештеңеге қарайтын емес. Көзі аларып, астау толы суға бас қойды. Көріп тұрмыз сиырдың қарыны әп-сәтте үрген шарға ұқсап қампиып барады. Бір кезде бірдеңе сырт ете түсті. Әйел "ох" деп айқайлап жіберді. Қанатекеңнің жүзіне күлкі үйірілді: "Орнына түсті",— деді де, шиеленіп қалған жіпті кездікпен кесіп жіберді. Ептеп әйелді жерге түсірдік, алғашында ақ тер, көк тер болып ауырсынған ол аяғын аңдап басып, жүріп кетті. Сондағы оның атаға деген риясыз алғыс сезімін айтсаңыз, сөз жетпейді ғой. Көріп тұрған жұрттың бәрі қуанып, әйелдер көздеріне жас алды.
Бұл менің есімде қалған бір оқиға ғана. Ауыл арасы жақын болғандықтан мұндай жайлардың талайын көрдік. Мен қазір ойлаймын, енді осы Қанатекең сияқты адамдар дүниеге келер ме екен? "Алтынның қолда барда қадірі жоқ" деген осы-ау...
4. БЕРІШ ҚҰДАЙБЕРГЕН КӨПЕКОВ МАРҚҰМ АЙТҚАН-ДЫ
Шағадамнан Бекдашыға шығатын үлкен асфальт жолдан шығысқа қарай Қайып ата жеріне бұрыла жөнелетін сан машиналар шұбаған керуенге ұқсайтын. Олардың ат маңдайын тірейтіні — Красноводск қаласының солтүстік-батыс тұсындағы Қарабауыр еңістігінің батыс бетіндегі Қайып ата қосқатын мекендеген "Қанатекеңнің ауылы" деп аталатын қасиетті орын. Дертіне дәру іздеген жандар Қанатекеңнің шипалы бармағынан ләззәт тауып, жүздері арайланып, қуаныш сезіміне бөленіп, көтеріңкі көңіл мен келген көліктеріне мініп, қайта аттанып жататын. Осындай дүбірге бөленген ат төбеліндей төбешік үстінде өмір шамы жанып тұрғандай сезілетін еді.
Қанатекең халық емін кейінге жалғастырған, сан сырқатқа шапағатын тигізген, сынықтан сарнағандардың жанын жай таптырған шипалы қол сынықшы, талантты тәуіп еді. Оның көзі тірісінде Красноводск қаласы мен ауданының жұмысшы кенттері мен малшы ауылдарының әрбір шаңырақ отбасы мүшелерінің емделмегені кемде-кем шығар. Бұл өңірден басқа да — қазақ, өзбек, түрікмен, қарақалпақ, әзірбайжан елдерінен, Ресейден келіп сан ұлт өкілдері емделген.
Ұлы Отан соғысы кезінде қан майданда жүріп, ауыр сынық жарақатын алғандарды дәрігерлерге жеткенше сынығын салып үлгерген. Сол бір қиын сәттерде хирургтерге жәрдемдескен. Тоқырау заманы кезінде тоқтай шапқан жүйріктей көсіліп сілтей алмаған.
Алайда, халық Қанатекең бойындағы қасиет-дарынын пайдаланған.
Менің ауру кезімде осы кісіге емделгенім бар-ды. Жабырқау жаныма медет берген жақсылығына орай, кезінде, 1981 жылдың 31 шілдесінде Қанатекеңе арнау өлең жаздым. Тәуіптер тізгінінің тежеулі кезінде жазылған бұл өлеңнің ой тебіренісі болса да, толғауы толық тасқындамаған шығар. Бүкпелі дәуірде жарыққа шықпаған бұл өлең сол жылдардың өзінде-ақ жыршылар аузына ілігіп, ел арасына ептеп тарап кеткен жайы бар.
Сол бір архивімде сақталған "Халық емшісі Қанатбайға" деген өлеңімді оқырман қауымға ұсынғым келеді.
Жәй көзге сіз қазақтың қара шалы,
Бойыңа бұқаралық жарасады,
Соншама қарапайым болсаң дағы
Даңқыңыз асқар таумен таласады.
Көрсетсең қасиетпен тамашаны
Қатерден қам көңіл жан әрі асады.
Шаршы төр, киелі орын — отбасыңнан
Келгендер риза болып тарасады.
Ерекше адамшылық қасиетің
Еліңе арналды бар асыл ниетің.
Кереметтей көреміз өзіңді біз,
Қастерлеп, жұмыла жұрт бас иетін.
Аурулар қамаласа жан-жағыңды
Батырдың дертке дауа бармағыңды
Сарнаған, бебеу қаққан, сынғандарға
Қолма-қол сан көрсеттің аруағыңды.
Емдедің, қамыққанды аяладың,
Ұдайы жәрдеміңді аямадың,
Сырқаттан сауыққандар еш ұмытпас
Сіздей бір жанға шипа сая бағын.
Жүрсең де ел-жұртыңмен біте қайнап
Атынды аңыз етті бүкіл аймақ.
Емсектік, сынықшылық талантыңа
Бір емес талай ұлттың өкілі айғақ.
Тілейді қалың елің саулығыңды,
Армандайды: "ұзақ өмір, сау күніңді"
"Сыйға-сый, сыраға-бал",-дегендей-ақ,
Халқың бар көтерердей тау жүгінді.
Бабаңнан қалған өзің-қарашаңырақ
Орнаған басыңызға тамаша бақ,
Кейіннен аңыз қылар жас ұрпақтың
Өмірін талай қалдың арашалап.
Дерт келсе құдіретпен құмарланған
Уәлилер өтті аруағын бұлғалаған,
Осы кез зайырыңа ел таң қалып,
Көпшілік деп ойлап жүр жұмбақ адам.
Емессіз қара бақсы — сарыны жыр,
Біртуар сіз халықтың дарыны бір.
"Бұрынғы білгірлердей аруақты", — деп
Айтады адай елі — қарымы нұр.
Уа, жұртым жақсыңды енді көрші міне!
Бұл күнде елдің тиген еншісіне.
Көп көңіл аз ғана бір сөз арнадым
Халықтың қадірменді емшісіне.
Әр дәуір әупірімін берер ме екен?
Мұндай жан дүниеге келер ме екен?
Япыр-ау, Қанатекең қасиеті
Кейіннен ұрпағына ерер ме екен?
5. СӨЗ СОҢЫ НЕМЕСЕ РУХЫҢМЕН ҚАМДАЙ ЖҮР, КӨКЕ!
Атағы жер жарған сынықшы һәм халық емшісі ретінде қалың бұқараның құрметі мен ілтипатына бөленген Қанатбай Боқайұлы кеңес үкіметі тарапынан ықыласқа, қолдау-көмекке ие болды десек, асыра айтқандық болар еді.
Алпысыншы жылдары Красноводск қалалық ауруханасының ел аузында жүрген, білгір дәрігер-хирургі Светлов (аты есімде жоқ) қана сынықшының ерекше қабілет қарымын бағалап, ауруханаға ауыр сынықтармен түскендер болса, кейде Қанатекеңді арнайы шақырып, кеңесіп тон пішкендей келісіп, бір-бірін түсініп жүріпті. Журналист, марқұм Жарылқасын Ыбырашұлының бір айтқаны есімде: "Бала кезімде, —деді ол, — велосипедпен таудан төмен зулап келе жатып оңбай құлап, жауырынымды сындырып алдым. Қанатекеңе апарып салғызып, жақсылап таңып берсе де, біреулердің айтуымен ағайым қалалық аурухана хирургі Светловқа алып барды. Ол сынған жауырынымды олай-былай қарап, алаңдайтын ештеңенің жоқ екенін, сынықтың орнына түскенін айтты. Мынау ақсақалдың қолтаңбасы ғой, тек сол ғана осылай ғып таңатын еді"— деп сұрады. Мен: "Иә, сол Қанатекең" — деп едім, маған қарап: "Что еще тебе надо", — деп шығарып салды".
Алайда Светлов қайтыс болды да, оның орнына келгендер Қанатекеңнің ел ішіндегі абырой-беделінен қауіптенді ме әлде көре алмастықтан ба, әйтеуір оны ауруханаға жолатпауға тырысты. Автомашина апатына ұшырап немесе басқа жағдаймен ауыр халде ауруханаға түскендерді көрсету үшін олардың туған-туыстары сынықшыны палатаға жасырын кіргізіп жүретін. Онымен де қоймай шаш ал десе бас алатындар, орган қызметкерлері оның үйіне тексеру жүргізіп, адам емдеуіне үзілді-кесілді тыйым салған кездерін де білеміз. Бірақ оған баруын халық тоқтатқан емес, айылын жиған Қанатекең де болмады. Бірде, өзім куә болған мынадай жағдайды айта кеткім келеді.
Түрікменстандағы Балқан облысының орталығы Небит-Даг қаласында ұмытпасам, сексен үшінші жылы атеистік тақырыпқа арналып үлкен аймақтық конференция өтті. Оған елдің батысындағы аудан-қалалардан идеологиялық жұмыспен айналысатындар түгелдей шақырылыпты. Красноводск аудандық партия комитетінің идеология кадрларының құрамында менің де (ол кезде аудандық "Жұмысшы" газетінің бөлім меңгерушісімін) қатысуыма тура келді. Облыстың бірінші хатшысынан бастап, республика астанасынан келген ғалым-идеолог, атеистердің күні бойы әңгімесі-әулиеге түнеуге, бақсы-балгерлерге, жалпы дінге қарсы ымырасыз күрес жүргізу. Олардың соңын ала облыстық санитарлық ағарту мекемесінің басшысы түркімен әйел шығып сөйледі. Ол әңгімесін айта келіп, сөз реті факті мен мысалға тірелгенде Қанатекеңді тілге тиек етті. Жүздеген адамның көзі бізге қадалғандай үш-төрт қазақ күмілжіп отырмыз. Сондағы айтатын уәжі "санитарлық жағдай сақталмайды, арнайы медициналық білімі жоқ болса да адам емхана-аурухананы қойып соған ғана барады, бұған қашан тоқтау болады, тиісті органдар қайда қарап отыр" дегенге саяды. Мұндай әңгіме айтылады деп тіптен күтпеген мен булығып, тамағыма өксік тірелгендей болды. Не де болса артын күттім. Енді көсіле бастаған әлгінің сөзін артқы жақтан шыққан " тоқтатыңыз, ондай әңгімеңізді!" деген өткір дауыс пышақ кескендей тыйды. Сілтідей тынған жұрт "бұл кім өзі" дегендей жаппай артқа бұрылды, қаба сақал, кезінде көзәйнегі бар ірі орыс кісі екен. Залдың ортасына қойылған микрофонға келіп: "Сіз ондай байыпсыз әңгіме айтуды тоқтатыңыз — деді қайталап-білесіз бе сіздің қазіргі дәрігерлеріңіз оң аяғы сынғанның сол аяғын таңып қояды, ешқандай білігі жоқ надан адамдар бүкіл медицинаны жайлап барады. Ал, ол ақсақалға келетін болсақ, нағыз сынықшы, емсек, қолы шипалы жан. Мен өзім ол кісіге емделдім және оны жақсы білемін, өйткені Красноводскіде туып-өстім. Оған мен ғана емес бүкіл халық барады, тіпті мына президиумда отырғандардың да оған бармағандары жоқ шығар. Оның несін жасырамыз, нанбасаңыз, өздерінен сұрап көріңіздер, — деп қолымен президиумды нұсқады да, сөзін жалғады, — сондықтан да халыққа пайдасын тигізіп отырған кісілерді орынсыз кінәлағанша қолдау керек, шама жетсе үйреніп, үлгі алу керек".
Еңсемді басқан зіл омырылып түскендей, көзім жасаурап ризалық көңілмен қаба сақалға жалтақтап қарай беріппін. Осылайша сан ұлттан құралған халықтың зор ілтипатына бөленген қазақтың қарапайым қара шалы — Қанатбай көкем үшін төбем көкке тигендей шалқып, Балқан тау баурайындағы шаһарға симай кеткендей болып едім-ау... сонда мен.
Осы орайда көпшілік білгісі келер деген ниетпен Қанатекеңнің Үрім-бұтағына білгенімше тоқтала кеткенді жөн көрдім. Оның руы Жеменейден Кедейдің Ақшасы. Құлұлы Боқайдан бес қыз, Бөлекбай, Қанатбай, Рахмет есімді үш ұл дөреген екен. Бөлекбайдан Дауылбай болып онан әрі жалғасса, інісі Рахметтен Бисен, Тыныштық, Таңат олардың бала-шағасы болып ұрпақ өрбіп жалғасуда. Сөз ретінде айта кеткен жөн. Бисекең Ұлы Отан соғысының ардагері, маңғыстаулық майдангерлер сапында Астанаға дейін барып, құрметке бөленген ағамыз жасы сексенге келсе де қала өміріне, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге ат салысып келеді. Қанатекеңнің жоғарыда айтып өткен бес апасының бірі атақты ақын-жырау Сүгір Бегендікұлының зайыбы.
Ал, Қанатбай көкемізге келетін болсақ, ол 1900 жылы Маңғыстаудағы Сартас ауылында дүниеге келеді. Отызыншы жылдардағы аласапыранда көптеген қандастарымыз сияқты, қағынан тайған киіктей атажұртынан ауа көшуге мәжбүр болып, Қарабұғаздағы сульфат, Қулымаяктегі тұз кәсіпшіліктерінде жұмыс істейді. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына қатысып, Сталинград түбіндегі қанды шайқастарда бірнеше жерінен жараланады. Бет-аузы мен бөксесін жарықшақ жарақаттап, бір қолының ортан саусағын жұлып кетеді де, мүгедек болып елге оралады. Содан зейнетке шыққанша Красноводскідегі мұнай өңдеу зауытында жүкші болады. Зайыбы — Сүйіндік руының Бұқарынан Қалмұрат қызы Әдемі. Қанатекеңнің отбасында Алтыбай атты ұлы мен Ақбала, Ағілес, Ағілен деген қыздары өсіп, тәрбиеленді. 1927 жылы дүниеге келген Алтекең қырық бір жасында, ал қызы Ағілен мен Ақбала да кейін дүниеден озды, екеуінен де ұрпақ бар. Қазір Ағілес апай Жаңаөзен қаласында тұрады, ардақты әже.
Жуырда ғана Қанатекеңнің Ақтау қаласындағы 28-ші шағын ауданда тұратын немересі Алтыбайұлы Орынбайдың шаңырағында болдық. Жасы елудің белортасына келіп қалған Орекең " Маңғыстаумұнайгазға" қарасты Қаламқас кен орнында еңбек етеді екен. Кідір жеңгей екеуі қызды қияға, ұлды ұяға қондырып, ұрпақ өсіріп отыр. Орекеңнің анасы 78 жастағы Бибіжан жеңгей де осында екен.
— Сүйіндік руының Бұқары Қалдыбектің қызымын,— деді ол өз әңгімесінде, — осы шаңыраққа 1945 жылы келін болып түстім. Алтыбаймен түтін түтетіп, он үш құрсақ көтердім. Оның жетеуі ұл да, алтауы қыз болды. Ұлдарымнан қалғаны осы Орынбайым ғой. Ақшұқырдағы Мергенбайым мен осы қаланың сегізінші шағын ауданында тұратын Дүйсенбайым үйлі-баранды болғаннан кейін қайтыс болды, шүкір артында бала-шағалары бар ғой әйтеуір. Біздің қазіргі жағдай осы, шырағым...
"Әйгілі сынықшы, халықтың шипагер тәуібі Қанатбай Боқайұлы 1989 жылы 89 жасында дүниеден озды. Өзінің ізі қалған, малын жайып, ой-қиялға берілген жұпар жусанды қыр-белесіне, талайларды емдеп алғыс-сауабын алған ауылына тақау Қайыпатада мәңгі тыныстап жатыр. Қазақстаннан шыққан ұзақтығы 500 шақырымдық үлкен жолдың Шағадамға құлар тұсында тоқтап, Қанатекеңе дұға бағыштап өту оны білетіндердің әдетіне айналған. Түбі шайтан болмаса пенде атаулының ертелі-кеш бақилық болары хақ қой. Осындайда ғұламалар "Адамның артында үш нәрсе қалады",— дейді екен. Оның бірі ұрпағы, екіншісі — өнері, үшіншісі — кісіге жасаған жақсылығы. Құдай көпсінбесін Қанатбай көкеміз де осының үшеуі де бар, қазір оның немере-жиендері, шөберелері, отау тігіп үй болды. Өнері — сынықшылығы, емсектігі, оның бұл қасиеті туралы естеліктер, деректі әңгімелер, тіпті ауызекі аңыз-әфсаналар баршылық. Ал, саналы ғұмырында адамға жасаған жақсылығы ұшан-теңіз.
Отызыншы жылғы ойранда кір жуып, кіндік кескен жерінен амалсыз көшіп, көрші түрікмен елін мекендеген, орыс, түрікмен, армян-еврей, әзірбайжан-татар, т.б. қоян-қолтық қоныстанған көп ұлтты өлкеде қазағымның атақ-абыройын асқақтатқан, құрсау іспетті жабық қоғамда қаншама теперіш көрсе де, мәрттігінен танбаған, ақ жүріп, анық басып, ар-намысына дақ шалдырмаған Қанатбай көкеміз жайында көкейімізде көптен жүрген осынау жазбамызды оның рухына бағыштадық.
Тірлігінде шапағат иесі атанған қайран қара шал — Қанатбай көке, әзірше қолдан келгені осы болды!