Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Есенғали шайыр

Маңғыстау тарихта өзінің елдігімен, ел қорғаған батырларының ерлігімен, бүгінгі мол қазынасымен ғана емес, өзіндік айшықты өнерімен де ерекшеленген өлке. Сазгерлік пен әншілік, ақындық пен күйшілікті шебер ұштастырып, халықтың ілтипатына бөленген "Адайдың жеті қайқысының" өзі неге тұрады?

Маңғыстаулық шайырлар — осыдан екі жүз жыл бұрын өмір кешкен Абыл Өтембетұлының одан кейінгі Нұрым Шыршығұлұлының, Ақтан Керейұлының, Қашаған Күржіманұлының, онымен үзеңгілес Сәттіғұл Жанғабылұлының шығармалары бүкіл қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылып, ұрпақ мұрасына айналды.

Осынау ұлы бабаларымыздың жыраулық жазба әдебиеті арасындағы алтын көпірі, өлкеміздің бүгінгі ақын-жырауларының ақсақалы, соғыс және еңбек ардагері, қадірменді ағамыз Есенғали Бөкенбаев 2001 жылы 80 жасқа толды.

Есағаңның өмір жолы оның өлең-жырларынан көрінісін табады.

Ақын әйгілі Мұрын жыраудың 130 жылдық мерекесіне арнаған толғауында:

Мұрын ата мен өзім,
Маңғыстауда туғанмын,
Жетім қалып әкемнен
Көздің жасын жуғанмын,
Өлместің күнін көруге,
Белімді бекем буғанмын.
Отызыншы жылдары
Ашаршылық зарпынан
Көршілес түрікмен еліне,
Жаңғақтының жеріне,
Жағдайсыздан кеткенмін.
Ерте есейіп, ес кіріп,
Қиындықтан өткенмін,
Айналайын ағайын,
Айтайын несін өткеннің,
Ыссылы-суық өмірдің
Бәрін тастап соңыма,
Бұл күндерге жеткенмін,

— деп өзі айтқандай, Есағаң Маңғыстаудың Жетібай маңындағы "Айрантақыр" деген жерде дүниеге келген. Қасіретті 1932 жылы он бір жасар ол әкесі Жадырасыннан айырылады. Оның үстіне өзіне сүйеніш тұтып жүрген әкесінің ағасы Отарбай да дүние салады. Анасы Бибіш үйелмелі-сүйелмелі, ұл-қыздары Есенғали, Талшын, Үзіл мен Ұлбөпені ертіп, көршілес түркімен елінің Красноводск қаласына көшіп барады. Әуелі туған жері Қызық мектебінде, одан кейін Красноводскідегі қазақ интернатында оқыған балаң Есенғали отбасының күнелітісі үшін жастығына қарамастан жұмысқа тұрып, анасына сүйеніш болады. Сөйтіп, жүргенде соғыс басталады.

Бала кезінен жыр жаттап, Абыл мен Ақтанға, Қашаған мен Сәттіғұлға еліктеп өскен, көкірегінде ақындықтың оты, құдай берген тума дарыны бар Есенғалиға ұлы дүрбелең, ауыр сын кезең әсер етпей қоймайды. Сөйтіп, 1941 жылы Красноводскідегі "Жұмысшы" газетінде оның алғашқы "Жоямыз жауды" атты өлеңі жарық көреді.

1942 жылы небәрі жиырма бір жасында Ұлы Отан соғысына аттанған Есағаң Европаның көптеген қалаларын жаудан азат етуге қатысады. 1944 жылғы қыркүйекте "Майдан ақиқаты" газетінде жарияланған өлеңінде ақын:

Шынықтырып құрыштай
Мені Отан өсірді.
Өз жерінде дұшпанға,
Салмақшымын кесірді.
Қарапайым қазақпын,
Сүймейтін мен мақтауды,
Қайыра тасқа салғандай,
Қаруым сайлы саптаулы.
Ұясында немістің,
Аянбай соғыс саламыз,
Тырнағынан жауыздың
Тұтқындарды аламыз,

— деп жазады. Сол бір жаралы да жалынды жылдарда ел үшін от кешкен ағамыздың өңіріндегі қос "Қызыл Жұлдыз" ордені мен көптеген медальдар жауынгерлік ерліктерінің айқын куәсі.

Ұлы Отан соғысы аяқталып, майданнан Красноводскіге оралған Есағаң бейбіт еңбекке араласып, халық шаруашылығының түрлі саласында абыроймен еңбек етеді. Арада төрт-бес жыл өткеннен кейін ғана өзінің кіндік қаны тамған Маңғыстауына жол түседі. Сонау балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен ауыр жылы ата жұртынан ауып кеткен Есенғали ағамыз өзінің жүрекжарды сағынышын "Туған жерім — Маңғыстау" атты тебіреніске толы толғауымен жеткізеді.

1948 жылғы қазанда Каспий теңізі шығыс жағалауындағы шаруашылықтарының бір топ балықшылары теңіз төсінде сұрапыл дауылға ұшырап, адуын толқынмен, арыстанша алысады. Теңіз дүлейіне қарсы тұра алмай тоғыз қайық суға кетіп, алпыс үш адам мерт болады. Ақын балықшылардың осы ерлігін баяндайтын "Тоғыз қайық" дастанын жазып, ерлерге өлеңмен ескерткіш соғады. Бұл дастан ел арасына кеңінен тарайды.

Есенғали ақын алғашқы балапан жыры жарық көрген сонау 1941 жылдан бері өлең өрнектеп, жыр толғап келеді. Жырларының тақырыбы да, сыр-сипаты да, құрылымы да әр қилы. Нақылдық термелер, арнаулар, тебіреністі толғаулар, төрт тағандар сияқты жүрекке жылы дүниелер.
Кез келген өнер түрі, оның ішінде өлең де тәрбие құралы. Ақынның жаман әдеттерден жирендіретін, жағымсыз қылықтардан бойды аулақ салуға шақыратын, адамгершілік пен адалдыққа үндейтін туындылары жеткілікті.

Сәттіғұлдан бата алып,
Еліме ақын атанып,
Жыр нөсерін төккенмін,
Баспаларға бастырып,
Жыр сүйетін қауымға,
Сөз ұрығын сепкенмін,

— деп ақын өзі жырлағандай Есенғалидың өлеңдері баспасөз беттерінде 60 жылдан бері жарияланып келеді. 1977 жылы ел ақындарының "Шұғыла" атты жыр жинағына топтама өлеңдері енеді. 1991 жылы "Жазушы" баспасынан "Тоғыз қайық" деп аталатын жыр кітабы шықты. Ғалым, өлкеміздің өнерін зерттеуші Қабиболла Сыдиықов: "Атыраудағы жыраулық дәстүр мен жазба әдебиеті арасындағы Халық ақыны", деп бағалаған Есенғали Бөкенбаевтың есімі Маңғыстау асып, түрікмен, қарақалпақ елдеріне мәшһүр болды. Толғаулар мен термелерін жыршылар той-мерекелерде де жиі орындайды. Ақынның қысқаша өмірбаяны "Қазақ Совет энциклопедиясына" және "Маңғыстау" энциклопедиясына енді. Белгілі жыршы Мақсат Аяпов орындаған Есағаңның жыр-дастандары "Тоғыз қайық" деген атпен үнтаспаға жазылып, көпшілікке тарауда.

...Есағаңды мен бала кезімнен білемін. Ал, жақын қарым-қатынасымыз жетпісінші жылдардың басында басталды. Әлі есімде бір күні ол "Жұмысшы" редакциясында қызмет істеп жүрген журналист Есберген Іңірбаев екеумізге телефон шалды. Батыс Түрікменстандағы ірі өндіріс ошағы, қазір үлкен облыстың орталығы — Небиттау қаласының телестудиясы шағадамдық қазақ ақындарын қонаққа шақырып отыр, соған баруымыз керек екен. Бізді сол қалада тұратын ақын Равель Майданов қарсы алып, үйінде қонақасы берді сонда Есағаң. Жігіттер басқа ұлттың арасында бүкіл қазақтың туын көтереміз, абайлаңдар", — деп ескертумен болды. Тіпті біздің оқитын өлеңдерімізге дейін тыңдап көріп, саралап, төмендеу дегенін оқытпады. Бұл оның өлең өнеріне немқұрайлы қарамайтындығының бір ғана мысалы. Жалпы Есағаң түрікмен елінде қазақ тілінде шығатын бірден-бір газет — "Жұмысшыға" үлкен жанашырлықпен қарап, оның бетінен жылт еткен жақсы нәрсе көрсе, қуанып қалатын. Кейде "Бала мына өлеңіңе Ленин комсомолы сыйлығын беру керек", — деп телефон шалады, бұл оның риза болғандағы әдеті. Ал, жарияланған татымсыз нәрсеге, өлеңде кеткен әріп қателерге ренішін жасыра алмайтын.

Қайда жүрсем де қызмет бабымен Ақтауда, Бейнеуде, Жаңаөзенде жүріп, Красноводскідегі Есағаңмен арадағы хат-хабарымыз үзілген емес.

Шағадамда тұрып, қызмет істеген жылдары еңбек демалысын туған жері Маңғыстауда өткізетін Есағаңның туған жеріне арналған жыр-толғаулары көп-ақ Соғыс кезінде жазған сондай бір өлеңі Форт-Шевченко қаласының өлкетану мұражайында көптен бері тұр.

Өрлетіп, алып ұшып жігерімді,
Барады шаттық кернеп жүрегімді,
Өзіңнен туып-ұшқан перзентіңмін,
Табамын туған жерден тірегімді.
Жетібай, Өзенім мен ару Теңге,
Қалалар сап түзеген құба дөңде.
Санасам сан жетпейді байлығына
Маңғыстау мәшһүр болды барлық елге,

— деп жырлайды ол "Маңғыстау көтерді алтын шаңырағын" деген өлеңінде.

1985 жылдың тамыз айында мен Красноводскіден Ақтауға көшіп келіп, облыстық "Коммунистік жол" қазіргі "Маңғыстау" газетіне жұмысқа тұрдым. Үш жылдан кейін жаңа қызметке үйренісіп, газеттің мәдениет бөліміне меңгеруші болып жүргенімде Маңғыстау облысы таратылды. Бұл пәтердің кезегінде үш жыл тұрсам да, үй ала алмай, пәтер жалдап, баспанасыз жүрген маған оңай тимеді. Қатты қиналып, көңілді мұң басып, "Туған жерді аңсау немесе ақын аға Есенғали Бөкенбаевқа хат" деген толғау өлең жаздым. Сағынышқа толы бұл өлең көп ұзамай-ақ "Жұмысшы" газетінде жарық көрді. Кешікпей сол газетте Есағаңның "Ақын ініме" атты жауап өлеңі де жарияланды

.. .Ақындар қайда жүрсе де,
Қызметін еткен елінің.
Арманы болмас адамның,
Ақтаса елдің сенімін.
Тоғышар мен менменнің,
Баса білсе желігін.
Қамқоршысы халқының,
Қиындықтан қаймығып,
Іздемес істің жеңілін...

— деген жыр жолдары маған күш-жігер беріп, кездескен қиыншылықтарға мойымадым.

1991 жылдың күзінде Красноводск қаласы мен ауданында ақын Есенғалидың 70 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Әлі есімде қарашаның 8-інде Жаңаөзен қаласының әкімі Сұлтан Ноғаев, қалалық кеңес төрағасы Рахман Исаев бастаған отызға жуық ақын-жыршы, термеші-әншілер тойға қатынастық. Қала орталығындағы Мәдениет сарайында мерекелік жиын, ертеңіне ауданның Хасан ауылының жанында ат бәйгесі өтті.

Төмендегі арнау өлеңім ақынның сол тойында оқылып еді:

Тіл мен дін, өнеріне алып теңдік,
Танытқан қай кезде де байыпты елдік,
Шашу ғып тойыңызға, ақын аға
Сәлемін Маңғыстаудың алып келдік.
Жасында қимай оны көшкен едің,
Сиынып аруағына өскен едің,
Ұлына ақ сәлемін айтып қалды
Кір жуып, кіндігіңді кескен елің.
Байлықтың "қара алтынды" өзегінен,
Ақын мен батыр шыққан кезегімен
Жиылып ақын, жыршы келіп қалдық,
Әлемге әйгілі қала Өзенімнен.
Шалдарым ақ тілеуін арнап қалды,
Әулием үш жүз алпыс қолдап қалды.
Бұл тойдың дүбірі жетіп түбегіме
Атағың аспанымда самғап қалды.
Тізгінін бекем тұтып текті жырдың,
Сөздерің ұрпағыңа жетті бүгін,
Шынайы ізбасары өзің аға
Қашаған, Ақтан, Нұрым, Сәттіғұлдың
Ақынның олқы түспес қандайынан,
Жыршының жыр боп аққан таңдайынан.
Өзіңдей перзенті бар халқымыздың
Ешқашан бағы таймас маңдайынан.
Жаныңды баурап ылғи өрісті өлең,
Әр таңда жыр-пырақпен көріс дер ем,
Шабытың қарт Каспийдей буырқанып,
Әр күнің өте берсін жеңіспенен,

— деген тілегіміз қабыл болды ғой деймін міне, одан бері он жыл өте шығыпты. Ақын қазір мұнайшылар қаласында тұрады. Сексеннің сеңгіріне келсе де, Есағаң қаламын тастаған жоқ. Жасының ұлғайғанына, денсаулығының кейінгі жылдары сыр бере бастағанына қарамастан газет-журналдарды қалт жібермей оқып, қолына қаламын алып, өлең жолдарын тізбектеп отырады.

Кезінде Адайдың Сәттіғұл сынды жыр дүлдүлінен бата алып, ел арасында "Есенғали шайыр" атанып, алпыс жылдан астам уақыт бойы жыр толғаған жауынгер ақын Есенғали Бөкенбаев міне, тағы бір белеске көтеріліп отыр. Елімен бірге тыныстап, халқының жақсысына сүйініп, жаманына күйініп, жас ұрпақ тәрбиесіне өзінің өлең-жырларымен, ақыл-кеңесімен үлес қосып келе жатқан қадірменді Есағаңа бар жақсылықты тілей отырып, сексенің құтты болсын, әлі де жастан жасқа жете бер, Маңғыстау ақындарының ақсақалы дегіміз келеді.

Қыркүйек, 2001 ж.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама