Сарнауық жеңгей
Жаздың басы. Күн ыссы. Демалыс күн. Таудағы дачада түске дейін күрекпен жұмыс жасадым да, жуынып - шайынбаққа төменге, өзен бойына түстім.
Жер қазып, еңбек еткен адамның түрі белгілі: аяғымда тарпылдаған кирзо етік, бұтымда жұмыс істегенде киіп жүрген былғаныш көне шалбар. Кеуде жағым әдейі күнге күю үшін тыр жалаңаш. Ал басымда бір кездегі әдемі формасынан түк қалмаған, сап-сары боп қаңсыған сабан қалпақ. Басы көзім шаң-топырақ. Бетімде, жалаңаш денемде тердің қап -қара тарам-тарам, іздері.
Түрім осы. Бір қолымда қаңғырлаған бес шелек, екінші қолымда сабын, ысқырып өлең айтып, ағаштың қалың арасынан өзен бойына сопаң етіп, шыға келдім.
Әлгі ара кішкене ғана ашық алаң, бауырларын күнге қыздырып жайылып жатқан қой тастар. Тастың біреуінің үстінде дәл бет алдымда басындағы орамалын қолына алып, бетін желпіген, өзінен-өзі ентіккем бір әйел отыр.
Көздері бақырайған, жақ сүйектері шығыңқы, екі беті солыңқы бұл әйелді танитын секілдімін. Бірақ дәл кім екенін жөппелдемеде есіме түсіре алмадым. Сонда да қалт тұра қап:
— Есенсіз бе, — деп сәлем бердім.
Әйел ернін болар болмас жыбыр еткізді. Маған адам емес, жабайы аң көргендей біртүрлі тікірейе қарап қалған.
— Иә, жеңгей, бұл жақта қайдан жүрсіз?
— Жүрмін, — деді де, таныс жеңгей менің бас-аяғыма шолып қарап алды. Содан соң автоматша атылып сарнап сөйлеп жөнелді:
— О, қалыптарын құрсын. Күндерің құрысын бүйтіп көрген. Бұл деген не сор, не азап? Не күн туды бастарыңа!..
Мен, шынымды айтсам, алғашында не болғанын түсінбей, шошып далдым. Тек қалшиып тыңдап тұрмын.
— ...мен - дағы дача дегенге рақат екен десем. Не жол секілді жолы жоқ. Әлгінде автобустың ішінде жұрт сығып, өлтіріп қоя жаздады. Дача деп, байимыз деп жүргендерің осы ма? Жетіскен екенсіңдер. О, бүйткен байлықтарың құрысын!..
Сарнауық жеңгей тоқтайтын емес. Зығырданы қайнап, кімге тиісуді білмей отырса керек. Құдай сол кезде мені айдап әкеліп берген. Менің жай ғана жүз таныс біреу екенімде шаруасы жоқ, ол енді уытты тіліп төпеп төге жөнелді.
Сөз сарыны әлгідей.
Әйелдің кім екені сап етіп есіме келді. Мм, Омекеңнін жұбайы ғой. Баяғыда бір рет үйінде де болғам. Облыстық мекемелердің біреуінде ірілеу кызмет атқаратын Омекең биыл анау дөңнің үстінен дача салуға участок алған. Көктемде азын-аулақ ағаштар отырғызып, оқта-текте демалыс күндері келіп, шұқылап еңбек еткен болып жүретін.
Иә, соның әйелі. Бірнеше рет көшеде де көріп, амандасып өтетінмін. Сарнауық әйел сарнап әлі сөйлеп жатыр:
— ...сен жасап алды деп еді ғой, қайсы? Анау ма? Байыған түрің сол ма? Тұқымы құрсын бүйткен байлықтарыңның. Дача, дача деген соң көрейін деп келсем. Не басында көлеңкелеп отыратын үйі жоқ. Не қасында іргесінде ағып жатқан суы жоқ, Қу тақыр. Жарты сағат отырып ем, төбемді күн тесіп, еңіске қарай түсем деп, қурайға шөлкиімді жыртқызып... құрсын, құрсын! Кәсіптерің осы болса, тұқымы құрсын! Қудан көрсет» несін!..
Әйелдің көкезу, ақымақ әйел екенін мен жаңа түсіндім, Сонда да болса дача турасындағы оның бәтуасыз, ғайбат сөздеріне өзімше тойтарыс бергім келіп:
— Жеңгей, сіз дача дегенді мүлдем басқаша түсінеді екенсіз. Дача деген ол байлық табатын орын емес. Үйді де, жолды да өздеріңіз жасамасаңыз біреу жасап бере ме?
Мені тыңдайын деп жатқан әйел жоқ, Маған сөз де беретін емес. Сөйлегенде және бетінің бұлшық еттері жыбырлап кетеді екен.
— ...мына түріңе қарашы. Сұмдық! Не басыңа күн туды? Неден қысылдың соншалық? Жазушы деп сені кім айтады.
— Әй, жеңгей, осындай демалыста бір күн келіп, таза ауада еңбек етіп...
— Немене қаланың ауасын біреу улап қойып па? Таза ауа іздесең онда тіпті алысқа кет, Ілеге барып балық аула. Курортқа бар. Тұқымы құрсын бүйткен дачаның...
Абиыр болғанда осы кезде дәл қасымызға төмен қарай бос кетіп бара жатқан бір такси келе алар ма? Әлгіні көріп, сарнауық жеңгей қолын шошаң еткізіп, орнынан ұшып түрегелді.
— Такси! Такси!
Такси кілт тоқтады. Сарнауық жеңгей жіңішке қисық аяқтарымен судың ішіндегі қой тастардың біреуінен біреуіне қорына қалт-құлт секіріп өтті де, машинаның артқы орындығына отырып, кете барды.
Мен оның соңынан біраз қарап тұрдым. Омекеңді ойыма алдым. Омекең аз сөзді дымкес адам. Үнемі іші ауырғандай қабағы кірбиіп, бетіндегі әжімін қолдан көбейтіп, тыжырынып жүреді. Участок алғалы мен ол кісімен бір-екі рет кездесіп, сөйлескен едім. Сонда Омекең «бас ауруым, гипертониям бар еді. Бұл жақсы болды. Осы жұмыспен шұғылданғалы өзімді тәуір сезінемін» деген болатын.
Дәл осы күннен кейін Омекең дачаға келмейтін болды. Көрінуді қойды. Сірә, сарнауық жеңгей оған дача жайлы мықтап лекция оқыса керек. Отырғызған ағаштары суғарылып күтілмегендіктен қурап, жерін арам шөп, қурай басып, қалып қойды. Шалдың азын-аулақ сіңірген еңбегі сақ кетті.