Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Сауысқанның жұмыртқасы мен бөдененің құйрығы

Алақанат сауысқан, бір жылы он сегіз жұмыртқа тауыпты. Ол шалқыған көңілімен ағаштың ұшар басына қонып алып, жұмыртқасын аймалап отырады. Сол шақта момынды алдап, пысықты жалдап кәніккен әлгі түлкі сумаң етіп келе қалады.

— Сауысқан, сауысқан жұмыртқаңның бірнешеуін берші! — депті ол сауысқанған.

— Жоқ, жоқ! Мен саған бере алмаймын! — депті азар да, безер болып.

Түлкі оны қорқытып:

Бермесең жұмыртқаңды бүгін маған,
Ойрандап баспанаңды бүлік салам.
Бермесең жұмыртқаңды қазір маған,
Жығамын мына ағашты болар жаман.
Шашылған жұмыртқаңды жерден теріп,
Асаймын бірін қоймай етіп тамам, —

дейді.

Түлкінің бұл сөзін естіген сауысқан қатты сасыпты. Оның үстіне түлкінің ағашты құлатпақ болып құшақтай алғанын көріп, жүрегі алқымына тығылыпты. Сонан ол жан азабына шыдап, көз жасын парлатып тұрып, бір жұмыртқасын тастайды. Түлкі жұмыртқаны жеген соң өз жайына кетеді.

Ертеңінде әлгі түлкі тағы да жұмыртқа сұрай келеді, сауысқан бермейін десе, ол ұя салған ағашыңды қопарамын, баспанаңды ойрандаймын деп тағы құқай көрсетеді. Амалы таусылған сауысқан тағы бір жұмыртқасын береді, түлкі оны жеп тағы кетеді.

Сауысқанды қорқытып кәніккен түлкі, үртіс он жеті күн келіп, он жеті жұмыртқасын жейді. Сөйтіп, сауысқанның тек бір жұмыртқасы қалады.

Он сегізінші күні таңсәріде сауысқан қалған бір жұмыртқасын түлкіге берейін десе қимай, бермейін десе, оның жолын таппай, қиналып жылап отыр еді, оның қасына бір бөдене келеді, ол сауысқаннан:

— Сауысқан, сауысқан неге жылап отырсың, — деп сұрайды:

— Мен жыламағанда кім жылайды? Сұм түлкі келіп жей-жей, бір ғана жұмыртқам қалды, бүгін келсе, оны да жейді ғой, — дейді сауысқан көз жасын сүртіп.

— Оған бермесең болмай ма, әлде оған қарыздармысың? — дейді бөдене сауысқанның қасына қонып жатып.

Түлкінің әр күні келіп қорқытып айтатын сөздерін сауысқан бөденеге айтып береді. Бөдене басын шайқап, тамағын кенеп:

— Бәрекелді-ай, саған бір ақыл үйретейін, егер бүгін түлкі тағы келетін болса, онда сен оған:

Ойрандайтын баспанамды қырың қайсы,

Жығатын бұл ағашты түрің қайсы?! — деп сұра дейді.

Егер түлкі бұл ақылды саған кім үйретті деп сұраса сен:

«Көп дөңбекшіп таптым, ұйықтап түсімде көрдім», — деп айт, алайда менің атымды аузыңнан шығарушы болма, — деп ұшып өз жөніне кетеді.

Бір сәттен кейін жұмыртқа жеп дәніккен түлкі күндегісінше тағы бір жұмыртқа сұрайды, сонда сауысқан:

— Менің саған бес бересім, алты аласым жоқ, жұмыртқамды неге беремін, — дейді.

Бұны естіп долданған түлкі өзінің дағдылы сөзін айтады, сауысқан оған жұмыртқаны бермегені былай тұрсын, қайта одан:

Ойрандайтын баспанамды қырың қайсы,

Жығатын бұл ағашты түрің қайсы, — деп сұрайды.

Не дерін білмей әлгі түлкі құйрығын бұлғақтатып, басын шайқап, ағаштың түбіне шоқайып отыра кетеді де:

— Бұны саған кім үйретті? — деп сұрайды. Сауысқан сонда:

— Көп дөңбекшіп жаттым, ұйықтап түсімде көрдім, — дейді ерлене жауап беріп. Ызаланған түлкі:

Айтпасаң егер шыныңды маған,

Ағашыңды қиямын тісіммен, бәлем.

Демесең егер расыңды маған,

Бұзылды енді мына баспанаң!!! — деп аузын арандай ашып, тісімен ағашты шайнап-шайнап жібереді.

Түлкінің ағашты қаршылдатып шайнап жатқанын көрген сауысқан қорыққанынан жалма-жан:

Бө-дене айтты, бө-дене үйретті, — дейді асып-сасып.

Бұл сөзді естіген соң, ызалы түлкі бөденені іздеп жүріп кетеді.

Сауысқанның қасынан қайтқан бөдене, бір шоқтоғайға келіп, күншуақта ұйқыға бас қойып жатыр еді. Бөдененің ұшқан бағытын мұрынымен шалып, түлкі де оның ұясына жетеді. Сонан шырт ұйқыда жатқан бөденені аузына салып та үлгіреді.

Енді шайнап қылғиын дей бергенде бөдене түлкіден:

— Уа, түке, сіз қырдың қызыл түлкісісіз бе? Әлде ойдың ор түлкісісіз бе? — деп сұрайды. Таңданған түлкі:

— Қырдың қызыл түлкісі болсам қайтпексің? Ойдың ор түлкісі болсам қайтпексің? — дейді.

— Бәлі, ойдың ор түлкісі бір нәрсе жегенде тісі саудырап түсіп қалған кемпірлерше омыраңдайды, ал қырдың қызыл түлкісі аузын еркін ашып жаймен жейді, — дейді. Бөдененің бұл сөзін естіген түлкі:

— Мен әтей қырдың қызыл түлкісінше аузымды еркін ашып, жаймен жеймін, — деп аузын аша бергенде бөдене түлкінің аузынан сып етіп шыға жөнеледі. Түлкі жан дәрмен тісін басып қалғанда бөдененің құйрығы оның аузында қалады.

Сондықтан бөдененің құйрығы қазір де жоқ.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама