Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Дін және қоғам

Дін адам мен қоғамның арасында маңызды рөл атқарады. Қандай да бір дінді ұстанбайтын адам болмайды. Дін адам мен адамды, қоғамды біріктіруші күш десем артық айтҚқаным емес. Дін дегеніміз не? Ең алдымен осы сұраққа жауап іздеп көрелік.

«Дін» сөзінің араб тілінен беретін мағынасы – сыйлық, үкім, есеп, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат, заң, жол, тіпті, кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтып өтеді. Ал «діннің» термин ретіндегі мағынасын, Алла Тағала тарапынан жіберілген адамзаттың өмір сүруін ретке келтіретін, адамның аса күрделі жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықттарды, ақыретте Алланың разылығына кенелумен уәде етілген мәңгілік жәннәттағы қуаныш пен бақытқа жетелейтін жолдарды көрсетеді деп түсінік беруге болады. Сондай-ақ, «дін» ұғымы – адамзатқа пайғамбарлар арқылы жеткен Жаратушыға деген құлшылықтың заңдылықтары мен тәртіптері. Яғни дінсіз адам болмайды. Әр елдің, ұлттың өздеріне тән ерекшеліктері тілі мен діні болады. Мысалы, біз қазақ халқы Ислам дінін ұстанамыз. Сол сияқты біреу исламды, католиктік, православиелік т.б діндерді ұстанады.

Дін - адам тарихының үлкен тағылым-тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Егемен ел болып қалыптасуымыз, мемлекетіміздің өсіп, өркендеуінде діннің алатын орны зор. Өйткені, дін - имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы бұлыңғыр.

Ал қоғам - жалпы мағынасында, мәдениеті ортақ, белгілі бір аумақта тұратын және өздерін біртұтас, өзгеше бірлестік деп білетін адамдар тобы; тар мағынасында бұрыннан немесе жақсы танымал ұлттық бірлестік. Діннің ең үлкен күші - халықты ұйымдастыру қабілеті. Пайғамбарымыз (с.а.у.) көшіп жүрген арабтарды ислам діні арқылы ұйымдастырды. Соның арқасында ислам өркениеті пайда болған екен. ХХ-шы ғасырда дінсіз қоғам құруға тырысқан мемлекеттердің қандай халге душар болғанын, тарих беттерінен оқып жүрміз. Мысалы, Кеңестер одағын айтуға болады. Оның соңынан келген Қытай мемлекеті бір кезде дінге әдет-ғұрыптарға қатты тыйым салып, кейін 1980-ші жылдан бастап олардың өздері дінге еркіндік беруге мәжбүр болды. Ешқашан да дін мен қоғамды бір бірінен ажыратуға болмайды.

  Дін — қоғамның нормалары мен құндылықтарын насихаттай отырып, онымен бірге оның тұрақтылығына мүмкіндік жасайды. Дін сол әлеуметтік құрылымға пайдалы нормаларды орнықтыра отырып, тұрақтандырушы функция атқарады және адамның моралдық міндеттерді орындауы үшін алғышарттар жасайды. Дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.

Егер дін қоғамда өзіне берілген міндетті дұрыс атқарса, онда ол елде тыныштық, бейбітшілік , тұрақтылық орнайды. Алайда, қазіргі таңда елімізде түрлі теріс бағыттағы діни ағымдар да жоқ емес. Бұлардың негізгі мақсаты халықтың ынтымағын бұзу. Діни шиеленіс қоғам үшін қауіп төндіретін, азаматтардың денсаулығына, психикалық және әлеуметтік жағдайына нұқсан келтіретін, өздерінің діни қалауы мен көзқарасын мемлекеттің зайырлылық қағидаттарына және дәстүрлі рухани құндылықтарға қарсы қоятын, Қазақстан үшін жат құндылықтарды таратушы деструктивті діни ағымдарды ұстанушыларға тән. Жастар теріс ағым жетегінде кетпеу үшін, оларды бала кезден қадағалау керек шығар. Бұл қоғамның басты міндетіне айналуы тиіс. Себебі бүгінгідей ғаламтор дамыған заманда ата-ана, үлкендер жағы балалардың немен айналысып жүргенін назардан шығармай, бақылауда ұстағанымыз абзал. Мектеп бағдарламасына дін сабақтарын, ашық сағаттарды көптеп қосу керек шығар.

 Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «Тегіміз түрік, дініміз Ислам екенін ұмытпайық, Қасиетті Құран Кәрімді насихаттайық».

«Міндет ұлтыңа, Қоғамға қалтқысыз қызмет ететін, арлы-ұятты, Рухани өресі биік азамат болу», - деген еді.

Біріге көтерген жүк жеңіл демекші қоғамның діни тұрақтылығын сақтау мақсатында халық болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып жұмыс жасауымыз қажет.

Қайрат Әлихан Айболұлы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама