Шағи көрпе
Қарауылдың ақ таңын қарсы алатын бір жан бар. Ол менің — әжем Қалиша. Түнімен ыңқылдап, ары- бері аунап есі шығады. Таңғы тауық шақыра киімін жамылып, ұйқыда жатқан біздің қасымызға жетеді. Біз дегеніміз — Абай, Абылай, Адай және Алмас. Әжемнің шатастыратыны құстың баласындай ұқсастығымыз, былайғы жұрттың адасатыны бәріміздің есіміздің А әрпінен басталатыңдығы. Кейде әжем осыдан үш жыл бұрын дүниеден өткен атам Қалимен күңкілдеп ұрсып жүргені. Көпті көріп, тарихты таразылап, шежіре шал атанған атамыз немерелерін осы адамдардай атақты, батыр болсын деп құдайдан тілеген шығар. Ал әжемнің бізге тартқан сыйы төркінінен бірге келген көнетоз шағи көрпесі.
Сонымен әжем еңкейіп, ашылып қалған көрпемізді жауып: «Құдай құлындарыма қуат бер. Қолымды ұятқа қалдырма» деп бетін бір сипайды. Алғашқыда кімнен, неден деген сұрақтары мені мазалайтын. Өзінен өтініп, сұраққа жауап іздегенмін. Сонда ол:
— Әй, тентек қара-ай, айтпасыма қоймадың. Сендердің біреуің көзімнен таса болсаңдар, ел: «Осы кемпірдің жолы еді» дейді ғой. Тфә, тфә, тілім тасқа, құлыным,— дейді ол. — Көзімнен таса болдысы қалай? — деймін тағы да әжемнің шаужайынан ала кетіп.
— Әй, қоймадың ғой. Әкең Есіркеген сияқты мылжысың-ау, өзің, — дейді ол жауап беруден қашқақтап. Қоятын мен бе? Сауалды бастаған соң, індетіп бітіруім қажет.
— Сендер тірі жүріңдер. Мен-ақ ана дүниеге барайын дегенім ғой, — дейді әжем. Сөйтсем, ол таң бозынан тұрып алып, төрт немересінің тілеуін тілейді екен ғой. Менің ақ жүрек, абзал әжем.
Бірақ әжем бір ашуланбасын де. Үйдегі Нұржамал шешем айтпақшы «аспанды алақаңдай, жерді тебінгідей» жасайды. Ертеңнен қара кешке дейін қара тастай қатып, ұршығын иіріп, көлеңкедегі томардың үстінде отырып алуға бар. Шынын айтайын, біз әжемізден әрі қорқамыз, әрі еркелейміз. Міне, әжем әдеттегідей күнделікті тірлігін қайталап тысқа шықты. Адам баласы кейде қызық қой. Кеше кешкісін қой кезегін бағып келісімен, сілем қатып мызғып кеттіппін. Енді ұйқым шайдай ашылып, ішім пысып жатыр. Қолы бос адам не істемейді? Алдымен құс жастықтан шығып тұрған қауырсынның бірін алып, Абылайдың мұрнын қытықтадым. Ол ірге жаққа аунап түсті. Алмастың жастығын тартып алып, басына қапшығын жастап қойдым. Былқ етер емес, маса шаққаңдай да болмады. Абайдан қорқамын. Шомбал жұдырығымен бір көсіп қалса, саудамның біткені. Менен жеті жас үлкен. Мұрты тебіндеген он бірінші сыныпта оқитын жігіт — бозбала. Алмас менен екі жарым жас кіші. Айдағанға жүреді, айтқанға көнеді. Әйтпесе,.. ар жағын айтпай-ақ қояйын. Тек арызқойлығында шек жоқ. Құйрығын басып қалған мысықша бажылдап бір өзі үйді басына көтеретіні анық. Бауырларымның пыс-пыс етіп алаңсыз ұйықтап жатқанына қызығып кеттім. «Арызқойдың» жанына жеттім де мұрнын қысып-қысып жібердім. Бар пәле осыдан басталсын да кетсін. Алмас шар етіп жылап қоя берді. Абай ағамыз селк етіп орнынан атып тұрып еді, көсеудей аяғы терезеге таяу қойылған үстелдің бұрышын іліп кетіп, үстінде тұрған жарты шелек су шелек-мелегімен Абылайдың үстіне құласын кеп. Жетінші «а» сыныбының «шебінің» шошына дауыстағанын естіп күліп жібере жаздадым. Құдай бек сақтап, түк білмегенсіп, көзімді уқалап жатырмын. Үлкен ағамыз ай-шайға қарамай шағи көрпені жұлып алмақ еді, Абылай шетін аяғымен басып тұр екен, онсызда ені мен көлденеңі екі-үш метр ауыр жамылғыш қақ бөлінді. Осы бір сәтте әжем де үйге кіріп келген еді.
— Әу, бұларың не? Астыларыңнан су шықты ма?— деп дауыстай ұмтылды.
— Қап-ай, бүлдірдіңдер ғой. Өй, өңшең тентек... Әжемнің дауысы жер астынан шыққандай құмыға естілді.
— Қайран дүние, түкке алғысыз болды-ау ә?..
Улап-шулап жатқан бізге де назар аудармады. Көрпенің әр жерін бір шұқылап әбігерге түсті де қалды. Бұл екі ортада төр үйден әкем мен шешем де қара көрсеткен. Ойран-асыр тірлікке алғашқыда түсінбей, артынша:— Әй, мыналарың не?— деп өкіне дауыстады. Әжеме, өзінің шешесіне көзі түсіп кеткен екен. Керегедегі ілінулі тұрған шашағы мол қамшыға қолы тиер-тиместен қолды-аяқтымыз, жартылай жалаңаш далаға ытып-ытып шықтық.
— Әй, Есіркеген, сен де бала болғансың. Бұлардан да асып түскенсің. Қу жалғыз көрсетпегенің бар ма еді. Енді бүгін түк білмегенсуін. Құдайға тәубә. Төрт қарғамды көп көрмесін. Ары жүр, — деп ортаға түсетін әжемнің бүгін оған құлқы жоқ.
Сәлден соң Нұржамал шешеміз амалдап жүріп бізді үйге кіргізді. Онда да аяғымыздан суық тиіп ауырып қалады деген сылтауын айтып қояды. Әжем қабағы түйіліп, әжімдері көбейіп кереует үстінде отыр. Біз ту-талақайын шығарған шағи көрпе бүктеліп бұрыштан орын теуіпті. Бәрін бүлдірген сенсің деп ағаларым «арызқойға» оқты көзімен қарайды. Ол да басынан не болып, не өткенін білмей мәре-сәре. Бізге жалтақтайды. Әлде не деп жұбатсаң жасын төгіп жіберуге дайын, тостағанының кенезесі шыққа толып тұр.
— Түк білмей отырғандарын, түге — деді енді Нұржамал шешем бізге «кіжіне» ұрсып. Әжемізге көз жасап, бізге білдіртпей көзін қысып қояды.
— Ана көрпені тысқа алып шығыңдар. Абай бастап, шешеміз қостап көрпені темір сымға іліп біткенімізде ол тағы да бізге әмір бере бастады.
— Әй, бұзақылар-ай. Әжеңнің көңілін табыңдар. Бірақ апам бүгін сендерге ери қояр ма екен. Әлгі бұл сататын Есбикенің үйіне барып келейікші, Абай,— деді ол ағамызға бұрылып.
— Ал сендер малды шығарып, табынға қосыңдар. Үйге кірсеңдер әкелеріңнің қамшысына жолығасындар. Екі кішкентай қойдың астын тазаландар! Әжем айтпақшы «бір құдай жетелеп, бір құдай желкелеп» дегендей жұмысқа кірісіп кеттік. Шамасы, бүгінгі күннің жоспары бұзылып, балық аулауға барамыз деудің ауылы алысқа кеткен сияқты. Шағи көрпе бізге көресіні көрсететін түрі бар. Әжемді аяп кетемін. Төркінімнің көзі деп сақтап жүрген затын біреулер быт-шытын шығарып, іске алғысыз жасаса, оны қалай кінәларсың.
Шешем мен Абай ағамыз Есбикенің үйінен көңілді оралды. Қолтығында газетке оралған бумасы бар.
— Құдайдың да көзі бар екен. Тура мына шағидың өзі емес пе, — дейді ол буманы ашып, көрпенің тысымен салыстырын.
Сонымен біздің үйде қызу жұмыс басталып кеткен. Абай мен Абылай сырттағы тірлікке жегіліп, кішкентайлар шағи көрпенің қанжығасына байландық. Алдымен көрпенің жүнін түттік. Шешеміз қос сабаумен ұрғылап мамығын үлпілдетті. Сонан соң бұрынғы көрпеден сәл кем қылмай шағиды өлшеп, жүн тартты. Инесін бізге сабақтатып, көрпені қабыды. Әжем анда-санда көз қиығымен қарап қойып, ұршығымен әуре. Алдындағы уақыт сайын өсіп, домаланып келе жатқан шүйке біздің қыста киер шұлығымыз бен қолғабымыз. Әжем иіруші, шешем тоқушы. Сонымен шағи көрпе де жасалып бітіп, ауладағы сым кір ілгішке жайылды. Әжем әлі үнсіз. Қабағы түксиіп, шайды да дұрыс ішпеді. Шешем әжемді көңілдендірмек болып:
— Әй, тентектер. Әжесінің құлындары, көрпе жаңарды. Енді алыспай-жұлыспай дұрыс жатыңдар, — деп иіліп төсек, жайылып жастық.
Әлде қандай тықырдан оянып кеттім. Әжем киініп, енді ғана кебісінің голошын киюге еңкейген екен. Көзімді жұма қойдым. Терезеге таң келіпті. Сәулелері үйдің бұрыш-бұрышын түрткілеп, бөлме іші теңселіп тұрған сияқты. Міне, әжем біз жатқан бұрышқа беттеді. Әкем мен шешем жатқан төргі үй жаққа ұрлана көз тастап қойып, тізерлей қонып, көрпенің бір бұрышын ұстады да иіскеп көрді. О, ғажап! Мұндай сәтті бұл дүниеде менен басқа ешкім көрмеген шығар. Жұмбақ дүние. Heгe иіскеді екен? Сөйтті де бізді қымтай жауып, әдеттегідей: «Құдай осыларға қуат бер. Қолымды ұялтпа» деп бетін сипап, голошын сылпылдата басып, сыртқа беттеді.
Содан бері талай жылдар өте шығыпты. Қазір төрт ұл аумалы-төкпелі тағдырдың қиялы жолына түсіп алып, жүріп келеміз. Ойыма шағи көрпе түскенде егіліп кетемін. Байқап қарасам, біз де, әкем де шағи көрпенің ішінен шығыппыз ғой. Әжем оны бекерден-бекерге иіскемепті. Тіпті бәрімізді шағи көрпенің астына тықпалауының жөні бар екен. Бірлігі бөлінбесін деп ырым қылыпты. Әжем бәрін елеп-ескеріпті. Қайран, менің дана әжем.
Қазір шағи көрпе «Арызқой» Алмастың үйінде. Әлі сол қалпы. Өйткені ол отау иесі ғой. Соның қара пұшықтары жамылып жүр. Сен өмірден өтсең де әже, көрпеңнің жылылығы әлі сол қалпында деп дауыстағым келіп тұрады.