Шәйбай Аймановтың естелігінен
Мен Сұлтанмахмұтпен жастан бірге өстім. Сәби шақтағы сатыр-сұтыр ойынды да, бала кездегі әліппиден басталатын оқуларды да бірге өткіздік. Екеуміз екі жаққа оқуға кеткен, екеуміз екі жақта қызмет істеген уақыттарда Сұлтанмахмұт екеуміз үнемі хат жазысып, достық, туыстық сезімдерімізді білдіріп отырдық. Сұлтанмахмұттың ең қиын шақтарында қаражат жағынан болсын, емдеу жағынан болсын қолымнан келгенінше көмек көрсетуге тырыстым. Ол қатты ауырған кезде Омбы қаласынан оқып алған дәрігерлік білімімді, тәжірибемді Сұлтанмахмұттан аяғам жоқ. Сұлтанмахмұттың өзін де, өлендерін де мен өте жақсы көруші едім. Сол себепті ме қалай, оның көптеген мінезі мен істері, өлеңдері мен сөздері менің есімде қалыпты. Соның ең нақты дегендерін айтып беруді борышым деп санадым. Олар төмендегідей еді.
Мен жас кезімде тұрымтай ұстауды, оған торғай, бөдене ілгізуді қызық көруші едім. Кей күндері Мақышпен (ол кезде Сұлтанмахмұтты еркелетіп Мақыш дейтін) бірге ойнамай, өз бетіммен тұрымтайыма торғай, бөдене ілдіруге кетіп қалып жүрдім, өйткені Мақыштың өзі мен шақырғанда бұл қызыққа бармайтын, маған ермейтін. Бір күні жалғыз қалғанына ызаланды ма, әлде басқа ойы болды ма, мен тұрымтайымды қолыма ұстап отырғанымда, ол жаныма жетіп келді де, қолымдағы тұрымтайымды шапалақпен тартып жіберді.
— Тұрымтайыма неге тиісесің?! — деп мен ренжідім. Сонда ол томсырая, кәдуілгідей салмақтана түсіп мынаны айтты:
— Сенің тұрымтайың зорлықшыл, жыртқыш! Соны біле тұрып сен оған кіп-кішкентай кінәсіз құстарды жәбірлетесің. Мен сол үшін оны ұрдым.
Сұлтанмахмұт тарс-тұрс ашулануды білмейтін, жәбірге көнбейтін ақылды бірбеткей еді. Мұқан молдадан оқып жүрген кезімізде оның осы мінезіне қызығып, біз Сұлтанмахмұтқа әдейі ызаландыру үшін жабылатынбыз. Бірақ ол тіпті де ашуланбайтын. Біздер онан сайын ерегісіп, оны түйебас қылуға шейін баратынбыз. Кейде Сұлтанмахмұттың бір жерлері ауырып та қалатын. Біздің бетімізді қайтармақшы болған Сұлтанмахмұт бір күні әкесіне ақ шоқпар істетіп алады да, сабаққа келгенде бізге көрсетпей бірге ала келіп, қардың астына тығып қояды. Сабақ біткен соң, біз әдеттегідей асыр салып, Сұлтанмахмұтты ортаға ала бастадық. Сонда Сұлтанмахмұт шегіншектеп барып, қар астына жасырып қойған әлгі шоқпарын суырып алып, бізге қарсы қасқая тұра қалып, сол арада қолма-қол мына өлеңді айтты:
— Кәнекей, енді бәлем тиші маған!
Шоқпармен бір-ақ салып басың жарам.
Бәріңді дүркіретіп қуып тастап,
Үйіме батыр болып жалғыз барам.
Бұл өлеңді біздер сол арада жазып алдық та, шоқпарын тартып алып, сындырып тастадық. Ол еш ренжіген жоқ. Кейін бұл өлеңді бүкіл бала жатқа айтып жүрді.
Бұдан бұрынырақ кезде, Сұлтанмахмұт екеуміз қыстың сары аязында ойнап жүрген кезімізде, мен байқамай оның ескі тымағының құлағын жұлып алдым. Сұлтанмахмұт біраз үндемей тұрды да, мені жақын кел деп шақырып алып, мына өлеңді айтты:
— Тұмағымның құлағын,
Жұлып алдың, не түсті?
Үсиді-ау енді құлағым,
Міне, суық жел есті.
Не деп айтам апама,
Біліп қойса бұл істі?
Мен ұялып қалдым, ұялғанымнан өзімнің басымдағы тұмағымды кигіздім. Сұлтанмахмұт оны өзіме қайтып берді де, өз тұмағын жалпитып киіп алды. Мен оны үйге алып келдім. Шешеме тұмағының құлағын тіктірдім. Сөйткенше кеш болып қалды да, Сұлтанмахмұт біздікіне қонбақшы болды. Баласын көзден таса қылғысы келмейтін Шоқпыт іңірде жетіп келді. Бірақ Сұлтанмахмұттың біздің үйде екенін білген соң, тамақ ішті де кетіп қалды. Сөйтіп, түнде Сұлтанмахмұт екеуміз бірге жатып, ертеңінде оқуға бірге бардық.
Біз осылайша күйеу Мағзұм, Садуақас молдалардан да бірге оқып, балалық шағымызды бірге өткіздік. Тек 1911 жылы ғана біздің ауылға Семейдің мұғалімдер семинариясын бітірген Ахметолла Барлыбаев дейтін мұғалім келіп, үш бөлімді бір кластық орысша мектеп ашты да, мен соған ауысып кеттім. Сұлтанмахмұт мұсылманша оқып қалып қойды. Бірақ қыс бөлініп, жаз ылғи табысып жүрдік.
Сұлтанмахмұт нені болса да салғастыра ойлап, оған өзінше сеніп барып иланатын еді. Бір иланса, одан қайтуы оңайға соқпайтын. Ал беті қайтса, сол минутында сілкіп тастап жүре беретін. Әсіресе, зорлық-зомбылық, әділетсіздік, алдау-арбау оның жүрегіне тікенектей қадалатын. Ол бұларға қарсы бар күшін сала күресетін, егер жеңдірмей бара жатса, бұлан-талан ашуланып, қатты ызаланатын.
Бір мысал келтірейік. Біздің елде Қарер, Қарабек, Хамза дейтін үш жетім бала болды. Қарабек безгек сияқты бір аурумен сырқаттанады. Баланың аңқау шешесі алдыңғы істерін білмей басқа елдегі бір тәуіпті шақыртады. Тәуіп қойдың өкпесімен қағып жазамын деп, бұлардың бір тоқтысын сойғызып тастайды. Бұл тәуіп осыдан бұрын елдің бір сырқат адамын емдеймін деп өлтіріп алған болатын. Мұны Сұлтанмахмұт та жақсы білетін. Қарабектікіне осы тәуіп келді дегенді ести сала ол жетіп келеді. Келсе, тоқты сойылған, тәуіп баланы ума-жума зікірлеп жатады. Сұлтанмахмұт «мұның не, тоқтыны неге сойғыздың» дегенде, тәуіп оның өзіне ұрсып маңайына жолатпайды. Сұлтанмахмұт ызаланып, ши астында жатқан оқтауды ала сала тәуіпті бастан періп қалады. Тәуіп балаға енді ем дарымайды деп кетіп қалады.
Сұлтанмахмұт жастайынан көп оқыды. Әуелде діни мектептер біраз уақытын алғанымен, ол кейін әртүрлі пәндерге, көркем әдебиетке жан-тәнімен кірісіп кетті. Сұлтанмахмұттың бір қасиеті — ол кез келген нәрсені оқи бермейтін, әуелі байқап, не білетін адамдардан сұрастырып көретін. Сұлтанмахмұт тіпті арабша оқып жүрген кезінің өзінде де сол оқитындарын өзінше қазақшаға аударып, талдап, «осылардың не керегі бар» деп отыратын еді.
Сұлтанмахмұт, әсіресе, көркем әдебиетті көп оқыды, көп жаттады. Абайдың, Ғабдолланың, Салтыков-Щедриннің, Лермонтовтың шығармалары мен ауыз әдебиетін, халық өлеңдерін жас кезінің өзіңде бас алмай оқып, ылғи жаттап жүруші еді. Кейініректе Л. Толстойдың, Гончаровтың, Кольцовтың, Некрасовтың еңбектерін де көп оқыды. Соларға еліктеп өлең де жазып жүрді. Мәселен, ол Тройцкіде оқып жүріп жазғы демалысқа келген кездерінде бір ретте Ғ. Тоқаевтың «Шурале» деген лақап атпен шыққан «Яшин ташлар» (жасыл тастар) атты көк тысты екі жұқа кітабын ала келіп, ондағы сықақ, мысал өлеңдерін аудармақшы болды. Онда саудагерлерді, Құсайын қажыны келекелейтін, қыздарды әжуалайтын, сынайтын өлеңдер, әңгімелер көп екен. Сұлтанмахмұт соларға еліктеп, өзінше «Сымбатты сұлуға» өлеңін жазды. Ғабдолланың осы кітаптағы көп өлеңін жаттап алды. Ғабдолланың:
Акдүр пәки саплары,
Көкдүр пәки саплары,
Отыз бештә, қырқ бештә
Қыздың «мотур» шақлары, —
дейтін кәрі қыздарды мазақтаған өлеңін әзіл етіп үнемі айтып жүруші еді.
Аты есімде жоқ, Ғабдолланың сол кітаптарының бірінде ұлтшылдықты мысқылдайтын өлең сияқты бір үйлесімді әңгіме болды. Онда асханаға келген біреу бұрышқа шашалып, жаман қиналады. Көзінен жас парлайды. Сонда көлденең біреу «неге жылайсыз» деп сұрайды. Бұрышқа шашалып отырған оқығандау кісі «Милләтім үшін» деп жауап береді. Сұлтанмахмұт осыны өлеңмен аударды. Аудармасы тамаша еді. Ол өзінің «Тентектің жиған шоқпары» деп атаған қолжазба кітабын осыдан кейін жазды. Оған Ғабдолланың жаңағы кітаптарынан аударғаны, өз жазғандары енді. Қолжазба кітабы «Сымбатты сұлуға» өлеңінен басталатын еді. Бірақ ол кітабы кейін жоғалып кетіпті.
Сұлтанмахмұт өлең жазардың алдында көп ойланып, көп толғанатын, маңайындағының бәрін ұмытатын, жақын адамдарымен де сөйлеспей қоятын. Ол сол ойлану кезінде есінен танған адамға ұқсап кетуші еді. Басының төбесін саусағымен айналдыра беретін. Далаға жеке шығып кететін. Ал жаза бастаса-ақ, өте тез бітіретін, басқа нәрсемен еш айналыспайтын. Ол «Кедей» дастанын да, «Адасқан өмір» дастанын да бір-бір жұманың ішінде бітірген еді. Бұл екеуін жазарда кітапты көп оқып жүрді. Мен Герценнің кітаптарын да оқып жүргенін көрдім.
Сұлтанмахмұт Мәшһүр — Жүсіппен 1919 жылы талай рет кездесті: екі рет езі іздеп барды, Баянауылда да талай кездесіп жүрді. Мәшһүр оның өлендерін көшіріп алатын еді. Әлі есімде, Мәшһүр Сұлтанмахмұтпен біздікінде бір кездескенінде: «Қобыланды тұқымынан шыққан батыр Қажымұқан болса, Торайғыр тұқымынан шыққан ақын сенсің», — деген еді.
Сұлтанмахмұт біздің жақта совет үкіметін орнату жолында көп еңбек етті. Ол ауыр сырқатына қарамастан ел ішінде волком сайлауын жүргізді, кедейлерді ел басқаруға, билікті өз қолдарына алуға үгіттеді. Көптеген баяндамалар жасады. Сөйтіп жүргенде ауруы асқынады. Ол сонда да ел аралаумен болды. Сол ел аралап жүріп, бір күні Баянауыл болысындағы Қаржас елінде Жанысбай дейтін байдікіне түседі. Сұлтанмахмұттың сырқат екенін және совет үкіметіне қызмет етіп жүргенін бұрыннан білетін Жанысбай волкомның уәкілі ретінде барған оған реңінің нашарлығын көріп, жөтеліп көріп, жаны ашыған болып, ертеден жатқан алмастың бір қасық ерітіндісін береді. Сұлтанмахмұт менің әуелден ескертіп қойғаным бойынша:
— Дәрігердің рұқсатынсыз ішпеймін, рахмет, — дейді.
— Қарғым-ау, о не дегенің, мен осыдан жазылған жоқпын ба. Сен маған, — деп Жанысбай иландырады.
Сұлтанмахмұт ішеді, бірақ артынша уланып, қолма-қол түнделетіп маған келді. Мен ол кезде Баянауылда болатынмын. Мен дереу дәрімен уытын қайтардым да, енді елге -Ақбеттауға барып, тынығу керектігін айттым. Сұлтанмахмұт менің айтқаныма көнді.
Бұл кез 1920 жылдың қысы болатын. Төсек тартып қалған Сұлтанмахмұттың өз үйінде жағдайы болмады. Сол себепті менің немере ағам Шернияздан өз үйіне апарып, жеке бөлмеге қойып күтті. Бөлменің ішіне қарағайдың бұтағын іліп, алмастырып отырдық. Қысырдың қымызын бердік. Әр түрлі ем жасадық. Сұлтанмахмұт біраз айығыңқырады да. Сол сергіңкіреген кезінде «Дала ақыны мен қала ақынының айтысы» атты дастанын жаза бастады. Бірақ көктемде сырқаты қайта демдеді де, содан әрі жазуға мүмкіндігі болмады.
Күн жылынғаннан кейін Сұлтанмахмұттың өз қалауы бойынша әкесінің киіз үйін бір төбешікке тігіп, сонда күттік. Сұлтанмахмұт бұл кезде әбден әлсіреп, совет үкіметі жайындағы кішкене кітапшалардан басқа ештеме оқи алмады.
Сөйтіп, аса қадірлі замандасым әрі туысым Сұлтанмахмұт 1920 жылы 21 май күні түстен кейін дүние салды да, ойлаған мақсатына еркін жете алмай, бастаған шығармаларын аяқтай алмай арамыздан кетті. Ол өзінің «Кім жазықты?» романын да қайта жазбақшы еді, мұнысы да орындалмады.
Мен осының бәріне кейін күйініп те жүрдім. Сұлтанмахмұттың: «Қала ақыны мен дала ақынын» бітіре алмай барамын. Әр ақыңды ез қалыбыңда, өз ниетінде, өз сөзімен сөйлетіп едім. Бірақ мелистік қала ақыны деп отырғаным да совет ақыны емес, капиталистік қаланың ақыны еді. Поэманың соңында екеуін де техникаға жүгіндірмекші едім. Жиған-тергенімді тапсырғанда, осы жайды қадағалап айтарсың», — деген өлер алдыңдағы сөзі әлі есімде.
Сұлтанмахмұт менен бір-ақ жас үлкен еді. Бірақ біз оны бәріміз де аға тұтатынбыз. Оның өлер алдында айтқан өсиет есепті ақылы да, бізге борыш етіп қалдырған тілектері де менің көкірегімде сақтаулы. Егер уақытым болса, Сұлтанмахмұт жөнінде өзімше арнайы очерк жазам ба деген ойым да бар. Мұның өзі марқұм Сұлтанмахмұт үшін де, оны сүйіп оқитын көпшілік үшін де пайдалы болар деп ойлаймын.
1960, 4-5июнь.
* * *
ДИХАН!
Хатыңды алдым. Рахмет, жаным! «Аға» деп ескеріп жазғаның шын достарынан айырылып, өмір шіркін махаббатсыз босқа қалды-ау деп түңілген* біз сияқты адамдарға зор өл, таянып, жақсылық, үміт.
«Махаббатсыз» дегенімді «әлі де болса бір құшақтасқысы келеді-ау мұның» деп ұқпа: қара көз, имек қасты айтпа. Ол бір қазір бізге бүріскен, бүкірейген, көзі суалған кемпір болды. Ең күшті махаббат — шын жүректен сүйісіп, шын ниетпен тілдесер дос табылса, қайғысына да, қуанышына да ортақ болып жасасақ, қалған аз өмірдің азығы осында болар деп ойлаймын. Жүрегін ол ашса, жүрегіңді сен ашсаң, «мұнда не сыр бар» деген құрғыр ой жоқ болса, өмір азығы осындай махаббатта ғой. «Махаббатсыз өмір бос, хайуанға оны қосыңдар»* деген терең мағыналы сөз ғой.
Құдай әдемі түр берген жоқ, бірақ таза жүрек, сұлу жан берді. Жан мен жүректің сүймеген жақсылығы қалған жоқ. Жалғыз-ақ, сол сұлу жан мен таза жүрек залымдыққа, қиянатқа, дүниенің басқа да кір жағына бастырған жоқ. Біреуді жарға итеріп, батпаққа батырып,** соған күлдіре қаратып тұрғаны жоқ, адамның көз жасын қияметке ала кет дегені жоқ. Міне, өз өмірімнің осы жағына ризамын. Енді өмір кемесі қай жарға, қай тасқа соғарын өзі біледі. Жаға жақын, қалқып жылжып келеді. Қалған өмір аз және қызықсыз сұрғылт өмір (қартшылықты айтамын), көшпелі, көңілсіз қара бұлттай қалқыған өмір.*** Кім біледі қайда, немен тынарын.
Алдымен айтып қояйын, үй-ішіне Мерген ұрпақты құшақтап көп сәлем айтамын. Нағашы жеңгей, ұмытпасам, Шәмшияға көп сәлем.
Махмұт жайы — көп ойлантатын, көп толғандыратын іс. Шалқып жатқан терең, зор, мағыналы іс қой тіпті. Асықпа, көп ойланғайсың. Кітабына қарап, сөздерін талқылап басқан, қазынасы ақтарылып жатыр. Бір зор игілікті істі қолға алдың, бұл еңбегің зор, пайдалы еңбек болып шығатын іс, «капитальный труд» болар.
Елімнің мен шын ұлы екеніме
Тағдырдың өзі берер куәлікті****.
Сұлтанмахмұт өзіне қалай сенеді!
Білімсіз талант тас екен,
Өмірің үшін қас екен*.
Сұлтанмахмұт білімге қандай сеніп, осылайша ұғып аттанғандардың алды еді.
— Маңдай термен жанды қиып, жігер етіп,
Тұрмысты алып соқшы жағасынан**.
Еңбекке, жігерге, принципке қандай күшпен аттанады, қалай шақырады, ә?!
— Оллаһи, ант етемін алла атымен.
Орыс тілін білемін һәм хатымен.
История, география пәнді білмей,
Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мен.
Сенемін, еңбек қылсам бақыт жақын,
Пайдасын көрер әлі-ақ ертең халқым...
Тұрмыстың оғы шыбындай,
Толықсып туар көңілімде-ай!
Бір мағыналы ой, күш түртіп,
Баққа ұмтылып тұр маңдай***.
Осындай ойлармен білімге аттанғандардың алды болған Сұлтанмахмұт дін, соқыр сенім оқуынан түк мағына шықпайтынын әбден ұғып, олардан безіп, ғылым, білім орыс тілімен жазылған, орыста деп орыс тілін біліп, орыс кітаптарын ақтаруға бел байлаған жылдары ғой: «оллаһиы» — антын төпеп жатқаны.
— Әйтеуір адам көрге бармай қоймас,
Асықпай-ақ қойсам да қоймас.
Ерте бастан өзімді ұйықтатпайын,
Көр ұйқысы ұзақ қой, қанбай қоймас****.
Осы төрт жолда қанша терең мағыналы ойлар бар! Бұл ауырып жүрген кезінде, ауруынан айықпайтынына әбден көзі жетіп, оған мойындамай жігерленіп асыға жаза бастап жүрген кездері еді. Мәликеге де:
— Жар қимақ пен жан қимақ — бәрі бірдей,
Қидым, қидым! Амал жоқ қимағанмен*, —
деген сөздері де осы уақытта айтылған сөздер. Ауру кездерінде ауыл Шідертіде еді. Түнде, әсіресе, айлы кештерде Шідертінің жағасында прогулка жасауды сүюші еді. Кейде жардың басында суға төніп отырған жерінен тауып жүрдім. Ұйқысынан оянған сұңқардай бойын түзеп алып, көзін жайнатып, керіліп аспанға бір қарап, ойынан тез айығып, жүріп кетуші еді. Отырғаннан жүріп жүргенді сүюші еді. Не жазатын пландарын айтып келе жатып, тынып қалып, кейде сүрініп кетіп, жығылып қала жаздайтын.
Сол Шідертінің жағасында бір түні кейіпсіз, реніш, қайғылы халде болды. Көп ашылып сөйлемей келе жаттық.
— Саған бүгін не ой түсті? Ауырамысың, неге ренжідің? — деп, неге қапа болғанын ашпаққа сұрауларды жаудыра бастадым.
Ол үндемей келе жатты. Көптен кейін:
— Сен білмейсің, жан қимақ пен жар қимақ бірдей-ау өзі, — деп тағы үндемеді. Біраздан кейін:
— Мақал деген көптің ұнатқан сөзі. Халық айтса қалт айтпайды. Бұл бір өзгермейтін шындық-ау өзі. Көз — көңіл айнасы дейді, жан мен жүректің айнасы деп неге айтпады екен? — деп тағы ойға кетті. — Мен, — деді, — бұл дертімнен жазылмайтыныма көзім жетеді, ақыры мені алады ғой. Бұл туралы көп брошюралар оқыдым. Аяғы ажалмен тынатын көрінеді. Сондықтан бүгіннен бастап Мәликені алмасқа бел байладым. Бекіндім, — деді де: — Сен Мәликенің көзіне бір қарап көрші? Көзі қандай ашық, қандай терең сырлы, күлкісі қандай таза, жаны қандай таза, — деп, Мәликенің әр түрлі өзгеше жайын айтып мақтай түсті. — Бір жақсы адамға кездесіп, бақытты жасаған күнін көрсем, жаным жай табар еді. Неге көрдім, неге сүйдім, неге күйдім, неге қидым! Амал не қимағанмен, менен не бақыт табады. Маған тиіп, менен айрылып қалса, оның жаны мәңгі қасіретте қалмай ма. Онда Мәликелік заты жоғалады ғой. Қой, ол бақытты болсын! — деп, бірқатар қайғылы сөздерді айтып кетті.
— Қойшы, Махмұт, жоқ сөздерді айтпай. Неге өзіңді ерте бастан қайғыға шомдырасың? — дегенде, кенеттен ойланып қалды да:
— Жоқ, әншейін... сен не айтар екен дегенім ғой. Өмір алда ғой, бүгін өзімді де, сені де мұңға салып жібердім. Әншейін айтам. Жүр, апам ылғи жатар уақытта қымыз сақтап қояды, қымыз ішейік, — деді.
Үйіне келдік. Бибіш (шешесі) Махмұттың төсегін салып қойып, ұйықтамай күтіп отыр екен. Екеуміз келгенде, жайраңдап қымыз бере бастады. Махмұт бұдан кейін үш-төрт күн Лермонтовтың прозаларын оқумен болды. Көңілсіз, селсоқ жүрді.
Ой, Махмұт! Махмұт! Табиғат мұндай да гений жаратады екен. Сәкенді де көрдім, Махмұт қайда — түпсіз терең дария еді ғой. Ол жазғандарына онша көп мағына бермейтін. Жинап қояйын, сақтап қояйын деген ой онда болмайтын: ең байлық, ең дария — ертең мұнан да көп, мұнан да асыл табылады дегендей күйде болушы еді. Жарайды, бұл әзір осымен тұра тұрсын. Енді сенің сұрауларыңа келейін.
1914 жылы мен Омбыдамын. Ауылдық школға 1907 жылы түстім, 1908 жылы Омбыға гимназияға түсуге бардым, экзамен бердім, экзаменді жақсы ұстадым. Бірақ бізді Курачкин дейтін директор алмады: еврей сауда істеп күнелтеді, қазақ мал бағады, мен мына офицер мырзалардың балаларын қайда қоямын, бара беріңдер деді. Содан қайтып, Павлодардың қалалық мектебінде қалдым. Одан бір жыл оқып, Қарқаралыға русско — киргизское училищеге келіп түстім. ...13 жылы оны бітірместен, Омбыға дәрігерлік мектепке түсіп кеттім. Сәкен екеуіміз бір жыл барып түстік, ол семинарияға түсті. 17 жылы ең алғашқы қызмет Арқатта — Абай елінде басталды. Одан Баянға ауыстым. Махмұтпен, Мәшһүрмен кездесіп жүрген мұндағы пәтерім Бутаков Мишка дейтіннің үйі. Қаланың күншығыс шетінде. Терезесінен Сабындыкөл көрініп тұратын. Ат шабыс, ойын сол үйдің алдында болатын.
Махмұт Том қаласына, әрине, хат арқылы келісіп, ақылдасып кеткен. Ойы — орысша білім алу. Томды таңдап алғаны — Григорий Николаевич Потанин студенттер арасынан Әлімханды қалап, оған орыс балаларына сабақ бергізіп жүр дегенді естіп, Әлімханнан оқымақ болды. Томға барғандағы мақсаты: орысша оқу және Әлімханнан оқу. Зерек қазақ студенті ұғындыра біледі деген ой. Әлімхан да одан жақсылығын аяған жоқ. Сұрауларыңның жауабы осы.
Троицк барсаң, Жаһанша Сайдалин деген адвокат, Әбубәкір ұмытпасам, Жамақұлов или Алдияров деген Махмұттың көзін емдеген врач бар, солардан бір пайдалы іс табылуы мүмкін. «Айқаптың» архиві сонда болу керек. Архивті тексерсең, онда Махмұттың қолжазбасы бар болар. Одан кейін, «Би баласы» деген атпен жіберген менің де басылмаған мақала, өлеңдерім болар. Басылған материалдардан табылып қалса, оны да ескере жүр. Троицкіге әуелі барып, екі-үш ай оқып, тастап кеткен медресесі — «Мадрасай расулия» деген Зейнолла ишанның медресесі. Зейнолланың баласы осы күні Уфада мүфти ғой.
Міне, қалқам, сұрауларыңның жауабы осы болар.
Өзім аман-есен тұрамын. Анда асығып қайттың. Жеңгеңнен көп сәлем. Жақсы сыйлай алмадым деп өкінеді. Аз уақыт, тығыз аттану болды дейді.
Тағы да қош, тағы да үй-ішіңе сәлем.
Ш. Айманов,
Жамбыл облысы, Тоқмақ селосы,
28 июнь, 1960 жыл.