Шығанақ тарихына қажет материалдар
(хикаят)
Лейтенант Жеребцов Қарабұғаз жағалауын 1847 жылы айналып шыққан.
Көне Ресей өз байлығына ынта-ықылас қоймаған ел. Тек 1897 жылы Сауда мен өнеркәсіп министрлігі әзер дегенде найқалып, Қарабұғазға гидролог Шпиндлер бастаған экспедицияны аттандырады. Экспедиция шығанақтың глаубер тұзының әлемдегі ең ұлы бастауы екенін анықтайды.
Міне сол кезден-ақ шығанақтың ала-құла тарихы басталады. Ол еш жерде жазылмаған. Оны геологтардың мақалалары, теңізшілер мен қайықшы-түрікмендердің әңгімелері арқылы, экспедициялар бастықтарының баяндамалары, ұмыт қалған жоба-жоспарлар, пароходтардың кеме журналы және басқа да әрі аз ғана, әрі қарама-қайшы бастаулар арқылы қалпына түсіруге тура келеді.
Қарабұғаз төңірегінде "алтын безгегі" қайнап жүре берді. XIX ғасырдың аяғында Петербургте бүкіләлемдік геологиялық конгресс шақырылды. Сол конгресс кезінде геологтар тұңғыш рет Қарабұғаздың қазынасы туралы естіп білді.
Бүкіл Еуропа мен Америка ол кездері, тап қазірдегідей, жасанды сулфатты (судан ажыратылған мирабилит дәп осылай аталады) пайдаланатын. Сулфатты дайындау үшін мыңдаған зауыттар салынды. Сол себепті де Қарабұғаз жөніндегі мәліметтер сулфат өндіруші — кәсіпкерлер тобын ауыр да уатқыш снарядтай болып бір соғып өтті. Со мезетте Челекен аралында әлемдік химиялық комбинат салудың жобасы жасалды. Комбинат Қарабұғаз сулфаты негізінде жұмыс істеуі керек еді. Комбинатқа француз, ағылшын мен бельгия капиталистері басшылық ететін болды.
Бірақ патша үкіметі Қарабұғаз бен Челекенді концессияға беруден бастартты.
Саудаласу үш жылға созылды, бірақ одан ештеңе өнбеді.
1909 жылы Князева деген көпес әйел Қарабуғазда өз экспедициясын жібереді. Маңғыстаудың тежеусіз иесі Захарий Дубскийдің байлығы осынау күншіл әйелге тыныштық бермейді. Әлбетте, әжептәуір ақша төленсе, Қарабұғазды Князеваның иелігіне "қоса салуға" келісе кететін мейірбанды инженерлер де табылды, сөйтіп олар әйелдің атынан шығанақтың күллі батыс және оңтүстік-батыс жағалауына тапсырыс алды.
Бірақ Князева кешігіп қалған еді. Темекі қабын шығаратын фабрикант Катык пен "Айваз" акциөнерлік қоғамы жағалаудың дауыл мирабилитті бәрінен де көбірек лақтырып тастайтын ең бір таңдаулы бөлшектерін басып қалған еді. Олар шығанақтың табиғи байлығын өңдеп шығару үшін, банктердің қоңынан өз керегін қарбыта ойып алған еді. Бұл ақшалар биржалық айла-шарғыға жұмсалып кеткенді. Көз бояу үшін өндірілген мирабилиттің болмашы мың пұты алыс жағалауда тас метін болып қатып жатты.
Көпес әйел Князеваның экспедициясынан белгі болып, Қарабұғаз жағасында құмға көміліп, тұзға мүжілген жасыл қайықтар қалды.
Сол экспедицияның бастығы шығанақта жүзу үшін Бакуден тайыз табанды пароходтарды іздеді. Ондай пароходтар екеу ғана еді. Соның біреуі "Манчжурия" атты күмәнді пароход компаниясының иелігінде болатын, екіншісі бұлардан да өткен пысықай кәсіпкер ағайынды Ашуровтарда бар еді. "Маньчжурия" мен Ашуровтар Князеваны бір жүндеп қалғысы келіп, пароходтарды арендаға беру үшін, кісі қиялы жете бермейтін бағаны айтты. Шығанаққа лоцман ретінде көпті көрген қазан татарын жалдап, түрікмен қайықтарымен баруға тура келді.
Князева экспедициясының қызметкерлері — студенттер — қайықтармен шығанақты бірнеше бағытта кесіп өтеді. Олар күкіртті сутегімен уланған жағалауда демігіп жүріп, тобықтан келетін суды кешіп, шығанақтың тайыз жерлерін аралап шығады, бірақ мирабилитті таба алмайды: бүкіл мирабилит жылы суда түгелдей еріп кеткен еді.
Алайда Князеваның ақшасы арқасында жүргізілген экспедиция шығанақтың суына батқан әрбір заттың мирабилиттің кристалдарымен қабыршақтанып "киінетінін", ол тек қысты күні молынан су түбіне шөккен кездері болатынын анықтады. Экспедиция, очдеріиің ой-пікірінше, шығанақ түбінен мирабилит өндірудің ең жетілген әдісін — оны қарапайым қаптармен сүзіп алу жолын ұсынды, сөйтіп Киязеваның иелігіндегі жерді қазықтар қағып, қоршайды да кетіп қалады.
Осынау экспедицияның журналында тұңғыш рет шығанақтың шығыс жағалауынан елу шақырымдай жерде, Тәуір Қыр тауының етегінде тас көмірдің кені бар деп айтылған еді.
Көп ұзамай бірінші дүниежүзілік соғыс басталды да Қарабұғаз ұмытылып қалды. Оның қорғасын түстес дауылды кеңістігінде қыс айларында көшпелілер сирек те болса төбе көрсетіп тұрған. Бірақ олар да оның түнерген қумекиен жағалауында тұрақтамай, одан әрі Красноводскіге кетіп қалатын.
Шығанақ жалғыз-жарым күйінде буырқанып жататын. Түрікмендер қыстаударындағы жұрт — орыстар оның қарғыс атқан суынан шошып, жоламай қойыпты, одан пайдалы ештеңе таба алмапты дегенді айта бастайды.
1920 жылы Владимир Ильич Ленин Қарабұғаз байлығын пайдалану мәселесін көтереді. Экспедицияны жабдықтауға алтынмен қырық мың сом ақша бөлінеді. Ол әуелі мирабилитті өндіру әдістерін анықтауы керек, содан кейін дереу оны өндіруге кірісуі қажет еді.
Экспедиция басында геолог Подкөпаев тұрды. Осы бір экспедицияның ғылыми маңызы орасан зор болды, бірақ іс жүзінде ешбір нәтиже бере алмады. Тәжірибесіз инженер Астраханьнан бала-шағасы көп отбасыларын таңдап алып, оларды Қарабұғаз шөліне алып барады. Азық-түлік қоры аз болды. Кен өндіруді жолға қойып үлгіргенше, оны сыпырып жеп қояды.
Жұмысшылар тұс-тұсқа қашып кетеді.
Подкопаев экспедициясының ғылыми бөлегі шығанақта үш жыл жұмыс істейді. Олар шығанаққа "Нижний Новгород" пароходымен барады, ал екі әскери баркас: "Шаумян" мен "Перебойна" пароходпен бірге жүреді.
Шығанақта мирабилит қараша айының ортасында кристалдана бастайды, ал марттың ортасында кристалдану тоқтап қалады да кері процесс — мирабилиттің суда еруі басталады. Міне, осыған байланысты мирабилит "маусымдық минерал" деп аталады.
Қарабұғаздан мирабилиттен басқа, қыруар хлорлы магний мен хлорлы натрий (кәдуілгі ас тұзы) кенін табады.
Қарабұғазға етене кіру Подкопаевқа өте қиын болады. Шығанаққа кірер жерді түгелдей қоршап тастаған кірпияз құм қайран кесірін тигізді. Ала құйын кезінде қайраң үстінде ақ көбікті, биік толқындар буырқанып-бусанып жатады да, тыныш кезде теңіз суының құмды қайраңнан шығанақ тереңіне екпіндеп құлап жатқаны айқын көрінеді. Құм қайраңда судың түсі күрт өзгереді: көкпеңбек теңіз суы балқыған қорғасынмен ұласып кетеді.
"Перебойна" баркасы өзінің жаужүрек командасымен қырсық қайраңнан бір бүйірден жүзіп өте шығады да шығанақтың солтүстік жағадауын сол екпінімен жеделдете шолып шығады.
Экспедиция НЭП-пен тұспа-тұс келеді. Бакуде соданың жүздеген тонналарын сатып алып жатыр екен деген қауесет тарайды. Шығанақта тосыннан-тосын қандаладай жатаған, ыс пен күйеден әбден қарайып кеткен бір кеме пайда болады. Оның көне лақса машинасы шақыр-шұқыр етіп, қазандары буының жартысын рәсуа етіп, ауаға таратады.
Беймәлім кеменің екесті командасы еліріп, түріміне сүлфатты толтыра үйіп тастап, жабайы қаздарды жаппай қосырейлене атқылағаннан кейін, шығанақты тастап, Баку қаласына тайып тұрады. Онда сүлфатты сода деп сатып жібереді, пысықай теңізшілерді табанда сотқа тартады, сөйтіп бейтаныс кеменің бұл сапары оның ең бірінші және ең соңғы сапары болып аяқталады.
1923 жылы Кургузулл мүйісінде бұл қазақша "қитар қыз" деген сөз — жыртық түжіркелі студент басқарған бір қауым жұмысшылар пайда болады.
Бұларды "Дағыстан оттары" деп аталатын әйнек зауыты жіберген еді. Зауыт сүлфаттың жоқтығынан тоқтап қалады, ал оның сарқылмас кені қол созым жерде, Қарабұғазда жатқан еді.
Бекдаш мүйісінен зауыт кемежай мен тастан үй салдырады. Кургузуллдан кемежайға сүлфатты түйемен, түрікмен қайықтарымен тасып жеткізеді де пароходқа тиейді.
Мың тоғыз жүз жиырма үшінші жылды Қарабұғаз байлығын іске қосудың бірінші жылы деп есептеуге болады. Жыртық түжіркелі студент Бекдаштағы жаңа үйге келіп кіреді, сөйтіп күні бүгінге дейін Қарабұғазда тұрып жатыр.
Сүлфат — құрғақ глаубер тузы, оның аппақтығы сондай, жазда, күн шақырайып тұрған кезде, көзге зақым келтіремін деп қорқасыз — оған қарауға болмайды. Мирабилит — сол баяғы глаубер тұзы, бірақ ол суға әбден қаныққан. Мирабилитте бөлшектің оннан бірі глаубер тұзы-дағы, қалған тоғыз бөлшегі су. Өнеркәсіпке сүлфат керек. Ендеше мирабилиттің өзін тасудан еш мәнпағат таппайсыз. Ол тек суды тасу болып шығады.
Сол себепті де мирабилитті кептіреді немесе химиктер айтатындайын, оны сусыздандырады. Қарабұғаздың ыстық климаты, мігірсіз соғатын аңызағы кептіру ісіне көмектеседі.
Әуелі мирабилит үйінділерін қалың етіп жайып тастайды, арада екі күн өткеннен кейін оның бетінде қаймыжықтай құрғақ сүлфат пайда болады. Мирабилитпен араластырып алармын деп қорықпай, сүлфатты батыл түрде күреп ала қояды, өйткені сүлфат пен мирабилит арасында қатты қабыршақ пайда болады. Сосын қабыршақты қопсытып, жұмсартады, енді мирабилит өзінен сүлфаттың соны қабатын айырып шығару үшін, қайтадан кебе бастайды.
Мұндай кептіру ісі ұзаққа созылады және ол Қарабұғаздың кірпияз қырсық мінезіне кіріптар. Жел қаттырақ соқса болды, сүлфат бұрқырап, жалтылдаған ащы тозаң бұлты тәрізденіп, айналасының бәрін күргейлеп, шөлге қарай маңып кетеді.
Хош, сонымен студент сулфатты Дербентке тасып жатқан кезде, Қарабұғаздың жаңа қожайыны — "Киркуулисоль" деген пайда болады. Бұл ұйым Қарабұғаз бен теңіз арасында жатқан орасан зор кермек сор — Құлыкөлде ас тұзын әзірлеу ісімен және жол-жөнекей Қарабұғаз сүлфатыи өндірумен де айналысады.
Қайдан жинап алғандары беймәлім "Киркуулисольдің" қызметкерлері шеттерінен қунақ іскер, сұғанақтығы және бар адамдар ретінде, атақтары күллі жағалауға жайылып кетеді. Олар Персияға экспортты тұз дайындау ісімен айналысты. Көздері қырағы көшпелі түрікмендер ұдайы түнделетіп тұз тиеп жататын парсының фелюгаларын — шағын кемелерін, кәсіпшіліктерде кенеттен пайда болып, кенеттен ұшты-күйді жоғалып кететін күдікті адамдарды, көк жиектен ешқашанда жағалауға жақындамайтын пароходтар түтінін, тағы басқа көптеген түсініксіз жайттарды көре бастайды. Осындай шүбәлі белгілерге қарап, шекара маңының түрікмен тұрғындары қолма-қол: олар тұз ұрлап жүр -деген қорытындыға келеді.
Осыған ілесе, ашық теңіз үстінде, түнде өз түрінен алып, парсының фелюгаларына тұзды қайта тиеп жатқан "Армения" атты пароходты ұстап алады. "Киркуулисольдің" қызметкерлері фантастикалық мөлшерде контрабандамен айналысып келген болып шығады. Контрабандашылар түгел қолға түседі.
"Киркуулисольдің" масқара тарихы осымен аяқталады. Оның орнын ержүрек теңізші Болонкин басқарған "Карабусоль" басады. Әлгі "Киркуулисоль" сияқтанып, бұл жаңа "соль" де Ала Тепе деген көлден ас тұзын өндіру ісімен айналысады да сулфатты ойлап бас қатырмайды.
Ақырында, 1926 жылдың күзінде шығанаққа үкімет комиссиясы келеді, ол Қарабұғаздың берекесін қашырған құнтсыздықты бір-жолата жояды. Комиссия шығанақтың жағалауынан, шығанақтың қас қағымда ғайып болған күллі дүдәмал қожайындары дайындап кеткен жүз елу мың тоннадан артық сүлфатты тауып алады.
"Туркменсоль" атты жаңа ұйымға енді шығанақтың оңтүстік жағалауындағы Умчалл деген мүйіс жанына жеделдетіп, сүлфат өндірудің жоспарлы жұмысын бастау тапсырылады. Оны өндіру ісі басталып кетті де, шағын мөлшерде болса да өнімді тапсырып отыру, шығанақ байлығын пайдалану үшін, "Қарабұғаз сүлфат" тресі құрылған 1929 жылға дейін жүргізіледі. Сөйтіп шығанақ өмірінің бірінші кезеңі зулап өте шығады.
"Қарабұғаз сүлфат" тресі бұнда қолында толық билігі бар қо жайын ретінде келеді. Ол Қарабұғазды шығыс аймақтарды индустрияландырудың жалпы жоспарына, шөл даланы баурап алудың ержүрек жоспарына енгізеді.
Аударған Әбілмәжін Жұмабаев