Шын шабыттан туады өлең...
(Ақын Гүлжауһар Сейітжанованың шығармашылығы хақында)
Поэзия сезімнен туады. Бұл ретте қалай және неліктен деп сұраудың жөні жоқ.
Нальбий
Ақындық - асқақ мұрат. Оның биігіне жету немесе өрлеуді былай қойғанда осы бір арман жолын өмірлік мақсатың етіп, таңдап алу, және сол сара жолмен айнымай алға тарту кез келгеннің тәуекел етер ісі емес. Тегінде ақын болсам деп талпыну ізгі үміт болғанымен, оның жан күйініші мен сүйініші, жан толқуы мен арпалысы арманшыл да қиялшыл жан үшін аз азап әкелмейді. Өлең - өмір бірде сені өксітіп жылатады, тағы бірде жаныңды бір жасантып, жұбатып отырады. Ең бастысы, ақын өзінің алған бетінен таймайтын, қандай жағдай болса да өлең жазуын қоймайтын рухы мықты, балауса бұлақ қалпынан өмір бойы ажырамас сезімге бай, ақ адал, еңбекқор әрі ізденімпаз адам болса болғаны.
Бұл құрғақ мораль, арзан фәлсафа ретінде айтылып отырған жоқ. Өзіміздің жерлесіміз, бүгінде үш бірдей жыр кітабының авторы Гүлжауһар Сейітжанованың ақындық болмысында да осындай табиғи жарасым бар. Қолымызға қалам алдырған Г.Сейітжанованың өзімізге жерлестігі ғана емес, біраздан бері өлеңді серік етіп келе жатқан қаламгер есімінің жарытымды аталмай келе жатқандығы. Міне, осыған себеп іздедік. Қалай болғанда да, жоғарыдағы сөзіміздің сабағы - әдеби сын айтылмады екен деп іркіліп, тоқырап қалып жатқан Гүлжауһар жоқ. Өйтер болса, ақын болмас та еді. Қолына қалам алып жыр жазып, республикалық басылымдарда көрініп жүрген қазақтың ару қыздары санаулы. Ал мұның үш кітабы шықты, ал сыншылар назарына ілікпеуі неліктен?
Бұл үшін, біздіңше, ақын қыз кінәлі емес. Ол өз жан әлемі, жүрек лүпілімен қалың жыр сүйер қауымға үнемі сыр шашып келеді. Оның өз тылсымы, өз оқырманы, өз ағысы мен өзені, өз әуені, сазы бар...Әуен-сазы деуіміздегі гәп қандай? Г.Сейітжанованың лирикалық өлеңдерінің тақырыбына зер салып көріңіз. Міне, «Тұңғыш» кітабы қолымда. «Белгісіз солдат», «Жалғыз кемпір», «Адамдар», «Домбыра», «Өкпелеме», «Жүрегім». Оның өлеңдерінде жасандылық, еш әсер-шабытсыз өзіне зор салып отырып қинала жазу белгісі жоқ. Әрине, жекелеген өлеңдерінде көркемдік компоненттердің жетіспей жатқан тұстары кездесуі мүмкін. Біз мұны мүлде жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, әңгіме басқада болып отыр. Кешегі «тоқырау» аталған кезеңдерде жазылған бұл өлеңдерде бәрінен бұрын саясаттың, идеологияның сарқыншақтары жоқтың қасында. Жалпылай алғанда ақын махаббат, ізгілік, қайырымдылық, әділет, бейбітшілік тақырыптарын өлеңдерінің өзегі еткен. Соңғы кітаптарын «Ақерке», «Ақ көгершін» атапты. Ішіндегі өлеңдер мазмұнына жарасып-ақ тұр. Алғашқы тырнақалдысының өзінде жанының лирикалық әлемінен сыр аңғартып үлгерген автордың кейінгі жинақтарында одан әрмен ширап, қолтаңбасы айқындала түскені аңғарылады. «Тұңғышында»:
Арасына жаз, қыстың сына қағып,
Балауса тал желпінді тұра қалып.
Алғаш жауған ақ жаңбыр Маңғыстауда
Терезеден барады жылап ағып, -
(«Маңғыстау көктемі»)
деп образды ой түйіндесе, «Ақеркесінде»:
Жетімсіреп кәрі емен жылап тұрды,
Тына қалып ақ бұлақ құлақ түрді...
О, табиғат, қуаныш ортақ еді,
Қайғымыз да екен ғой бір-ақ түрлі, -
деген жалғыз шумақпен адам баласының да табиғатпен етене, Жер-Ананың өн бойынан жаратылған қауым екендігін сыршыл тіркестермен пайымдатып өтеді.
Немесе:
Көгорай шалғын, көк майса,
Даланы гүл көмкерген.
Қырдың иісі аңқиды
қызғалдақты өлкемнен.
Көкжиекті Күн кешіп
бара жатыр белінен,
Бал-бұл жанып нұр жүзі
қуаныштан өртенген, -
секілді жолдарды сұлу сурет демей көріңіз.
Алғашқы екі жинақтағы нәзік сырлы әуендерді оқығаныңда жаныңды тербетпей қоймайды. Тек өлеңді түсініп оқи білсеңіз, жетіп жатыр. Жыр жинақтарынан әншейінде көпшілік жұрт үркіп жүреді. Бұл, бір жағы, өлеңді, әдебиетті түсінбеушілік болса, екіншіден соңғы жылдарда халқымыздың тілін, дінін, әдет-ғұрпын ұмыта бастағанымыз сияқты, жұртымыздың алтын тамыр - поэтикалық құдіретін де жатсынып, бойларын аулақ ұстай бастағаны деп түсінеміз.
Тағы да әуен-сазға үңілелік: «Наз» деген өлеңнің бір жолы мынадай:
Өзен, өзен, жасырма,
жазығымды ұғындыр,
Келіп едім әдейі
сыр тартқалы бүгін бір.
Тым болмаса үміттің
етегінен ұстат та,
Ал әйтпесе біржола
дүниеден түңілдір...
Міне, осынау бір ғана шумақтың өзінен ақынның албырт көңілі, сыршыл жан иірімі, табиғи мінез-құлқы сезіліп-ақ тұр. Санасында сәулесі бар оқырман да мұндай жолдарды тебірене оқи отырып, орамды ой мен әсерлі сезім жетегіне ерері хақ.
Ақын өз жанының толғанысын паш етсе де, оның жырлары жалпыға ортақ рухани қазына бола бермек. Ақын жаны нәзік, толқымалы. Ол өзгенің де қайғысы мен қуанышын бөлісіп, жырына қоса алады. Қалай болғанда да баршаның жанына жағатын өлең шынайы тебіреністен туады.
Мен бір нәрсе әсер етіп, сезімім оянғанда ғана қаламымды қолға аламын, - деген бір кездесуде Г.Сейітжанова. - Жасандылыққа жаным қас...
Иә, ақын жаны толқындарға ұқсас. Гүлжауһар ақын да өлеңінде болсын, өмірде болсын ақындық бейнесін, сезімтал қалпын жоғалтпай келеді. Оның өлеңдерінен қаншама мұң, қаншама сыр ақтарылып тұрса да, ол боркемік емес. Оның өзіндік ағысы бар... Соңғы жинағының «Ақ көгершін» аталуының астары мына бір өлеңде жатқан сияқты. Біз ең бастапқы және соңғы шумақты келтірдік:
Тәтті ұйқыда жатырсың балбыраған,
Көзім тоймай қараймын келбетіңе.
Күн астында жаралған барлық адам
Неге әр түрлі деймін мен енді өкіне...
...Ойнасын бақыт сәуле жүзіңде асыл,
Сенем мен, әділеттің күші берік.
Әсем әуен - пысылың бұзылмасын,
Жүрсін ақ көгершіндер түсіңе еніп...
Иә, ақ көгершін - әділет құсы. Дүниенің барша қызығы, бар мәні сол бала, сол баланың тыныш ұйқысы. Оның тәмпіш мұрнының пысылынан асқан әсем әуен жоқ екендігі рас.Ақын соны тап басып тауып айтыпты.
Жалпы, Г.Сейітжанованың соңғы жинағының салмағы басым. Тақырып та тереңдеп, сезімталдық ойлылыққа ұласа түскен, ақынның өмірлік көзқарасының да өткір сипаты сезіледі. «Жеті нан», «Уақыт», «Шындық», «Кавказ», «Тарасқа» секілді бірқатар өлеңдер тақырып, түйін, көркемдік жағынан төрт аяғынан тең басып-ақ тұр. Мұндай өлеңдердің «Ақ көгершінде» көбейе түсуі - өсудің белгісі. Ендеше, бұл қалыпты бір ырғақпен (бәлкім, сан ырғақпен) өлең жазуды мұрат-мақсат тұтумен бірге ізденіс жолы арқылы кінәмшіл, кіршіксіз, қайнар бұлақтай, тұнық поэзия табуға деген құлшыныс деп те бағалағанымыз ләзім.
Асылы, ақындарды категорияға бөлу дұрыс емес. Ақын халықтың жүрегінен табылатын жырларды дүниеге әкелсе, ол көркемдік талап пен талғам биігінен табылса болғаны. Ақындардың барлығы бірдей тасты жарып өсетін гүл емес. Бір тәуір ақынның тамаша жырларын өзгеше бір жырлайтын басқа бір ақынның тұшымды шығармаларымен салыстырып қарау - көз қарықтырар жұпары аңқыған екі әсем гүлді сарапқа салып, салғыластырғанмен бірдей. Осы тұрғыдан келгенде, Г.Сейітжанова - өлеңде өз үні, өзіндік стилімен оқырмандар көңіліне жол тауып келе жатқан қаламгер. Өлеңдерінің өсу рухы алда бұдан да биік белестерге қадам басуға мүмкіншілігі бар екендігіне сендіре түседі.
1991 жыл.