Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Шнобель сыйлығы

Бұл Нобель сыйлығының пародиялық аналогы. Ағылшын тілінде ол Ig Nobel Prize деп аталады. Мұнда сөздер ойыны жасырылған. Nobel prize — Noble яғни «асыл» сөзі сияқты естіледі. Ал Ig Nobel өз кезегінде — ignoble «ұятты» деген сөзге ұқсайды.

Шнобель сыйлығы — 1991 жылдан бері орындауға тұрмайтын, күлкілі жетістіктердің иегерлері марапатталын сыйлық. Оны тағайындаған — «Annals of Improbable Research» әзіл-сықақ журналының бас редакторы Марк Абрахамс. Алғашқы жылдары бұл сыйлық Массачусетс техноло­гия­лық университетінде тапсырылған болса, кейін Гарвард универ­си­те­тіне ауысқан. Лауреаттарға лайық сый да ерекше. Әдетте, оларға ме­талдан жасалған өте жұқа қа­ңыл­тырдан (фольга) әзірленген медаль не сақ-сақ етіп тұрған адамның жақ тістері бейнесіндегі естелік бел­гі табысталады. Ал басты сый — 3 Нобель сыйлығы иегерінің қолы қойылған сертификат. Айта кету керек, Шно­бель иегерлеріне марапатты Но­бель иегерлері табыстайды. Қазақстандықтар Нобель сый­лығы секілді Шнобельді де әлі бірде-бір мәрте алып көрмеген. Шнобельдің тағайындалғанына 21 жыл өтсе, осы уақыт аралығында талай-та­лай күлкілі де қызықты зерттеулер жасалғанына куә болды әлем.

Марапат "алдымен күлдіріп, содан кейін астары адамды ойға жетелейтін жетістіктер үшін беріледі». Бұнымен не дегіміз келіп отырғанын кейінрек түсіне жатарсыз, ал әзірге рәсім қалай өтетініне назар салайық.

Шнобель сыйлығының лауреатына өз жұмысын ұсынуға тұп-тура 1 минут беріледі, содан кейін сахнаға кішкентай қыз шығады да «жетер, доғарыңыз, ішім пысып кетті» деп бірнеше рет қайталап айқайлайды. Сондай-ақ, сахнаға қағаздан жасалған ұшақтарды лақтыратын дәстүр де бар. Салтанатты рәсімнің тіпті ресми "сыпырғыш сақтаушысы" бар. Ол — физика профессоры Рой Глаубер. 2005 жылы ол өз қызметінде бола алмады, себебі Нобель сыйлығын алып жатқандықтан қолы бос емес еді...  

Рой Глаубер

Марапат ақшалай сыйлықты да қамтиды: оның құны 10 миллиард Зимбабвиялық доллар. Айтпақшы, бұл валюта 2009 жылы 231 миллион пайызбен инфляцияға ұшырап, айналымнан жойылған.

Сонымен, ең қызықты Шнобель сыйлықтарының тізімін қарастырайық:

— 2006 жылы Франция­ның Пьер және Мария Кюри уни­верситетінің ғалымдары Базиль Одоли мен Себастьен Нойкирх қарапайым спагеттиді құрғақ күйін­де сындырғанда, көп жағ­дайда неліктен екіден көп бөлікке бөлінетінін зерттеген. Анығында, спагеттиді сындырған кезде оның бетінде толқын пайда болып, ол жаңа жарылысқа әкеледі екен. Ол өз кезегінде жаңа толқын тудыра­ды. Бір қарағанға керексіз-ақ дү­ние, ал ғылым үшін маңызы зор. Өйт­кені бұл зерттеу нәтижесін бетон бағаналарды жасауда әбден қолдануға болады.

— 2005 жылы АҚШ-тың Миссури штатының тұрғыны Грегг Миллер болса, ит­тердің жыныстық жұмыртқаларын алмастыратын протез ойлап тапқаны үшін Шнобель сыйлығын иеленді.

— 2004 жылы Рамеш Бала­субраманиам мен Майкл Турвиге бұл сыйлық онсыз да белгілі жайт үшін берілген. Бұл ғалымдар шең­берді (обруч) жамбаспен де, ті­зе­мен де, сирақпен де айналдыруға бо­ла­тынын тәжірибе жүзінде дә­лел­деп берген. Мұндай қызықтар өте көп. Шнобель сыйлығының иегерлері қатарында қарапайым бір кесе шайды қалай дайындау қажеттігі жайлы 6 бет әдістеме жазған ға­лымдар да, адамның су мен шәр­баттың қайсысында те­зірек ба­татынын зерттегендер де, сыраны құйғанда оның көбігінің бірінші жылдам кішірейіп, бірте-бірте жылдамдығын азайтатынын анық­таған ақылдылар да бар.

— Математика саласы бойынша Шнобель сыйлығына ақырза­ман­ды болжаған талай ғалымдар ие болды. Алайда олардың ешбірі ма­рапаттау рәсіміне келмеді, өйт­кені ақырзаман әлемге емес, олардың тек өздеріне ғана келген болатын. Түрлі болжам бойынша, ақырзаман 1954, 1982, 1990, 1992, 1997 және 2011 жылдарда келу ке­рек болса, олардың ешбірі ақтал­мады. «Annals of Improbable Research» әзіл-сықақ журналының бас редакторы Марк Абрахамстың айтуынша, олар әлем ғалымдарын математикалық есептеулерде ен­дігәрі қателік жібермеуге үйретіп­ті-міс.

— Тағы бір қызық зерттеу — Осло университетінің профессоры Карл Тейгенің үлесінде. Оның зерттеу нысанына — адамдардың күрсінуі ілігіпті. Әдетте, адамдар қайғы не көңіл қалушылықтан күрсінеді. Де­генмен Карл шындығында, күр­сіну — адамның көндігуінің белгісі деп отыр. Ашқан жаңалығы осы ғана.

— 1992 жылы сыйлықты орыс профессоры иеленді. Юрий Стручков әр 3 күн сайын бір мақаладан, 9 жыл ішінде 948 ғылыми мақала жариялады. Комитет ынтасын бағалап, оған әдебиет саласы бойынша сыйлықты табыс етті.

— Керісінше жағдай 1993 жылы орын алды. Жеңімпаздар Моррисон, Тополь, Калифф, Ван де Верф, Армстронг және олармен бірлескен 972 автор беттеріне қарағанда авторлар саны 100 есе көп болған медициналық мақала жариялады.  

— Сіз су ақпарат тарата алады дегенді естіген бе едіңіз? Бір гомеопат 1998 жылы бұндайға тек су ғана қабілетті емес екенін дәлелдегені үшін химия саласы бойынша Шнобель сыйлығын алды! Оның зерттеуі бойынша ақпараттың телефон желісі мен интернет арқылы да берілуі мүмкін екенін әлемге паш етті.

— 2006 жылы ректалды массаж арқылы ықылықтан құтылуға болатын қызықты факт ұсынғаны үшін медицина саласы бойынша сыйлық алды. Келесі жолы сіз ықылықтан құтыла алмағанда барлық әдістерді тексеріп көрдім деп айтпаңыз.

— 2008 жылы голландтық зерттеушілер қымбат плацебо әлдеқайда тиімді жұмыс істейді деген қорытындыға келді.

— 2012 жылғы сыйлықты АҚШ үкіметі иеленді. Әдебиет саласы бойынша бұл жүлде есептер туралы есеп беру есебі үшін берілді, ол есептер туралы есеп жайлы есеп беру туралы есеп беруді дайындауды ұсынды. Алайда үкімет өкілдері марапатты алуға келмеді.

— 2013 жылы физиктер керемет фактті дәлелдеді: кез-келген адам су бетімен жүре алады... яғни тек Айда!
 
— Шнобель сыйлығы Беларусь Президенті Александр Лукашенкоға да берілді. Ол 2013 жылы саяси себептер бойынша көшеде қол соғуға тыйым салатын жарлық шығарылды. Президент марапатты осы жарлықты бұзған жалғыз қолды мүгедек адамды қамауға алғаны үшін өз елінің полиция өкілдерімен бөлісті.

— Тізімдегі соңғы жеңімпаздар мысықтарды сұйықтық ретінде зерттегені үшін сыйлықты иеленді. Бұл нағыз ақымақтық сияқты естіледі, өйткені барлық мысықтар 100% сұйықтық екенін бесенеден белгілі, солай ма? Жоқ, мүлдем олай емес. Себебі ересек мысыққа қарағанда, кішкентай марғаулар әлдеқайда жақсы сұйықтық.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама