- 18 қаз. 2018 00:00
- 340
Хоум Кредит Банктың жаңа төрағасы таныстырылды
16 — қазанда Банк Хоум Кредиттің жаңа төрағасы Карел Горакты ресми түрде таныстыру мақсатында жабық түрдегі таңғы ас берілді. Оған еліміздегі белгілі бұқаралы ақпарат құралдарының жетекшілері мен пікір көшбасшылары қатысты.
Шара басында Карел Горак өзін таныстыра отырып, өмірінен қысқаша сыр шертті. Карел Горак Home Credit Group командасына 2015 жылы мамыр айынан бастап қосылған. Ол кезде Индонезиядағы сату бойынша директор қызметін атқарған. 2018 жылы тамыз айынан бастап, Банк Хоум Кредиттің төраға қызметіне сайланды.
Төраға мырза Home Credit Group-тағы қызметіне дейін, Еуропадағы бірқатар мемлекеттерде Sales&Marketing, Finance, Business Devolopment, Excellence және Coca cola Hellenic-та әр түрлі қызметтер атқарып, 12 жылдық тәжірибеге ие. Ал ең алғашқы мансап жолын 23 жасында спирт өндірісіндегі жергілікті компанияда бастаған. Карел Горак Прагадағы Экономикалық университетті бітірген. Менеджмент және экономика саласы бойынша магистр дәрежесіне ие. Чех, ағылшын, неміс және индонезия тілдерін біледі.
Шара барысында төраға мырза банктың алға қойған жоспарларымен бөлісіп, қаржылық көрсеткіштерінің дамуын атап өтті. Алдымен, қаржылық көрсеткіштерге тоқталсақ. Банктың несие портфелінің қарқынды өсуі шамамен 21%, бұл 2018 жылғы 1-қыркүйектегі жағдай бойынша 246,1 млрд теңге. 2018 жылы 1-қаңтар мен 2018 жылы 1-қыркүйек аралығында Банктың активтері 21,8% - ға өсіп, 292,9 млрд теңгені құраған. Осы жерде Банктың таза кірісіне тоқталсақ, биылғы жылдың 1-қыркүйегінде 15 млрд теңгеден астам пайда тапқан.
Сондай-ақ жаңа төраға клиенттерге арнап әзірлеген бірқатар жаңа өнімдерін де тілге тиек етті. Олар: бөліп төлеу мен несие функциясын қатар атқаратын «DOS» несие картасы. Жылына 15%-дық өлшеммен ең жоғары сыйақы алуға арналған депозит сертификаты және "Аялау" қаржылық қорғауы.
Қазіргі уақытта «Home Credit» банкі клиенттері үшін цифрлық шешімдерді әзірлеп, оны енгізуге баса назар аударуда. Солардың бірі — мобильді банкинг. Оның көмегімен клиент өзінің ақшасын үнемі бақылауда ұстай алады.
Карел Горак банктың алға қойған жоспарларын айта келе қызмет көрсету сапасын жақсартуға баса назар аударатындығын, клиенттер үшін несиеге өтініш беру мен жеке ұсыныстардың қарапайым процесін енгізуді қарастыратындығын және 2019 жылы банктың табыстылығын арттыруды жоспарлап отырғандығын айтты. Шара соңында журналистер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауап алды.