Экссудативті плеврит
Экссудативті плевриттің, яғни өкпе қабының жалқақты қабынуының, туындау себептері құрғақ плевритке ұқсас келеді. Шамамен 90 пайыз жағдайда оның пайда болуына туберкулез себепші. Тағы бір ескеретін жайт, аурудың белгілері арасында ең алдымен өкпе ісігі салдарынан пайда болатын ауруларға ерекше назар аудару қажет. Экссудативті плеврит жағдайында өкпе қабы қуысынан бірнеше куб сантиметрден бастап, бірнеше литрге дейін (шамамен 5-6 л) сұйықтық (өкпе қабы жалқығы) бөлінеді. Ал өкпе қабы қуысына жиналған сұйықтық көлемінің өкпе қабының шамалы зақымдануына сәйкес келмеуі түсініксіздеу жайт. Бұл, бәлкім, экссудативті плевритті аллергиялық жауаптың өршітіп жіберетіндігінен болса керек.
Белгілері
Бастапқы сатысында науқас көкірегінің қысып ауыратындығына шағымданады, бірақ кейінірек бұл қысым өкпе қабы жапырақшаларының арасы ашылуы салдарынан азаяды.
Жөтел алғашында ылғалды болып келеді де жалқық пайда болғаннан кейін жоғалады.
Тыныс алудың қиындауы кеңтаралған белгілерінің бірі. Бастапқы кезде ауырсыну пайда болып, кейін өкпе қабы сұйықтығы салдарынан өкпенің тыныс алушы аумағының азаюы себепті ауру одан әрі дами түседі. Алғашында пайда болған күшті ауырсыну кезінде емделуші бір бүйірі қысып ауыратындықтан, екінші бүйіріне аударылып жатады, бұл кезде өкпе қабы қуысына сұйықтық молынан жиналып, өкпенің сау жағы кедергісіз кеңеюі үшін науқас ауырған бүйіріне қарай жатуға мәжбүр болады.
Егер жалқық тыныс алу мен қан айналымын қиындататындай дәрежеде жиналса, пациент қиналмай тыныс алу үшін тіктеліп отыруға немесе тік тұруға ыңғайланады.
Мұндай қысылу жағдайы тұрақты қайталанып, аурудың ауырлығы мен мерзімінің ұзақтығына байланысты күшті құбылып тұрады. Өкпе қабы сұйықтығының көлемі ең жоғарғы шекке жеткенде дене қызуы көтеріліп, ал біртіндеп сорылып, азайған кезде төмендейді.
Нақтама
Нақтама ауруға тән көптеген белгілерді анықтауда жеңілдік туғызады, бірақ дұрыс болжам жасау және оңтайлы емдеу шараларын таңдау үшін экссудативті плевриттің себептерін танып-білуге назар аудару керек. Сондықтан экссудативтің физикалық, химиялық, цитологиялық және бактериялық қасиеттерін зерттеу аса қажет. Ол үшін өкпе қабына пункция жасап, қабынған жерінен шамалы өкпе қабы сұйықтығын алады. Бұл пункция (торакоцентез) жергілікті наркоз және арнайы ине арқылы жасалады.
Физикалық зерттеу (салыстырмалы тығыздығы, альбуминнің болуы) сұйықтықтың сипатын яғни экссудативті ме әлде транссудативті ме, сол жағын анықтайды. Транссудатқа нәруыздың, эритроциттің және лейкоциттің өте аз болуы, сондай-ақ өкпе қабы шырышты қабығының қандай да бір дәрежеде өзгеруі тән. Мұндай зерттеу өте маңызды, өйткені экссудат тек өкпе қабы қабынған жағдайда ғана пайда болады, ал транссудат болса қабынбаған аурудың нәтижесі болып табылады.
Химиялық талдау арқылы май немесе холестерин сияқты белгілі субстанциялар анықталады.
Цитологиялық зерттеу өкпе сұйықтығы анықталып, Папаникол бойынша боялғаннан кейін микроскоп арқылы жүргізіледі және болуы мүмкін корпускулярлық бөлшектер анықталады, бұл ісіктен туындайтын плеврит жағдайында ерекше маңызды. Және, ақыр аяғында, бактериологиялық зерттеу арқылы бактериялық флораның дәріге жауабын, белгілерін және түрін анықтайды.
Емі
Емдеудің дұрыс жолын таңдау өте маңызды. Егер жалқық толық сорылып кетсе, онда өкпе қайтадан толық кеңейеді, өкпе қабы тегістеліп, тыныс жолдарында зақымданған жер қалмайды.
Бірақ көп жағдайларда фибриндік торша өкпе қабы жапырақшаларын жабыстырып, өкпе қабының фибриндік нығыздануына, көкірек қуысы қабырғасының жиырылуына немесе өкпе қабы қалталарының пайда болуына алып келеді.
Тыныс алуға кері әсер ететіндігі айқын: өкпе қабы жапырақшалары бұдан былай кедергісіз қозғала алмайды, осының салдарынан әсіресе жаппай жабысу жағдайында өкпе толық кеңейе алмайды, өкпедегі ауа айналымы күшті шектеледі. Сондықтан аурудан туындайтын тұрақты өзгерістердің алдын алу үшін дұрыс емді мүмкіндігінше ерте бастаған жөн.
Төсек режимін сақтаумен бірге ауырсынуды басатын ем-шаралар да өте маңызды. Ауырсынуды күн сайын үш-төрт рет 0,5 г ацетилсалицил қышқылын (аспирин) қабылдау арқылы басуға болады.
Экссудативті плевритке туберкулез, өкпе қабынуы және т.б. бастапқы аурулардан кейін ем жасалады. Торакоцентез арқылы экссудативті бірнеше рет жою пациенттің жағдайын жақсартып, емделу мерзімін қыскартады.
С.Изгалиева, терапевт-дәрігер