Сырласу ретінде
Менің «Есімдегілер» деп жазып жүргендерім қазір қалың кітап болып, осы жинағымның бір томына айналып отыр. Сондықтан кіріспеге өмір тарихымды баяндап жатудың қажеті жоқ сияқты. Өйткені, «Есімдегілерде» менің өмірім түгел қамтылған.
Ал жазушылық жолымның кейбір кезеңдері туралы сырласу әбден керек.
Атақты Паустовский:
«Орыс тілінің әуенділік байлығының барлық құдіреті маған өлең арқылы ашылды. Былай қарағанда ол сөздер өлеңде жай ғана, қарапайым айтыла салғандай ғой. Бірақ сонысының өзі ғажап дүние емес пе? Көпіршіген тасқын ағыны ағаш бұтағын қалай қағып ала жөнелсе, өлең сөздерді де мені солай жұлып ала жөнелген. Мен төңірегімді түгел өлеңнің мөлдір заттары арқылы көремін», - депті.
Паустовский туған ана тілі туралы айтып отыр ғой. Меніңше әpкімдер-ақ өз тілі туралы осылай сөйлейді.
Ғабдолла Тоқай:
«Ей туған тіл, ей матур тіл,
Әткәм - әнкәмнің тілі.
Дунияда көп нәрсә білдім
Син, туған тіл арқылы», -
деп те сондықтан айтқан.
Екі жазушының да туған тіл туралы бұлай сөйлеулерінде бір себеп бар. Ол барлығымызға бірдей ұғымды ортақ себеп.
Керіп отырсыздар, татардың ұлы ақыны да өз тіліне ата-анасының тілі болуымен қатар сұлу және ұстаз болғандығы үшін ғашық. Ол да бүкіл дүниені, ол дүниедегі құбылыстар мен заттарды татар өлеңінің мөлдір жауһарлары арқылы қабылдаған, ұлы болмысты өз тілінің көрсетуі бойынша таныған.
Менің өз болжалым мен сенімімше де: өлең тілдің соғып тұрған жүрегі, жүріп тұрған қаны секілді. Сондықтан да тіл мұздамайды, өлмейді.
Үлкен әлемдік өмірдегі қимыл, ырғақ сияқты, тілде де мәңгі тоқталмайтын қимыл - ырғақ, бар. Соларды алдымен сипаттайтын елең. Барлық өмірде даму, жылылық бар сияқты тілдің. де баяу сезілетін дамуы, жылылығы бар. Оны дәлелдейтін де өлең.
Біздің тіліміз де сондай. «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы», - деп Абай сондықтан айтқан.
Адам қызық қой, мен кейде ойланып жатқанда талай нәрселер есіме түседі. Неғұрлым көп ойлансам, солғұрлым қуанамын. Өйткені, талай-талай жарық суреттер, ыстық кездесулер көз алдымнан өтеді. Мен қуанғаннан елігіп басымды көтеремін. Осындай тұста тіпті сонау бесіктегі, жөргектегі кезім де есте сақталғандай сезінемін. Мүмкін, мен шешемнің, сөзіне түсінбеген болармын. Бірақ оның үні, әні есімде болуы керек. Мені сол әдемі үн, күйлі сөздер ғажап ырғағымен тербемесе, шайқамаса ұйықтамаған болар ем ғой. Мен әрбір жылағанда, шешемді шақырғанда соларды сағынып шақырған болуым керек. Сол әдемі үн, күйлі сөздермен қайта табысқанда жұбанған болуым керек. Мен осыған сенемін.
Біз өлең десек, поэзия туралы сөйлесек ұлы жыраулардан бастап Абайларды айта бастаймыз. Шынында біз оларға кейін сәбилік жастан асқан соң кездестік қой. Ал, оларға дейін ше?
Біз «апа», «көке», «ата», «әже» дегенге түсінгеннен - ақ елеңнен құлағымыз бір босап көрді ме? Миымызға да өлең ұялай бастаған жоқ па? Содан бастап бізге, осы барлығымызға бар дүние өлең сиқырлары, Паустовскийше айтқанда: «Өлеңнің мөлдір заттары» арқылы танылды ғой.
Менің ойымша қазақтың өлең сөздері әнге (музыкаға) қосылушы ғана емес, енді өзі туғызушы да сияқты. Кейде әнін білмей-ақ бір қызық, күйлі өлеңдерді.есіне алсаң, жел сияқты ма, ормандағы ызың, қамыстағы сылдыр сияқты ма бір ғажап жұмбақ, үн көз алдыңда ырғала жөнелмей ме? - Иә сөйтеді.
Кейбір жұмбақ, жаңылтпаш, әйтпесе күлдіргі үшін айтылған сөздер құлағымызға өз музыкасымен құйылады.
Сылдыраманың ар жағында,
Салдыраманың бер жағында.
Маңыраманы ұлыма жеп жатыр.., -
Осы жұртты күлдіретін, қуанышқа бөлейтін әңгімені мен де бір жапырақ - бала кезімде естігенмін. Бұл не деген қызық дүние деп іштей таңданғанмын.
Сол сәби шағымда есімді қалған мына бір шумақ өлең бүгінде жүрегімде ұялап жатыр:
Сылдыр - сылдыр қамысқа сырғам түсті, жар-жар,
Сырласпаған жат елге апам түсті, жар-жар,
Апам үшін қабырғам қайысады,
Қолымдағы қос жүзік майысады, жар-жар,
Әлі күнге дейін осылар ойыма - түссе балаша қуанамын. Өйткені, маған сонау кездегі өлең гауһарлары арқылы көрінген ғажайып сұлу, ертегі дүниелер қайта елестейді. Бір түрлі елігемін:
Сылдырамалардан өткім келеді,
Салдырамаларға жеткім келеді,
Даламдағы маңырама ма, ұлыма ма...
деген ғажайып жануарларды көргім келеді. Әпкемнің сырғасын іздегім келеді. Осының бәрі сөйлеп тұрған суреттер, өмірде ешкім көрмеген хайуандар емес пе? Әпкемнің сырғасы қандай сиқырлы. Ол табылмаса да үлкен қайғы ғой.
Онда әсем жігіт:
Дарияның аржағынан көрдім сені,
Сырғаңды қайық қылып өткіз мені, -
деп кімге еркелейді?
Өлең, сөздер біздің екінші анамыз, екінші ұстазымыз. Ол сөздер болмыстағы көріністерді қайтадан сырлы бояуымен жазып шыққан суретші - художник. Ол өзінің құдіретті сиқырымен сол кәдімгі көріністерден фантастика жасайды, бізді солай тануға үйретеді. Сол үйренгендерімізді өзгелерге қалай танытуды үйреткен де бізге осы өлең сөздер. Өлең өзінің таңғажайып сиқырлы сөздерімен, теңдессіз өнерімен біздің, әрқайсымызды қазақ қып, сурет сала білетін адам етіп шығарды.
Әдетте, балалық шағыңды аңсап, сол бір тәтті кезің, тамаша күндерің сияқты көрінетін кезеңді жырласаң кейбір сыншы жолдастар күле бастайды.
— Аңсап отырғаның жалаң аяқ - жалаңбас жетім шағың. ба? Қара нан тісіңе тимей, түсіңе әрең кірген шағың ба? Бұл қай арман? Бұл ненің идеализациясы, — дейді, шын достық жүректен. Мұнда үлкен дұрыстық, шындық бар. Менің балалығым өзге құрбы -құрдастарым секілді жүдеу-жадау өткені рас, қара нанның түсіме кірмегені де рас. Бірақ ойлаңыздаршы, менің аңсарым сол жүдеу-жадаулық па екен?
Мен «өлеңнің сиқырлы мөлдір заттары» арқылы ең алғаш таныған, алғашқы қабылдаған ғажайып фантастикалық дүниемді іздеп отырғам жоқ па? Бұл менің өмірдегі барлық болмыстар, барлық құбылыстар мен күнәсіз, ақ жұмыртқадай пәк кезімде табысқан шағым емес пе? Ол менің бір-ақ рет келіп өткен, көрген түстей жоғалған қанатты балалығым емес пе? Егер сыншы балалық шағын дәл осылай өткізген болса, ақын «сағынышын» дұрыс қабылдайды. Өз жанының күйіндей, өз жүрегінің сырындай қабылдайды. Бұл қазақ ақындарымен сыншыларының арасындағы сирек кездесетін бақытты кезең.
Әрине, біз туа сала сөйлеп кетпедік. Өз ойымызды, өз сезімімізді өзгелерге жеткізу үшін бірден ағыл-тегіл құйылып кете алған жоқпыз. Біз ана тіліміздегі не бір ғажап нәрселерді кәдімгі жаратылыстағы бар нәрселердей (тау, бұлт, жер, адам, орман сияқты), болмауы мүмкін емес заттардай көрдік.
— Әнеки аппақ қар.
— Әнеки жап-жасыл шалғын - деуші едік қой. Сол сияқты:
— Әнеки, Қобыланды!
— Әнеки, Алпамыс! - дедік. Олар біздің жас қиялымызда әріден келген емес, әмбе кезде жүрегімізде жүрген, қасымызда тұрған орасан қайратты, есепсіз мейірімді, бізді шексіз қызықтыратын тұлға боп тұрады да қояды.
Шалкез жырындағы:
Алдаспан қылыш суырған,
Ажалға қарсы жүгірген.
Жаурынына қанды жебе сыймаған,
Жағасына адам қолы тимеген,
Әйтпесе:
Атқан оғын оздырған,
Дұспанның тобын тоздырған, -
деген сияқты ондаған суреттер жадымызда. Соның бәрін миымызға құйған қазақ, жыры -оның суреткер өлең сөздері - біздің рухани тәңіріміз.
Бәріміздің де әкеміз болған. Менің әкем ерте өлгендіктен жадымда суреті сақталмапты.
Есімде жоқ шын суреті,
Әкем менің қандай кісі.
Тек елестей бұлдырлайды
Әлде кімнің көлеңкесі.
Әйтсе де әкем қандай кісі еді, еркек еді-ау деп мақтанғым келеді,
Қоңыраулы найза өңгердім,
Жетімдерге жем бердім.
Жерсіздерге жер бердім, -
деген Махамбет, сол менің әкем тәрізді.
Жаңа ғана Шалкез көрсеткен адам да иә менің әкемнің өзі, иә соның жақындары болу керек.
Гректер сүйікті геройларының көбін жартылай адам, жартылай құдай ретінде баяндаған ғой. Сондықтан шығар, олардың тұлғалары аса ірі, қимылдары орасан. Ірі тұлғалардың идеялары да ірі болады екен: жарықсыз қалған, суық дүниеде жаураған адамдарға от берем деп күресіп жүреді, барынша ежет, барынша шыдамды Прометей өзі тасқа таңулы қалса да идеясынан қайтпайды ғой.
Мен де қаршадайымнан дәл осындай, гректердің кішігірім құдайларындай:
Ажалға қарсы жүгірген..
Атқан оғын оздырған...
Қоңыраулы найза өңгерген
қазақтардың жарты құдайларының ортасында туып өскендеймін. Расында да солай ғой Қараңыздаршы.
Біз Қобыландыны эпостың батыры дегенді кейін ғалымдардан үйренген соң айтып жүрміз. Маған Қобыланды ес білгелі - ақ өз ауылымыздың, өз қауымымыздың бір ұлы адамы сияқты боп кеткен-ді. Әлі сондай.
Мен Қобыландының еншілесі тәріздімін, сан рет оның алыс жолдан терге шомып қайтқан Тайбурылын да суытқанмын. Аналықтың жалғыз ұлына жақсы тілек тілегені де есімде. Құртқа жеңешемнің жол шетіне телміре қарап батырын күткені де есімде. Батыр кейде күткен жарына күлім қағып, көңілді оралса, кейде ауыр соғыстан сауыты дал - дал, денесі қан-қан боп қайтатын. Соның бәрінде де Құртқа күтіп алатын.
Сол елім, ата-анам, жарым деген батыр бүгін де. Ұлы Отанның шегінде, жаудың өтінде, елінің, махаббатының күзетінде тұрған сияқты. Мен кейде соған қарап отырып та сөйлеп кетемін.
Бурылын қара астында шапшып ойнаған,
Көрсем деп тұр ол күркіреген майданды.
Кіреді қазір қап-қара бұлтқа қайнаған,
Ағызып қанды, салады жауға ойранды.
Күн батса да, ол батпайды, сөнбейді,
Қас қарая өзі де қан боп қайтады.
Қыз Құртқасын құшақтап қана отырып,
Қиналғанын күбірлеп қана айтады.
Ал, Құртқа ше?
Қара көзі мөлдіреп,
Қызыл ерні үлбіреп,
Сүйейді де сүйгенін,
Көрсетпейді көлегейлеп
Ақ жүзінің ыстық жасқа күйгенін.
Мен бұл үзіндіні ең асылдарымның бірі болған соң келтіріп отырған жоқпын, Бұл менің сәби күннен бастап қиялыма ұялаған, ішіме қазақ өлеңі боп кірген жарықтардың бір ұшқыны. Бұл менің сол сәби күндерде кеудеме енген, жүрегіме қонақтаған кішкене ғана өлең құсының сілкініп қалғандағы бір сыбдыры. Сөйтіп бұл идеализация емес, өткенді, өткеннің «балпаң батырын» армандау емес.
Эпос өзінің ұшқыр ырғағымен, от шашқан сиқырлы сөздерімен жас ұланын өз әлеміне кіргізеді де, оған өзінің аспан - жұлдыздарын, орман - тауларын, теңіз - дарияларын ұсынады. Біз онда құстан озған жүйріктер шабысын, қырандардың жолбарыс алғанын, алып жігіттердің таудай дәулерді жеңгенін қызықтаймыз. Жарық пен қараңғы, суық пен ыстыққа да сонда түсінеміз, бояулардың да сан алуан түрін танимыз. Данышпан қарттарымыздың пәлсәпәларына да сонда жетігеміз. Бұл менің ез өмірімнің де бірінші кезеңі.
Екінші кезеңде біз осы туған тілдегі өлеңдік сөздердің жұмбақ сиқырлары арқылы өзіміздің ой - сезімімізді өзгелерге қабылдауды, яғни, сөз аспаптарын ақындық қажетіне қалай жұмсауды үйрене бастаймыз. Енді соған ауысайық.
* * *
Ақындық талант (қабілеттілік деген дұрыстау болар) туралы бұл жерде көбірек сөйлеу қажет емес сияқты. Бір - ақ адаммен бірге туатын ақындық қабілеттің барлығын аздап айту керек болар. Өйткені, ақынның шығармалық, лабораториясы бұл мезетке де байланысты. Пушкин: «Қай талантты алсақ та түсіндіру мүмкін емес. Шебер тасшы мраморда жасырын жатқан Юпитерді қалай көреді, тастың бұжыр қабаттарын қашаулап, оны жарық дүниеге қалай алып шығады? Ақынның басындағы ойлар төрт жолдағы ұйқас, әсем, келісімді ырғақпен қалай төгіле қалады», - дейді.
Адамның осы қасиеттерін Пушкин талант деп таныған.
Горький: «Лев Николаевичтің екі көзінде мың көз бар еді», - дейді. Бұл да талантты мойындау белгісі. Ол Есенинді екінші рет Берлинде көргенде ақынға жеті күшігінен бірдей айрылған қаншық туралы өлеңін айтқызыпты.
Покатились глаза собачьи
Золотыми звездами в снег.
деген жолдардың есінде қалғанын айтады.
«Осыдан кейін - дейді Горький, - мен Есенинді поэзия құйылып, сезімге лық толтырылған ерекше бір құпия сыр деп ұғындым», - дейді.
Әрине таланттың да үлкені, күштісі бар. Одан да асқан құдіреттілері бар.
Ақын талантын моторға салыстыру бір түрлі келісімсіздеу, бірақ ұғыну үшін өте ыңғайлы.
Горький Толстой туралы егер ол балық болса, тек океандарда жүзер еді деген, бұл да таланттың айырмасын көрсету үшін айтылған мысал. Біз бұрын мотордың қуатын он ат, жүз аттың күшімен есептеуші едік. Қазір атомдық энергияны сан миллион аттың күшімен салыстырамыз. Қазір біз осындай құдіреттілік арқасында жердің тарту күшінен босанып космосқа шықтық. Расында да біздің энергияны пайдалануымызда шек болмасқа керек.
Мен талант айырмашылықтарында да сондайлық үлкен өлшеулер бар деп білемін. Әлім келгенше таланттар дәрежесін дұрыс тануға тырыстым.
Екінші айтар сырым: ұлылықтарды сыйладым, оларға қызықтым, бірақ олардан ештеңені де қызғанған жоқпын. Менің ащы айтатын, жан даусым шығатын кездері де болады, бірақ, өзіме дейінгіге, өзіммен тұстастарға еш нәрсені көпсінген емеспін. Өзімнен соңғыларға да солай етем ғой деймін. Бұл мақтан үшін емес. Бұл жерде менің айтпағым әрбір ақынның өнерлік биографиясына, оның ақындық, лабораториясына ең алдымен керек нәрсе -тазалық, адалдық, әділдік. Осы үшеуі бар жерде сен бақыттысың. Онда сенің өзгені түсінуің де оңай, өзгеге түсіндіруің де оңай. Туа біткен талантты ұрық дейміз, Бірақ сол ұрықты адам өзі есіріп, жетілдіріп алады.
Жиырмадан асқанша музыка, живопись, театр туралы ғылым бары менің түсіме кірген жоқ. Соған дейін мен Моцарт, Бетховен барын, Шекспир, Бальзак, Толстой, Гете барын, гректер скульптурасы, Римнің архитектурасы барын естігем жоқ. Соған дейін Пушкин, Абай барын естісем де оларды феодализм ақындары деп келдім. Соған дейін бізді мәдениет қазынасымен тікелей байланыстыратын орыс тілін де білген жоқпын.
Мен осылай келдім дүниеге.
— Тағы да қайталаймын, мен өз тілімде жырға кезінде ауыздансам да, барлық адам баласына ортақ ұлы қазыналарға жете алмай қойдым. Шынын айтсақ, бүгін де әлі жетіп болған жоқпын.
— Бұл қалай? Мен әдебиетке араласқалы қырық бес жыл өтті ғой, содан бері ұлы мәдениеттерге қанығатын уақыт жеткен жоқ па, - деуге әбден болады.
Тағы да мойындау керек. Сол қырық бес жылдың, жиырма бес жылы атқа мінерлікпен, жиналыстармен, белсенділіктермен өтті.
Оқушы қауым, сіздер мұны да Әбділда Тәжібаев деген ақынның творчестволық өмірінен көргенбіз деп санаңыздар.
Әйтсе де, біз ұлттық шеңберде қалып қойғанымыз жоқ. Поэзиядағы қазақ дәстүрін игерумен қатар дүниежүзілік әдебиеттің озық үлгілеріне жетуге талпына бастадық. Біздің оқуымызға, ізденуімізге совет тұсында ашылған кең жол, мол мүмкіншілік - орыс тілі арқылы әр замандағы озат елдердің озық өнерлеріне табыстырды. Біз көбірек талпынып, қаттырақ қимылдауға тырыстық. Олқылықтарымызды толтыруға, тесіктерімізді бітеп, жыртықтарымызды жамауға кірістік. Соның нәтижесінде өзіміздің азаматтық міндетімізге қоса эстетикалық міндетіміздің не екенін де аңғара бастадық.
Бальзак бір кезде: «Музыкадан өз тарихын тауып, махаббат туралы өз ойын танып, сәби шағының еске түсер поэзиялық кезеңін аңғарушылар тіпті аз» деп француз замандастары туралы айтыпты. Ол тағы бір жерінде:
«Мүмкін, біздің ұлттық тәрбиеміз әлі жетісіп қалыптаспаған шығар, көркемдік сезіміміз де толығып жетпеген болар. Мүмкін, сұлулық, өнер жайын сөйлеуді газеттерге тапсырып, соған дағдыланып кеткен шығармыз...» депті.
Бұ да оның XIX ғасырдағы озат ұлт саналатын француздар туралы айтқаны. Демек, ұлтым бар жағынан гармониялық түрде жетісіп болды, өзім де толдым, болдым деп дауыстау бізге, қазақтарға әлі ерте. Әйтсе де біз бүгін кешегі қазақтар емеспіз. Сәл ғана мақтанайын: Мен де кешегі Әбділда емеспін.
«Қазақ әдебиеті» газетінің бір санында - мен редакция сұрағына жауап ретінде былай дедім: «Біздің лирика дамып - өсіп келе жатқан жанр. Бір кезде жеңіл сезімдер маңынан аспайтын, ой - парасаттан төмен, астарсыз айтатын балалық, тұрғыда едік, қазір реалды өмірді терең танитын, кереғар ағыстарды, кереғар мінездер мен қылықтарды айыра білетін, оларға билік - кесік айтуға жарайтын жағдайымыз бар» дедім, сол ойымды бүгін де қайталаймын.
Біз қазір поэзиямызды, оның эстетикалық ғылымын дамыту, жаңа орбитаға, дүние жүзілік деңгейге көтеру арқылы өз шығармаларымызды жаңғыртумен қатар поэзиялық қазынамызды қайта бағалап та үлгердік.
Лев Толстой өз тұсында: Пушкин және халық - бұл екеуінен артық бізге ештеңе де қымбат емес» депті ғой. Біз де бүгін дәл осы биік мағынада: «Абай және халық. Бұл екеуінен артық бізге ештеңе де қымбат емес», - дей аламыз.
Егер сіздер маған: соңғы он бес-жиырма жыл бойындағы столыңыздың үстінен түспейтін кітап не десеңіз, мен:
Абайдың өлеңдер жинағы деймін. Кейін бұған «Үш ғасыр жырлайды» қосылды.
Мен 1956-жылы Жазушылар одағының ІІІ - пленумында «Бүгінгі қазақ поэзиясы» деген тақырыпқа арнаулы баяндама жасадым. Онда да көп мәселелерді қозғауға тырысқанмын. Сонда Абай туралы өз ойларымды айта келіп: «Абай әлі біздің бітірмеген мектебіміз» дегенмін. Бүгін де, жолдастар, сол ойымды қайталаймын.
Мен қуансам да, жыласам да Абайға қараймын. Мен қысылып - қиналсам да, қаным қайнап ызалансам да Абайға қараймын.
Абайдың біздің ортамызға қайта соғуы, бізге поэзия ,кафедрасын басқарушы боп оралуы зор оқиға, ғажап құбылыс. Бұл біздің халқымыздың ұлттық санасының аса іріленгенін, көркемдік сезімінің керемет жаңғырғанын, асылданғанын көрсетеді.
Абай ақындық туралы:
Әділет пен ақылға
Сынатып көрген, білгенін,
Білдірер алыс-жақынға
Солардың сөйле дегенін, -
депті. Біз осы төрт жолдың көрсеткен деңгейінде болуға тырысамыз. Менің шығармалық өмірімнің бір сыры осы.
Поэзиядағы үлкен бір күш монологтарда жатыр. Біз даңқты халық ақындарының толғауларындағы, әйтпесе, эпостағы жалғыздық, амалсыздық зарларын осы монологқа теңестіреміз.
Монолог - драматургияның ең бір жанды жері екені, пьесадағы драмалық, трагедиялық, кейде комедиялық идеялардың негізгі қуаты екені аз айтылмаған. Монолог антикалық замандағы трагедияларға да берік босаға болған.
Әйтсе де біз Шекспир драмаларындағы монологтарға ерекше мән береміз. Шекспир монологтарының ең күштілерінде герой ез кеудесін қақ жарып, жүрегінің қалай соғып тұрғанын көрсетуге дейін барады. Мұндайда адам атомның. тас талқан жарылғаны сияқты жарылады. Сонда оның энергиясынан жаһанды жандырып жіберердей жалын шығады. Сол кезде адам құдіретпен тілдескен ақын, барлық ғалам тірлігін оңай түсіндірген философ, оның күлкісі - у, көз жасы - шоқ, махаббаты күнмен тең, қаһары мұзбен тең. Сондықтан, Шекспир монологын үлгі тұтпаған ақын, жазушы жер бетінде кемде-кем.
Біз кешегі Мұхаң, бүгінгі ортамызда отырған Ғабит ағаларымыздың да Шекспирше сөйлеуге қалай тырысқандарын және қандай тамаша табыстарға жеткенін жақсы білеміз. Егер Шекспир монологтарындағы ақындыққа қызықпасам, мен драматургияға жуымаған болар едім. Бұдан әрине мен де жаңағы аталған ағаларымыз сияқты тындырып тастадым деген мағына шықпасқа керек. Мен бүгін сіздерге сыр айтам дегендіктен, жалған сөйлемеске тиістімін ғой. Сондықтан мені шын айтып тұр деп түсініңіздер.
Жастау, қызыққыш, шапшаң тұтанғыш кезімде қайткен күнде де көбірек монолог жазуға тырыстым. «Біз де қазақпыз», «Көтерілген күмбез», «Жомарттың кілемі» деген шығармаларым түгел монологқа құрылған. Тіпті «Майра», «Жартас» пьесаларында да монолог жетіп, артылып жатыр.
«Әбділда монологтарының тамашасы - ай», - деп жатқан сыншыларды көрген жоқпын. Соған қарағанда менің монологтарымның тұздығы татымсыз болу керек. Бірақ оған мұқала қалған мен жоқпын. Ерегескендей, «Монологтар» атты драмалық - поэма да жаздым. «Қыз бен солдат» та сондай.
Бұ не? Монолог деген ауру ма? Мания ма?
Жоқ менің жоққа әуреленген жетесіздігім бе?
Ауруды емдеу керек, жетесізді желкелеу керек емес пе?
Жоқ, жолдастар, мен ауру емеспін. Пәлендей жетесіз де емеспін.
Мен бар ғой, достар, монологқа ғашықпын! Егер мен поэзия майданында зәрредей ғана салмағым болса, еміс-еміс ғана есті сөз айта алар болсам, әлсіз де болса да адам сезіміне сезіммен даритын болсам - осы монологқа қарыздармын.
Мен үнемі қауыммен, жұртпен бетпе-бет тұрғанды, бүкпесіз тілдескенді ұнатамын. Маған драма да, лирика да трибуна. Сол мінбеден барлық даусыммен сөйлегенді сүйемін. Сонда мен Шекспирше жарылып әлемге жарқылдап көрінбеспін, жерді де қалтыратпаспын. Бірақ әлсіз болса да өз шырағымды тұтатамын. Жұртыма шын сезімді, шындық туралы сөзімді жеткіземін.
Сөйтіп, мені білгісі келген, танығысы келгендер болса осы жағымнан келсін. Тағы да қайталайын мен азды-көпті лирикалық өлеңдерімде де осы арнадамын. Бұл менің жаратылысыма өзімше сай келген болмыс. Өз ойым, өз сезімдерімді де бүкпесіз айтамын. Тіпті, кейде ел құлағына бірден құйыла қоймайтын күйлерімді де монолог - лирика (егер осылай айтуға сиса) түрінде сөйлеймін.'
Түн ұйықтаған қара мысық бейнелі,
Жұмсақ қана жылытады денемді.
Әлде біреу көрінбестен тербейді
Ішімдегі ызыңдаған елеңді.
Көңілім тұнған желсіз күнгі жалаудай
Әлдилеймін сезімімді үркітпей.
Қиялым да қасымда отыр қамауда
Тұғырдағы томағалы бүркіттей.
Қайта-қайта «Мен, мен - монолог» дегенге кешірім етіңіздер. Бұл жердегі «мендер» жеке басымның сырын түсіндіру үшін айтылып жатыр. Әйтпесе, монологтық элементтер көп ақындарымызда бар. Тіпті, мен көп айта беретін Қасым жырларындағы қуатты монологтар бізге күшті әсер етті дер едім. Оның ең мақтаулы поэмасы Абдолладағы монологтар қандай еді. Сондықтан болу керек, мен өзімді Қасымға туыстай сезінемін. Маған іні боп табысқан Тұманбай да осы жағынан жақын. Тіпті, әдебиетке кейін қосылған Фариза мен Мұқағалиларды көп айтатыным да сондықтан болу керек.
Мұхтар Шаханов деген ақын жігітті мен кейін тани бастадым. Оның кейбір монолог түрінде айтылған сөздері қатты ұнайды, Демек бұл да маған көбірек түсінікті болатын шығар.
Біз өсу жолындағы жандармыз. Жаза жүріп өзгелерден үйренеміз, үйрене жүре жазамыз. Кімнен үйрендің деген сұраққа жауап бергенде ұстаздар тізімін тоқтата алмай әлек боламыз. Расында да ұстазымыз өте көп, дүние жүзінің ақындары бір-бірімен сабақтас, тамырлас, Ұлы Пушкин өзіне дейінгі дүние жүзінің барлық ұлыларымен үндес, сырлас болды. Егер ол Шекспирді, Байронды, Гетені сүймесе - олар жасаған мол қазынаға үлес қоспас еді.
Пушкинсіз Маяковский де дәл казіргі құдіретті күйіне жетпес еді деп білемін. Біздің Абай да Пушкин, Лермонтовпен тyыcтасy арқылы өз өнерін қазақ поэзиясының биік мұнарасына айналдырды. Сондықтан мен де өзгелер сияқты классиктерден үйрендім десем айып емес.
Бірақ мен қазір өз туыстарымнан, құрбыларымнан, інілерімнен, қарындастарымнан да үнемі үйреніп отырамын дегенді қоса айтпақшымын.
Сөздің ішкі мазмұнын ашу, оның жанын оятып, отын тұтатуға Aбай қандай үйретсе, Қасым да бүл дәстүрді ірілендіруге үлкен еңбек сіңірді. Сөзді пафосқа, екпінге айналдыруға Қасым көбімізден шебер еді. Өйткені, ол бұл өнерге өзгелерден де ерте жетті. Сондықтан бүгінге дейін оның дәрежесіне қарай отырмасқа болмайды. Бұл бағытта көптеген жастардан үйрене отыруға тура келеді. Егер біз мұндай дәрежеге жетпесек, өстік - өндік деген өтірік сөздің қажеті қанша. Кейде құрбыларымызбен інілеріміз поэзияның тақырыптық проблемаларымен көркемдік проблемаларын қатар шешуге де өз үлгілерімен үйретуші боп отырады. Ондай тұста өз ортамыздан жаңа ұстаздар шыққанға еріксіз қуанамыз.
Қасымның «Коммунист» деген атақты өлеңі - бәрімізге белгілі. Ол туралы көп айтылды, көп жазылды да,
Жігіт ол жақсылыққа жаны құштар,
Бойында бұрқыраған тасқын күш бар.
Ойында бүкіл дүние сәулелері
Көз нұрын алдай алмас құбылыстар, -
деп басталды бұл жыр. Біз ойлы, сезімтал, барлық тірлігін адамдарға арнаған, көңіл күйі бүкіл жаратылыспен, бүкіл қауыммен үндесіп жатқан жаңа коммунист қазақты көрдік. Осы тұлға Қасымнан кейін біздің поэзиямызда молая бастады. Ол кезде жап-жас балдырған жігіт Тұманбай осындай бір өлең жариялады. Мұнда коммунист деген сөз жоқ. Бірақ әрекеті оның коммунист екеніне шүбә қалдырмайды.
Тұманбайдың 1967 жылы шыққан «Жаңа дәптерін» ашып оқиық:
Бақытты адам ол кісі мен білетін,
Айтқанына талайды сендіретін.
Асауларды арқансыз үйрететін,
Дегеніне өзінің көндіретін.
Күй секілді көңілге күле кірген,
Аласысын алады ол бұл өмірден.,
Кейде соның бақытын ұрлау үшін
Әуреленген жандарды білемін мен...
Хат алады жақыннан, қиырдан да.
Қол созады қалсаң сен қиын халда.
Барлық жанға жақсылық тілеген соң,
Барлық бақыт басына жиылған ба?
Маған осы екі өлең керемет әсер етті.
— Мен неге жазбадым екен, осыларды, - дедім ішімнен. Қызығумен қатар қызғанғаннан болып та сезіндім. Осылар сияқты жазғым келді. Бұл сөз жоқ. Қасымды да, Тұманбайды да ұстаз тұтынудың белгісі еді. Менің «Адам» деген өлеңім осы ұстаздардың ықпалымен жазылуы да мүмкін.
«Ғашықпын әманда ынтықпын
Көңілінің күні бар адамға.
Қыздырса ол әулетін бір жұрттың
Жылуы жетпей ме маған да, -
деп басталатын,
— Көрдіңдер ме, мен де бір жақсы өлең жазып тастаппын демекші емеспін. Менікі жаңағы екі өлеңнен төмен шығар, әбден мүмкін. Менің айтпағым қазақ совет поэзиясының жаңа сапасы туралы. Поэзия замандастарымызды жырлауға, олардың жарқын образын жасауға бет бұрды. Поэзияның жаңа шеберлері жаңа өнеге ұсына бастайды. Бұл жаңа сөз маған да ықпал етті, менің творчестволық өмірімнен орын алды демекшімін.
Алексей Максимович Горький! «Ақылды ғана емес, қайырымды адам керек, бәрін түсінуші ғана емес, барлығын жанымен сезетін адам керек», - деген. Егер қазақ совет поэзиясы осындай адамдарды жырлай бастаса оған қуанбасқа бола ма?
* * *
Ақын туа біткен өнер иесі деп келістік қой. Бірақ ол жасай келе, жаза келе сол өнердің машығына жетіледі. Ол дүниені (барлық ұлылы-кішілі құбылыстарды) ақынша қабылдаумен бірге олар туралы өзгелерге де ақынша мәлімдегіш болады.
Ақын қазір балаша қуанса, көп ұзамай ол күрсініп қалады. Күні ертеңіне сол ақын күйіп-пісіп жатқанын көреміз. Ол біреулерді жер-көкке сыйғызбай мақтап отырып, енді біреулер жайында кекесіні, мұқасыны көп улы сөздер де айтып отырады. Ондай түйсіктермен жазылған жырлардың көбін біз ғылымша түсіндіргенде лирикалық геройдың (яғни автордың) өз. түйсіктерін ашуы дейміз. Содан соң лирикалық герой түйсіктерінің объективтік, субъективтік мағыналары деп философиялық категорияларда сөйлеп кетеміз.
Мұндай «философтар» 1937 - 1938, 1951 - 1953 жылдары өте көп шықты. Ондайлар сәл күрсінгеннен пессимизм, өмірге, әлеуметтік құрылысқа наразылық аңғарса, юмор, сатирадан социалистік шындықты мазақтау, соған қарсы әрекет табуға машықтанды. Мен осы жағын ескерте отырып, ақынның күнделік шындықтан қандай түйсіктер табатынын және оларын қалай баяндайтынын мысалдармен (әрине, өзіме байланысты) айтқалы отырмын.
1973 жылы, январьдың екісі күні телефон соғылды. - Мен Әдимін, Әбділда, сұмдық хабар айтқалы тұрмын. Жаңа ғана Мәлік қайтыс бопты, - деді Әди Шәріпов. «Мен құлап қала жаздадым», - деп жазыппын календарға. Мен сол сезім, сол әсерге байланысты келесі түнде екі шумақ өз сөзімді жазыппын:
Жетті де шұбатылған қап-қара түн,
Жарықтан қалдырмады жалғыз жұтым.
Үн - түнсіз екі көзін жұмды дала,
Аспаннан сығалады жұлдыз ғана.
Қанатын жайып жерге жатты жел де,
Үйлерді ұйқы аралап кетті демде.
Күн ұзақ жүгіргендер жаңа тынды,
Қаншасы көрер екен келер күнді?
Мен осы екі шумақты жинағыма қоса алған жоқпын. Толстой Горькийге әзіл түрінде:
«Әйел денесімен еркектен әлде қайда адал, ақ көңілімен өтірікші», - депті.
Кейде осындай сөздер ұлы адамдардың аузымен айтылғанда өте жұғымтал боп шығады. Үлкеннің үлкен ойы кішкененің кішкентай ойын оятады. Өзіңнің бір:ойын түрінде болса да айтайын деп жүрген, я құрбы әйелдер арасында айтып жүрген сөздеріңді әзіл өлеңге айналдырасың. Мен бір бет қағазға;
Құдай қызық жаратқан өз пендесін
Көресісін күн бұрын қойған кесіп.
Еркек пенен әйелді бір қосақтап,
Ойнап-күлсін деген ол, өркендесін.
Ойнап-күлсін деген ол, ерік берген
Еркекке айбын, әйелге көрік берген.
Жалғыз ғана жарамсыз бір міні бар,
Әйелге ерік қалайша сеніп берген? –
деппін. Осындай өлеңдер де болады.
Бұлардың, көркемдік жағынан авторларға қосары (мазмұн - түр жағынан) пәлендей бола қоймас. Бірақ өмірде екінші, үшінші дәрежедегі қызметтер атқаратын заттар, көркем бұйымдар болады емес пе? Олар өз алдына проблемалар шешпейді, бірақ, барлық тіршілікке қатысып, барлық жетіспестерді толықтырып, барлық қажеттіліктердің ажарын кіргізіп отырады. Ақындардың бірсыпыра «өлеңдері де осындай толықтырушы, жалпы шығармашылық, жолға айқындық қосушы, ажар беруші боп қызмет. атқарады. Поэзияға саясатшы боп қосылған әдебиетшілер - бұл сықылды өлеңді «екінші сорттылар», пайдасыз. бұйымдар деп қарайды. Тіпті олардан кейде астар іздеп, теріс бағыттар да тауып жатады. Ал поэзияны біл.етін, сезетіндердің бағасы тіпті бөлек.
Сөйтіп менің тағы бір айтайын, дегенім, ақын поэзиясында, әсіресе, оның лирикалық жырларында автордың жан күйі, оның өмірден, айналасынан, өзі бірге жасап отырған коллективтен, оның жеке адамдарынан, семьясынан алған әсерлері үнемі орын алып отырады. Ақын махаббаты мен жеркенішін де жасырмайды. Ол заман оқиғаларының да өзінше - жаршысы.
Үлкен ақын өз түйсіктерін ірі қорытады, ұлы түйін жасайды. Күнделікті құбылыстарды адам күйін аңғарту арқылы дәуір күйін аңғартады. Бір ақын:
Желкенімді жалтылдатып келемін,
Көк теңізге шарықтайды өлеңім, -
деп желкенді қайыққа мінгенін, сол күні көк теңізде көңілінің шарық ұрғанын айтса, екінші ақын:
Астында дария - көк майдан,
Үстінде - сәуле, алтын күн.
Қарашы ол - бүлік құдайдан
Сұрайды дауыл күні - түн, -
дейді. Бәріміз бірдей Лермонтов болу қиын. Сондықтан көбінесе күнде көрген, күнде сезген нәрселерімізді сол натуралдық қалпынан асырмай жырлап жүреміз. Ондай өлең менде де аз емес.
Поэзия елге, мемлекетке болысып отыруы керек. Кейде жаман, зиянды әрекеттерді, сол әрекеттерді туғызатын, қоздыратын адамдарды көргенде зығырданың қайнайды. Соларды айтқың келеді.
Мынау жұмыс істемейтін, өзгеге де жұмыс істетпейтін бұзық!
Ал мынау адам алалайтын, қиянат жасайтын ала бүлік, таланттыларға жол бермейді, талантсыздарды сүйейді! Мына біреу: парақор, саудагер, ұры! - дегің келеді. Ондайда: «Үндеме, олай деме!» - дейтін сыншы - философ достарын шыға келеді.
Сондайда мен жан даусым шығып, айқайлап кетемін:
Айтайын десем айқайға салып бірдеңе,
Жалынып досым, үндеме дейсің, үндеме.
Үндемес болсам, айтпайтын болсам бірдеңе,
Көрсетіп бәрін тұрады маған күн неге?
Көрсетіп бәрін тұрады маған күн неге,
«Жарықты сыйла, - дейтұғын шешем, - кірлеме!»
Қит етсе, досым, үндеме дейсің үндеме,
Үндемес болсам берілген маған тіл неге? -
деймін.
Міне, жай осы. Жас келді, күш азайды, айтайын дегенін көп, бірақ оған жүрек жарамайды.
Сонда да жырлай беруге жаза түсуге тырысамыз.