Соғысқа дейінгі Бауыржан Момышұлы
Кеңес Одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының соғысқа дейінгі өмірінде де талайларға ғибрат боларлық жайлар жеткілікті. Оның осы кезеңдегі өмір жолының жас ұрпақ үшін үлгі, өнеге боларлық сәттері де айтарлықтай. Біз әдетте Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өмірі, әскери қызметі, ерлік істерімен даңқы жайылғанын жақсы білеміз, ал соғысқа дейінгі өмірі мен атқарған қызметтері туралы аз білетін сияқтымыз. Ал олардың танымдық жағынан да, тағылымдық жағынан да маңызы зор деп білеміз. Сондықтан, осы жағдайларға қысқаша болса да мән беріп, баяндап кетуді жөн көрдік.
Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесінде есін біле бастағаннан мектепке барғанға дейінгі өмірі, өскен ортасы, ауыл адамдары, сол кездегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі суреттеледі. Ерекше ыстық әже махаббатымен, үлкендердің батасымен өскен, тәрбие алған баланың кейіннен елге ғана емес бүкіл әлемге танымал үлкен азамат, әйгілі тұлға болуы заңды шығар.
Бауыржан өзінің осы кітабында ең алғаш рет орыс мектебіне оқуға барғанын, Евгеньевка селосында бір қыс оқығанын, сөйтіп шәкірттік шағы басталғанын баяндайды. 1921 жылы Жамбыл қаласына, ол кезде Әулиеата деп аталады, келіп, Аса интернатына түседі. Онда үш жыл оқып, бастауыш мектепті тәмәмдайды.
Ол кезде орта мектеп деген атымен жоқ, жетіжылдықтың өзі алғаш рет 1924 жылы Шымкентте ашылады. Оған төрт кластық білімі барларды алады екен. Бірақ ондай білімді шәкірттер аз. Сондықтан үшінші класс бітірген Бауыржанды соған қабылдайды. Шымкентке балалар жан-жақтан жиналып әкелінеді. Қызылордадан Әбділда Тәжібаев келеді. Қазалыдан келген бірнеше бала бар. Кейіннен «Қазақстан коммунисі» журналының редакторы болған Құрманбек Сағындықов бәрі сонда бірге оқиды. Бұл тұңғыш жетіжылдық мектептің үйі Шымкентте әлі күнге дейін бар. Бүгінде ол Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаев атындағы қазақ орта мектебі. Жетіжылдықты Бауыржан 1928 жылы бітіріп шығады.
Осы жылы Орынбордағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түсуге барады. Өзінің айтуынша, «Аздап оқудың дәмін татып алғаннан кейін енді соған түсіп оқығым келді», - дейді. Бірақ Орынбор суық болғаннан кейін және жылы киім-кешегі, жағдайы жоқ ол көп ұзамай еліне, Жуалыдағы ауылына қайтып келеді.
Губерниялық (ол кезде Жамбыл, Шымкент, Қызылорда үшеуі бір губерния болатын) оқу бөлімінің бастығына жолығып, оған өзінің жетіжылдық класс бітіргенін айтып, қызмет сұрайды. Бөлім бастығы қуанып кетіп: «Сен сияқты білімі бар қазақ баласын іздеп таба алмай жүрміз ғой, шырағым-ау. Кәне, мен сені мұғалім етейін», - деп, қолына бір жапырақ қағаз жазып береді. Сөйтіп, екі жыл бастауыш мектепте мұғалім болады.
Ол тұс ел басқару ісіне баулу үшін жергілікті ұлт адамдарын жоғары қызметтерге көтеріп жатқан шақ еді. Бурныйда да икемі бар қазақтарды жоғарылата бастайды. Бір жақсысы – басшылардың орынбасарлары мамандар, орыстар болатын. Білімі аз басшыға істің мән-жайын солар үйретіп отыратын. Сол тұста бір күні Бауыржан да жоғарылап шыға келеді. Ол кезде райкомда екі-ақ адам: хатшы мен есепші, райсполкомда да екі-ақ адам: председатель мен жауапты хатшы жұмыс істейтін. Бір күні аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы орнынан түсіп қалып, оның орнына Бауыржанды ай-шайға қаратпастан, аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы етіп тағайындайды. Сөйтіп, ол үш жыл аудандық атқару комитетінің хатшысы қызметін атқарады.
Аудандық атқару комитетінің төрағасы семинария бітірген, бұрынғы мұғалім Дүйсенғали Бурабаев Бауыржанның орысша сауатты болуына, іс қағаздарын дұрыс жазуына көмектесіп қана қоймай, газет, кітап оқып өсуіне жетекшілік жасайды.
Содан кейін Жуалыға тағы да екі аудан қосылып, аудан үлкейеді. Аудандық партия комитетінің хатшысы болып тағайындалған Ефимов Бауыржанды аудандық милиция бастығы етіп тағайындайды. Осылайша алты ай милиция бастығы қызметін атқарады. Бірақ көп ұзамай екі ай бойы сүзек ауруымен ауырып, бұл жұмыстан кетуге мәжбүр болады.
Осыдан екі айдан кейін сүзек ауруынан жазылған соң жұмыс сұрап аудандық партия комитетінің жаңадан сайланған, кадр мәселесімен шұғылданатын екінші хатшысы Бағов дегенге барады. Онымен жөнді сөйлесе алмай, наразы болып шығып, жұмысы жайлы сұраған жолдас-жораларына жаңа бастық: «үстел басына отырғызып қойған құрбақа сияқты екен!», – дейді. Мұны естіген Бағов милиция жіберіп, қаматып қояды.
Ертеңіне босаған соң райисполкомның председателі Бердібаевқа барады. Ол Бауржанға райполеводсоюзға бастық болып баруды ұсынады. Бауыржан шаруашылықты білмейтінін айтып, бұл қызметтен бас тартады. Қысқасы, екінші хатшыны келемеждегені бар және райисполкомның председателіне «Бұдан былай сіздің қарамағыңызда қызмет істемеймін» дегені бар, сол үшін ол комсомолдан да, кәсіподақтан да шығарылады. Екі билеттен бірдей айырылады. Аудандық газетте: Бауыржан туралы «Кетсін комсомолдан!» деген мақала басылады. Сөйтіп, жұрдай болып, ауылға қайтады. Ол кейінірек «Сөйтіп, «басқа пәле тілден» деген қазақ мақалының шын мәнісін мен ең алғаш рет сонда ұққан болсам керек» деп жазады.
Көп ұзамай өзінің мұңын айтып, қолдау табу, көмек сұрау үшін Алматыға өзі бұрын ауданға қызмет бабымен келгенде танысып, қасында аудан басшыларының тапсырмасымен серіктес болып, жол көрсетіп жүрген ауданға Өлкелік партия комитетінің өкілі болып келген Жабдықтау халық комиссары Нығмет Сырғабековке барады. Ол кісі Өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қайсар Таштитовке хабарласып, Бауыржан Таштитовтің қабылдауында болып, Жуалы аудандық комсомол комитетіне билетін қайтарып беру жөнінде қағаз жаздырып алады. Содан соң Сырғабековтың ақылы бойынша, Өлкелік кәсіподақ кеңесінің бастығына барып, кәсіподақ билетін қайтарып беруді талап еткен қағаз жаздырып алады. Ауданға келіп, барлық құжаттарын қайтарып алады..
Екі-үш күн үйде болып, тағы да Алматыға тартады. Онда осы күнгі Гоголь мен Фурманов көшелерінің қиылысқан жерінде медицина институты болатын. Ректоры Санжар Асфендияров. Өзі халық комиссары. Бауыржан дәрігер боламын деп сол кісіге барады. Оны қабылдап, жатақханадан орын бергізеді. Алғашқы сабақтан кейін-ақ ол институттан қашып құтылады. Себебі, алғашқы сабақта барлық студенттерді мәйітханаға алып барады. Мәйітханаға кірісімен жалаңаш жайрап жатқан өліктерді көріп, шошып, зыта жөнеледі. Кейін өзінің естелігінде «қанша қашсам да, содан он жыл кейін өліктердің ортасын кешіп жүретінімді білмеппін ғой», - деп еске алады.
Содан кейін Гоголь көшесінің бойында орналасқан ауылшаруашылық институтының ректоры Ораз Жандосовқа жолығып, осы институттың екі жылдық кешкі рабфагіне оқуға түседі және сонымен бірге Жандосовқа көмекші хатшы болып үш айдай жүреді. Бір күні кешкі рабфактың оқу ісінің меңгерушісінің қойған сұрақтарына жауап бере алмай, ұрыс естіп, соған намыстанып, оқуын да, жұмысын да тастап кетіп қалады. Кейін осылайша қалай дәрігер, агроном бола алмағанын Әзілхан Нұршайықовқа айтып береді.
Бұл 1931 жылдың бас кезі болатын Алматы көшесінде тығырыққа тіреліп келе жатқанда Жуалы аудандық атқару комитетінде өзімен бірге қызмет істеген Тимофей Терентьевич Дубовик деген кісімен кездейсоқ кездесіп қалады. Бұл кезде ол Шымкентте өнеркәсіп банкінің басқарушысы қызметінде екен. Ол Бауыржанды осы банкіге қызметке шақырады. Тимофей Дубовик «Б.Момышұлы Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болып тағайындалсын» деген бұйрық жазып, қолын қояды. Корнеев деген маман экономист жаңа қызметті игеруге үйретіп, көмек береді. Арнаулы білімі болмаса да экономист болып бір жыл қызмет істейді.
1932 жылы қарашада Б.Момышұлын военкоматқа шақырады. Дәрігерлік тексеруден өткізіледі. Шымкент шақыру комиссиясының ұйғарымы бойынша жарамды деп танылып, 1932 жылы 7 қарашада әскери қызметке шақырылады. Әскери қызметті Термезде өтеді. Жауынгер қатарында тапсырма орындай жүріп, үздік қызыләскер атағына ілінеді. Полк командирі Дмитрий Коваленко деген кісі болған. Алғашқы әскери ұстазы Николай Редин деген кісі болады. Ол жайында кейін «Помкомвзвод Николай Редин» деген әңгімесінде жазады. Онда жас қызыләскер Момышұлын қалай үйреткені, оны қалай мергендікке баулығаны баяндалады. Ұстаз бен шәкірт осыдан он жылдан аса кейін Ұлы Отан соғысының майданында кездеседі. Бұл кезде Бауыржан Момышұлы дивизия командирі де, Николай Васильевич Редин сол дивизияға қарасты танкке қарсы қолданылатын артиллерия дивизионында взвод командирі. Бірақ Бауыржан алғашында бұрынғы ұстазының өз қарамағында қызмет ететінін білмейді. Тек бір ұрыста Редин есімді артиллеристің бес танк жойғанын естіп, сол адаммен танысқысы, жүздескісі келеді. Ол Бауыржанның бірінші ұстазы Николай Рединнің өзі болып шығады. Содан кейінгі ұрыстардың бірінде ауыр жараланған Редин Бауыржанның көз алдында қаза табады.
Сөйтіп, бір жыл өтеді. Бауыржан әскери борышының мерзімін өтеп болды. Оған полк командирі Коваленко взвод командирі болып әскерде қалуды ұсынады. Ол кәрі әкесінің жалғыз баласы екенін, қатардағы қызыләскер ретінде парызын өтегенін, өмір бойы әскери адам болсам деп ойламағанын айтып, елге қайтаруын өтінеді. Коваленко қарсы болмайды, ол әскерден босап, 1933 жылдың аяғында қақаған қыста елге қайтады.
Екі-үш күннен кейін ауылынан Шымкентке келіп, қайтадан өнеркәсіп банкісіне барып, кен істері жөніндегі аға экономист болып қызметке тұрады. Көп ұзамай республикалық банктің меңгерушісі Бархан Борис Михайлович Алматыға шақырып, КСРО өнеркәсіп банкінің республикалық басқармасына аға консультант етіп тағайындайды. Бархан оны Ленинградтағы финанс академиясының жанындағы бір жылдық курсқа жібереді. Бауыржан бұл курсты үздік бітіріп шығады. Сонымен, Ленинградта финанс академиясының жанындағы бір жылдық білім жетілдіру курсын тауысып, жолда Мәскеуге аз күн аялдап, Алматыға келеді. Экономист-консультант болып қайтадан қызметке кіріседі.
1935 жылдың күзінде бір айға әскерге шақырады. Запастағы бірсыпыра командирлер Ташкентке жиналды. Ондағы жайды «Олар менің есімде» деген әңгімесінде баяндайды. Сол бір айлық жиын Бауыржанның барлық болашақ тағдырының тетігі болады. Ол сол айда ерекше көзге түседі. Бір айдан кейін қайтып келіп, келген бетте аға консультант-экономист болып жоғарылатылады.
Сөйтіп жүргенде 1936 жылдың наурызында Казвоенкомат шақырады да дереу Ташкентке жөнелтеді. Онда полковник Бахалов бір айлық жиында ерекше көзге түскен командир деп, жаңадан құрылып жатқан бөлімге взвод командирі етіп тағайындайды. Ол үстіне әскери киім киіп, беліне наган асынып, командир болып шыға келеді. Біраз уақыттан соң Ташкентте жасақталған полкты эшелонға тиеп Қиыр Шығысқа әкеледі. Бауыржан Қиыр Шығыста бес жыл әскери қызмет атқарады. Сөйтіп, соғысқа дейін Сібірдің суығына шынықты.
Қырқыншы жылдың басында Мәскеуден бұйрық келеді. Ол бұйрықта әскери атағы өсіп, аға лейтенант болғаны және полк штабы бастығының бірінші көмекшісі болып жоғарылағаны айтылған. Ол қызметті алу үшін әйелі Жамал екеуі Киев әскери округының қарамағына барады. Бауыржан 1938 жылы елге демалысқа барғанда үйленіп, екеуі қол ұстасып Қиыр Шығысқа барған еді. Сонымен, Шолпан деген кішкентай қыздарын ортаға алып, поезбен Киевке келеді. Округ командашасы Г.К.Жуков, оперативтік бөлімнің бастығы полковник И.Х.Баграмян болған. Оны Баграмян қабылдап, Житомир қаласындағы 406-жаяу әскер полк штабы бастығының бірінші көмекшісі етіп тағайындайды. 406-полктың командирі полковник Круглов, штаб бастығы капитан Шурдуктың қарамағында өз қызметіне кіріседі. Бауыржанның айтуынша Круглов оның ең жақсы әскери ұстаздарының бірі болған. Штаб ісін меңгерткеннен кейін оған әскери оқуларды талдау жайын көп үйретіп, ұқтырады. Оқу, жорық кезінде оны қасынан тастамайды.
1940 жылдың аяғында Бауыржан отбасын алып, біржола Алматыға қайтады. 1941 жылдың қаңтарынан бастап, Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін республика әскери комиссариатында аға нұсқаушы болып қызмет жасайды. Соғыс басталғаннан кейін Алматыда жасақталған, генерал-майор И.В.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясына батальон командирі болып тағайындалады. 1941 жылдың 26 қарашасына дейін осы қызметті атқарды. Ол оқиғалардың бәрі «Волоколам тас жолы» мен «Москва үшін шайқас» кітаптарында айтылған. Осы 1941 жылы 3 қазанда әйелі Жамал босанып, ұл тауып, оның атын Бақытжан қойыпты. Ол туралы Бауыржан Мәскеу түбіндегі қанды шайқастарда жүргенде әйелі жазып жіберген хаттан біледі. Ал, Шолпан атты қызы кейінірек қайтыс болып кетеді.
Қорыта келе, айтарымыз Бауыржанның жастайынан білімге құштар, еңбекқор, намысқой, ұлтжанды, кез-келген қолға алған ісін тиянақты орындайтын, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, жастықтың жарқын білетін парқын азамат болып, қалыптасып, өскенін көруімізге болады.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы