Сұр көжек
Жел тұрып, шөп сыбыр ете қалғанда сұр көжек зыта жөнелді. Ойлау жерден орғып, қырлау жерлерден қарғып өтіп, айдаламен безіп келеді.
Бір кезде кірпі кездесіп, оны тоқтатып алды.
— Ау, жарқыным, неден безіп барасың? — деді ол.
— Қалың шөптің арасында отыр едім, бір нәрсе баж ете қалды. Сілеусін-ау деймін, шамасы, — деді сұр көжек.
— Қой әрі, бұл маңда сілеусін атымен жоқ. Әкең батыр еді, — деп кірпі оның ата-анасын жорта мақтай жөнелді. — Кімге тартып қорқақ болғансың өзің?
— Көжек дегендер әке-шешесін білмейді. Ал сілеусінді әлі көрген жоқ едім, — деді сұр көжек.
— Қандай жау кездессе де, әкең құсап қарсы шап! — деген кірпі қорс-қорс етіп, өз жөнімен кете барды.
Көжек оның кекеткенін қайдан білсін?! «Ата-бабамыз батыр екен ғой» деп, әжептәуір мақтанып қалды. Қауға бекініп, көк шөптің үстіне жатып алды.
Осы кезде тап қасынан құрбақа бақылдап қоя берді. Көжекке оның даусы: «Бақ-бақ-бақ! Жеймін сені қазір ұстап!» — дегендей болып естілді. Сұр көжек атқып тұрды да, безіп ала жөнелді.
Бір кезде бұтаға қонақтаған көкек оған:
— Әй, сұр көжек, неменеден қорқып зытып барасың? — деді.
— Көк шөптің үстіне жатыр едім, бір нәрсе ар-р-р ете қалды. Қасқыр-ау деймін, шамасы, — деді көжек.
— Бұл маңайда қасқыр жоқ. Әкең аю соғып алыпты деп естуші ем. Мұнша қорқақ боларсың ба? — деп кекетті көкек те. — Сенің аяқ-қолың мықты. Денең секіруге епті, жау кездессе, жүре бер, ішке бір теп те!
«Ата-бабамыз мықты екен ғой, ә?!» — деп көжек тағы да мақтанып қалды. Демалып аз-кем жатты. Сол кезде оған желге домалаған қаңбақ кеп соғылды да, зымырап өте шықты.
— Уһ, өлтірді ғой, өлтірді! — деп бақ ете қалды көжек. Атқи жөнелді. Бір уақытта оны сауысқан тоқтатып алып, былай деді:
— Ау, батырым, неден қашып бара жатырсың?
— Демалып жатқанымда бір аюдың жармаса түспесі бар ма? — деді көжек дір-дір етіп.
— Шықылық, шықылық! Бұл айтқаның өтірік. Бұл маңда аю жоқ. Әкең арыстанмен алты күн алысып, жеті күн жұлысқаннан кейін жеңіп шыққан еді. Арыстан аюдан екі есе үлкен. Ол ақырғанда аспан қақ айырылып, жер солқылдап кетеді. Сені сондай әкенің ұрпағы дегенге кім нанар? — деп кекетті сауысқан да, сонан соң бір орнынан тұрмай секең-секең етіп, ұшып кетті.
Ал көжек ата-бабасын есіне алып, тағы да мәз болды. Жерге жатып, ентігін басты. Әбден қалжыраған екен, маужырап ұйықтап кетті.
Көжектің қанша уақыт ұйықтағанын айту қиын. Ол кезде сағатқа кім қарапты? Әй, ол кезде сағат болмаған да шығар-ау.
— Иә, сонымен...
— Сонымен, бір заматта аспанды қара бұлт торлап алды. Бұлттар мен бұлттар соқтығыса бастады... Ар жағы белгілі ғой. Найзағай жарқ етті. Күн күркіреп, аспан шатыр ете қалды. Жер солқылдап кетті.
Шошып оянған сұр көжек екі-үш домалап түсті де, қыли көзі бақырайып зытты-ай дейсің кеп, өзі айтты-айтпады, жүйрік екен. Аяғы жерге кейде тиіп, кезде тимейді.
Жаңбыр басылып, көжек әбден болдырған кезде, саршұнақ жолықты:
— Әй, көжек, неден қорықтың?
— Тап қасыма келіп, бір дәу арыстанның ақырып кеп қалғаны. Аспан қақ айырылып, жер солқылдап кетті, — деді көжек дірдіктеп.
Саршұнақ шиқ-шиқ күлді.
— Өтірікті соқ! Арыстан жоқ. Сенің әкең арыстан тұрсын, айдаһардан қорықпаған. Кез болса алып ұрып, бір-ақ таптаған. Жүргенше бүйтіп қалшылдап, жау көрсең тайсалмай қарсы шап! — деп кекетті де, саршұнақ ініне зып берді.
Сұр көжек көп ойланды. Мұны бәрі батыр дейді. Ендеше соншама қорқа беретіні несі? Әкесі сияқты қандай жау кездессе де қасқая қарсы шаппай ма? Батырлығы ұстап кеткен сұр көжек бір төмпешіктін үстіне шығып отырды, қоқиланып айғай салды:
— Әй, менімен алысатын қайсың бар? Кел бері! Қасқыр түгіл, арыстаның болса да бір-ақ бүктеймін!
Осы кезде сылаң етіп бір қызыл түлкі шыға келді.
— Е, тентегім, енді сен де құтырайын дегенсің ғой? Аңдар патшасы арыстанды қорладың ба? Әп,бәлем! — деп көжекті бас салды.
Көжек түлкіні тұмсықтан бір теуіп, зыта жөнелді. Құйрығы жұлынып түлкінің ауызында қала берді. Былай, ұзап шыққан соң оған елік жолықты.
— Сұр көжек, жауымыз көп. Байқап жүр. Өтірікке елікпе, мақтады екен деп желікпе, — деп ақыл айтты ол.
Содан бері қарай қоянның құйрығы шолақ, өзі бұрынғыдай қорқақ боп қала берген екен дейді.