Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Тағдыр тоғыстырған Уәйіс ақын және Саламат Мұқашов жайлы бір үздік сыр

Мұнан жиырма жыл бұрын, яғни 1988 жылы құрылғанына он бес жыл болған Маңғыстау облысының таратылғанын жұртшылық жақсы біледі. Әрине, "балапан басына, тұрымтай тұсына" дегендей, бұл көптеген жандарға оңай тиген жоқ. Соның ішінде көршілес түрікмен елінде, қазақ тілінде шығатын "Жұмысшы" газетінде он үш жыл қызмет істеп, енді ғана атажұртына табан тіреген маған да қиын болды. Өйткені, менің облыстық "Коммунистік жол" газетінде қызмет істей бастағаныма үш-ақ жыл болған, басымда баспана жоқ, туған-туыстың бәрі Түрікменстанда қалған-ды...

Басқа да облыстық құрылымдар сияқты газет те жабылып, маған Бейнеу аудандық газетіне баруға ұсыныс түскенде көп ойланып жатпадым. Себебі орталықтан шалғай болғанмен әйтеуір Маңғыстау жері және өзімнің сүйікті кәсібім, оның үстіне бір бөлмелі пәтер дайын тұр екен. Сондықтан да Бейнеуде контейнер алаңы жоқ дегеннен кейін алпыс тонналық, жүк тиелетін қара вагонды жалдап,бір бұрышына бала-шағам мен көрпе-төсегімді салып алып, салдырлап көшіп бардым. "Көрмеген жер — көрстан", "Танымасын — сыйламас", деп қазақ айтпақшы, бірақ олай бол май шықты. Елдің азаматтары сау болсын, күпті көңілмен барған маған алғашқы күндерден-ақ қамқор болып, құшаққа тартты. Ауданның сол кездегі бірінші басшысы Дүйсекең, Дүйсенбі Әріпов, аудандық атқару комитетінің төрағасы Қуандық Нұрғалиев, оның орынбасары Ибрагим Мұрасов, аудандық газет редакторы Айтуар Өтегенов, ішкі істер бөлімінің бастығы Қонарбай Қалыбаев, оқу бөлімінің басшысы Мырзабек Болысов, тұрмыстық қызмет үйінің директоры Ыбырай Юсупов, тағы басқа да жігіттер бұрыннан етене таныс жандарша қарсы алды.

Көшіп барған күннің ертеңіне-ақ Сабыр Адай келді, оған ілесе өлеңдетіп, марқұм Уәйіс Қайралапов пен Қаржаубай Жылқыбаев жетті. Әлі есімде Уәкең салған жерден:

Байқаңдар, қасыңдағы мұнараны,
Белгісіз оның қанша тұра алары.
Қандай халық болмасын оның атын
Әр кезде ақындары шығарады...

деп тақпақтай жөнелді. Біздің аз да болғанмен жадымызда ұзақ сақталатындай достығымыз осылайша басталып кетті. Иманды болғыр Қаржекең екеуміз бір кәбинетте отырамыз. Сабыр аудандық мәдениет бөліміндегі қызметіне бара жатып, жолшыбай бізге бір соқпай кетпейді. Ал, кешкі мектептің директоры Уәкең әуелі телефонмен мазалайды және кездесіп әңгімелеспеуіңе қоймайды. Одақтың орталық әдеби газет-журналдарын қалт жібермейді, жаңа шығып жатқан әдебиетті көп оқиды. Өзі оқыған тұшымды дүниелерді сенің де тауып оқуыңа көмектеседі. Ұмытпасам "Звезда" сияқты, бір қалың журналда алғаш жарық көрген "Тайный советник вождя" деген романды қоярда-қоймай оқытып, пікірлескені бар. Өлкемізде жазба ақын ретінде танылған ол табан астында суырып салатын айтыскер де еді.

— Бірде Гурьевке (қазіргі Атырау қаласы) бардым, сол жылдары облыс орталығы болатын. Төрт-бес күн қыдырыстап, бұрыннан аралас-құралас жүрген ақын Ғизат Әбілтаевтың үйіне соңынан бардым, ол кісі ауласында жүр екен. Менің алдымен өзіне соқпай осында жүргенімді естіген болуы керек, қабағы қатыңқылау. Салған жерден өлеңдетіп, тиісе жөнелді:

Сен бе едің ақын жігіт Уәйіс деген,
Бұл жаққа келіп пе едің жай іспенен?
Келгелі төрт-бес күннің жүзі бопты
Үй қалды ма, сен барып шай ішпеген?

— деді. Мен де табан астында жауап қаттым:

Мен едім ақын жігіт Уәйіс деген,
Бұл жаққа келіп едім жай іспенен.
Ол рас талай үйдің дәмін таттық,
Қалып тұр тек сіздің үй шай ішпеген?...

— деп едім, күліп келіп қолымды алып, бетімнен сүйді, — дейтін Уәкең.

Бірде Уәйістің үйінде отырғанымызда ағаштан оюлап жасалған, қаусырмалы қақпаққа көзім түсті. Жоғарыға іліп қойыпты. Мұны байқап қалған ақын:

— Мен орынсыз жерден шатылып, бір таныс кісінің аттестатты жуғаным деп тастай салған отыз сомын көген біреулер "аттестат сатты", деп шағымдануынан сотталып кеттім...

Естуімше бір күндері Бейнеуге Саламат Мұқашов келіпті. Іс басындағы жігіттердің көпшілігін танитын ол бір кезде "Сендерде осы бір ақын жігіт бар еді, сол көрінбейді ғой", — дейтін көрінеді. Хабарды естіп, жағдайды білгеннен кейін: "Ол бір аңқылдаған, адал жігіт сияқты еді, нақақтан күйді ме, әлде қателесті ме анықтау керек екен", деп мән-жайды сұрастырып, жазып алыпты. Сол кісінің тигізген шарапатының аркасында мен босап шықтым. Ақтөбедегі колонияда отырып, үй жиһаздарын шығаратын фабрикада жұмыс істейтінмін. Содан жүректі қуаныш кернеп, шабытым шалқып, Сәкеңе жыр арнадым, оны мынадай қаусырмалы ағаш қақпаққа ойып жаздырдым, екі дана ғып жасаттым. Мұның бірін Саламат Мұқашовқа апарып бердім, екіншісі міне, мынау, — деп орнынан тұрып, ағаштан өрнектеген, ішін ойып өлең жазылған қаусырма қақпақты қолыма берді. Онда былай деп жазылыпты:

САЛАМАТ МҰҚАШОВҚА

Қандай жерде жүрсе де, қайда жатып,
Сөз ірісін сөйлейтін майдалатып,
Сәлем жолдап отырған, Сәке, Сізге
Өзіңіздің Уәйіс Қайралапов!
Жүрмесем де ортамның қолы болып,
Көрмеп ем қатарымның соңы болып,
Халқымның бағы болып жанармын да
Естілмеспін деуші едім соры болып.
Білмеппін. Жатыр екен азабы артта,
Тағдыр мені ілгерді жазалап та,
Оңай ма атағы мен абыройын
Жоғалтып ала қою азаматқа.
Сан түрлі адамдармен сырласыппын,
Біреуі едім өмірге шын ғашықтың.
Шыңыраудың түбіне құлап барып,
Қанаттанып, қайтадан шыңға шықтым.
Дертімнің ем дәрісі табылмастай,
Болып едім, азабым арылмастай.
Өртеніп жатқаннан Сіз құтқардыңыз,
Қанатымен су сепкен қарлығаштай.
Жатқанда бақша түгіл дала гүлдеп,
Өмірде үлесің бар, ала біл — деп.
Сіз маған самғап ұшар қанат беріп,
Космосқа алып шықтыңыз, корабль боп.
Шегініп қала берді жолы тар күн,
Жүректі мұнан артық жылытар кім?
Өмірде бір биікке шыққандаймын
Мұныңызды мен қалай ұмытармын.
Исінен адам жүрген іздеп менің,
Көп еді көңіліме тізгендерім.
Адамның адам үшін қамқорлығы,
Дегеннің үлгісін мен Сізден көрдім
Жатпай-тұрмай ел қамын жейтіндердің,
Мен бүгін өзін көрген кейпіндемін.
Шіркін-ай, болсын дағы бәрі Сіздей
Өздерін азаматпыз дейтіндердің!!!!
Жатыр ем көңіліме қоныс тілеп,
Ізгілігің алдымнан тоғысты кеп.
Ант еттім мен өзіңе ақ жүрекпен
Өтуге өмір бойы борышты боп.
Нұрыңның жұттым бойға тарағанын,
Бұл Сізді жан-жүйеме балағаным.
Сізбенен бір әкесі екеу болып,
Мәз болып жатыр бүгін балаларым.
Бұл ізгілік есімнен кетпес менің,
Сіз үшін кеудеме гүл екпес пе едім.
Сіз көрсеткен ізгілік қарымтасын
Қайтаруға өмірім жетпес менің.
Ізгілік ел есінде қала бермек,
Жаздыңыз жүректегі жараны емдеп.
Тілеймін мазмұнды, ұзақ өмір сүріп,
Халқыңа шамшырақ боп жана бер! — деп.

Зор құрметпен: Уәйіс Қайралапов.
1982 жыл, Ақтөбе қаласы.

Иә, бүгінде Уәйіс ақын да, ол жыр арнаған Саламат Мұқашов та дүниеден озды. Газет беттерінен кезінде облысымыздың бірінші басшысы болған Сәкенің 80 жылдығына орай мақалалар, лебіздер жарияланған кезде менің түсіме Уәкең кірді, рух беріп жүргені болар деп ойладым. Содан оның осы арнау жыры есіме түсті. Тірі болғанда ол да жүрек жарды алғысқа толы арнауын жолдар еді-ау деген оймен осынау жырын көпшілікке ұсынуды парыз деп білдім.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама