Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
"Шаңырағын көтеріп, керегесін керген едік" - дейді еңбек ардагері Киікбай Рзаханов

2008 жылы киелі де қазыналы өңір Маңғыстаудың өз алдына отау тігіп, облыс болып құрылғанына 35 жыл толды. Экономикамыз қарыштап, әлеуметтік ахуалымыз көтерілген, мәдениетіміз бен өнеріміз тасып-толған бүгінгі ұлы өзгерістер мен өркенді істер сол кездерден бастау алған-ды.

Бүгінде атақ-даңқы айдай әлемге жайылған облысымыз қалай құрылды? Осы сауал бізді облыс әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің мүшесі, "Мұнайшы " қоғамдық қорының аймақтық үйлестірушісі Киікбай Рзахановқа алып барған еді.

— Киеке, "Шаңырағы шалқақ, керегесі бүтін, кең түбек, қаншама ойлар кештірдің маған сен түлеп...", деп Меңдекеш ақын жырға қосқан маңғаз Маңғыстау облыс болып құрылған кезде Сіз де сол тарихи істің басы-қасында болды деп естідік....

— Ол рас және сол хабарды алғаш естігендердің де бірімін десем де болады. Қазір сол бір кез туралы оны көріп-білмеген әркімшілер әр түрлі айтып жүр...

1972 жылғы мамырдың 12-ісінде Маңғыстауға Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келіп, Ақтаудан автомашинамен Қарақия, Жетібай, Асар, Қарамандыбас арқылы Өзенге жетті. Және Орталықтан тек өзі ғана келді. Аудан басшыларымен кеңес өткізді. "өзім көзбен көруге келдім, мұндағы өндіріс орталықтары Ақтау мен Өзен ғой, дегенмен, өлкеңіздің болашағы аса зор", — деді ол өз сөзінде. Ол кезде мен Өзен аудандық атқару комитеті төрағасының өнеркәсіп және құрылыс жөніндегі орынбасары болатынмын.

1973 жылғы наурыздың 8-інде кезінде Өзенде қызмет істеген, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Логачеваға (ол кезде облыс орталығы Гурьев) телефон соқтым. Ондағы ойым оны халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтау еді. Ол рахметін айтып күлді де: "Киікбай Рзаханұлы, жақын арада біз бәріміз сіздерді, маңғыстаулықтарды құттықтайтын боламыз", — деді. Мұның мәнісін сұрағанымда Маңғыстаудың дербес облыс болып құрылатынын айтты. Хабарды Өзен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қожанияз Есентаевқа айтқанымда, ол: "Ол қайдан естіді екен, біз әлі ештеңе естіген жоқпыз ғой", деді. Наурыздың 9-ы күні аудандық партия, атқару комитеттерінің хатшылары мен орынбасарлары жиналып, ешқайда шықпай, күтіп отырдық 13-і күні Қ. Есентаев мені, аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы Меңдулла Ғубайдуллинді, аудандық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы Қожабай Дәулетовті ертіп, бәріміз Ақтауға келдік. 14-і күні Алматыға жеті адам ұштық. Бізге Д. Әріпов, X. Есполов, Ф. Теміралиева, Т. Шүйіншалиев қосылды. Бізді Орталық Комитетте Маңғыстау облысын ұйымдастыру жөніндегі комитеттің төрағасы Тұтқабай Әшімбаев қабылдады. Ол облысымыздың құрылуы туралы Жарлықтың бұқаралық ақпарат құралдарына беріліп жатқанын, енді бірлесе жұмыс жүргізетінімізді және қайсымыздың қай қызметке баратынымыздан хабардар етті. Маған Ералиев Аудандық партия комитетінің екінші хатшылығын ұсынды.

Наурыздың 17-сі күні бізді, жаңа ашылып жатқан аудандардың басшыларын Д. Қонаев қабылдады.

Екі күннен кейін облыс активі өтіп, оған Д. Қонаев қатысты, ол өз сөзінде Маңғыстау облысының бір-екі жылда-ақ Қазақстанның басқа облыстарымен теңесетінін айта келіп, табыс тіледі.

Сәуір айында облыстық партия конференциясы өтіп, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Тұтқабай Әшімбаев, екінші хатшылығына Олег Семенович Мирошкин, хатшылары болып Жәрдем Кейкин, Г. И. Шестаков сайланды.

— Облыс жаңа ашылған кезде бұрынғы Гурьевке (қазіргі Атырау) қарап келген өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, дәрежде қандай дәрежеде еді?

— Маңғыстаудың ол кездегі құрылымы күрделі болатын. Негізгі кәсіпорындар: Каспий аймақтық тау-кен комбинаты тікелей Мәскеуге, орта машина жасау министрлігіне, ал "Манғышлакнефть" бірлестігі тіке одақтық министрлікке бағынатын. Бірақ, облыстың бірінші басшысы Тұтқабай Әшімбаев келген бетте-ақ бұлармен тіл тауып, мәмілеге келтірді. Ол кісі адамға сенетін және кімге сенуді білетін, талапкер, темірдей тәртіп иесі болатын.

Содан қызметке кірісіп кеттік. Ералиев (қазіргі Құрық) поселкесіне бір жыл ішінде жоғары кернеулі электр желісі тартылды, асфальт жол салынды. Көп тұрғын үйлер, ғимараттар бой түзеді. Тек Ералиев ауданы емес, басқа аудан-қалаларда да көптеген игілікті істер тындырылды. Қазіргі Шетпеден Атырауға, Бозашыға тартылған асфальт, қатқыл жолдардың құрылысы 1974 жылдың басында басталған-ды. Облыс көлеміндегі барлық аудан орталықтары мен ірі елді мекендерге электр, телефон желілері, асфальт жол тартылып, жаңа типтегі мектеп, балабақша, тұрғын үйлер салынды. Өзенде Қазақ газ өндеу, Ақтауда пластмасса зауыттары іске қосылды. Мұнай мен газ өндіруде республика бойынша бірінші орынға көтерілді. Ең жас облыс өндірістік өнім өндіруде республикадағы алғашқы бес облыс қатарына жетті. Малшылар жер үйден, кепе қоралардан жаппай жаңа үйге шығып, қыстақ мекендерге электр жүйелері жүргізілді...

— Естуімізше, Сізге көп ұзамай басқа, жауаптылау қызмет тапсырылыпты ғой...

— Иә, бір жыл алты айдан кейін, дәлірек айтсам, 1974 жылдың қараша айында мені облыс басшысы Т. Әшімбаев шақырып алды да, "Форт-Шевченко қаласына бірінші хатшы болып барасың", — деді. Қала сол кезде ең артта қалған мекен еді. Балық өнеркәсібі тұралаған, әрі басшылығы Астраханда, өзге өндіріс жоқ. Қала иесіз қалғандай. Форт-Шевченконы бұрыннан білетінмін, бірақ тап мұндай күйде деп ойламаған едім. Тұрғындары мұнда жұмыс болмаған соң басқа жаққа көшіп кеткен. Есептеп көрсек, қаладағы тұрғын үй қорының 80 пайызы ескі, бұзылған. Жол да, электр жарығы да жоқ. Барған күні қонақ үйде шайымды шам жарығымен ішкенім есімнен кетпейді. Ауыз-суды Бакуден кемемен алдырады, ол жоқта әр жер-әр жердегі құдықтар суынан ішеді.

Содан барған бетте кезек күттірмейтін жұмыстардың кешенді жоспарын жасадық. Ең бірінші қажет — электр жарығы. Ералиевтен дизельдерді әкеліп орнатып, сол жылғы жаңа жыл күні қалаға жарық бердік. Қаланың бас жоспарына Ақтаудан электр желісін, асфальт жол тартуды енгізіп, облыс басшыларының көмегі арқасында кейінге қалдырмай сол жылы бастап кеттік. Арнаулы техникалар алдырып, көшелерді тазалауды, асфальттауды қолға алдық. Қалаға жақын жерден су көзі табылып, су құбырын тарттық. Ең бастысы балық өнеркәсібін өз қолымызға алып, дербес басқарма құрдық. Құрылыс жұмысы өркендеді. Тіпті баяғы Форт коменданты Усковтың жазғы саяжайында сығылысып отырған өлкетану мұражайын жаңа үйге көшірдік. Тас карьерінің жұмысы жақсарды.

— Осындай зор күшпен, көптеген адамдардың қайрат-жігерімен құрылған облысымыздың, он бес жылдан кейін таратылуы талайды өкіндіріп, "балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен" кездер болды ғой...

— Сөзің аузыңда, мен Тұтқабай ағамен таныстым. Жабылып қалған Маңғыстау облысын қайта құруды сұрап 41 мың адамның қолы қойылған арызды 1989 жылы марқұм Ерғали Төлесінов екеуміз Алматыға апарғанбыз. Талай табалдырықты тоздырдық. Мәселені дұрыс шеше алатын бір адам ол Нұрекең — Нұрсұлтан Назарбаев. Ал, оның қабылдауына жету қиынның қиыны. Сонда қол ұшын берген Түймебай аға болды. Сонда ол бұрын інім басқарған облыс қалпына келсінші деп және Маңғыстаудың болашағына экономист көзімен қарап, бағалады. Нұрекеңе телефонмен хабарласып, бізді қабылдауды өтінді. Нұрекең сыйлас ағаның өтінішіне құлақ асып, бізді қабылдап, сөйлесті және мәселені оңынан шешті. 1990 жылы облысымыз қайта қалпына келді.

Қазақ "Көзден кетсе көңілден кетеді", деп жатады, бірақ облыстың алғашқы басшысы, ірі тұлға Тұтқабай Әшімбайұлын маңғыстаулықтар көңілден кетірген жоқ, кетірмейді де. Жақында оның өзі тапсырма беріп, аштырған қаладағы тұңғыш қазақ мектебіне оның есімінің берілуі де соның айғағы.

— Киікбай аға, әңгімеңізге рахметімізді айтамыз. Сөзіңіздің соңында табалдырықтан аттаған жаңа, 2008 жылға орай, тілегіңізді де білдіре кетсеңіз?

— Рахмет қарағым! Мұнан отыз бес жыл бұрын өзінің алтын шаңырағын көтерген Маңғыстау бүгінде республика облыстарының арасында алдыңғы орында. Әсіресе, соңғы жылдардағы қадамы қарышты. Бұл — Елбасымыздың, облысымыздың қазіргі басшысы Қырымбек Көшербаевтың және аудан-қалаларды заман талабына сай басқарып келе жатқан азаматтардың, бүкіл түбек тұрғындарының елеулі еңбегі. Алдағы жылы да осы бағыттан таймай өлкеміз де, еліміз де өсіп-өркендей берсін. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің қатарынан көрінейік.

Заманымыз тыныш, халқымыз аман, бақ-берекеміз баянды болғай!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама