Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Шабытын күй — атаңның шарықтатқан

Маңғыстау өңірі екенін білеміз бе?

Күй, күйші дегенде ең алдымен ойымызға артына өшпес мұра қалдырған Құрманғазы Сағырбайұлы түседі. Бірақ, ұлы күйші шығармашылығының шарықтау биігі — Маңғыстау жері болғанын жұрттың бәрі бірдей біле бермесі анық. "Адай", "Амандасар", "Маната", "Бозқаңғыр", "Қызданайдың қырғыны", "Төремұрат", "Айжан қыз", "Балқаймақ", "Ақсақ киік" сияқты күйлері Маңғыстау жерінде дүниеге келген екен.

— Менің арғы атам Қонақбай Құрманғазымен жасы шамалас болған адам. Оның бес баласы Есенғали, Аманғали, Кеңес, Демес, Рамазан ата қонысы болған Нарын құмындағы Құрман ауылында тұрған. 1951 жылы переселен жасап, ол жерлерді зона қылды. Міне, сол еріксіз, зорлап көшіргенге дейін күйші анамыз Дина Нұрпейісованың ауылы бізден сексен шақырым қашықтықта болыпты, — деп әңгімелейді қазір Жаңаөзенде тұратын оралдық өнерпаз Исатай Рамазанұлы. — Дина менің атам Қонақбайдың бес баласының бірі Демеспен құрдас екен, екеуі де күй өнерінде сол кезде Құрманғазыдан кейінгі тартқыштар болған. Дина Құрманғазының шәкірті әрі сазгер болса, Демес күйдің жырауы көрінеді. Бір күйді қайталамай он екі сағаттай тартқан кезі болыпты. 1938 жылы Динаның айтуымен Ахмет Жұбанов Демес атамды Алматыға алып кеткісі келген. Бірақ, ол: "Елден кетпеймін", — деп өзінің ұлы Бақтыгерейді және ауылдас бала Қали Жантілеуовты жібереді. Соңынан Бақтыгерей майданға алынып, қаза табады да, Деместің біздің тұқым білетін "Қайран да, менің қарағым" деген күйі шығады. Оны мен де тартып үйрендім.

Иә, Исатайдың аталары Динамен араласқан, Құрманғазыны қартайған шағында көрген адамдар. Өзі де өнер десе, ішкен асын жерге қоятын Исатай бала кезінен үлкендердің әңгімесін құлағына құйып өскен.

Құрманғазының әкесі Сағырбай Исатай — Махамбет көтерілісіне қатысып, қаза табады. Көтерілісшілерге ниеттес жас күйші оларға арнап "Кішкентай" атты күй шығарады. "Әзірше қолымнан келгені осы кішкентай ғана күй, қабыл алыңыздар" деген ойдан туындаса керек. Көтеріліске қатысы бар деп табылып, Құрекең де қудаланып, ұсталады. Әуелі Астраханның, кейін Оралдың түрмесіне жабылады. Түрмеде Лавочкин деген кісімен достасып, оған арнап "Лаушкен" атты ойнақы биге ұқсас күй шығарады. Күйші түрмеден қашар алдында белгілі "Түрмеден қашқан" күйін шығарыпты. Бұл күй музыкадан хабары мол Перовскийдің де құлағына шалынса керек. "Мына қырғызға сақ болыңдар, қашып кетіп жүрмесін. Күй әуені қашып кетіп бара жатқан адамды мегзейді", — деген екен. Айтқандай-ақ, Құрекең түрмеден қашып шығады. Бірақ, барар жері, басар тауы қалмағандай дағдарады. Соңына түскен өкіметтің құрығы ұзын. Туып-өскен жерінде бай-сұлтандар, нағашы жұрты Атырауда — орыс-казак, Маңғыстаудың Каспий бойы орыс бекіністері. Не де болса алысқа, орысы жоқ жерге кетейін деген оймен, аты-жөнін жасырып, сенімді дос-жарандарымен ақылдасып, құрастырмалы домбырасын қапшығына салып, астына жарау ат мініп, белгісіз ұзақ сапарға аттанады. Ақтөбе мен Атырау аралығында тұратын нағашысы Төремұратқа соғады. "Төремұрат", "Секіртпе" деген күйлері бәлкім осы сапардың жемісі шығар.

Ақтөбе, Жем арқылы Маңғыстау жеріне аяқ басқан Құрекең бір ауылдан екінші ауылға түсіп жүре береді."Нарыннан Құрманғазы деген атақты күйші шығыпты" деген ұзынқұлақ хабар адайлар арасында тарала бастаған кез болса керек. Бір күні бір ауылдың шетіндегі үйге түскен күйшіні құдайы қонақ ретінде үй иелері қарсы алып, құрмет көрсетеді. Үйдің төрінде әдемі қара домбыра ілулі тұр. Сусын ішіп отырып байқаса, домбыра тартатындай, соған лайықты кісіні көре алмайды. "Отағасы да, әйелі де домбыра шертердей ыңғайы жоқ секілді, ендеше басқа біреу бар-ау, ол кім болды екен" деп ойлаған Құрекең үйде адам жоқта домбыраны шертіп қарап, бұрауын бұзып жібереді де, қайта іліп қояды. Кешкі ас алдында 15-16 жасар қыз келеді. Тамақ желініп болған соң әкесі: "Қызым, мына қонақ екеуімізге домбыра тартып бер" —дейді. Айжан орнынан тұрып домбырасын алады да, бұрауының бұзылғанын байқап ренжиді. "Сенің киелі домбыраңа кім қол тигізуші еді," — деп әкесі жұбатқан болады. Айжан домбырасының бұрауын түсіріп, қағып-қағып жібергенде күмбірлеп шыға келеді. Содан соң бірінен-бірі өтетін сұлу әуендерді төгілдіре жөнеледі. Оның тартысына тәнті бола таңданған Құрманғазы әуелі сүйсіне таң қалып тыңдағанмен біраздан кейін делебесі қозады. "Япыр-ай, мына қыз шыныменен менен асқаны ма, қой бұлай бола қоймас, бұған өзімнің кім екенімді танытайын", деп ойлайды да:

— Қарағым, біздің жақта бұл тартысыңды "былағай" дейді, әкел, мен қалай тартуды көрсетейін, — деп, домбыраға қолын созады. Сонда қыздың әкесі оның сөзіне намыстанып:

— Уа, қарағым, сен нені көкіп кеттің, бүкіл Маңғыстауда, қала берді исі қазақта менің қызымды күй тартудан жеңген адам жоқ, мықты болсаң, ел алдында күй тартысып, жеңіп көр, — дейді.

Сөйтіп адайдың игі жақсылары, көп халық жиналып, Айжан екеуін ортаға отырғызып, күй тартысын қызықтапты. Бір-бірінен қалыспаған қос жүйріктің шеберлігі тең түскен көрінеді. Иыққа қойып, арқаға айналдырып, секіртіп, шоқытып, қағытып, Құрманғазы не түрлі тартысқа салса да, Айжан дәл солай қайталапты. Оңай жеңе алмасын сезген Құрекең оң аяғын қолымен ұстап, домбыраны башпайларымен қаққан көрінеді. Ал, Айжан көп алдында аяғын жалаңаштап көтеруді ұят санаған болуы керек, жеңілгенін мойындапты. Сонда бір үлкен кісі сынай қарап:

— Біздің қызды жеңген беймәлім жан Құрманғазы болмағай, бірақ ол Текенің (Орал) түрмесінде деп естіп едік. Егер босап, не қашып шыққан болса, дәу де болса Құрманғазы, — деген екен.

Құрекең сөйтіп адайлар арасына келер-келместен танылып қалады. Қашаннан меймандос, өнер қадірін білетін жұрт оны көтеріп әкетеді. Көңілі тасыған ол сан түрлі қағыс-тартыс өнерін салып, халыққа "Серпілер" деген күйін шығарыпты. Кейіннен күй "Серпер" аталып кетіпті. Дина Нұрпейісова апамыз бұл күй туралы: "Құрекеңнің өзіндей ыңырантып, ойнатып, күрсіндіртіп, серпілтіп келтіру мүмкін емес, менің тартуым тек әуені ғана" деген екен.

Адайдың бармағынан бал тамған күйші қызы Айжанның өнеріне аса риза болған Құрманғазы "Айжан қыз" атты күй шығарған. Шалқар даланың әнұраны іспеттес "Адай" күйі ұлы күйшінің өзін ыстық ықыласпен қарсы алған еркөңіл халыққа көрсеткен құрметі.

Құрманғазының түрмеден қашып, Маңғыстауға асып кеткен хабарын естіген Каспий бойының орыс-казагы іздеу сала бастайды. Жанында төрт аттылы казагы бар офицер күйшінің жүрген жерін біліп, аңдып ұстап алады. Бұл хабар лезде ауыл-ауылға тарайды. Елдің аузы уәжді кісілері жиналып, орыс-казактарға ақша беріп, алдына мал салып, Құрманғазыны босатып алады. Онымен қоймай "Маңғыстауда қайтыс болды" деген донесение жаздыртады. Сөйтіп, Құрекең Маңғыстауда тағы бірнеше жыл жүріпті. Елдегі шешесінің хабарын естігенде "Қайран шешем", өңіріміздің ала-құла төбелерін көргенде "Алатау", сондай-ақ "Маната" деген күйлер шығарған екен.

Кіші жүзде хандық құлап, өткен ұмыт бола бастаған кезде Құрманғазы да еліне қайтуды ойға түйеді. Туып-өскен жерін сағынып, қуғын-сүргінді өмірін еске алып шығарған күйі "Балқаймақ" көрінеді. Нарынға оралған күйші ел аралап жүріп, тоғыз жасар Динаға кездеседі. Нұрпейістің үйінде қонақ болып, түнімен күй тартқанында кішкентай қыз бала ұйықтай алмай дөңбекшіп шыққан көрінеді. Құрекең кеткеннен кейін ес-түссіз жеті күн ауырыпты. Сандырақтап, әкесінен домбыра сұрай беріпті. Домбыра қолына тиісімен күйшінің түнімен тартқан күйлерін қайталап шығыпты. Бұл хабарды ұзын құлақтан естіген Құрманғазы қайтып оралып, жас Динаны шәкірт тұтып, батасын беріпті және оның күйшілік жолға түсуіне көп септігін тигізген екен.

Бұл әңгімелерді маған айтқан Исатай Рамазанұлы Нарында туып-өскен имандылық жаршысы, ақынжанды азамат. Мен көпшілікке жетсін, кезінде Құрманғазының шабытына дем берген Маңғыстау сияқты киелі, әулиелі топырақта өсіп келе жатқан жас буын ғибрат алсын деген ниетпен жазып отырмын. Күй атасы атанған Құрманғазы қай аңызға да сиятын дара тұлға ғой.

25.07.1996 ж.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама