Талпыныс қанаты талмасын
1958 жылдан 1968 жылға дейінгі он жыл Алматы облыстық «Коммунизм таңы», одан кейін «Жетісу» газетінде өтті. Ең алдымен редактордың орынбасары, содан кейін бірінші орынбасары болып істеуге тура келді. Ол жылдардың бедері де жүрекке нұр құяды.
Мынау «Жетісу» газетінің бес мыңыншы номерінің шығуына байланысты редакция коллективінің 1967 жылы 30 сентябрь күнгі салтанатты жиынында жасалған қысқаша баяндама еді:
Тарихта талай сыр бар, талай жыр бар. Бүгінгі бес мыңыншы номеріміз де біраз тарихты еске түсіреді. Бүгінгі жеткен биіктен сонау өткенге қарасақ, есейгенімізді, кемелденгенімізді көреміз. Тарих бізге бұрынғыны шертер шежіре ғана емес, бүгінгіге қай биіктен қарауға болатынын меңзер белгі де, әр кезеңнің өзіндік қат-қабат қиындығы, құзар басы, құлама жартасы болады. Күреспен, өрлікпен соған шыққан ғана шыдамды атанбақ.
Өзімізге дейін баспасөз тарихын жасаушылардың көбі-ақ кезең қиындығын шыдамдылықпен жеңген.
Дәл қазір орыс тілінде шығатын газеттің бір пұшпағында қазақша жазудың тұрғанын көрейікші. Онда да араб тілінде. Өз көзімізге өзіміз сенбей, жүрегіміз су ете қалары сөзсіз. «Мынау өнердің қай түрі» деп қапалануымыз да мүмкін.
Таңданбайық, осы «Жетісу» газетінің сонау бастауы солай басталған. Совет өкіметі жеңісімен іле жарық көрген «Заря свободы» 8 март 1919 жыл газетінің пұшпағындағы осындай жазуды бұрын баспасөзі болмаған қараңғылығы басым халық қатты құрметпен қарсы алды. Ана тілінде жаңа дәуірдің жаршысын оқығанына қуанды. Ол кез үшін бұл сөкет емес-ті. Қайта бұрынғы меңіреу де мешеу дәуірдің зілімен бітелген кеудеге арайлап атқан алтын таңның нұрын мысқылдап дарытудың табылған жолы еді. Басқа амал да жоқ-ты. Полиграфияның жұрнағы да болмаған халық бірден дербес газетін шығарып кете алған жоқ.
Өздігінен газет болмаса да «Заря свободыдағы» сол бір қазақша бөлім өте қымбат. Ол бүгінгі отыз мың оқушысы бар «Жетісудай» газеттің арна алған алғашқы тол басы еді. Ол бүгінгі бес мыңыншы номердің бірінші номері болды. Ол Тоқаш секілді жалынның, Ораз секілді отты күрескердің, Ғани секілді жанған жұлдыздың көп алдында сөйлеу мінбесі болды. Осы бөлімнің өзі партиялық деректерді, үндеулерді ұлттық тілде еңбекші бұқараның жүрегіне жеткізуді көздейді.
Бұдан кейінгі кезеңдер де талай сырға бай. Жетісуда дербес ұлттық газет 1918 жылдың 21 июньінде жарық көрді дейміз. Оның аты «Жедесу өшсе халық мұхбире», татар-қазақ тілінде. Бұқараға арналған қоғамдық —саяси газет болды.
Одан кейін «Көмек». 1918 жылдың 16 декабрьінен 1919 жылдың 29 декабрьіне дейін шықты.
«Ұшқын». 1920 жылдың февралінен 1921 жылдың апреліне дейін.
«Кедей еркі». Жетісу облыстық партия комитеті мен Совет атқару комитетінің органы — 1921 жылдың 4 апрелінен 1922 жылдың авгусіне дейін.
«Тілші». Ұзағырақ шыққан газет осы. 1922 жылдың 18 авгусінен 1929 жылдың 24 июньіне дейін. Алматының астана болуына байланысты республикалық «Еңбекші қазақ» газетімен қосылды кейін.
«Сталин жолы». 1933 жылдан 1939 жылға дейін шықты.1939 жылдың мартында «Социалистік Қазақстанға» қайта қосылды.
«Коммунизм таңы». 1954 жылдың февралінен 1964 жылдың 1 майына дейін.
«Жетісу». і 964 жылдың 1 майынан осы уақытқа дейін.
Өздеріңіз шығарып отырған газеттің арғы тегіне тоқталуымыз тегін емес. Яғни бұл осу жолы бар, анау арпалыс жылдарының өзінен-ақ арна алған, асу - кезеңі айтуға, бүгінгі бес мыңыншы номері атап өтуге тұрарлық газет деген осы. Оның бойында революцияның от-жалыны, бейбіт бесжылдықтардың берекелі істері, еңбекшіл қауымның қажымаған қайсар күштері бар деген сөз.
«Жетісу» газеті жер жаннаты деп атау алған өңіріміздің шежіресін жазды. Ол анау-мынау шежіре емес, жаңа дәуірдің, советтік заманның шежіресі, жасампаз уақыттың сағатын санап, саналы азаматын тәрбиеледі. Бұл күрес жолы, есею жолы еді.
Сол жолда газеттің өзінің творчестволық беті айқындалды, дәстүрі қалыптасты. Бүгінгі біздер үшін, 60-70 жылдардың журналистері үшін ең ардақты нәрсе сол дәстүрге қылау түсірмей, қайта оны байыта, ажарландыра, әсемдендіре беру. Дәстүр байлығынан асқан мол қазына болмасқа керек. Жасалған, жылдар бойы жиналған дәстүрді ортайту — олақтың ғана ісі. Адам бойына рухани нор дарытатын газетте олақ отырса, оның қырсығы бірге емес, мыңға тиеді. Олақ журналистің берер тәлімі де шолақ.
Біз сонау тарихымызға үңілсек, олақ болуға хақымыздың жоқтығын түсінгендейміз. Тоқаш қалам тартқан дәуірден күресе білуді, жеңе білуді, жеңіске деген сенімге өзіңді біржолата бере білуді үйренсек, Ілияс қалам тартқан дәуірден арынды, азулы болуды үйренуге тиіспіз. «Тілшіде» шыққан уытты фельетондар — тап жауының сағын сындырып, сазайын берген фельетондар еді. Ол кездегі газеттен шырайлы өмірімізге қара күйе жаққысы келгендер күн қызуынан қорыққан қандаладай бұқты. Өткір қалам аяғымыздан шалғысы келгендерге найза болып түйрелді. Міне сол бір сын семсерін тот басқан жоқ па, қайраулы ма?
Талантынан ұшқын көрінген жас талаптарды тай ғып жарыстырып, ат қып бәйгеге қосқан екен. Бұл да біздің газеттегі кезімізде келелі міндет атқарған ізгі дәстүрдің бірі. Қандай дәстүрді қалыптастырмасын оның өзегі, арманы, ақырғы мақсаты партия мен халықтың бірлігін болаттай жымдастыру, осы ұлы екі жүректі бір - бірімен жалғастыру болыпты.
Бүгінгі газетіміздің барлық дәстүрін айтып тауыса алмаспыз. Алда келе жатқан елу жылдығы тағы бар. Оған да айтар сөз қалсын. Дегенмен тіпті қашық емес, анау бір жылдарғы ізденіс - талпыныстарымызды еске алсақ, тағы да серпіліп, тағы да өрлер ме екенбіз.
Озат тәжірибені іздеп жүріп жазғанымызды еске алайықшы. Сонау Ставропольдегі Малашенкоға, Ташкенттегі «Политотделге» тәжірибе үшін, соны өз еңбеккерлеріміздің игілігіне жарату үшін барған едік.
Соларды оқығанда өз қуанышымыздан оқушыларымыздың қуанышы асып түспеп пе еді. Журналист үшін оқушы алғысынан артық награда жоқ.
Партия ұйымдарымен бірлесе отырып, өзекті деген тақырыптарға диспуттер ұйымдастырғанымызды еске алайықшы. «Адалдық, парасаттылық — коммунистік моралдың түп қазығы», «Жамбыл атындағы колхоз артта деген атақтан қашан құтыламыз», «Жазушы — баспа — оқушы» деген тақырыптар көп уақыт талайдың аузында жүрді. Яғни ойланса ойлы дүниелер жасауға болады екен.
Уақыт талабы ең қатал талап. Ол сенің бүгін тәуір деген дүниеңді ертең ескіртуі ықтимал. Ал уақыт ескірте алмайтын, уақыт тоздыра алмайтын дүние жүректен шыққан дүние. Қанша жылдар өтсе де жүрек жалынымен жазылған еңбек ұмытылмай, еске түсе береді.
«Шаруашылықты басқару мектебі». Осылай деп істің ығын, халықтың тілін білгендерге небір беттер арналып еді. «Бұлар — Жетісудың мақтанышы» деп еңбегі жанын нұрландырған жақсы адамдарымызды жазуға тырыстық. «Секретарларды сырластырғанда» — партия ұйымдарының адаммен жұмыс істеудегі аса бағалы тәжірибесі. Салтанат үсті болса да айта кетейік, партиялық жұмыстың тәжірибесі салынған алтын сандықтың кілті әлі емін - еркін колға тимей тұр.
Осы қысқаша шолып өткендеріміз кезінде үйреншікті, газеттің күнбе-күнгі әбігері сияқты боп қана көрінуші еді. Бүгін бес мыңыншы номердің биігінен үңілсек, бүкіл бір коллективтің творчестволық қадамының табы, дәстүр қазынасына қосқан тамшысы екен. Яғни жақсы дәстүр атаулы, оның ішінде творчестволық дәстүр бір күнде аспаннан түсе қалмайды, қиыршықтан аршылатын алтынның түріндей түн ұйқыны төрт бөлген ізденудің, еңбектенудің арқасында жылдар бойы құралып, жылдар бойы жиналды. Дәстүрді жалғастырудың, қастерлеудің ардақты, жауапты болатындығы да сондықтан.
Бүгінгі салтанатта «Жетісудың» сол бір жылдардағы жақсы дәстүрін не деп айтамыз десек, оның аты - «Іздену» болатын. Ізденусіз газет — әлі газет. Ізденгіш журналистің сөзі — мың күндік, ізденбейтін журналистің сөзі бір күндік. Қою шаңның ортасында жүріп қонды түзегенше, елге, халыққа көрінер журналист жолды түзеу керек. Біздің газет өзінің тарихымен, өзіндік мектебімен талай журналистерді тәрбиелеген. Олардың бірқатары кешегі сұрапыл соғыстан қайтпай қалды. Бүгін бес мыңыншы номерді шығаруға байланысты салтанат үстінде қыршын кеткен сол бір қалам иелеріне, газетіміздің кезінде ойлы да оралымды болуы жолында күш салғандары үшін бас иейік.
Күні кеше өз арамызда қадірлі де қарапайым еңбеккерлер бар еді. Соның бірі күні-түні баспаханада газет бояуының исі мұрнына бармаса көңілі көншімейтін марқұм Ғафуров ақсақал болатын. Жайдары мінезі, макет сызудан жалықпайтын Әнуар Әукенов те аяулы қаламдастарымыздың бірі еді. Жыр десе жырға шебер, оқушыға оралымды оймен жеткізетін шебер, қай тақырыпқа салсаң да қайран қалдыратын материалдарды да төге беріп отыратын Мүсірепов Қосжанымыз да бүгін арамызда жоқ.
Бірақ біздің ойымызда, қазіргі салтанат үстінде олардың бойындағы ізгі қасиеттер отыр. Із қалдырған азамат халқына әмәнда қадірлі.
Биылғы даңқты елу жылдықтың газет бетіне енгізген ажары өз алдына бір төбе. Қазірдің өзінде-ақ «Жүрегім, жырым — Октябрь», «Жетісудағы жалынды жылдар ізімен», «Октябрь перзенттері» деген атпен аудандарымыз облыс еңбеккерлерінің алдында газет бетінде есеп беруде. Еңбек адамдары жайлы әдемі очерктер жарық көрді. Бұл дүниелер қаламынан шыққан журналистерге оқушы қауым жүрегінде жылы алғыс сезім бар.
Алайда, мерекелі жыл жөніндегі қорытынды жасау әлі ерте. Нағыз ауыр жүк көтерер шаққа жаңа келдік. Алдымыздағы бір ай, бір апта біздің де творчестволық қабілетіміздің таразыға түсер шағы. Сонау бір ізденгіштік дәстүрді дамыта алдық па, толыстық па, өстік пе - соны айнадай анық көрсететін кезең, міне, тап осы. Бұл кезеңнің сыны, жалпы биылғы жылдың сыны қай кездегіден болса да жауапты. Елу жылдың әрінде арқамыздағы жүкті қайыспай көтеріп, ізденгіштік дәстүрімізді байытсақ, онда шын мәнінде бұғанамыздың бекіп, кемелденгеніміз, кең өріске құлаш сермегеніміз.
Бес мыңыншы номерді шығарып отырған коллективтің шеберлігі шыны болса керек. Оның өткен мектебі — үлкен мектеп. Оның бойында елу жылға жуық уақыттың берген өмір сабағы бар, елу жылдай жинаған творчестволық дәстүрі бар. Ендеше кібіртік, тақырып табудағы тыныс тарлығы біз үшін үлкен мін. Кемшілік атаулы, олақтық, журналистік салақтық бізбен қоңсы қона алмауы керек. Осы тарихты қастерлеген, осы дәстүрді қымбат тұтқан адам ғана ол өзін іздену, өсу жолына салады.
Тарихи талап тұрғысынан қарасақ, әрине, газеттің бүгінгі дәрежесін бұрынғы кезеңдермен салыстырып болмайды. Бірақ, біз өз дәуіріміздің биігінен, бүгінгі таңда ұлы партия қойып отырған талап тұрғысынан қараймыз ғой. Бір кезде оқушының сауатын ашудың өзі газет үшін үлкен міндет еді. Ал біздің бүгінгі оқушымыз шетінен білімді, олардың талғамы зор, талабы күшті, мәдениетті өскен, мәртебелі қауым. Біздің бүгінгі заман, космос заманы. Біздің бүгінгі замандас — жаңа коғамды жасаушы. Дәуірдің осындай көркіне орай, сол дәуірдің жаршысы, айнасы болатын газетке де, журналистке де койылатын талап өзгеше. Бұл талап өзге өрені, бөлекше қалам сілтеуді қалайды. Бұл талап бізді өмір көшінен ілгері отыруға қамшылайды. Осындай кезеңде ескі багажбен ғана қалмай, ұдайы ойланғанның ғана, талмай іздегеннің ғана аты озбақ. Газетіміздің бүкіл осу жолы әрқайсымыздың зердемізге осы ақиқатты құяды. Ендеше еңбегіміздің қызығымен бірге үлкен қиындығы да бар екен. Қиындықты жеңгеннің өзі қызық. Ол сенің қаламыңды қайрап, қайратыңды жаниды. Оқушы қауымның келер уақыттан күтері көп.
Сол себепті бүгінгі салтанатта баршаңызға шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта әрқайсыңызға Тоқаштың бойындағы жалынды, Ілиястың бойындағы дарынды, тамашалығын өздерің тамсана жазатын жеті өзеннің бойындағы арынды тілер едім.
***
Бұл газеттің жоғарыда топтап айтылған игі дәстүрлерін енді азды - көпті саралап айтайық. Ол төмендегі жолдардың үлесіне тисін.
Сарғайған газет беттеріне қарай бергің келеді. Кезінде күнделікті істердің жай ғана хабаршысы сияқты көрінген материалдар енді уақыттың шежіресіндей елес береді. Редакция жұмысында қарбалас күндер көп, асыққан, аптыққан сағаттар жиі кездеседі. Осындай сәтте әрбір нөмірдің мән-мағынасын жете бағалай бермейтін болсақ керек.
Енді міне бірнеше жыл өткен соң қарап отырсаң, қаншама ойлар сол кездегі қалпында алдыңнан қайтадан өтеді. Қызығымен, қиындығымен етеді. Алпысыншы жылдардың бас кезі «Жетісу» газеті редакциясы коллективінің творчестволық іздену жолына түскен белді бір кезең еді. Журналисттердің ізденбейтін кезі жоқ. Дегенмен бірігіп бірлесіп іздеген кезде ол ізденістің қалдыратын ізі бөлек болады екен.
«Заманымыздың ерлері». Бір күнгі әдеттегі өтетін «летучканың» үсті. Газет бетіндегі еңбек адамдары жайлы қызу айтыс боп кетті. Беріп жүрген материалдар бір сарынды, еңбек адамдарының рухани өресін көрсетуге бармаймыз, өндірістік көрсеткіштерден ұзап шықпаймыз, қаншама тамаша замандастарымыз бар, — деген пікір айтылды. Бұл сөздің бәрі орынды еді. Осындағы «замандастарымыз» деген сөз жаңаша естілгендей болды. Жиынның соңғы жағында «Заманымыздың ерлері» деген жаңа рубрика ашсақ қалай болар еді деген ұсыныс айтылды. Бұл ұсыныс жұрттың жүрегіне ұялай кетті. Ал сол ерлер кім, енді соны іздеу керек.
Әлі есімде, осы рубрикамен алғаш шыққан материал республикада қызылша өсіру жөнінде аты шыққан Ақық Нұрмамбетов жайлы очерк еді. Иә, ол очеркте Ақықтың өндірістік көрсеткішінен гөрі адамгершілік қасиеттеріне, айналасына несімен сүйкімді болып жүргендігіне, жастарды қалай баулитындығына молырақ назар аударылған-ды. Очеркті автор үш рет жазды. Соның нәтижесінде ол жақсы боп шықты.
Ақық жайлы очерктің әкелген жақсы бір игілігі редакцияда жігіттер бір-бірімен бәсекелесіп, әр қырынан әдемі көрініп жүрген облыстың шын шамшырақтарын іздей бастады. Сол бір жылдары көптеген еңбек адамдарының бойындағы асыл қырлар, терең сырлар осы «Заманымыздың ерлері» деген рубрикамен берілді.
Тегінде бір жақсы ойдың келесі жақсы ойларға жетектейтіні бар. «Заманымыздың ерлері» деген рубрикамен берілген материалдарды қараудың үстінде бір күні маған оқыс ой келді. Осы жаңа, жақсы идеяларды жинақтайтын бір жиын ұйымдастырсақ қалай болар еді. Осы жиында әркім өз идеясының жақсылығын ғана айтып қоймаса, сол идеяны орындаудың жолдарын, тіпті жазатын жерін де көрсетсе. Жұртты жұмылдыру үшін сол жиынға ат қойып, айдар тақсақ... Осы ойды келесі күні редакторға Әбдуали Қарағұловқа айттым. Ол кісі дереу мақұлдады. Жақсы ойларды ортаға салатын жиынымызды содан былай «Қызықты ойлар сағаты» деп атайтын болдық. Осы қызықты ойлар сағатының алғашқы перзенті кім?
«Келешегіміз көктен түспейді», оны орнататын өзіміз, — дейді Кенжеғұлов Елеусін. 1961 жылы 29 мартта осындай атпен арнаулы бет шықты. Бұл беттің идеясының тууы да қызық. Ол кезде редакцияға партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Тұрсынбай Кәкімов болатын. Жақсы бір ой келіп қалса, соны тезірек жария етуге асығып жүретін жігіт еді.
— Насихат мақалаларын жиі береміз. Солардың біразы жұрт қызығып оқитындай жазылмайды. Маған бір ой келіп тұр. Насихаттық үлкен тақырыпты қарапайым адамның ойымен баяндасақ қайтеді, — деді ол.
— Жақсы идея екен. Иә, келешек коғамымыз дегенді біздің қарапайым еңбек адамы қалай түсінеді. Бұл тұрғыдан беру қызықты болып шығар еді. Сен осы тақырыпты кімнің атынан сөйлеуге болатынын ойлан.
Жақсы идеямен журналист командировкаға аттанды. Оның бірінші мақсаты — авторды табу. Бұл тақырыпқа жаза алатын ғалымдар, әрине, қасымызда еді. Олардың қайсысына берсек те айтқанды орындайтынына шек жоқ. Бірақ біз ғылыми атағы да жоқ, көп алдында көп сөйлеп те жүрмеген, бірақ өмірді көрген, көргендерін көкейіне түйген қарапайым адамды іздедік. Іздеген кісіміз Еңбекшіқазақ ауданынан табылды да. Сауаты аз, бірақ өмірдің өзінен көп оқыған қарт коммунист Елеусін Кенжеғұловқа түсті таңдау. Иә, Елекең ойдан шықты. Құрметпен ауылдастары пенсияға шығарса да, қарап отыра алмадым деп, өз тілегімен мал бағуға қайта барған адам екен. Материалды жазардың алдында Тұрсынбайдың қарт шопанмен қалай әңгімелескенін айтқаны әлі есімде. Бір қоспасы жоқ, осының бәрі шопанның сөзі деді.
Сол бетке міне талай жылдан соң тағы да қарап отырмын. Идеяның жақсылығына қызыққандығымыз соншама, газетке шығару үшін Тұрсынбай екеуіміздің бір жексенбіні сарп еткеніміз бар еді. Тақырыпшаларының өзі де ыстық көрінеді: «Сені оқытқан советтік шындық», «Өмірдің алтын кілті қолымызда», «Бірдің ісі кілегей, мыңның ісі - бірегей», «Әрқайсымыз үлкен іске мұрындық болсақ». Осы жүйемен қарт коммунист барлық ойын ортаға жайып салды.
Әлі есімде, сол номер шыққан күні идеология қызметкерлерінің кеңесі болған еді, кеңеске көптеген журналистер жиналған-ды. Олардың көбінің аузынан арнаулы бет жайлы әдемі сөздер естідік. Мұның өзі көздеген мақсатымызға жеткенімізді аңғартқандай болды. Өйткені журналистер әр нәрсеге сынай қарайтын қауым. Олар мақтау сөзді аса сақтықпен айтады.
«Озат тәжірибе мектебі». Бұл да қызықты ойлар сағатының белді бір перзенті. Көпке дейін газет бетінен түспеген тұрақты рубрикалардың бірі болды. Оның тууы да өз алдына бөлек бір тарих. Сырттағы жақсылық тезірек көзге түседі, ерекше болып тұрады. Бір кезде редакцияның Малошенконың тәжірибесін жазуға Ставропольге, жүгері өсірудің тәжірибесін жазуға Өзбекстанға кісі жібергені бар. Бір күні мәжілісте, қазір есімде жоқ, бір қызметкер «осы өзімізде де озаттар көп, солардың тәжірибесін жеке неге жазбаймыз», — деді. Міне озаттар тәжірибесінің тууына түрткі болған осы ой.
Қызықты ойлар сағатының идеясы жылдан-жылға байи түсті. Тың ойлар соның нәтижесінде газет бетінде жарық көрген жақсы материалдар коллективте шабыт әкелді. Сол бір кездің кейбір көріністерін күнделікке түртіп жүріппін. Күнделікті ұдайы жазып отыруға уақыт болған жоқ. Кей кезде қағазға түсіп қалғанның өзі өткен өмірден елес бергендей.
«1962 жылдың 28-марты. Бүгін газетте «Жамбыл атындағы колхоз артта» деген аттан қашан құтыламыз» деген бет шықты. Бұл бетті ұйымдастырған насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Жүніс Бектепов. Бет ұйымдастыру оған оңайға түспеді. Өйткені Жүністің командировкасы әдеттегі барып, блокнотқа түртіп әкеле қоятын командировка болған жоқ. Аудандық партия комитетімен бірлесіп, осы тақырыптағы жиналысты ұйымдастыруға өзі тікелей қатысты. Колхоздың барлық бригадаларында күні бұрын хабарландыру ілінді. «Жамбыл атындағы колхоз артта» деген аттан қашан құтыламыз? Бұл колхозшылардың өзіне қойылған сұрақ еді. Мұндай тақырыпта бұрын жиналыс болып көрмегендіктен алғашқы кезде колхозшылардың өзіне де тосын көрініпті. Бірақ жиналыстың үстінде аудандық партия комитеті мен облыстық газет редакциясының қандай мақсат көздегенін колхозшылар тамаша түсінген. Сол себепті де ойларындағыны қалтқысыз айтты.
Жүніс осы қос бетті шығаруға қатты асықты. Ойланған тақырыпқа сай фактіні кездестіргенде жақсы журналистердің жаны жай таппай жүретіні ұнайды - ау осы, шіркін. Жүністің жатық жазатынындай, бастаған ісін ақырына дейін әдемі апара білетіндей қасиетті әркімге берсе. Мынау екі бетін оқығанда өзіңді жорға атқа мініп келе жатқандай сезінесің.
Күнделіктегі жолдар осындай екен. Ол жолдар осы идеяның туу тарихына тағы апарып тіреді. Рас, ол кезде қазіргі Талдықорған облысының Ақсу ауданындағы Жамбыл атындағы колхоз (қазір «Қаргоз» совхозы) жиын атаулының бәрінде сынға ұшырайтын. Көрсеткіштері өте төмен болды. Председательдер құптамайды. Гәп колхозшылардың өзінде емес пе? Олардың шабытын неге көтермеске? Солармен ашық сырласып көрсе қайтер еді. Редакция қабырғасында туған осы ойларды аудандық партия комитеті, оның бірінші секретары Тұрсын Махметов қуана құптады. Бұл бір әдеби жанды, жаңалық десе жарғақ құлағы жастыққа тимей, ұдайы ізденіп жүретін адам еді. Жоғарыда айтылған қос бет сол сырласудың нәтижесінде дүниеге келген-ді.
Редакция дәл осы колхоздың өзінде арнаулы посты құрды. Ол посты жүрек тебіренткен үлкен әңгімеден кейінгі жаңалықтар, серпілістер жайлы жазып тұрды. Өзінің осындай қадамымен облыстық газет арттағы бір шаруашылыққа жәрдем көрсетуімен бірге, басқа шаруашылықтағы еңбек адамдарына да ой салды.
«Шаруашылықты басқару мектебі». 1964 жылғы газет беттерін ақтарғанда көзге түсетін белді мәселенің бірі осы. Талай жылдар ел басқарып, шаруашылықты өрге сүйреп келе жатқан облыста аз емес. Солардың басқару шеберлігімен ел үшін көп игілік жасап келе жатқандарды барлық қырынан неге көрсетпейміз? Бұл жақсы талап. Бірақ киын жұмыс еді. Пікір алысу кезінде шама келе ме деушілер де болды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, коллектив болып қолға алған соң бірсыпыра игі іс жасалды да. Осы рубрикамен Нарынқолдағы Ленин атындағы колхоздың председателі Әшімбаевтың, Шелек ауданындағы «Шелек» совхозының сол кездегі директоры Темновтың, Ақсу ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы совхоздың директоры Дәндібаевтың шаруашылықты, коллективі басқару тәсілдері жарияланды. Үшеуіне арнап үш бет берілді. Соның екеуінің авторы мен өзім болдым. Қиындығынан ба, әлде өзіміз босандық жасадық па, бұл рубрика кейіннен діттеген жеріне жетпеді.
Ол жайлы күнделікте былай деп жазыппын: «Ең бір жақсы рубриканы тарта алмай келе жатырмыз - ау. Менің байқауымша жетпейтін ең басты нәрсе сол бір ел басқарудың шеберлерімен ұзақ бірге болмағанымызда. Шаруашылықты жолға қоюды солардың өзіндей біліп тұрсақ, жеріне жеткізе жазар едік - ау. Гәп солардың өзіндей білмей жатқанымызда. Сол себепті де беттердің көп жерлерінде нақты тәжірибеден гөрі жалпы тұжырымдау дес алып кете берді. Дәл сол жерлері ел басқарып жүрген адамдар үшін су татуы мүмкін».
Дегенмен де «Шаруашылықты басқару мектебі» жұртқа біраз ой салыпты. Оны кейінгі облыстық бір жиында беделді совхоз директоры атап айтты. Газеттің қадамын шын жүректен құптайтындығын білдірді.
«Бұлар — Жетісудың мақтанышы». Аты басқа болғанмен осы рубрика сонау бір жылдарғы «Заманымыздың ерлері» атты рубриканың жалғасындай еді. 1965 жылғы газет көтерген мәселелердің ішінде белді көрінгені осы. Облысымыздың абыройын арттырған ардақты адамдар жайлы осы рубрикамен жиі жазып тұрдық. Олардың ішінде шопандар да, қызылшашылар да, диқандар да, өнеркәсіп озаттары да болыпты.
«Бір совхоз да он ғалым». Мұның өзі сирек кездесетін оқиға. Бірақ облыстан ол табылды. Кезекті «Қызықты ойлар сағатында» осы фактінің төркініне үңілуге тырыстық. Бұл біздің өміріміздің ұлылығын көрсететін, бүгінгі биігімізді аңғартатын оқиға. Ауыл тұрғай аймақта бір совхоздың өзінде он адам ғылыми жұмыспен шұғылданып жүр.
Міндет — осы фактінің әлеуметтік аса мәнді мағынасын көрсету. Мәселе осылай қойылды. Осы идеямен командировкаға барып келген редактордың екінші орынбасары Сарыбас Ақтаев жазған бет жұрт көкейінен шықты да.
Байқап отырсақ, әр жылдың творчестволық іздену жағынан бір - бірінен бөлекшелігі болыпты. Жалпы алғанда «Қызықты ойлар сағаты» жыл асқан сайын байи беріпті. Газеттің тікпесінен мынау бір жақсы идеяны жария еткен бетті де көрдік.
«Ауылына қарап, адамын таны». Қызықты ойлар сағатында өндіріс жайлы, адамдар жайлы жақсы рубрикалар туып жүр. Осы мәдениет саласында бір тәуір қомақты мәселені неге көтермеске? Қане, ойланайықшы.
Бүгінгі ауыл келбеті бөлекше. Үйреншікті болып кетті. Үйреншікті істің ұлылығын байқамай қалатын жай бар. Бірақ сол үйреншікті дегеннің өзіне де үңіле білген жөн емес пе. Әрі осы мақсатқа жетейік. Әрі адамдарға ой салайық. Ауыл мәдениетті болса, ауылда жақсы дәстүр қалыптасса, ол сондағы адамдардың, ең алдымен интеллигенцияның еңбегі. Интеллигенция мұрындық болған жерде жақсылықтар көп болмақ. Интеллигенция селқос болған жерде жаман әдеттер арам шөптей қаулап кетпек. Ендеше ауылыңның абыройы — сенің абыройың. Сен жақсы болсаң — ауылың да жақсы.
Осы ойларды салу үшін бұрынғы жылдардың тәжірибесімен Жамбыл ауданының «Қазақстанның 30 жылдығы» колхозында аудандық партия комитетімен бірлесіп жиналыс өткіздік. Алдын - ала дайындық ісіне редакцияның өкілі қатынасты. Бұл істі мәдениет бөлімінің меңгерушісі Бекен Әбдіразақов қолға алды. «Ауылына қарап адамын таны» деген бет соның қаламынан туды. Бұл 1966 жылғы сәтті басылған дүниенің бірі еді.
1967 жыл баршамызға мәлім, торқалы той жылы болды. Газет коллективінің творчестволық ізденуі бұрынғы қай жылғыдан болса да жемісті болуға тиісті. «Октябрь перзенттері», «Жалынды жылдар ізімен» атты рубрикалар осы жылдың жемісі. Өмірдің өзі шындаған шындық шымыр етіп өсірген адамдардың өнегесін алға тарттық.
...Сарғайған газет беттері. Сағына қарай бергің келе береді. Бәрі ыстық көрінеді. Біздің айтқанымыз 70 жылдай Алматы облысының өмірін жазған газеттің бір он жылдық өмірі ғана. Қалған уақытта да қаншама ізденістер, түн ұйқыны бөліп, көз майын тауысқан қаншама қиналыс сәттері болды десеңші. Сол күнінде, сол сәтінде қысылтқанымен, қиналдырғанымен кейін қуанышқа бөлейтін, өзгені де, өзіңді де демейтін журналист еңбегі неткен ләззатты едің. Қиындығын ұмыттырып, келесі күні жаңа тақырыпқа қайта қайрап салатыны да осы ләззаттың күші болса керек.