Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
«Тәрбиелі, мәдениетті» Еуропада

Мәскеуде шығатын «Правда» газетінің 61-нөмірінде (20- наурызда шыққан нөмірінде) Карл Радек жолдас «Мәдениетті Еуропаның жүрегінде» деген мақала басып, онда мына төмендегілері жазылды.

«Рур аймағындағы Буар жұмыскерлер қаласында француздың 2 офицерін кім екені белгісіз біреулер өлтіріп кеткен. Рурды басып алып отырған француздың сол жердегі әскери үкіметі бұл өлген 2 офицердің орнына сол қаладағы Германияның 2 жұмыскерін атып өлтіріп әм мынадай жарлық қылған:

1. Рурды басып алып отырған француздың әскерінен біреу өлтірілсе, сол қаланың кепілге алынған бастығы атылады. Әм тағы да жаза тартқызатын істер істелінеді.

2. Бүгінгі, 12-наурыз, 4 сағаттан бастап қала халқы көшелердің орталарымен ғана жүретін болсын, қолдарын қалталарында ұстап жүретін болмасын. Әркім қолын көрнекті қылып ұстап, қолында не бар екені білінетін қылып ұстап жүретін болсын.

3. Арнайы ұлықсат алған кісі болмаса кешкі 7 жарым сағат пен ертеңгі сағат 6-ның арасында ешкім көшеде жүрмесін.

4. Кешкі сағат 10-нан былай қаладағы барлық үйлердің шамдары сөнетін болсын.

5. Күндіз болсын, түнде болсын, бір жерде жиылыс болса мылтықтың күшімен қуылады.

6. Тұрғын халықтың қолында қару-жарақ болмасын, кімде кімнің қолынан мылтық, құрал-сайман табылса әскери сотқа беріледі».

Міне, Аур аймағын басып алып отырған француздың әскери комитетінің жарлығының өзі-ақ ешбір бөтен сөз қоспай Аур аймағының қазір қандай халде екенін көрсетеді. Аур аймағын күшпен басып алған француздар қанша сол Удағы Германия жұмыскерлеріне дұшпан емес болып көрінбек болса да, бірте-бірте ана жылғы Украинаны басып алғандағы Германияның патшашыл дарындай болып кетті. Француздар қарудың күшімен Удағы бұқара халықты бұқтырып ұстап отыр. Кей уақытта тұрғын халыққа қылған қиянаттары қан ішкіш хайуандардікіндей лас, меңіреу, мақаулардікіндей болады (зверство и идиотство). Мәселен, Кельн қаласында сол қаланың жұмыскерлері өздерінің тиындап жинаған қаражатына салдырған «Жұмыскерлер үйі» деген үй бар еді. Сол үйге француздар кіріп алған соң ішіндегі үй саймандарын отқа жағып, үйді жылытатын машинаны қиратып, үйдің барлық ішін ластап, былғап, ат қорадан жаман қылған.

Мұны істеуші «тәрбиелі, өнерлі, атақты ұлттың ұлдары».

Әрине, өзгеше болуға мүмкін де емес қой. Солдаттарды ылғи даярлап, мылтықтың астында ұстау үшін әм оларды халықты талау мақсатына жұмсауға қолшоқпар қылу үшін офицерлер солдаттарды дауам сол тұрғын бұқара халыққа жауластырып, сенімсіз, дұшпан қылып ұстайды. Дауам бұлай ұстаған соң солдат шаршайды, жалығады. Әскери тәртіптен қажиды. Ал әскери төртіптен қажымас үшін солдаттарға тұрғын халықты талайтын. қанайтын айуандық сезімін туғызып алдайды. Мұны істейтін француздың мырза офицерлері. Рур аймағының қалаларында тұрғын халықтарды тінткенде тонау, талау, жүгенсіз зорлық қылуға баулып жүреді.

Пуанкаре мырза (Француз байларының үкімет басына қойып отырған жалмауызы) өзінің көздеген мақсатына жету үшін Рур аймағында көп уақыт қалмақ болды.

Пуанкаре мақсатына жетіп, Рур аймағындағы барлық тас көмірді алып, Германия байларының темір сандықтарындағы ақшаларын ала ала ма, жоқ па, ол мәлімсіз.

Бірақ Пуанкаре мырза өз мақсатына жеткенше Рурды күшпен ұстап отырған Франция әскері іриді деуге дәлел көп. Францияның әскери бастығы мырзалардың алдаған, жұмсаған табанында жүре бермес. Ақырында түсінер, шырмаудан босанар.

Міне, «Правда» газетіндегі («Мәдениетті Еуропаның жүрегінде» деген) мақаланың біраз сөзі осы. Бұл күнгеше Еуропа халықтарының ішінде ең бір өнерлі, тәрбиелі, таза халықтың біреуі болып Франция саналып келген. Биік тәрбиелі Франция өзімен көршілес Германияның неше жүз мың жұмыскерлері тас көмір шығарып күн көріп жатқан Рур деген аймағын күшпен басып алып, қазір жұмыскерлерге өлшеусіз жәбірлік, зорлық қылып, шетінен абақтыға қамап оқ атып, үйлерін бүлдіріп, былғап отыр. «Биік тәрбиелі» Франция мұны істегенде өзгелері не істемек? Мұндай істі жалғыз Франция ғана істемейді. Барлық Еуропадағы қазіргі байлар билеп отырған мемлекеттердің бәрі де қолдарынан келсе істемек.

Байлар билеген сұм Еуропаның құлқы осындай.

Мен жұрттың түрлі талқысына түскен «Азия» деген өлеңімде Еуропаның осы обыр құлқын айтып едім ғой.

1923 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама