Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Рур аймағында

31-наурызда Германиядан мынадай хабар алынды: «Рур аймағын күшпен басып алып отырған француз әскері Эссен деген қалада Круппа зауыттарының барлық автомобильдерін алмақ болып, сол автомобильдер тұратын сарайларды күшпен алғанда.

Круппа зауыттарындағы немістің жұмыскерлері мен француз солдаттары соқтығысып қалды. Бұл соғыста заводтағы Германия жұмыскерлерінен Сандэрс деген коммунист бастаған он бір кісі өлген, жиырма екі кісі ауыр жарақаттанған, отыз екі кісі жеңіл жарақаттанған.

Француздың солдаттары зауыттың автомобиль сарайларын қамап алғанда зауыттың 10 мыңдай жұмыскерлері жиналмақ болғанда білдіретін белгілі сигнал дыбысымен жиналған. Жұмыскерлер жиналған мезгілде сол жердегі Германияның ұлтшыл жастары зауыт жұмыскерлері мен француз солдаттарын соғыстыру мақсатымен топтанып, ұлт рухты өлеңдер айтып келіп француз солдаттарына тас атқылаған.

Соны көріп жоғарғы айтылған коммунист Сандэрс немістің ұлтшылдарының бұл топтанып істеген тәртіпсіздігін тоқтатпақ болып жүргенде француздың солдаттары құрылған пулеметтерінен жұмыскерлерге қарай оқ жаудырып қоя берген.

Және де мұны көзімен көрген кісі Германияда шығатын «Дотеране» деген газетте жазған баяндамасына қарағанда, француздың солдаттарының бастығы неміс жұмыскерлерінің «сөйлесейік, ұғынысайық» дегеніне қарамай, солдаттарына жапа-тармағай ата беруге бұйырған.

Қазіргі Германияның ұлтшыл газеттері бұл уақиға туралы үлкен әріппен «Эссен қаласында жазасыз төгілген қан» деген нұсқамен жалпы жұрттың ұлт намысын оятуға мақалалар жазып жатыр.

Немістің Круппа зауыттарының бастықтары француздың әскер бастығына наразылықтарын білдіріп қағаз жазып жіберді».

Міне, Еуропада ең бірінші тәрбиелі, өнерлі саналған, екі сөзінің бірінде бұралып, иіліп, әдептілік көрсетіп «Аһ, ғапу етіңіз!» «Аһ, пардон» деп жүрген Франция мырзаларының Германияның күнбе-күн қол күшінің арқасымен ғана күнелтіп отырған неше мың жұмыскерлерінің күшін жалдап күн көріп отырған Рур аймағын ықтиярсыз басып алып, қылып отырғандары осы. Күн сайын байлар билеп отырған Францияның істеген жауыздықтары, қан ішкіштері басым болып барады, күн сайын зұлымдығы артып барады.

Және, соңғы хабарларға қарағанда, Германияның тас көмір шығаратын зауыттарының байларының бастығы Стеннс деген кісі Швейцарияда Француз үкіметінің уәкілдерімен ынтымаққа келуге сөйлесіп жатқан көрінеді.

Бұған қарағанда, әм жоғарғы айтылған Германияның ұлтшылдарының істеріне қарағанда, Рур аймағындағы жұмыскерлердің француз оғынан жазасыз өлгендеріне Германияның ұлтшылдары әм байлары іштерінен қуанбаса ренжитін түрлері жоқ көрінеді. Әм олай болмасқа мүмкін де емес.

«Кемеге мінгеннің жаны бір» деп бұрынғы тәжірибе айтады.

Сондай-ақ қазіргі күллі дүние екі жікке бөлініп, бір жағы байлар табы болып, бір жағы жарлылар табы болып, тұрмыстың қожалығына таласып тұрғанда, белдескен, сертті майданда бұл істің негізгі мақсатына түсінген жарлыға жарлы оқ атпайды, байта бай оқ атпайды.

Капитализмнің заманында қай халық білім-өнерге шебер болса, сол халық жауыздыққа, сұмдыққа, пәлелікке, залымдыққа, арамдыққа, саясатқа сонша шебер болады. Жер үстіңде Еуропадан өнерлі жер жоқ. Ал Еуропада Франциядан, Германиядан білімді-өнерлі халық жоқ. Әм бұл халықтарды қазір билеп отырған бұлардың байларынан, мырзаларынан, оқығандарынан, үкіметтерінен сұм, жауыз, залым, бұлардан арам жер үстінде ешбір ел жоқ.

Бұл туралы Мәскеуде шығатын «Правда» газетінде 73-нөмірінде мынандай сөз жазылып отыр: «Францияның әм Германияның коммунистері бұл екі халықтың ішкі ниеттері бір байларымен күресулері керек. Капитализмнің бұл залымдығымен, қан ішкіш, жыртқыш айуандығымен күрескен майданда талай коммунист құрбан да болар. Бірақ бұл құрбандық Еуропаның қазіргі жәлептік шіріген, боянған мәдениеті үшін емес, адамзаттың таза, cay болашақ мәдениеті үшін» деген.

Міне, Еуропаның қазіргі мәдениетін «Правда» газеті 74 - нөміріндегі бас мақаласында осылай сипаттайды.

«Еуропаның қазіргі мәдениетін «қорғаушылардың» құлақтарына алтын сырға. Германия мен Франция байлары астыртын ақыл біріктіріп ынтымаққа келгенде Француздың Рур аймағын басып алып отырған әскерінің солдаттарымен Рурдағы Германия жұмыскерлері де бір-бірімен сөзге келіп, жер-дүниедегі еңбекшіл талабының жолы, түпкі мақсаты бір екенін біліп, бұл екеуі де астыртын ынтымақ біріктіріп, екеуі тізе қосып, күштерін біріктіріп, құрулы оқтарын Германия байлары мен Франция байларына атар. Бұл болмай қалмайды. Қазір француз солдаттарының арасына бұл сөз жүре бастады. Қазір де француз солдаттары өздерінің байларға құрал болып отырғандарын біле бастаған түрі бар. Қазір Германия жұмыскерлерімен Франция солдаттарының ақиқатқа көздері жетіп, кімнің дос, кімнің қас екенін біле бастаған көрінеді.

Жыланның жылан екендігін шаққан соң ғана білген.

Эссен қаласындағы бұл жазасыз нахақ төгілген жұмыскерлердің қаны Германия мен Францияның еңбекшіл табына кімнің дос екенін, кімнің қас екенін білдірер.

Франция мен Германияның еңбекшілдері ақиқатқа түсініп, жалпы жауын біліп, екеуі бірігіп, қатар тұрып, тізе қосып құрулы тобын тізілген оғын жалпы жауларына жұмсар.

Ол күн таяу.

1923 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама