Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Қазіргі тығыз жұмыс - егінді көп салу

«Түстік өмірің болса, кештік мал жи» деген бұрынғы шаруа баққан, көп тәжірибе көрген қарттың кейінгіге қалдырып кеткен өсиеті, нақлияты.

Мал — адамның азығы. Азықсыз, ассыз адам өлмек. Адамға тіршілік керек, азық жию керек, мал жию керек. Адамның азығының жалғыз-ақ шығаратыны су. Өзгелері адамның күшімен шығады.

Сол адамның күшімен жасалатын, адамның күшімен шығатын малдың, ең бірінші негізгі керектісі егіннен шығатын нан. Егіннен шығатын дән, егіннен шығатын май. Бал жемей, ет жемей, қымыз ішпей өмір сүруге, тіршілік қылуға болады. Нансыз ешбір адам тіршілік қыла алмайды. Қалада тұратын малсыз халықты былай қоя тұрып, қырдағы, шөлдегі өмірінде өздері егін салмаған көшпелі елді алсаң да наны жоқ болса, шаруасы күйзеле бастайды. Аштық кіре бастайды. Ақырында соның әсерінен жұтқа, апатқа ұшырап харап болады.

Соңғы үш-төрт жылдың ішінде әрі болса жалпы Россияның, бері болса Қазақстанның әр аймағының егіндері шықпай қалып еді, елдері ашығып, науыт болды.

Мәселен, 1918 жылдан бастап Түркістан, Еділ бойы, Татарстан, Башқұртстан, Орал аймағы, Ақтөбе, Торғай, Қостанай — бәрі егін шықпай қалғандықтан ашығып, көзіне көрінгенді жеп, қаңғыды.

Өткен жыл егін шыққан соң тірі қалған жұрт азырақ оңалып, қазір етек-басын жиып алғандай болды. Бірақ былтыр егін шыққанмен қалыптан аз салынған соң нан жалпы жеткіліксіз, аз болып, әлі де оңала алмай жатқан елдер көп, енді биыл егін жеткілікті салынып шықса жалпы ел әбден оңалып, тез жетіліп кетпек.

Қазір үкімет осы алдымыздағы егін салу ісіне тығыз кірісіп, қатты көз салып жатыр.

Жалпы Қазақстанға егінге, тұқымға арнап қазынадан 350 мың пұт тұқым берілді. Бұл қазір Қазақстанның тиісті жерлеріне жіберіліп жатыр.

Тағы да, әр губернияда бір миллион 799 мың 675 пұт астық жіберілді. Бұл астықты губерниялық комитеттер қандай істеріне жаратса да ықтиярлы. Бірақ оның да бірсыпырасын егінге жаратулары керек.

Биыл егін толық салынып, ол егін шықса, халықтың бұзылған шаруасы бұрынғыдай қалпына түспек. Халық тоғайып, береке кіріп, бүлінген шаруа оңалып, жалаңаш халық киініп, тұрмысын жөндеп, кәсіп дүкендері жүріп, оқу ісі көркейіп, дәуірлеп, айырбас, сауда-саттық қызып, халықтың шайқалған дәулеті қалпына түспек.

Келешектен үміті бар шаруа иелері енді аласұрып дамыл алмай егінді көп салуға қам қылуы керек.

Жалпы адамзаттың бір мүшесімін деп жүрген кісі, жалпы халықтың егінді көп салуына іс қылулары керек.

1923 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама