- 01 қыр. 2021 00:00
- 193
Көздің суы
Бала кезімнен денсаулықтың жоқтығынан зардап шеккен мен, тұрмысқа шыққаннан кейін де, оның кемдігінен аз қорлық көрген жоқпын. Қызметке орналасқаннан кейін, әйтеуір түрлі емделу орындарында болып, жыл сайын арнайы ем алудың арқасында, қатарымнан қалмай, жыл санап, азапқа салған ауыр салмақтың азая бергеніне тәубә деймін. Алғашқы жылдары, өзімді мүгедектіктен алып қалған, шипалы суы бірден ем болып қонған, Семей облысының Мақаншы ауданындағы "Барлық-Арасанға" жиі бардым. Жолдасым Жоламан екеуміз, жаз айларында Жанарымызды кезек бағып, емделіп жүргенбіз.
"Барлық-Арасанда" емделіп жүріп, түс көрдім. Екі жасар қызым горшогында отыр. Екі көзі былшықтан көрінбейді. Қос жұдырығын кезек көзіне апарып, сүртіп тастағысы келетіндей,
— Мама, менің көзім ауырып жүр, — дейді.
Қайтуымызға бірер күн қалған. Көрген түсімді жанымда бір бөлмеде жатқан үлкен апаға айтып едім, ол кісі:
— Қызыңның шынымен көзі ауырып жүрген шығар. Бір таза бөтелке тап та, көздің суын толтырып ала кет. Артық болмас, - деді.
"Барлық-Арасан" Барлық тауы баурайындағы ең бір әсем, табиғаты бай сайға орналасқан. Сылдырап аққан су, түрлі жидектер, емдік шөптер мен алуан ағаш – бәрі осында.
Бір кездері Шыңғысханның әскерлері осы арада бірнеше күн ат шалдырып, дем алған жер дейді. Санаторийдің төңірегінде, алуан түрлі аңыздарға өзек болған жерлер көп. Өзі жеті әулиенің жері деп аталады. Жеті әулиенің бірі ит екені есімде қалыпты. Жеті төбе басында солардың сүйектері жатыр дейді. Сол әулиені таудың бір беткейіндегі көк тастардың бетіне, тамырлары сойдақ-сойдақ шығып жатқан, бір ғажайып зор ағаш өсіп тұр. Көкпен көк, тасты жарып қалай шыққанына, таң қалмау қиын. Ал әлгі сойдақ-сойдақ тамырлардан айнала тамған тамшылар жинала-жинала, жіп-жіңішке жылғаға айналып, төмен қарай ағып жатады. Осы суды жұрт "Көздің суы" дейді. Қажет еткендер ыдысқа тамызып жинап, алып кетіп жатады, келген адам көзін жуады, бет-аузын шаяды.
Міне, әлгі апайдың айтып отырғаны сол су еді, мен кететін күні әдейі ертерек барып, бір бөтелкеге су алдым...
Ол кездері, Ақтауға самолет таң ата келіп қонатын. Сағат алты жетінің шамасында үйге жеттім. Кірсем, қызым дәл сол түсімде көргендегідей, гаршокта отыр. Екі жұдырығымен екі көзін уқалай береді, көзі былшықтанып, бітеліп қалған.
Чемоданымды аша салып, "көздің суына" жармасқаным түсінікті шығар. Таза кесеге құйып, "Бісміллә" — деп, таза мақтаны суға шылап, былшығынан әбден тазарттым. Көзі жарқырап, қалпына келді.
Ертеңіне тағы да жуайын десем, жуатын ештеңе де жоқ. Көздері тап-таза. Дегенмен және бір рет бетін шайып, жуған ырымын жасадық
Содан қайтып көзі былшықтанып көрген жоқ. Міне, қасиетті Барлықтағы "көздің суы", сөйтіп, мәңгілік есте қалып қойды. Ал түсімде көрмесем, оның қажет боларын мен білмес те едім...