Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 7 сағат бұрын)
Текебұрқақ

ШОЛАҚ ШОПАН МЕН АҚСАҚ АРЛАН

Алыстан талықсып жеткен сарқылмас сарын. Ғарыш әуені. Жалған дүниенің күйбеңінен басқа, асқақ үн.

Тәңіртау басына сонау терістіктен, Мұзды мұхиттан шаршап-шалдығып жеткен ызғарлы сұр бұлттар келіп қонақтағанда ақшулан Абадан үңгіртастың үстінде шоқиып отыр еді.

* * *

Жаңа шыққан Күнге гимн. Има Сумак орындайтын сұрапыл, шырқау биікке көтерілетін ән. Әлем ышқынған сәт.

Керегетас қыстауына ылдидан жаңа көшіп келген шопандар қойларын қорадан шығарып, өріске беттеген шақ. Күзгі күн бұлт арасынан бір көрініп, бір көрінбей кететін таңғы мезгіл.

* * *

Қазанғап күйі «Көкіл».

Шеткі қорадан шыққан отардың соңынан салпы қарын торы атқа мінген шошақ бөрікті шопан Абаданға таныс сияқты көрінді.

Абадан оған сұп-суық көздерін сұқтана қадады. Тіпті шоқиған орнынан тұрып кетіп, ақсаңдай басып, жақпар тасты тасалап, әлгі торы ат мінген шопанға қадала қарады.

* * *

Тыва сарын. Өңеш өлеңі.

«Соның өзі»,—деді ішінен Абадан.

* * *

Тыва (ұрыңқай) сарын. Өңеш өлеңі.

Шопанның оң қолы шолақ. Шолақ қолдың жеңін белдігіне қыстыра салыпты. Торы аттың тізгіні де, найзадай ұзын таяғы да бір-ақ қолда. Сол қолында.

* * *

Қыл қобыз. Ұлыма дыбыс.

Қақпақ тас. Түсі қызыл-күрең. Асты қуыс. Қуыстың аузында түсі суық, көздері ызғары көкшулан Құртқа қасқыр алдыңғы аяқтарын көсіліп жатыр.

* * *

Алты айлық үш бөлтірік. Айнала ірілі-ұсақты қаңқа сүйектер. Бөлтіріктер аш. Бұралып жатыр.

Қақпақ тас астындағы үңгірдің аузы айнала ағарған қу сүйектер. Кекіліктің қауырсыны. Қызыл суырдың тулақ терісі. Мүжіле-мүжіле сиқы кеткен қойдың басы мен жіліктері.

Ғарыш сарын. Әлем астан-кестен сыман.

Өзі ақсақ, өзі аш Абадан буда-буда бұлттарды қуалаған күнбатыс желіне қап-қара тұмсығын тосып, ауаны ұзақ иіскеледі. Әлденені сезгендей, оң жамбасы шойнаңдап барып, орнынан тұрды.

Батыстың желі қуалаған буда-буда бұлттармен араласып бір ерекше иіс келе жатқандай сұп-суық қара тұмсығын желге қарсы ұмсына төседі.

* * *

Құрманғазы. Күй «Көбік шашқан».

Қасқырлар ұялаған қақпақты жартастың асты терең қуыс. Төменде ақ көбігін аспанға атып асау өзен ағып жатыр.

* * *

Күркіреп жатқан, ақ көбігін аспанға атқан асау өзеннің арғы беті дүлей орман. Зипа бойлы терек, үшкіл арша, арасында жемісі уылжыған долана мен зірік, пісігі әбден жеткен алтынсары шырғанақ, қызылкүрең итмұрын — бәрі-бәрі араласып, айқасып, арасынан адам өте алмайтындай сарыала ну орман.

Орманның ылди жағы алаңқай. Айнала дөңкиіп-дөңкиіп жатқан түйе тастар.

Орман арасынан бір топ тауешкі шыға келіп, алаңқайға шоғырланды. Әуелі жан-жағына қарап, тосырқап қалғандай болды. Адам-қасқырдан, төрт аяқты арлан қасқырдан зәрезап болған тауешкі «екі шоқып, бір қарауға» мәжбүр.

* * *

Абадан қасқыр қақпақ тастың үстінен бәрін де көрді. Көрді де құдай өзі айдап келген «олжаға» қызығып қыңсылап-қыңсылап жіберді.

Қақпақ тастың астындағы құртқа қасқыр мен жас бөлтіріктер құлақтарын тікшите қалды. Орындарынан атып-атып тұрды.

* * *

Жарапазан. Ауыл балалары.

Ораза айы. ЬІлдидағы ауыл адамдары ақшам шағында Нәпіл қойшының үйіне жиналған. Ауыл молдасы дұға оқыды. Дастарқан басында отырғандар енді әр түрлі әжік-күжік әңгімеге кіріскен. Үй иесі Нәпіл қойшы оң қолының жеңі салбырап, сол қолымен шоқша бурыл сақалын сипалап, уыстап қойып отырған. Құрдасы Қияс тиісті:

— Әй, Нәке, Абадан арланнан оң қолыңды қашан даулайсың?

Нәпіл:

— Онда Абадан арлан менен артқы оң аяғын даулайды.

Қияс:

— Оң аяғын атқаның рас па өзі?

Нәпіл:

— Рас. Жақында Үңгір тастың үстінен көрдім. Қойды қорадан шығарып, өріске беттеп бара жатқанда көрдім. Жар басында шоқиып отыр екен. Менің мылтығым жоқ екенін сезіп серейіп орнынан тұрды. Бір аяғы жоқ. Жүрегім су-у-у ете қалды. Қадалып қарады да тұрды. Мен де қарадым. Көздеріміз бір-біріне түйісті де қалды. Абадан тиіскен жоқ.

* * *

Құрманғазы. «Көбік шашқан».

Аспан тұтас түнеріп, қар аралас жаңбыр жауа бастады. Жартас астындағы өзен өрепкіп, өршеленіп кеткендей болды.

* * *

Қияс:

— Әй, Шолақ батыр, онда ол ата жауыңды ұстау оңай ғой, бір аяғы жоқ болса...

Нәпіл:

— Ұстамаймын. Атпаймын.

Қияс:

— Неге?

Нәпіл:

— Ол киелі қасқыр.

Қияс:

— Сені шолақ қылған жауың киелі ме?

Нәпіл:

— Ол маған шапқан жоқ. Үріккен аттан өзім құладым.

Қияс:

— Аттан талай құладық, еш жеріміз сынған жоқ. Жүрміз ғой, аяқ-қолымыз аман-сау.

Нәпіл:

— Жазым болса, быламыққа тіс сынады. (Дастарқан басы. Әр түрлі әжік-күжік әңгіме. Бәрі намазшам намазына тұрады.)

* * *

Жаңбыр азайып, қар қалбалақтап қалың түсе бастады. Арғы беттегі тауешкілер сұлбасы әрең көрінеді.

Ғарыш сарын.

Абадан үш аяқтап орнынан тұрып, жартасты жағалап төмен түсе бастады. Соңынан көкшулан Құртқамен серейіп-серейіп үш бөлтірік ілесті. Ақсақ Абадан өз қаншығына үміт артқандай, Құртқаға бұрылып қайта-қайта қарай берді.

* * *

Тауешкілер шоғырынан екі теке бөлініп шығып, екеуі екі жаққа шегініп кетіп, кері бұрылып, бір-біріне қарсы шапқанда, мүйіздері шақ-шұқ соғысып, арасынан от шыққандай болды.

* * *

Бөрілер өзен жағасындағы қалың шырғанақтың арасынан бұл шайқасты бақылап ұзақ тұрды.

* * *

«Көбік шашқан».

Таутекелер соғысы көпке созылды. Осы екеудің қайсысы жеңеді — сол ана үркердей шоғырланып тұрған ұрғашы ешкілердің жеке-дара қожасы болып қалады. Ұрғашыларында таңдау жоқ. Мына екеудің қайсысы жеңімпаз, соның «харамында» қалады.

Аш бөрілер толқынмен жарысып, тілдері салақтап, тажалды суға сүңги жаздап, амалы құрып, айла таппай, алқына көсіледі.

«Кісен ашқан».

Жанқияр арпалыстан соң аптығын басқан Жеңімпаз теке бір қора ешкілердің алдымен ірілерін таңдап, шетінен асыла бастады. Әлде үрей, әлде қызығу сезімдегі жас шыбыштар шолақ құйрықтарын шошаңдатып, шыжбаңдай берді. Бірақ өреше тәртібін ешқайсысы бұзбай, болар іске тәуекел деп мойын ұсынғандай.

* * *

Баяғы-баяғы бағзы замандағы зілзалада шыңнан құлап түскен зіл тастарға толқын соғып, ақ көбік аспанға атқылайды. Сол тастардың біріне кексе теке тіреліп, кептеліп қалды. Дөңкиген тастың тасасында иірім пайда болған. Есектей текені сол иірім ұршықша айналдырды.

* * *

Жеңімпаз теке аузынан сілекей ағып, алқынып-ақ қалды. «Харамды» қорашалаған күйде тастап, тарғыл-тарғыл жартастың қуысына кіріп кетіп, төбедегі қатқан қара қабыршықты қомағайлана жалай бастады. Бұл бойға қуат беретін тастың селі еді. Миллиондаған жылдардан бері беріш болып қатып қалған қара қаспақ. Мұны біреулер мумие дейді.

* * *

Судағы түйетас пен асау өзен жағасы онша алыс та емес — оншақты қадам. Абадан қасқыр үш аяқпен жүзе алмайды. Абадан мен Құртқа бір-біріне қарайды. Көз қараспен-ақ бір-бірін түсінеді. Құртқа бұлт басқан аспанға қарап, тұмсығын көтеріп, Тәңірге жалынғандай ұлып-ұлып жібереді. Өзеннің бұлқына аққан ағысына қарсы жағадан қарғып түседі. Бір сәт ақ көбікке көміліп, көрінбей кетіп, түйе тастың тұсына жете бере қайта қалқып шығып, иірімде шыр айналған текеге азуы ілінеді. Жағаға сүйреп шыға бергенде алқынған толқын Құртқаны да текені де жаңқа құрлы көрмей ағыза жөнеледі.

* * *

Тарғыл тастың қап-қара қаспағын жалап-жалап алып, Жеңімпаз теке қорашаланып тұрған ешкілерге мекірене шапқылап қайта оралды. Шыжбыңдап тұрған шыбыштарға қарай айбаттана қарғиды.

Ыңырсыған күй сарыны. «Көбік шашқан».

Ақ көбік атқан толқындардан Құртқа қасқыр мен жеңілген теке бір көрініп, бір батып кетіп, қайтадан қылаң етіп, қайта көрініп, асау ағыстың ырқынан құтыла алмай, әлі ағып кетіп барады. Жағадағы Абадан үшаяқтап, жан ұшыра қуалайды. Суға қарғып түспекке әлденеше ұмтылады. Бірақ бата алмайды. Артынан бөлтіріктер құлдыраңдап жүгіреді.

* * *

Нысапсыз Жеңімпаз теке кексе ешкілерді тояттандырып болып, жас шыбыштарға кезек-кезегімен асыла береді. Ләззатқа бөленген ешкілер пысқырынып, бір тұтам құйрықты шыжбыңдатып, табиғат орнатқан тәртіпті бұзбай, қорашаланған шеңберден шықпай, Жеңімпаз жұлқар текенің ырқына көніп тұра береді.

* * *

Асау өзен тар шатқалдан алқынып, кеңістікке шыққан соң жайықтай жайылып, жайсаң жайдары қалыпқа түседі. Аспанға атылған ақ көбік те жоқ, түйенің өзін ағызып әкететін тентек, асау мінезі де жоқ, жаяу бүлкекке түседі. Әне сол кезде Абадан суға үш аяқтап қарғып түсіп, текені алқымынан алып, жағаға қарай сүйрейді. Бөксе жағынан Құртқа итереді. Жағадағы бөлтіріктер шыдай алмай, олар да өзенге қарғып-қарғып түсіп, бәрі жабылып қаумалап жатып, құрбан болған текені жағаға алып шығады.

* * *

«Көбік шашқан». Әлсіреген cәт.

Он екі ешкіні ұрықтандырып болған Жеңімпаз бұрынғы арынынан арылып, қалжырай бастады. Әдепкі әдетіне басып, ешкілердің біреуіне асыла беріп, тәлтіректеп кетеді. Мұны сезген ешкілер шеңберден шығып, қораша тәртібін бұзып, бастарын көтеріп, қалжыраған Жеңімпазға мөлие қарасып, пысқырынып, аңырып тұрып қалады.

Жеңімпаз теке жартас астындағы үңгірге, төбеде қатқан қара қаспаққа жетуге зар болып, орта жолда сүрініп кетеді.

* * *

Күн күркіреген, найзағай жарқыл ойнаған cәт.

Жағаға жабыла сүйреп шығарған текені бөрілер қарнын жарып жіберіп ішек-қарнын, өкпе-бауырын, жылы-жұмсағын қан-жынымен аралас қомағайлана асап-асап қылғытып жатты.

Текенің ішін кеулеп болған соң бөрілер біраз тыныстап, ашқарынға түскен олжаны көтере алмай, енді жаңа түскен жұқалаң қарды қарпып-қарпып жұтып, қисайып-қисайып жата кетті.

* * *

Қар да, жел де сап тиылып, жарқырап күн көрінді. Тәңіртаудың қарлы асқар шыңдары күнге шағылысып, күміс жалатқандай жалт-жұлт етеді.

Қасқырлар сәл тыныстап алған соң, текенің қалған денесін жабыла сүйреп, өз мекендері Қақпақ тасқа жеткізуге әрекет жасады.

* * *

Әлгі бір алай-дүлей бұрқақтан кейін аспан шайдай ашылып, көгілімжай бір керемет нұрға бөленді. Тіпті ар жақтағы жақпар-жақпар, құж-құж тастардың, жаңа түскен келіншектей ақ жамылған Зипа шыршалардың бәрі-бәрі сызылып, сыңсып тұрғандай... Арғы беттен бергі бетке қарай қалықтап ұлар ұшты. Қарны кеуек текені жабыла сүйреп зорыққан қасқырлар, тау жаңғырта қақылықтаған ұларға назар да салған жоқ. Сұлап-сұлап жата кетті.

* * *

Орманы жоқ, шыршасы жоқ жалаңаш шыңдар тым-тым асқақтап кеткендей кекірейеді.

* * *

Има Сумак. «Күнге табыну гимні».

Тек асау өзен ғана бұрынғыша өрепкіп, гүрілдегенін қояр емес.

* * *

Опасыз дүние сарыны. Бәрі де өткінші.

Арғы беттегі алаңқайда ұрықтанған, махаббат сайранын тойлаған ешкілер аумин, ізім-қайым жым-жылас жоқ.

Әлгіде ғана барлығы құлдық ұрып, бастарын иіп, «ләббай, тақсыр», деп тұрған ешкілер енді Жеңімпаз текені жалғыз тастап кетіпті. Арғы бетке Ақсу-Жабағылыға асып кеткен ешкілердің соңынан ілеспек болған Жеңімпаз теке бөксесі салбырап, бір аттап, екі аттап, сілесі қатып, сілекейі шұбырып, жата кетеді. Өкпесін алға сүйрейді, тұра алмайды.

* * *

Өлесі болған Жеңімпаз текені қақпақтастың үстіне шыққан Абадан жазбай таныды. Бір тұрып, бір жығылып, кирелеңдеп қалған Жеңімпазды көріп, Абадан төменде ыйқы-жиқы құлай кеткен ұяластарына ырылдап белгі берді.

Абадан ырылдаған қаһарлы дыбысын адам тіліне аударғанда, шамада былай естіледі. Бір тойғанға мәз болып кергімеңдер. Алда қатал қыс бар. Тіске басатын тышқан табылмай ашығасыңдар әлі. Бізге қор жинау керек. Ылдидағы ауылдың малын алу қиындап кетті. Бәрі сақ кәзір. От шашатын мылтықтары бар. Малын алдырмайды. Шәуілдек иттері де көп.

— Сонда неғыл дейсің? — дегендей Құртқа қасқыр Абаданға ызғарлана қарады. Қарындары шеңбіректей болып тойған бөлтіріктер қисалаң-қисалаң етеді. Мөлшерсіз тойған да мас.

Сонда Абадан айтты:

— Әне, анау арғы бетке қараңдар. Сүйретіліп, тұра алмай жатқан текені көрдіңдер ме? Жеңімпаз теке сол!

* * *

Қанша тояттап, қарындарын көтере алмай жатса да, Құртқа мен бөлтіріктер орындарынан ұшып-ұшып тұрды.

— Текелер нысапсыз, — деді ішінен Абадан, — біз де өлмей жүрміз жалғыз қатынмен. Текелерге обал жоқ.

* * *

Құртқа сұңғыла ойлы ғой.

— Жеңімпаз теке көп қатынға ие болмағанда, біз аш қалатын едік қой. Мына байғұсты, — деп жарылып, жайрап жатқан жемтікті меңзеді. — Жеңімпаз теке суға құлатпағанда — күніміз не болар еді... — деді.

* * *

Жеңімпаз теке кеудесін сүйрегенмен бөксесі көтерілмейді. Тарғыл жартастың қуысындағы қатқан қара қаспаққа — мумиеге жетуге ынтызар. Жетсе — бөксесін көтеріп жүруге, Ақсу-Жабағылы жатқан беткейге жетуге жарап қалар еді.

Тауфихсыз жәлептер мұны жалғыз тастап кетті. Еркек сорлының пешенесіне осы үлес бұйырған. Ұрық шашады, ұрпақ қалдырады. Өз басын құрбандыққа шалады.

* * *

Ыңырсыған «Көбік шашқан».

Асау өзеннен төтесінен өте алмайды. Абадан бастап, жемтікті сүйрелеп, Қақпақтастың астына кіргізіп тастап, қасқырлар қайтадан ылдилап, өзеннің жайқуат, жайық жеріне жетіп, арғы бетке өтті. Арғы жағаға шығып, дүр-дүр сілкініп алып, өрге қарай шапшыды.

* * *

Жеңімпаз текенің үстінен қалбиған дәу қарақұс шыр айналып қалықтады да жүрді. Мол олжадан о да дәмелі. Жеңімпаз теке қимылсыз қалған сәтті күтеді. Әне, сонда тышқан аулағыш құладын құс текенің ең алдымен көзін шұқып жемекші.

* * *

Құртқа бастаған топ Жеңімпаз теке жатқан жерге жақындаған сайын ала қанат сауысқан жан ұшыра шықылықтап жағадағы қалың жыныс тоғайдың әр бұтағына шошаңдап ұшып-қонып, шыжбыңдай берді.

* * *

Абадан өрге қарай үшаяқтап жүруден қалжырап қалды. Құртқа қасқыр артына қарайлай береді. Ал, бөлтіріктер өршеленіп, едіреңдеп кетіпті. Алда тағы да молшылыққа кенелерін сезіп, тілдері салақтап, ата қасқыр мен ана қасқырдың аялдағанына шыдай алмай, қыңсылап-қыңсылап қояды.

* * *

Төбесіне аспан тиген қарлы шыңдарды мекендейтін Теңбіл барыс әлдеқалай таудың шыршалы белдеуіне түскен. «Жүргенге жөргем ілеседі» дегенді барыстар да біле ме, әйтеуір жүріп-жүріп, Ешкіқорғанның тұсына шығып, жан-жаққа шапыраш көзін тігіп еді, байбалам салып шықылықтап жүрген алақанат сауысқандарды көрді.

Сауысқан бұрын біреу еді, енді екеу болыпты.

* * *

Қызық дәурен тым қысқа болды. Жеңімпаз теке алдыңғы екі аяғымен жер тырмалап, алға кеудесін сүйрегенмен, бөксесі зіл батпан болып жылжымайды.

* * *

Теңбіл барыс аспанда баяу қалықтап, бір жерді шыр айналып жүрген Құладын құсты көрді. Алда жемтік барын сезіп, адымын ұзарта түсті.

* * *

Осы кезде ылдидан өрге қарай өршелене ұмтылған көк бөрілер де көрінді. Бөрілер жотадан түсіп келе жатқан Теңбіл барысты көздері шалып қалды. Мұндайды күтпеген қасқырлар тобы состиысып біраз тұрды.

* * *

Жоғарыда — Теңбіл барыс. Төменде — бес бөрі. Бесеу деген саны болмаса, ата қасқыр ақсақ. Үш бөлтірік — үшеуі де жас. Ішіндегі жарамдысы іліп алар қауқарлысы ана қасқыр — Құртқа. Бірақ жабылып кетсе құмырсқалардың өзі арыстанның терісін сыпырып алатын көрінеді. Кім біледі...

* * *

Ортада жардай болып, Таутеке жатыр. Кеудесі сау көкірегі тірі, бөксесі көтерілмейді. Алдынан Теңбіл барысты көріп, артында бір топ бөрілер тұрғанын сезіп, Жеңімпаз теке жан ұшыра алдыңғы екі аяғын тасқа тіреп тұрып, кеудесін көтергенмен, бөксесін сүйрей алмады. Жан даусымен бақырып барып, сұлқ түсіп, тағдырға мойын ұсынып, көзінен жас парлап, жата кетті.

* * *

Таутеке ешқайда қашпайтынына кезі жеткен Теңбіл барыс ендігі кесір-кедергі бөрілер екенін сезді. Егер мәмілеге келсе мына жатқан жардай теке бәріне де жетер еді. Бірақ Теңбіл барыс пен көк бөрілердің одақтасып, бірлесіп жүргенін ешкім көрген емес.

Осы уақытта өзеннің арғы бетіндегі Қақпақ тастың астындағы үңгірде қалған жемтікті ұялас шиебөрілер жабыла жеп жатты. Шиебөрілер өте аш еді. Бөрілердің үңгіріне әлдеқалай сандалып келіп, жемтіктің иісін сезіп, үңгірде ешкім жоқ екенін білген соң ғана шиебөрілер молшылыққа кенеліп, той тойлап жатыр еді.

* * *

Дәл осы кезде Теңбіл барыс ақырып кеп қалғанда тау теңселіп кеткендей болды. Қаһарлы дауыс жаңғырып, бүкіл шатқалды аралап кетті. Тіпті арғы бетте мол жемтікке кенеліп жатқан сумақай шиебөрілердің өзі құйрықтарын бұтына қысып, бір сәтке жым болды.

* * *

Ал, ақсақ Абадан, ана қасқыр Құртқа бастаған бөрілер Теңбіл барыспен көз арбасып, шоқиысып отырған жерлерінен атып-атып тұрды. Теңбіл барыс шиыршық атып, тағы да бір ақырып, Жеңімпаз текенің үстінен бір-ақ қарғып, қасқырлармен бетпе-бет келіп, қалш-қалш тұрып қалды.

Қасқырлар бір-бір адым кейін шегінді. Қаша жөнелген жоқ. Қасарысып, қарсы тұрып белгі берді. Тек бөлтіріктер Құртқаның бұтына тығыла берді.

Теңбіл барыс тағы да ақырғанда, бөлтіріктердің біреуі қыңсылап, анасының бауырына тығылып еді, Құртқа оны желкесінен алып, аулаққа лақтырып жіберді.

Осы сәтті пайдаланып, Теңбіл барыс Құртқаға бір-ақ шапшыды.

* * *

Құртқа тайыншадай барыстың соққысына шыдас бере алмай екі-үш домалап түсті. Ақсақ Абадан Теңбіл барыстың құйымшағынан арс етіп ала түскенде, Теңбіл шыр айналып, ақсақтың өзін сілкіп тастады. Дегенмен сан еті Абаданның аузында кетті. Теңбіл барыс шиыршық атып, сала құлаш құйрығымен сабалап, шыр айналғанда бөлтіріктердің біреуін жардан ұшырып жіберіп, асау толқынға құлатты.

* * *

Қасқырлар тобы абдырап қалды. Бөлтірігі жардан құлаған Құртқа, қанша айтқанмен Ана ғой, баласын құтқаруға ұмтыла беріп, кілт тоқтап, сауырынан қан сорғалаған Теңбілге қарай садақша атылды. Алқымынан алғанмен, кеңірдегіне жете алмады. Барыстың жүні киіздей тығыз екен; есін жиған Теңбіл шыр көбелек айналып, Құртқаны тағы да лақтырып жіберді. Абадан үш аяқтап ұмтылып көріп еді, Теңбіл құйрығымен ұрғанда, Абадан қара тұмсықтан соққы жеп құлап түсті. Теңбіл құйрығымен ұрғанда Қодастың өзі бел омыртқасы үзіліп кетіп, омақаса құлаушы еді.

* * *

Теңбіл барыстың өгіз өлтірер бұла күші енді оянғандай тау сілкіндіре тағы ақырып, Құртқаға қайта шапшығанда, қаншық қасқыр әрең дегенде бұға қалып еді, барыс оның үстінен қарғып өтті. Қаншықты құдай сақтап қалды; барыс зор салмақпен соққанда, парша-паршасы шығатын еді.

Теңбілді енді еңсере алмайтынына көздері жеткен бөрілер кенет жалт бұрылып, еңіске қарай бүлкектей жөнелді. Қос бөлтірік құйрықтарын бұттарына қысып алыпты.

Теңбіл барыс «мен жеңдім» дегендей тағы бір ақырды да, теңкиіп жатқан Таутекеге бұрылды.

* * *

Қасқырлар жайдақ судан өтіп, Қақпақтастағы өз үңгірлеріне сүмірейіп, сүлде сүйретіп жете бергенде алда тағы бір сұмдықтың күтіп тұрғанын сезді.

Алдымен үңгірдің аузынан мойындары қылқиған бір топ тазқара құс үркіп ұшты. Олар алысқа кетпей, тарғыл тастардың үстіне қонып, сұңқиып-сұңқиып, құлқын қағып отырып алды.

Құртқа мен Абадан үңгірге кіре бергенде қаракөлеңке түкпірден сумаң көздер жылт-жылт етіп, ары-бері ағып түсіп, алас ұрды.

Шиебөрілер тығыларға жер таппай жан ұшыра шыңғырып-шыңғырып жіберді.

* * *

Онсызда тұла бойын ыза кернеген Құртқа қасқыр мен Абадан шиебөрілердің быт-шытын шығарып, тулақтай қылып сыртқа сүйреп, жардан құлатқанда, осыны күткен тазқаралар енді шиебөрілерге шұқшиды.

Кейінге деп сарымайдай сақтаған текенің етін шиебөрілер сыдырып жеп, тек таңқиған қабырғалары мен омыртқаларын ғана қалдырыпты.

* * *

Ата қасқыр, Ана қасқыр қос бөлтірігімен қосылып, құр сүйекті қаужаңдап кеміре берді, кеміре берді...

* * *

Күндіз жауған қар ылдидағыдай лезде еріп кетпей, қырбықтанып жатып алды. Зипа аршалар, жатаған аршалар, шырғанақ пен долана, зірік, итмұрын, қызыл қайың, жыныс орман ақ желең жамылып, мүлгіп қалған.

Күн еңкейіп, ұясына қонуға бет алғанда аспан астын, тау шыңдарын қызғылтым, көгілімжай торғынға бөлеп, қан жосалы Ешкіқорған шатқалын қара көлеңкелеп, қым-қуыт арпалыс дүниесін қимай батып бара жатты.

Бергі беттегі шырғанаққа тойған ұлар құс қақылықтап ұшып, арғы бетке өтті. Күндізгі қиян-кескі қақтығысқа куә болған қыран-бүркіт әлі қалықтап жүр.

* * *

Қырбық қар күн шыға бере күрдек жусан басынан ың-жыңсыз жерге түсіп еріп кетіп жатты. Қоңыр күз бойы тамшы көрмей шаң татып қураған жусан күн көзімен бусанып, балбырап жібіп қалған.

Шолақ шопан тас қорадан айдап шыққан қойлар жерден бас алмай, қызыл изен арасына кіріп кетіп, тырп етпей тыныш жайылды.

Күрдек изенді күрт-күрт шайнап тұрған ауыздықсыз күрең ат кенет басын көтеріп алып, қамыс құлағын тікшитіп, кереге тас жаққа тесіле қарады.

* * *

«Күнге гимн». Има Сумак. Шырқау биік сарын.

Басы төсіне салбырап отырған Шолақ шопан ұйқыдан оянғандай селк етті. Кереге тастың басына қарады. Өз көзін тырналап қайта қарады.

Кереге тастың басына ғайыптан орасан зор керіскедей ескерткіш орнап қалғандай. «Елес пе?!» — деп көзін жалғыз қолымен тағы сүртті.

Аппақ алып қасқыр алдыңғы аяқтарын көсіліп жіберіп, арыстай болып жатыр. Аумаған Мысыр сфинксі сияқты.

Кенет тас мүсін тіл қатты.

— Амансың ба, Шолақ?! Біз көріспегелі талай заман болды.

Шолақ шопан атын тебініп, тұра қашпақ болып еді, торы ат кісінеп-кісінеп артқы аяқтарын талтайтып сиіп-сиіп жіберді. Бірақ орнынан қозғала алмай, сілейді де қалды.

Аппақ мүсін тағы да тіл қатты:

— Қорықпа, Шолақ бауыр! Мен саған тиіспеймін. Мен Көк бөрімін. Сенің пірің боламын. Баяғы-баяғы жаугершілік заманда сен жұртта қалған жап-жалаңаш нәресте едің. Сені мен асырап алғанмын. Сен Ана бөрінің, қасиетті Құртқаның емшегін еміп, ер жеткенсің. Ұмыттың ба?

* * *

Дәулеткерей.«Көроғлы».

Ұмыттың, тауфихсыз! Жер беті мыңғырған қызыл киік, ақбөкен болар еді. Біз, Бөрі тұқымы сол жабайы аңдардың ақсақ-тоқсақ, ауруын азық етіп, дүниені ластан, ауру-сырқаудан тазартып жүрген дәруіштер едік. Сендер, тауфихсыз, тарих танымас қосаяқтылар киік тұқымын қырып біттіңдер! Көкбөрілер қалдығы адамдардың асыранды малына амалсыздан, лажы жоқтықтан тиіседі. Соны түсінбей өз Піріңді өзің жау көрдің.

— Абайла, Шолақ! Сені асырап адам еткен көк бөрінің құдіретті Пірі ұрып кетпесін. Жер бетінен Көк бөрі тұқымы үзілсе, сен, Адам, тап-тақыр жетім қаласың...

Има Сумак. «Күнге табыну гимні».

Шолақ шопан Кереге тастың басына қарап еді — жым-жылас. Арыстай аппақ арланның орнынан еріген қардың буы бұрқырайды.

— Сірә, мені бірдеңе шалықтаған шығар, — деп Шолақ шопан торы атты қос өкпеден тепкілеп, домбаздай салған мұржасынан түтіні будақтаған үйіне қарай шаба жөнелді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама