Тектінің кегі
Лашықтың есігін серпи ашып кіре бергені сол еді, «шаңқ-шаңқ» еткен бүркіт дауысы миын солқ еткізіп, төбе құйқасын шымырлатып қоя берді. Көк желкеден біреу қойып қалғандай еңкейе беріп, қолындағы қозының сан етін кіреберістегі жалпақ тақтайға тастай салып, сәл тұрып қалды. Екі шекесі дың-дың етіп, құлағы шыңылдап кетті. «Япырай, қоймады ғой, бұл тегі! Дәл мынаған белгі бергендей шаңқылдауын қарашы!» Осы сәтте арбайған арша бұтағында отырған балапан да шошып оянғандай селт ете басын көтеріп, шүңгіл қабақтың астындағы қаншегір көзі жасылдана ұшқын атып, дүр-дүр сілкініп жіберді. Қанат-құйрығын ашып-жауып, кеудесін керіп-созып, көкжасыл жүндері тікірейіп, тәкаппарлана кегжие қалды. Өмірәлі күнде таңертең балапанды қолына алып қанатын сипап, еркелетіп отырып тамақтандыратын. Сол әдетімен оған жақындай бергенде, күндегідей емес қабағы түнере ызғарлана қарайды. Басын кегжите қанды көзі өңменінен өте зілденіп алған. Шомбал тырнақтарымен аршаны сығымдай шеңгелдеп, әлденеге ызалы кескін танытады. «Ә, ә, енеңнің даусын естіп мияттана қалдың ба?» Өмірәлі қолын созып сипамақ болып еді, аузын арандай ашып «алып тастайын ба» дегендей қораздана айбат шекті балапан. Шегір көзі от шаша шапыраштанып кеткен. «Қарайгөр-ей, мынаны! Қырсығуын қарашы! Әлден бүйтесің, тұрабара қайтпексің! Жә, жә! Ашуыңды бас, батырекесі!» деп келіп Өмірәлі темірқанат балапанды қолына алып сипай бастады.
Әдетте бұл кіргенде қуанғандай қозғалақтап, ұшып кетердей қанаттарын сабалап, ашқарақтана жемге ұмтылатын. Енді көрдің бе енесінің шаңқылын естіп, қияңқылана қалғанын. Ары-бері сипалап ашуын басқандай болғаннан кейін жаңағы қозының сан етін білеулей кесіп әкеліп алдына қойды. Етті біртүрлі қомағайланып, ызаланғандай сілкіп-сілкіп қойып отырып жұта бастады. Құнжыңдамай кегжиген күйі керіле тартып, жұлқи сілкініп, паң қимыл танытады. Өмірәлі текті тентектің еркіне ыңғайланып байқастап қарап отырды. Ол да мұны біліп отырғандай шүңгіл көзі жасылдана жалт етіп, кектене қарайды. Бір сәт мойын жүндері тікірейіп, етті салқ-сұлқ еткізіп қылғытып жіберіп, басын сілкіп қалып, шекелеп көз тастап өтеді. Бұндайда Өмірәлі көзін тайдырып, орнынан қозғалып кеткенін өзі де байқамай қалады. «Қарашы, ызаланып отыр». Бұжыр-бұжыр тырнақты саусақтары түйіліп-түйіліп кетеді. Әлден ештеңеден ықпай, күш көрсетпек. Кешегі сарыжағал, ақ түбіт балапан көрер көзге қанаттары бой тартып, есейе түскен. Күн сайын түлеп, түбіттен арылып, қауырсындары көкжаңқалана қатайып, тұрпаты мелжемденіп, күннен күнге қияңқы-қыңыр тегін әйгілеп келеді. Қолға алған оншақты күннен бері де мүлде түрленіп кетті.
Кеудесі бүлк-бүлк етіп сәл отырған балапан қайта етке еңкейіп, іліп ала бергенде: тағы да бүркіттің шаңқылы естілді. Басын сілкіп, балапан етті лақтырып жіберді. Кеудесін кере, қанатын қомдап-қомдап алып, басын кегжите Өмірәліге үдірейе суық қарап отырып қалды. Мойын жүні күдірейіп, алқымы дір-дір етеді. Жаңа ғана қолынан ет жеп отырған адамға сәттің арасында жат бола қалған. «Қап! Мынаны-ай, ә! Ет жеп біткенше де қоя тұрмады-ау, ең болмаса!» Өмірәлі не істерін білмей абдырап тұрғанда, «Құдайым-ай! Құдайым-ай!» деп бажылдаған әйелінің дауысын естіп, «Мынаған не көрінді тағы» деп дауыстай далаға атып шықты.
— Не боп қалды, ей?!
— Көрмей тұрсың ба, не боп қалғанын! – Күлшара жұлқына сөйлеп, қолын шошаң еткізіп аспанды нұсқады, – Бүгін тағы айналдырып жүр, ана құзғын! «Не боп қалды?» дейсің? Даусын естімедің бе?! Үйдің үстін тура екі айналып өтті.
Бұл кезде қыран басын бұлт шалған жартастың орта тұсында қалықтай айналып жүрген.
— Құдай сақтаған екен! Саған түспепті ғой, қайта! – Өмірәлі жартасқа қарата дүрбі салды.
— Ойбай, маған түссе жетісерсің! Сөзінің түрін қарашы! – Күлшара не дерін білмей, сәл тосылып қалып, – Көшіп кетпесек болмайды бұл жерден. Көрдің бе маза бермейді бұл, – деді.
— Көшкенде қайда барасың?! Құдай сақтасын, неғылар дейсің! Бара-бара басылар, – деп Өмірәлі әйелін тыныштандыру үшін әдейі жайбарақат сөйлегенмен өзі де іштей қобалжулы еді.
...Жарқұлаққа бет алғанда Өмірәлінің қуанышында шек болған жоқ. Әкесі марқұмның айта беретін атақонысын көру, шынында армандай боп жүрген. Әсіресе, осы бүркіт ұясы бар жартастан балапан алып, әке аманатын бір орындасам деп ойлайтын.
Маусымның соңын ала көшіп келді мұнда. Жайлау, несін айтасың, жап-жасыл боп балбырап тұр екен. Бұрын алыстан көріп табынып жүрген Хантәңірі қол созым жерде көк тірей асқақтайды. Сай-сала, қойнау-қолат көкорай шалғынға бөгіп, етекте көбелектер көлбеңдеп ұшып, шегіртке шырылдап, ара-сона гуілдеп, шілденің шіліңгірі сезілсе, мұз құрсанған тау шыңдарына қарасаң қыс ызғары хабар беретіндей. Бәрі тосын, бәрі өзгеше қызық көрінді Өмірәліге. Жүкті тура осы Дөңаршаның үстіне түсірген. Дөңарша десе – дөңарша. Екі қапталын қалың арша көмкерген, шөккен нардай боп аңғарда көлденең жатқан биік дөң. Әдейі жасағандай жүк түсірген үсті теп-тегіс ашық алаңқай. Қарсы бет – қарасаң бөркің түсетін жалама жартас. Осы жартас пен Дөңаршаның тасты тұмсығынан Байынқол өзені қысыла ағып, көбігін аспанға ата буырқанып жатады екен. Сонда-ақ осы жалама жартастағы бүркіт ұясын, әкесінің айтуынша жобалап, ертелі-кеш дүрбі салып, бақылап көріп, құс саңғырығымен айғыздалған қара жартастың қуысындағы ұяны дәл тауып көзі жеткен. Енді ол ұядан балапан алуға құмбыл кірісті. Көшірісіп келген жігіттерді жібермей, тезінен әрекетке көшкен. Төбесінен арқан байлап ұяға түспек. Бұның бәрі түк емес екен. Ұяға түсіп, балапанды алардағы жаны мұрнының ұшына келген сәтті айтсаңшы! Ойына түссе, қазірде денесі түршігіп, зәресі ұшады...
Өмірәлі тағы да жартасқа көз салды. Әлгі қыран айнала-айнала биіктеп кеткен. Ұя маңынан ештеңе байқалмайды. «Не деген кекшіл!» Өмірәлі көзінен дүрбіні ала беріп басын шайқады.
Бұған дейін бүркіт ұясынан бір рет балапан алған Өмірәлі. Онда Шұбарталдың басын жайлады. Мұндай зәулім шың-құздар жоқ ол жақта. Қалың, ну қарағайлы терең шатқалдың басындағы тік жартаста болатын ұя. Мұндай аса қауіпті болған жоқ. Қарсы беттен әкесі былай-былай деп бағыт беріп тұрған. Бүркіттің өзін, тіпті көрген де жоқ. Сонда ғой, әкесі марқұм осы Хантәңірінің түбіндегі бүркіт ұясын еске алып, рахаттана бір әңгімелегені. «Қанша дегенмен сондай ұлы таудың қыранына құс жетпейді» деп отыратын. Шындығында, мынаның мінезі өзгеше болар...
...Кендір арқанды белден қосқабаттап орай келіп, қолтырмаштай байланып, тері шалбар мен тері кеудеше киіп, сыптығарланып алған Өмірәліні үш жігіт ұя басындағы жеті-сегіз метр биіктіктегі иекартпадан саумалап түсіріп тұрды. Мойнында жүн толтырған атдорба, белінде шырайналмас үшін бекітілген ұзын сырық, қолында таяқ. Ата-бабасының әруағына сиынып, жартасты сипалай сырғып түсіп келеді. Кенет қайдан сап ете түскенін, қанатынан дауыл соқтырып, бүркіттің жеткені. Өмірәліде зәре-иман қалмады. Бүркіт айнала ұшып, қанатымен сабап өте шыққанда, есі шығып қалтырап көзін жұма берген. Жоғарыдағы жігіттердің дауыстары естіледі: «Қорықпа! Қорықпа! Жеттің ұяға! Таяғыңды тастама!» дейді дуылдаса. Қарсыдағы Дөңарша үстіндегілер де айқайлайды. Тымақ киіп бауын байланып алған бұл бірін естісе, бірін естімейді, әлгілердің. Олардың дауыстары дем беріп, өзіне-өзі келгендей болды. Таяғын оңтайлап ұстап қайта сырғыды. Бүріп түсердей шүйілген бүркіт тағы да жанай беріп, қайқаң етіп қайта көтеріліп кетті. Алғашқыдай емес, ес тоқтатқан Өмірәлі таяғын жасқап, жанталаса қарманып қалады.
Ұяда жалғыз-ақ балапан екен. Тықырды сезіп, жем әкелген енесі дей ме екен бақырдай басын көтере жанталаса аузын ашады. Ойлағанындай-ақ темір қанаттанып ұшуға жақын қалғандай. Шүңірек көздері от шаша қарайды. Ойлануға уақыт жоқ. Өмірәлі балапанды қолғапты қолымен бассалып, кенеппен жаба ұстап дорбаға сүңгітті. Жан-жағын жүнмен орап-орап жіберіп аузын байлап үлгерді. Балапан болса да тегеуіріні темірдей сезіледі. Тырнақтары, тіпті қолғаптан білініп те қалды. Өмірәлі жанұшыра жоғарыға «тарт» деп айқай салды. Бауыр еті баласына кім ара түспейді. Оның үстіне жар дегенде жалқы балапаны жат қолында кетіп бара жатса шықпаған жан қайда?! Бүркіт қайта шүйілді. Өмірәлі таяғын сілтей теңселіп кетті. Бұл жолы құс мүлде жақыннан қанатын сабалап, түңліктей болып төніп келіп, желке тұсынан теуіп өткендей болды. Көзін жұмып алған Өмірәлі ешнәрсені бағамдай алмады. Қаумалаған жігіттер жабыла тартып шығарып келе жатты. «Шаңқ, шаңқ» еткен қыран бұлардың басынан бір айналып өтіп, биіктей берді.
— Япырай, мынау бір пәле ғой!
— Құдай бір сақтады, ә?
— Сен тұрмақ, біздің өзімізде жан қалмады. Амансыз ба, әйтеуір? Қатты шүйлікті ғой, тіпті! – десіп жігіттер Өмірәліге сұрақты жаудыра көтеріп алды.
— Ой, құдай бір сақтады-ау! – дейді Өмірәлі де ентіге әзер сөйлеп, – Жан қалды ма, қалмады ма?! Екпінінің қаттысын-ай! Тура көкжелкемді үзе жаздады. Өзі де ірі неме екен!..
Жалғыз балапанынан айырылған жанкешті бүркіт мұнымен де тыныштала қойған жоқ. Күн ауа шопан үйін торуылдай бастады. Төбеден айналып кетпей қойды. Ал, Өмірәлілер болса, «алар балапанды алдық қой, енді неғылар дейсің, өстіп-өстіп, күдер үзіп қояр» деп мәре-сәре. Жаңа жұртты майлау, жас қыранды «жуу» деген сияқты сылтаулармен Өмірәлі бір қозысын сойып, ертең ауылға қайтатын жігіттерге сірне жасап бермек болып қарбаласып кетті.
Балапанды жеке лашыққа, өз ұясына ұқсастырып, қонақтап отыратын орынға аяғынан байлап отырғызып қойды. Тағы неме қайдан кеп, қайдан тұрғанын білмей, бостандық тілеп, бұлқынып-бұлқынып қояды.
«Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналыпты» деп, кіші бесін кезінде, үйдегілер сірнеге бас қойғанда, төбеде айналып жүрген қыран да үй маңындағы тыныштықты пайдаланып, көзіне қан тола «тәуекелге» басты дейсің. Сорғалап келіп, қараша үйді бүйірлей соғып өтіп, одан қол созым жердегі шатырша лашықты қанатымен сабалап өте шықты.
Үй ішіндегілер төбелерінен жай түскендей апалаң-топалаң болды да қалды. Әуелде аяқ астынан құйын соғып өтті ме деп ойлаған. Алдымен далаға ұмтылған Күлшараның: «Ойбууй, мына пәле екен ғой. Құдай-ай!... Құдай-ай!» деген даусы бұзыла шаң-шұң етіп қалды. Жігіттер де апыл-ғұпыл сыртқа атып-атып шықты.
— Не болды?! Не болды?! – десіп, аң-таң.
— Көрмей тұрсыңдар ма?! Ананы қарасаңдаршы! – деп жартас жақты нұсқады. Бұл кезде бүркіт түңліктей қалқып ұялы жартасты айналып, биіктеп бара жатқан.
— Не нәрсе? Кәнеки? Бүркіт пе?!
— Үйді соғып өткен сол ма сонда?!
— Япырай, мынау сұмдық қой!
— Ой, жауыз-ай! Кекшілін қарашы! – десіп елеңдескен жігіттер бірінен кейін бірі дүрбі салып жатыр. Соның арасынша қисайып құлап қалған лашықты жаңа көрген Өмірәлі:
— Өй, мынау өлді ғой, ей! Құлатып кетіпті ғой! – деп тұра жүгіріп барып шатыр-кенепті серпіп-серпіп жіберіп, арбаң-сарбаң бұтақтың арасынан балапанды тауып, – Иә, құдай! Байқұсым-ай, аман екенсің ғой! – деп, жібіне оралып, арша бұтақтарының арасында тыпырлап жатқан балапанды қолына алды. Ызалы құс сілкініп-сілкініп жіберіп, тегеурінді аяқтарының тырнақтарын біресе түйіп, біресе ашып, қолдан шығып кетердей бұлқынады кеп.
— Өй, мынаны көрмеппіз ғой. Тірі ме екен ей?! Қайта іліп алып кетпепті ғой. Құры құлатып өте шығыпты! – десе бір жігіт, екіншісі:
— Дәл осының ішінде екенін білмеген ғой. Әйтпесе қоя ма?! – дейді таңдана.
— Ой, бұл жаман лашық қанатының желімен-ақ құлап қалған шығар. Бұл емес тура үйдің шаңырағын ортасына түсіре жаздады, уықтарды сықырлатып, – дейді Өмірәлі асып-сасып есі шыға.
— Он шақты күн болды қоятын түрі жоқ қой мұның. Бір пәле болмаса игі еді? Әлгі балалар қайда жүр екен! – деп түсі қашқан Күлшара қойға кеткен балаларын ойлап, өріс жаққа қадала қарады.
— Шындығында мынаның түрі жаман. Бір күні жазым ғып кетуден тайынбайды ғой. Үйге түскенін қара!
— Талай бүркітті көріп едім, мұндай сұмдықты естімеппін?! Екпіні недеген?!.. – дескен жігіттер ойпы-тойпы ой кешіп, біраз тұрып қалып еді.
Қас қылғандай, сол күні кешке қарай күн бұлттанып, сатыр-гүтір найзағай ойнап, нөсер жаңбыр құйып кеп берді. Бара-бара баяулап, сылбыраған ақ жауынға айналып тұрып алды. Тау-тасты тұман тұмшалады. Қарыс жер көрінбейді. Жер-көктің бәрі су. Түнімен жауған жаңбыр ертесіне де басылмады. Соқыр тұманның да ыдырайтын түрі жоқ. Тек гүрілдеген өзен сарыны ғана дүниені бірқалыпты тербеп тұрғандай. Осы бірқалыптылықты ара-тұра бүркіттің «шаңқ, шаңқ» еткен дауысы бөліп кетеді. Оны естігенде жалғыз үйлі шопан үй-іші елеңдесіп үрейлене қалады. Мұндайда өзен дабысы да құбыла өзгеріп, біресе арқырай азынап естілсе, біресе мұң-зарға толы ұлы сарынмен күңірене гүрілдейді. Оған неше күн сорғалаған жаңбыр суы жік-жігін қуалаған кәрі жартастың оптырыла құлап салдыр-гүлдір шатқалға түсіп жатқаны қосылып, түнімен ұйқы көрмеді.
* * *
Тас төбеден айналып кетпей қойған тағы құс, ақыры, Дөңаршадан қоныс аударуға мәжбүр етті Өмірәліні. Аңғарды жоғарылап келіп, күнбатысқа қарай созылған Қарасайды өрлеп барып, асуға жақын ойдым-ойдым көк тепсеңге көшіп қонды. Төменгі аңғардай емес біртүрлі жайбарақат тыныштық сезіледі. Әсіресе, тура үйдің іргесінен күні-түні өкіре гүрілдеп, ажылдап-бажылдап құлақ-мыйды жеп қойған өзен дабысы сап тиылып, төңірек тыным алып қалғандай. Айнала ақпақорым айғыздаған саркүйікті беткейлер. Тура қарсыдағы алып қарашоқының иығынан күмістей жарқырап Хантәңірінің найза ұшы қылтияды.
Қарасайдың басы екі-үш айрық сай-жыраларға айналып, бара-бара ары қарай еңкейіс боп кететін сияқты. Ал Хантәңірінің батыс түстігі бір қарайғансыз ұшы-қиыры жоқ мұзтауларға ұласып кете береді екен. Жаймашуақ күндері күн көзімен мәңгі мұздақтар көз қарықтырардай жалтырайды. Өмірәлі дәл бұлай деп ойламаған, бұл таулар қайда барып тіреледі екен деп таңқалады.
Қайта-қайта дүрбі салып қарайды. Бір-бірінен айырғысыз мұз шоқылар баяғы. Баяу жылжытып әкеп дүрбісін Хантәңіріге тіреді. Сәл көз тоқтатып тұрып, денесін аяз қарығандай тітіркеніп кеткені. Шыңның ортанбелінен ораған буалдыр тұман баяу қозғалып ары айналып кетіп жатыр. Жылжыған сайын қар ұшқындап, ызғар сезілетіндей. Міне, қызық! Енді найза шыңның ұшар басынан шудалана тұман көрініп қалды. Будақтаған түтіндей сәл көтерілген тұман біртіндеп қайта басылып, жайыла келіп жоқ болып кетті. Өмірәлі дүрбісін сырғытып бергі қарашоқыға әкеп тіреді. Мұнда жаймашуақ, жаз лебі сезіледі. Сөйтіп отырғанда Өмірәлі «оһ» деп қалып селк ете түсті. Арғы кең аңғардан көлбең етіп бері айналған бүркіт көрініп қалып еді: «Япырай, мынау сол ғой, тағы келді-ау!» деп күбірледі Өмірәлі, дүрбісін оған ілестіре қадалып. Бүркіт қарашоқының бауырын айнала ұшып биіктей берді.
Біртүрлі қанат қағуы суыт.
Қарасайға көшіп келгелі бір жұма болды. Әуелгі екі күн қыранның қарасы көрінген жоқ. Құдай құтқарса құтылған шығармыз деп ойлаған. Жоқ. Әлі құтылмаған екен. Келесі күні сәскелікте Қарасайдың аңғарын бойлай қанатын қаға суыт келе жатқан қара құсты әуелде көп құмайдың бірі ме деп қалған. Себебі, бүркіт бүйтіп төмендеп ұшпаса керек еді. Сөйтсе әлгінің тап өзі екен. Көз үйреніп қалған тани кетті. Бұлар қайда кетті дегендей, әдейі жерге жақын ұшып, іздеп шыққан сияқты. Үйдің тұсына келгенде сәл баяулап барып, «е, мұнда екенсіңдер ғой, таптым ба, бәлем» дегендей үйдің үстінен екі айналып өтіп, кілт бұрылып қалқи жөнелген. Содан кейін-ақ, күніне екі рет айналып, шолып қайтады. Алғаш «Мынау тағы келді-ау! Енді не істер екен! Пәле болмаса игі еді» деп кәдімгідей қауіп ойлап еді, енді бойлары үйренгендей. Кеше ғой, тіпті көрінген жоқ. «Өсти-өсти күдер үзер» – деп ойлаған Өмірәлі. Енді көрмейсің бе, айтып ауыз жиғанша...
Бүркіт биіктей-биіктей қарсыдағы қарашоқының басына көтерілді. Бір жерді шиырлағандай баяу қалқып жүріп алды. Өмірәлі ауық-ауық дүрбі салып қойып отырды.
Күн ашық, жайлау оңаша болғанмен отарымен өріске Өмірәлінің өзі шығып жүр. «Айдай салдан аз өлді, көре салдан көп өлді» дегендей, жер от, тояттаған мал түскі жусауда-ақ үйелеп қалуы мүмкін. Сондықтан биікке шығып алып, бұл да бәрін қалт жібермей қадағалап отырады.
* * *
Түнімен жауған жаңбыр сәскеде біруақ басылып, қарыс жерді көрсетпей басып алған соқыр тұман енді ыдырай бастаған. Тозған туырлықтың жыртығындай болып ашылған жерінен аңғал-саңғал тау арасы, сұсты жартастар көрініп қалады.
Шелегін қолына ала жүгіре басып суға келген Күлшара қалың шілік арасындағы сылдыраған көздей бұлаққа еңкейе бергенде, алдынан көлбең етіп бірнәрсе өткендей болды. Басын көтеріп, назар салғанда анадай жерде бұған үңіле қарап тұрған көк итті көріп: «Кет-ей!» дей беріп, қасқыр екені ойына түсіп, «ойба-ай!» деп бақырып жіберді. Қолынан шелегі түсіп кетті. Анау ақырын бұрылып, тастың арасымен тұманға еніп, көрінбей кетті. Тұлабойы дір-дір еткен Күлшара өзіне-өзі келе алмай сәл тұрып қалды. Сәттен кейін үйге қарай жүгірді. Бұл келгенде есік алдында таңертең қой өргізіп кеткен Өмірәлі аттан түсіп жатқан.
— Ойбұй, сен үйге кепсің! Менің не көргенімді айтсаңшы! – деді түсі қашқан Күлшара.
— Иә, не көрдің?..
— Ойбай, әлгі жаманауыз!.. Әлгі... әлгі... ит...
— Өй, жөндеп айтсаңшы! Әлгі, әлгі демей. Немене, ит дейсің бе?!
— Жоқ, ит емес. Әлгі ненің өзі... әлгі...
— Мынау не деп тұр-ей! Жын ұрып кеткен бе? Әлгің не? Аты бар ма?!
— Аты бар, құдай! Әлгі не ғой... Қас... Ит...
— Мынаның дені сау ма, ей?! – Өмірәлі ашуланып кетті, – Өй, жөндеп айтшы-ей, атаңның аты болса да...
— Өй, құдай-ай! Жаманауыз ғой! Итқұс! Итқұс! Ал, ендеше!...
— Қайда жүр?! Оны неғып енді «әлгі, әлгі» деп тұрсың!
— Тап осы іргеден. Ана бұлақтың басынан. Су алуға барғам, сонда көрдім!..
— Мынау не дейді-ей?! Қайда кетті сонда?
— Ары қарай бұрылып кетті, жоғары қарай... Ит екен деп қалдым.
— Ой, қара бассын сені, қара басқыр! Осы күнге дейін ит пен қасқырды ажырата алмайсың ба?! – Өмірәлі күйіп кетіп қайта атына жүгірді. – Япырай, мынау не деп тұр-ей! Біресе ит... Біресе қасқыр деп...
— Шын! Шын соның өзі! – деді Күлшара нығарлап.
— Енді неғып тұрсың? Әкел! Алып шық ана мылтықты, шын болса! Қыратын болды ғой, енді мына тұманда! – Өмірәлі сөйлей жүріп атына мінді. – Бүркіттің шабуылынан құтылдық па дегенде, мынау, шын болса, нағыз пәле енді болатын болды. Әй, әкеңнің аузын...
Атын қамшылай тебініп, тұманмен араласып көрінбей кетті Өмірәлі.
Содан шабуылдап отарын аралап, өрісті шолып, жаманатты ешнәрсе байқай алмайды. Қой жайып жүрген баласы да ондай ештеңе көрмеген, білмеген. Аң-таң қалды. «Япырай, бұл не бұл! Жын ба, елес па?! «Қорыққанға қос көрінер» деп тұманда көзіне бірдеңе елестеді ме!» Үйіне келіп әйелінен қайталап сұрады. Ол тегі, «көзіммен көрдім ғой» деп шыр-пыр болады. Тіпті, бұлақ басына барып, «міне, былай, былай, тура мына жерде» деп тұрып көрсетеді. Бірақ қасекеңнің өзі тұрмақ ізі байқалмайды. Әлде жағы қарысқан қасқыр болды ма екен?! Әйтеуір, жұмбақ. Сол күні не ит үрмеген.
Содан көп кешікпей, жаймашуақ бір күні бұл жұмбақтың да сыры ашылды. Күн еңкейіп, сай-салаға көлеңке ұялай бастаған кез еді. Қарасайдың күнбатыс жағындағы шілік, арша аралас өскен жырамен өрлеп бара жатқан қасекеңді Өмірәлі де өз көзімен көрді. Отардың шеті, тіпті оған жақын жатқан. Ол қойға мүлде көңіл аударатын емес. Өзімен өзі. Мынау қызық екен деп ойлаған шопан қозғалмай отырып дүрбі салып, бақылауға кірісті...
Япырай, тіпті жайбарақат өзі. Еш нәрседен секем алмайды. Күмпиген семіз неме ғой. Нағыз көкжалдың өзі емес пе екен. Қайда барады сонда бұл?! Тоқта, тоқта. Әнеки, жан-жағына қарап сәл тұрды да, шоқиып отырды. Не ойы бар бұның! Өмірәлі тас-тастың арасымен қой қайырған болып, әлгіге жақындаңқырап барды. Байқатпай қайта дүрбі салды. Бауыры ағарып қасқыр әлі отыр. Қаперсіз тіпті. Әлден уақыттан кейін орнынан тұрып қайта жүрді.
Қарасайдың күнбатыс түкпіріндегі үйілген түйеқорымның етегін ала айналасын майда бұталар, тырбық аршалар басқан кішкене төбешік бар еді. Қасқыр соған жақындап келеді. Сол кезде әлгі бұталар арасынан суыр ма сондай бірдеңелер ары-бері жүгіргендей болды. Е, е, суыр аңдыған қасқыр болды анау. Әнеки, қасқыр төбешікке қарай бұрылды. Ал, әлгі суырлар қашатын емес, қайта алғашқы екеуіне тағы екеуі қосылып, бір топ болып, ана қасқырды қарсы алып тұрғандай. Әнеки, әуелі құлдыраңдап тура жүгірісті. Өмірәлі дүрбісін көзіне нығарлап қадала қарады. «О, о, құдай атсын, – деп күбірледі Өмірәлі әлден уақыттан кейін дүрбіні көзінен ала беріп, – Мыналар күшіктер, бөлтіріктер екен ғой. Мен бұларды суыр екен деп отырмын. Бәсе, бәсе. Неге қашпайды деймін. Імм, енді түсінікті болды». Дүрбіні көзіне қайта тақады. Ойпырай, арсалаңдап ойнауын қара. Жан-жағына шығып, енелерінің басына қарғиды, тіпті. «Е, е, сонымен ақшуланымыз қаншық болды. Неғып момақан бола қалды демейміз бе. Қайтсін енді, мына «шиеттей бала-шағаны» аман сақтап өсірудің қамы ғой мұның жүрісі. Әйтпесе «ата кәсібінен» жаңылып қалды дейсің бе?!».
Шаршап келген болу керек, ақшулан келе алқымын жерге төсеп жата кетті. Бөлтіріктері айналасында. Бір уақытта орнынан тұрып, керілгендей болып барып мойнын соза бірдеңе істеді. Сол-ақ екен бөлтіріктері үймелеп кеп берді дейсің. Таласа-тармаса бірнәрсе жеп жатқандай. Не болды екен бұл? Не әкеп бере қойды сонда! Ой, құдай атқыр, құсып жатыр ғой мынау. Күшіктерінің жас кезінде осылай жегенін құсып береді дейтін. Иә, иә. Дәл солай болды. Бөлтіріктерін бір қарық қылды. Бәсе, күмпиіп әрең келе жатқан сияқты еді. Ыңқиып алған екен ғой... Ой, пәлекет-ай! Өстиді деп естіген иә!
Өмірәлі сонымен «жұмбақ көршісінің» сырына әбден қанық болды. Әйелінің әнеугүнгі елес-түс сияқты әңгімесіне сенер-сенбесін білмей жүр еді, енді көзі жетті. Үйіне келіп, «Көргенің рас болды, бәйбіше, – деді, – мен де көрдім. Бірақ, бізге зияны жоқ сияқты. Өз әуресі өзінде екен» деп, осы төңіректе апан-іні, бөлтіріктері бар екенін айтқан. Баласы мен әйелінің көздері бақырайып: «Енді қайтеміз» деп делбірегеніне басу айтып: «Қанша жауыз болғанмен, бұл да текті хайуан. Бөлтіріктері аяқтанып, өзіне өзі келіп, өз тамақтарын өздері табатын халге келгенше қойға тиіспейді. Келгелі міне, тыныш қой. Біз де тиіспейміз оған. Сендер де көргенде айқайлап, шошытып жүрмеңдер. Байқамаған, көрмеген болу керек. Құрсын, тыныштық жақсы» деген.
Осылай Өмірәлі қойын бағып, ақшулан қасқыр бөлтіріктерін асырап, бір-біріне «сен тимесең – мен тимен» деп күндер өтіп жатты. Күнде болмаса да күнара қасқырды көріп тұрады. Ертелі-кеш дүрбі салып бақылайды. Ақшулан қасқыр таңертең кетеді де күн бата қайтып оралады. Бос келмейді, әрине. Бөлтіріктеріне азығын ала келеді. Бірде қозы, бірде лақ, бірде суыр дегендей бітеу күйінде мойнына қайыра салып, аяңдап келе жатады. Еш қауіп-қатерсіз. Қойлы ауылға әбден үйренген. Кейде тіпті, қалай-қалай емес дегендей шопан үйіне жақындап, жанай, ықтай өтетін болды. Кім біледі, жолда біреу-міреу кездесіп қалып шабуыл жасаса, араша түсе ме деген дәме. Бәрі «бала-шағаның» қамы. Тіпті, соңғы кездері иттер де үрмейтін болған.
Бір күні қой шетінде Өмірәлі баласы екеуі кезек-кезек дүрбі салып отырған.
— Ой, көке! Ананы қара! – деді бір кезде баласы оқыс дауыстап. – Қасқыр! Қасқыр қой сүйреп келеді! – тіктеліп отырып, дүрбіні қадалта қарады.
— Кәне! Бере тұршы! Не дейді! – Өмірәлі де тізерлей беріп, дүрбіге қолын созды.
— Мә, тура қараңызшы! – Дүрбіні ұсына берді, – Жалпақ қорымның астында. Тістеп алып сүйретіп келеді.
— Рас, ей! Сүйретіп келеді, – деді Өмірәлі дүрбіні көзінен алмаған күйі. – Өй, жауыз-ай! Қайдан әкеле жатыр екен, ә?! Үлкен кепе қозы ғой, өзі...
— Біздікі емес пе, көке?!
— Шындығында мынау... Құдай атқыр! Біз тиіспегенге басынып жүрмесін, әуелі. Жақын маңда басқа қойшы жоқ қой! – Өмірәлі күдіктене бастады.
— Бүгін ол жаққа қой жайылған жоқ еді... – деді баласы кібіртіктей.
— Кім біледі! Бұл итке сенім бар ма? – Өмірәлі дүрбіні көзінен алып, сәл ойланғандай болып отырып – Әй, біздің қойға тие қоймас. Мына күшіктері тұрғанда. Баяғыдан бері аяп жүр дейсің бе?! Ол жағынан сертке берік қой, бұл жауыздар. Тиіссе біздің аямайтынымызды біледі. Байқайық! Кәнеки! – деп қайта дүрбіге үңілді.
Қасқыр ірі қозыны біресе тістей сүйретіп, біресе салақтата көтеріп ініне қарай еңкейіп кетті.
Әкелі-балалы екеуі отарды жинастырып күдікті ешнәрсе байқай алмады. Әлгі қозыны басқа жақтан әкелген болды. Отары дін аман. Дегенмен, ниеті бұзық теріс азуды ертелі кеш байқатпай бақылауға алып жүрді. Қалай, қалай емес... Оның үстіне бөлтіріктер де есейіп қалды. Кішігірім қозы-лақты олар да алып ұратын дәрежеде.
* * *
Күн еңкейе өрісті бір аралап шығып, отарын жинастырып жүрген Өмірәліні аяқ астынан ту сыртынан атылған мылтық даусы селк еткізді. Тау-тас жаңғырыға дірілдеп, айнала гүрр-гүрр ете қалды. Жайбарақат шашырай жатқан отардың шет-шеті жапырыла үркіп, елеңдей қалысқан. Қапелімде не болғанын бағамдай алмаған Өмірәлі қарақұстан біреу қойып қалғандай бұға беріп артына бұрылды. «Апырау, кім келе қалды? Төңіректе ешкім жоқ сияқты еді ғой!» Сүйткенше болған жоқ, оң қапталдағы қорымды жырадан бір жаяу шыға келіп, қиқулай дауыстап, бұған қарап бірнәрсе дейтіндей. Қолын бұлғайды. «Бұл кім болды екен?! Солдаттар кеп қалды ма!» Өмірәлі апыл-ғұпыл атына мінді. Әлгі адамнан көз алмай, солай қарай атын қамшылай тебінді. Анау тағы дауыстады: «Қасқыр! Қасқыр!» дейді. Сонда да Өмірәлі «бұл кім болды екен?!» деп келеді. «Жақын маңайда малшы-қосшыдан ешкім жоқ сияқты еді. Аң қарап жүрген біреу болды». Ұзын бойлы қарасұр жігіт екен. Жақындай беріп:
— Ой, туысқан! Қасқыр! Қасқыр десе былқ етпейсіз, ғой! – деп аман-салам жоқ дүрсе қоя берді.
— Қайда жүр, қасқыр? Көрген жоқпыз! – деді Өмірәлі мылтықтың атылуын енді түсініп. Жігітті ептеп шырамытады.
— Осылай кетті осы жырамен. Сонау асудан бері қуып келемін. Қалайша көзіңізге түспеді!
— Байқамадым! – Өмірәлі жан-жағына үңіле қарады.
— Ойпырмай, ә! Жер жұтты ма! Аспанға ұшты ма?! Осы иек астынан көз жазып қалғанымды қарашы! Сіздің көзіңізге түсті ме деп едім! – деп жігіт Өмірәліге әлі сенбей қарайды.
— Енді пәле болды ғой, – Өмірәлі дағдарып тұрып қалды, – Қойға шауып жүрмесін әуелі, – Мойнын созып отар жаққа көз тастап қойды, – Қайдан кезігіп жүрсің? Бұл төңіректен көрінбеп еді...
— Ойпырмай, сіздің асыранды қасқырыңыз болмаса білмейім! Біздің осы жайлауға келгелі әбден мазамызды кетірді. Күнара соғып бір қозыдан алып кетеді. Тұра кеп қуамыз, осылай асып жоқ болады. Асутөрдің басын жайлап отырмыз. Содан келе жатырмын, көрдіңіз бе? Сіз ғой «түк көрген жоқпыз» дейсіз. Қайда кетті сонда бұл?! – Алақ-жұлақ етіп, жан-жағына қарады.
— Төһ, сонша жерден бе? Алыс емес пе Асутөр деген.., – Өмірәлі таңғала қарады. – Бәсе, бұл төңіректен ондай пәле байқалмап еді.
— Алыс қой, алыс емегенде. Алыс деп қарап отырамыз ба?! Әбден басынып бітті...
Өмірәлінің іші қып ете түсті. Ойлап қараса, бұл кісінің айтып тұрғанының бәрі рас. Бәсе, «қай сорлыны қанқақсатып жүр екенсің» деп ойлаушы еді.
Аңшы жан-жағына қарағыштап тұрып:
— Не өзіне ой тимейді. Анада тура апақ-сапақта бір қойды тамақтап, бір қозыны ала қашып кетті. Тура арғы асуға дейін қудым. Мылтық атқан болдым. Қайдан... Көз байланып кеткен уақ. Содан мылтығымды тастамай-ақ жүр едім, мінеки! – Мылтығын салмақтап-салмақтап қойды. – Не пайда, тигізе алмай қалдым. Әбден басынып бітті өзі. – Сәл ентігін басып тұрып, қайта сөйледі. – Қойдың алды жалтара үркіп қалды. Осы көз алдымда. «Әп, бәлем!» деп тұра жүгірдім. Келсем бір үлкен саулықты алқымнан ала жетелеп барады, асуға қарай. Айқайлап, мылтықты оқтағанша қойды қоя бере салып тұра қашты. Басып қалдым. Тиді ме, тимеді ме асты да кетті. Апыл-ғұпыл мен де шықтым асуға. Шықсам, төмендеп барып шоқиып отыр. Қумайды дейді-ау деймін. Әбден басынған. Жаман үйренген. Тас-тастың арасымен қайта қашты. Тағы бір аттым. Бөксесі қиралаң еткендей боп қалды. Жыраға түсіп кетті! – деп салдырлап әңгімесін айтып шықты.
— Оқ тиіп құлап қалды ма бір жерде, – деді Өмірәлі, – Жүрші былайлап қарап көрейік, – Екеуі беткеймен төмен түсіп келеді. Өмірәлінің ойы: аңшыны бұл маңнан алып кету. Өйткені, тұра берсе, сәл жоғарыдағы апан-іңді байқап қала ма деген қауіп еді.
Аңшыны ертіп Өмірәлі біраз жерді қараған болды. Ешнәрсе байқай алмады.
— Дәл осы тұстан былай бұрылғандай болды, – дейді аңшы бір дөңестеу жерге келіп, – Міне, осы мына сіз жаққа қарай, – дейді қадалып.
— Кім біледі?! – дейді иығын қиқаң еткізген Өмірәлі жайбарақат.
— Япырай, жын ба, пері ме?! – дейді аңшы тағы қайталап, – Дәл осы жерде болатын! – Шыр айналып жан-жағына қарады. Таңғала басын шайқайды.
— Әй, байқамай қалғансың ғой. Тура төмен тартып кеткен шығар... – деп Өмірәлі аңғарға қарай созылған қорымды сайды нұсқайды.
— Жо-оқ... – дейді аңшы келіспей, – Олай кетсе, сізге бұрылып нем бар! Байқап келе жатырмын ғой. Тура көз алдымда осы...
Жан-жағына қарап, екеуі дағдарып тұрып қалды.
— Болды енді, – деді Өмірәлі сәлден кейін. – Бұйырмаған екен. Не болса да кетті енді. Үйге жүр, шәй іш!
— Бұл жақта малшы бар-ау? Біреу жайлайды-ау деген, тіпті менің есіме
келген емес. Ешкім жоқ деп жүрмін. Әйтпесе, анада-ақ, алғаш көргенде-ақ келетін едім, – деді аңшы үйге жақындағанда.
— Ой, біраз болды біздің келегенімізге. Аз күн төменірек отырдық, одан осында жылжып қондық. Құдай сақтасын, әйтеуір тыныш, – деп қойды Өмірәлі.
— Не пәлесінің барын білмеймін, әйтеуір мен көрген қасқыр осылай қашып кетеді! Сіз болсаңыз тыныш дейсіз. Ештеңе көргем жоқ дейсіз. Түсінбеймін, қалай екенін... – Аңшы жігіт сәл ойланғандай болып отырып, – Өзі қаншық сияқты осы. Жіңішкелеу, ақшаулан келген. Осы жақтың бір жерінде күшіктері бар ма деп те ойлаймын.
— Ол да мүмкін, – Өмірәлі мүлде жайбарақат, – Болса болар. Бірақ бұл төңіректе болса, ендігі байқар едік. Төменіректе болмаса. Оның үстіне, бұл маңай жадағайлау, жалтаңдау ғой. Төменгі сай-жыра, бұта, аршаның ішінде шығар не болса да.
— Солай ма екен әлде?! Бір күні келіп төмен, балақ жақты, бұтаның арасын сүзіп шығатын екен. Әй, ызасы өтті-ау, жауыздың! Көрмей қалсақ бір сәрі. Құдай атқанда, иек астынан айырылып қалып отырмыз ғой! – дейді жігіт күйіне.
— Жарайды енді! Біз де бұдан былай байқастап жүрейік. Көре қалсақ, саған қарай асыра қуамыз! – деп Өмірәлі күле сөйлеп киіз үйдің есігін ашты...
... Бұларды ақшулан қасқыр тасадан көріп жатты. Асудан аса қашқанда таңына тызз етіп оқ тиген ол жандалбасамен осылай бұрылған. Неше күннен бері «достасып» алған Өмірәліге «жетсе» жаны қалатынын ойлап, тасты жырамен солай жалт берді де тасалана беріп, қорымтастың қуысына кіріп үлгерді. Дыбысын сездірмей, тым-тырыс жата қалды. Соңына түскен екі аяқты да бір «қадалған жерінен қан алатын» пәле сияқты. Дәл қасына кеп мылтық атып, айқайлап тұрып алғанын қарашы... Кетпей ұзақ жүріп алды. Ақшуланның жаны мұрнының ұшына келді. Оқ тиген жері де удай ашып өлтіріп барады. Әйтеуір, сүйегі аман сияқты. Жанай өткен екен оқ. Ол жерін жалауға да жағдайы келмейді. Аналардың дауыстарын естіген сайын таспен тас болып, қуысқа тығыла түседі. Аңшының айтқанындай-ақ, тура сол жерден бұрыла салып қуысқа кіріп кеткен. Күнде жүрген жері, бұл тұстың қуыс-тесігінің бәрін біледі. Көрдің бе енді, дәл сол жерге келіп тұрып алғанын. Бұл да бір жер тауысқан қутұяқ болды. Үңіліп-үңіліп қарайды жан-жағына. Ойпырай, сезіп қояр ма екен... Қайта ит еріп келмей құдай сақтап тұр ғой. Олар болса, тіміскелеп әлдеқашан әшкере қылар еді. «Дос» қойшы бұл жерден алып кеткісі-ақ келіп, бір-екі аттап жүрмек болады. Бірақ ана пәле баспайды. Сөйлеп тұр, сөйлеп тұр. Қолын сермеп, мылтығын шошаңдатып қояды. Сақтай гөр!.. «Досы» да қолын төмен қарай сермеп-сермеп қойып сөйлейді. Алып кеткісі-ақ келеді. Ал анау бір-екі басып қайта тұрады. Ақыры кетті-ау!.. Дабырлай сөйлеп ұзап барады. Әбден алыстап, тым-тырыс болғанша қозғалған жоқ. Бір кезде «уһ» дегендей ыңырана дыбыс шығарып бауырын жазды. Ары-бері аунақшып, иіліп-бүгіліп, жарасына әрең тілін жеткізді. Жалап-жалап алды. Әйтеуір, сүйегінің аманына «тәубе» қылды. Сүйекке оқ тисе ғой, саудасы бітті дей бер. Шойырылады да қалады. Құдай оның бетін ары қылсын, онда ана бөлтіріктер ненің күнін көреді десеңші! Шындығында ол байқұстар не боп жатыр екен!.. Қарындары ашты-ау! Өзінің де қарны ашқанын жаңа сезіп жатыр. Қайтеді. Шыдайды. Бәрінен бастың амандығы керек. Бөлтіріктерін ойлағанда, есіне бір қауіптің түсе кеткені. Ашыққан бөлтіріктер іннің аузына шығып, жақын келген қозы-лақты бассалып, бір пәлеге ұрынар ма екен! Өткенде бір осылай алыстан жортып келгенде, бөлтіріктерінің ін аузында бір кішілеу ақ қозыны кергілеп тұрғанының үстінен түскен. Шамалары еркін жетпеген қайта, оның үстіне тістері де жетіле қоймаған еді. Әйтпесе жарып жіберетін тура. Келе ауызды салды тентектеріне. Тістеп-тістеп, лақтырып-лақтырып жіберді. Қозының денесі бүтін екен, әйтеуір. Босана сала маңырай жүгіріп кете барды. Тісін ақсита бәрін інге қуып тықты. Содан неше күн сыртқа шығармай қойған. Бүгін не істеп жатыр екен, құдай біледі... Ақшулан қасқыр жарасын жалап, қас қарайып, ел орынға отырғанша тастың қуысында жатты да, айнала түгел тынышталды-ау дегенде барып орнынан тұрып, бөлтіріктеріне қарай аяңдады.
* * *
Таңертең шайдай ашық аспан сәске кезінде-ақ шаңыта мұнарланып, сұрғылт тарта бастады. Батыс жақтан қылтиып көрінген ақсұр бұлт біртіндеп молайып, үзік-үзік ыдырап, баяу сырғып, зеңгір көкті торлап келеді. Терістіктен демі суық желемік білінеді.
Кеше қас қарая бөлтіріктеріне оралған ақшулан қасқыр күн көтерілгенше қалың аршаның ішінде бұйығыланып жатты да қойды. Қатты болдырып қайтты кеше. Жақын-жуықтан ауызға ілінер ештеңе кезікпеді. Өткендегі қуғыннан әрең-пәрең құтылып, бір ажалдан қалғаннан кейін Асутөр жаққа баспайтын болған. Әйтеуір, күні-түні жалап жүріп жарасын жазды. Енді күншілік жердегі Алаайғыр жайлауына барып жүр. Алыс та болса құры қайтпайды. Екі отар қойға кезек-кезек тиеді. Кеше бір сәтті күн болды. Шатқал сайға еңкейген қойдың шетінен оп-оңай екі кепе қозыны бірінен кейін бірін бассалып, мойындарын бұрай толғап төмен қарай лақтырып-лақтырып жіберген. Ешкім байқаған да жоқ. Отар әбден ұзап кеткеннен кейін сол шатқалдың табанында бір кепені жәукемдеп, күн еңкейіп, сай-жыраларды көлеңке басқанша қозғалмай жатты.
Ақшулан орнынан тұрып, езуін жырта есіней беріп, керіліп-созылып алды. Іннің аузына жақындай бергенде соны сезгендей жыбырлай өріп бөлтіріктері шықты. Енелерінің жан-жағынан шығып, иіскелесіп, құйрықтарын шошаңдатып, еркелей бастады. Қаумалаған бөлтіріктерін еркелетіп, батырмай тістей лақтырып, ойнатып біраз отырды қасқыр. Шоқиып отырған күйі тұмсығын көтеріп, иіс алғандай мұрнын шүйіріп қояды. Танауын жыбырлатып, самалмен бірге мүңк ете түскен қойдың иісі кеңсірігін ашытып жібергендей болды. Расында да бұл кезде қаптай жайылған отардың алды інге жақындап та келіп қалған екен. Қойды көрген бөлтіріктер көздері жылт-жылт етіп, құлақтары тікірейе-тікірейе қарасып қалып еді. Күнде көріп жүрген қойлар да бұларды елең қылатын емес, жайбарақат.
Айналасына тағы да барлай қарап шыққан қасқыр бір кезде біртүрлі қыңсылағандай дыбыс шығара есіней орнынан тұрып, дүр-дүр сілкініп алып, бөлтіріктерін қаба-қаба тістеп, тұмсығымен итере-митере інге кіргізіп жіберді де ақырын жүріп еңістей берді. Өзінің түсіндей көкжаңқа тастың арасымен жымып басып келе жатып, шопан үйінің тұсына да жақындады. Әнеки, шопан да атын сипай қамшылап өрістен үйіне қайтып келеді. Түс боп қалды ғой.
Үйдің өкпе тұсынан елеусіздеу өтіп бара жатқан қасқыр бір үлкен тастың қасынан бұрыла беріп қалт тұра қалды да, жер бауырлап жата кетті. Тісі сақылдап, көздері қанталап шыға келді. Жан-жағын байқастап келе жатқан әккінің көзі қарсыдағы қара шоқының бауырынан қалбаң етіп көтерілген қыранды шалып қалып еді. Қазірде онша аспандамай, Қарасайдың үстімен қалықтай өрлеп барады. Ақшулан зәре-құты қалмай, тас түбіне тығыла түскен. Аспандағы бұл жауыздың жердегі екі аяқты жаулардан да қауіпті екенін біледі. Оның қырағы көзі жердегі қыбырлаған құмырсқаға дейін қалт жібермейтінін де талай басынан өткізген. Сондықтан тыбыр етпей сұлқ жатыр.
Соңғы кезде бүркіттің Қарасайға жиі келетінінен өзі де қатты қауіп қылатын. «Бұл не қарап жүр? Бөлтіріктерімді аңдып жүр ме?!» – деген оймен күшіктерін де бей-берекет далаға шығармайтын болды. Өзі де ертелі-кеш жолға шығарда аспан мен жерді әбден барлап, байқастап алатын. Осы екі күнде мүлде көрінбей кетіп еді. Қарашы, енді ойламаған жерден сап ете түскенін. Ең болмаса төменірек шатқалға таман да жете алмады. Қыран Қарасайдың басынан ары аса беріп қайта тартты. Мінеки, баяу қалқып төмендеп келеді. Бәрін көзімен бағып ақшулан жатыр.
Айнала тынши қалған. Күн теріс желдетіп тұр. Түңліктей сырғыған бүркіт тура үйдің төбесінде айнала қалқып жүр. Алыстан орағытып, жер бетін түк қоймай тінти қарайтын сияқты. Ақшулан одан көз алмайды. «Бірнәрсе іздеп жүр ме, бұл тұсты неге айналдырып қалды». Үй төңірегі, қора маңы тым-тырыс. Шопанның аты мамаағашқа байлаулы тұр. Қой қораның шетінде бұйдасын сүйреткен қоңыр бұзау жүр өз бетінше. Бөгде ешнәрсе байқалмайды. Үй ішіндегілер түскі шайда отырған сияқты.
Бұзау бір кезде үйге қарай жүрді. Бір тоқтап, бір жүріп, ақырын басып, есіктің алдына келіп тұрды. Үйден кім шығар екен дегендей тұмсығын көтеріп-көтеріп қояды. Бірақ үйден әл-әзір ешкім шыға қоятын емес. Тұрып-тұрып, үйді жанай келіп сүйкене бастады. Қыран дәл төбені ғана шиырлай айналады. Қимыл-қыбырсыз қалған ақшулан жер мен көкке көзін кезек аударып-төңкереді.
Киіз үйдің есігі бүлкілдей ашылып, осы кезде сыртқа кішкене бала шықты. Жерге еңкейіп қолына шыбық алып, бұзауды айдамақ болды. Бұзау оған көнетін емес, ананы баласынып сипақтап әлі тұр. Түртпектеп тұрып әйтеуір бұзауды, былайырақ айдап шықты бала. Шыбығын сілтеп-сілтеп қойып, қораның шетіндегі соқпаққа түсірді. Ары қарай аршалы бет басталады. Күнде жүретін жері.
Осы сәтте аспандағы қыранның қанаты оқыс қалбаң ете қалғандай болды. Ақшулан қасқыр дірр етіп аяқтарын жиырды. Көзі оттай жанып аспанға қадалған. Бір сұмдықты сезгендей тістері сақылдады.
Қыран қанатын бір-екі рет далп-далп қағып алып, көлбей сырғып төмендей бастағаны. «Нені көрді?! Қайда түспек?! Бұзау айдаған баладан басқа ешнәрсе жоқ қой!» Көзіне қан тола қыңсылап жіберген қасқыр алдыңғы екі аяғымен жерді тырнап-тырнап алды. Түңліктей сырғыған бүркіт едәуір төмендеп кеткен. Бірі тоқтап, бірі жүріп, бұзау мен бала өздерімен өздері. Алаңсыз. Көлбеулей төмендеген бүркіт қиғаштап барып-барып, жалт етіп, үйіріле орағытып шұғыл бұрылды. Қасқырдың өнебойы қалшылдап, тістері сақылдап, төрт тағандай орнынан тұрып, жерді тарпып-тарпып жіберді. Көзі шоқтай қызарып бүркітке қадалған. Зулаған бүркіт тура баланы көздеп келе жатқандай. Әнеки, солай сияқты. Ақшулан атылып кетті. Қыран да шүйіліп келеді. Оқтай атылған қасқыр бүркіттен бұрын жетіп, баланы кеудесімен қаға-маға жол астындағы арша арасына ұмар-жұмар болды. Көлденеңнен киліккен қасқырдың бөксесін ала тебе бүрген бүркіт көзіне қан тола сілки бергенде, арпылдай үрген иттер мен шаңқылдаған адам даусынан сәл тосыла босаңсыған сәтте қиралаңдаған қасқыр бөксесін сүйретіп сытыла берді. Соның арасынша гүрс-гүрс етіп мылтық атылды. Қанатын қалбаң-құлбаң қаққан қыран да аңғардың үстімен сырғи жөнелген. Ебіл-дебілі шыға, дауысы жарықшақтана ойбайлаған Күлшара арша арасына домалап кетіп талып жатқан баласының үстіне құлады. Үйден шыға әйелінің артынан жүгірген Өмірәлі де бүркіттің қалбаңдаған қанатын көріп, иттерінің үргеніне қарай мылтықты атып-атып жіберіп, жалаңбас күйі ентіге жетіп еді. Есі шыға алақтап, қолы дірілдей тұрып, отыз екіні опыра оқтады да, едәуір көтеріліп кеткен қыранның артынан жандалбасамен бір атып қалды. Тиген тимегенін білмейді. Жаңғырықтан құлағы тұнып, көзі қарауыта, басы айналып құлап бара жатты...