- 22 қар. 2019 00:00
- 201
Тіленші жайында бірер сөз
Бекболат би ұзақ жасады, әбден қартайды. Арғынның игі жақсылары жиналып, Бекеңе сәлемдесуге келді. Сонымен қабат ойларын айтты: «Орнына қай баласын лайықтайтынын өз аузынан естігілері келетінін білдірді. Бекеңнің бәйбішесінен екі ер баласы, тоқалынан бір ұл, бір қызы бар еді. Бәйбішесі жанында отыр». Сұраққа жауап бере алмай, тұнжырап төмен қарап отыра берді.
Кенет үйдің бір жағында түрулі тұрған жібек шымылдық түріліп, бір жас қыз шыға келді. Үй толы адамдарға бас иіп, сәлем берді де:
— Уа, құрметті аталар! Он екі ата арғын сіздерді аз ғана қаракесектен шығып Бекем билеп еді, Бекемді әйел де болса шешем билеп еді. Бекем айтпайын демесе, шешемнен қаймықпаса, Тіленшіжанды айтпайтын несі бар, Тіленшіжанның ел билемейтін несі бар, — деді де, шымылдықты түсіріп, қыз көзден таса болды.
Бекең басын көтеріп, қалың қабағын ашты да: «Сол шіркіннен үмітім бар», — деді. Бидің бұл шешімін жанында отырған бәйбішесі мақұлдады:
— Сол шіркіннен менің де үмітім бар еді-ау! Бірақ... байдың әруағы ақ бура, Тіленшіжанның әруағы ақ тайлақ еді. Ол әлі шөгіп, әлі тұрады, әлі тұрып, әлі шөгеді. Осы шіркін ер жетіп, дәрежесі көтерілсе, елді бір түзеп, бір бұзып, мазасын кетіреді-ау деп ойлаймын, — деді қарт ана.
Шынында, бәйбішеден туған екі ұл момын еді, тоқалдан туған Тіленші пысық, аса зейінді болатын. Ата мен ана балаға сыншы ғой, қарттар қателескен жоқ. Олардың пікірін жиналған жұрт қостады, Тіленшіні би көтеруге ұйғарды. Бұл кезде Тіленші жылқыда еді, малын жайып келіп, енді Нұраға қаптат қанды. Ақ киізін, асыл киімдерін алып, ел адамдары Нұра бойындағы мал суатына келді.
Барлық мал суға түсіп, сусындап тұр. Малшылар суаттан кейінірек төбешікте киімдерін үйіп қойып, ойын соғып жүр. Тіленші сол асыр салып жүрген топтың ішінде.
Ел адамдары өзен жағасына, бір қырқаға түсті де, Тіленшіні шақыртты. Ол киімдерін киіп, жиынға келіп сәлемдесті. Ақсақалдар оған ұрыса бастады:
— Әкең қартайды, көзі тірісінде оның орнына сені би көтермекпіз. Ал, сен қойшы-қолаңшымен алысып-жұлысып, қадірлі басыңды кішірейтіп жүрсің. Мұның ұят емес пе? — десті.
Тіленші сөйлеуге рұқсат алып, былай деді:
— Әкем ханның да, елдің де қадірлі адамы болды. Оған ел жақсылары келсе, кідіріссіз кіріп, ұзақ әңгімелесетін, келгендегі шаруасын айтып, оны тындырып қайтатын еді. Ал момын шаруалар, әсіресе кедейлер мен малшы-жалшылар айбарлы биге кіре алмайтын, көп уақыт босқа тұрып, мұң-мүддесін, тілегін айта алмай, ренжіп қайтатын еді. Сонда мен: «Ержетіп, ел құрметіне бөленген адам болсам, әлсіз адамдар, момын шаруалар қаймықпай кіріп, арызын айта алатындай болсам-ау!» — дейтін едім. Сол мақсатпен кедейлерді, малшы-жалшыларды осы бастан жақын тартып, өзіме үйретіп жүрмін. Маған ісі түскендей болса, «өзіміздің Тіленші ғой деп бөгелмей кіріп, арманын жасырмай айтатын болсыншы» деген ойдамын.
Жиналған жұрт түгел риза болып, Тіленшіні құрметпен би көтерді.