Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 46 минут бұрын)
Төрт танкішіл қазақ қызының ерлігі: тарих пен аңыз арасындағы тағдыр

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ер азаматтармен қатар қан майданға аттанған қазақ қыздарының ерлігі ел есінде. Әсіресе, танк жүргізіп, жаумен шайқасқан төрт батыр ару — Жамал Байтасова, Жамила Бейсенбаева, Күлкен Тоқбергенова және Күлжамиля Талқанбаева туралы деректер ерекше назар аударады. Олар әскери тарихта тұтас бір танк экипажын құрған алғашқы қазақ әйелдері ретінде аталады. Алайда олардың өмірі мен ерлігіне қатысты нақты құжаттық дәлелдер тым мардымсыз, көп мәлімет тек газет мақалалары мен халық аңыздарына сүйенеді.


1944 жылы жарық көрген «Советтік Қарағанды» газетінде Қарағанды облысынан майданға аттанған 50-дей қыздың ішінде төрт қазақ қызының танк экипажына алынғаны туралы жазылды. Олар қысқа мерзімді әскери дайындықтан өтіп, Т-34 танкімен жау шебін бұзып өткен. Алайда кейінгі зерттеулер олардың туған жері, әскери қызметі және туыстары туралы нақты деректер таппаған. Бұл – оқиғаның аңыз бен ақиқат арасында тұрғанын айқын көрсетеді.

Жамал Байтасова танк командирі, Күлжамиля Талқанбаева – механик-жүргізуші, Күлкен Тоқбергенова – наводчица, ал Жамила Бейсенбаева – байланысшы ретінде танк экипажында қызмет еткен. Аңызға сенсек, олар Курск шайқасы мен Литва майданына қатысып, фашистік Германияның әскери техникасына үлкен соққы берген. Бір шайқаста экипаж жаудың бірнеше танкі мен пулемет ұясын жойып, майдан шебінде ерлікпен қаза тапқан.


Кейбір деректер олар «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылғанын айтады. Алайда әскери архивтерде қыздардың марапаттары немесе жеке істері сақталмаған. Жерлеу орындары мен туған-туыстары да анықталмаған. Бұл олардың тағдырын жұмбаққа айналдырып отыр. Соған қарамастан, олардың есімдері ел ішінде ардақталып келеді.

2025 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасы «Төрт қайсар» атты деректі фильм ұсынып, осы батыр қыздардың өмірі мен ерлігі туралы баяндады. Фильмде олар қазақ әйелдерінің майдандағы батырлығының символына айналған кейіпкерлер ретінде көрсетіледі. Бұл жоба арқылы ел тарихындағы әйелдер рөлін айқындау мен олардың ерлігін ұмытпау мақсаты көзделген.

Жамал, Жамила, Күлкен және Күлжамиля — тарихи тұлғалар ма, әлде аңыздағы кейіпкерлер ме, бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Дегенмен олар туралы деректер Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ әйелдерінің бейнесін сомдайды. Тарихи дерек растығы болмағанымен, олардың ерлігі халық жадында мәңгі сақталады. Бұл — Отан үшін жанын қиған батыр қыздарға деген мәңгілік тағзым.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама