Тоталитаризм қалай жүзеге асады?
«Өз ортасынан айырып, керекті ортаға жұтқызудың және көңіліне үрей ұялатудың психологиялық тәсілдері кез келген адамды табыну объектісіне (культ) немесе сектаға кіргізіп алуы мүмкін. Мен осылайша сондай адамдардың бірі болып кеттім». Мэри Уорд Орталығындағы әлеуметтік психологиядан дәріс оқушы, «Террор, махаббат және сананы улау» кітабының авторы Александра Штайн тоталитарлық топқа кіру тәжірибесімен бөлісіп, жұртты ұсақ секталар және культтер деңгейінде, сондай-ақ мемлекеттік жүйелер деңгейінде үйірімпаз (харизмасы басым) көшбасшылардың әр сөзіне құдайдай сенуге мәжбүрлейтін психологиялық механизмдерді түсіндіріп береді.
Мен ресми зерттеуімді көшбасшысы менің өмірімді егжей-тегжейлі қадағалап отырған маркстік-лениндік деп аталып жүрген құпия топтан шығып кету үшін күресім аяқталған соң 8 жыл өткенде, 1999 жылы бастадым. Ол мен киіп жүруге тиісті киім түрін белгіледі: бұл киім авторы классикалық көк костюм мен қызыл жібектен тігілген галстукты жақсы көретін Джон Моллойдың «Табысқа жеткізер керек-жарақ» (1975) бестселлер кітабының нұсқасына ұқсас болды. Алайда, топ көшбасшысы менің қашан тұрмыс құратынымды, бала туатынымды, не тумайтынымды шешетіні киімнен де маңыздырақ болды. Оның жарлықтары сарғыш түсті қағазға басылатын және оларды маған менің «контактым» беріп тұратын. Топтың шені жоғары мүшесі болмағандықтан, мен біздің көшбасшы жайында дым да білмейтінмін.
Мен негізгі мақсаты — әлеуметтік әділеттілікті орнатуға (бұл құндылықты мен отбасымызда кішкентайымнан құлағыма құйып өскенмін) өз үлесімді қоса алатыныма шын сеніп, Миннеаполистегі «О ұйымы» (жай ғана «О») деп аталатын топқа кірдім. Алайда, шындығында мен уақытымды әртүрлі жұмыстарда өткізіп жаттым — әуелі темір жону станоктарымен айналысатын фабрикалық машинист болдым, сосын топтың наубайханасында күнде қайталана беретін жұмысқа жегілдім (бірақ біз керемет нан пісіретінбіз), ақыр соңында коммерциялық компьютерлік бағдарламаларды жаздым.
Әрине, бұл тірліктің бәрінің қоғамға әлеуметтік өзгерістерді енгізу стратегиясымен еш байланысы жоғы маған тыныштық бермеді. Мен бұндай тірлік қалай кедейлер мен бейшара халге түскендер үшін әділеттілік орната алатынын үнемі сұрай беретінмін (сұрамайтын болғанымша). Бұған әрдайым бір ғана — «күрес жүргізу үшін практика керек» деген жауап алатынмын. Мен атқарып жүрген жұмысты ескерсек, мені Джордж Оруэллдің «Мал қора» (1945) романындағы ақырғы мақсат жайында түк білмейтін еңбекқор қосшы Боксер атты атпен салыстыруға болатын.
Көп жылдар бойы «дамып жүргенімде» (топта осылай айтатын) біз өзіміздің әлеуметтік теңдік үшін күресімізді бастап кете алатын жаңа ғаламат әлемді құруға дайын болатындай деңгейде өзімізді өзгертуге «практикамен ұштасқан күрес» көмектесетінін ұқтырды. Дегенмен, біз, біреудің қолжаулығы бола жүріп, жылдан жылға жалғасып келе жатқан екі ауысымды жұмыстан, шеті-шегі жоқ сынап-мінеу мен өзімізді сынап-мінеуден, басшылықтың өмірдің кез келген қызығын жаратпауынан қажып кеткеніміз сондай, ойлануға да, бірдеңені сұрап білуге де қажыр-қайратымыз қалмайтын.
Осылай болса да, бірсарынды және адамды қалжыратып жіберетін жұмысқа қарамастан, немесе дәл сондай жұмыстың арқасында шығар, 1991 жылы жағдайға көңілі толмай жүрген екі жолдаспен бірге топтан шығып кеттім. Біз үшеулеп, қазір атап жүргенімдей, «тойтарыс беру аралын» құрдық. Біздің кішкентай тобымыз біртіндеп топқа және оның көшбасшысына қатысты сырлардың бетін аша алды. Біз адамдарды топқа арбап алатын жерлері 1970-жылдары АҚШ Орта Батысындағы азық-түлік кооперативтерінде болған «О» ұйымындағы өмір туралы шынайы, қорқынышты тарихыын анық тұжыра бастадық.
Әупірімдеп жүріп топтан кеткен соң, «Бүкпесіз» (2002) деген ғұмырнамамды жазып шықтым. Ол кітапты жазудағы басты мақсатым мені, 26 жастағы ешкімге кіріптар емес, білімқұмар, ақыл-есі дұрыс адамды осындай топқа қосып алып, онда ұзақ уақыт бойы ұстап тұрғанын түсінуге тырысу болатын. Бұл бұндай идеялардың азғыруына әлі тап болып көрмеген адамдарға арналған ғибратты хикая және ол қатып қалған идеялары бар және мүшелерін үрей жайлаған жабық топтардың болатынын біліп жүруі үшін жазылды.
Ол кезде мен 1950 жылдары маолық Қытай мен Солтүстік Кореядағы қамауға алынған әскердің және басқалардың санасын улау тәсілдері жайында көбірек біліп алдым; психиатор Роберт Джей Лифтонның «Сананы улау» технологиясы: Тоталитаризм психологиясы» (1961) және психолог Маргарет Сингердің «Біздің арамыздағы культтер» (1996) атты еңбектерімен танысып шықтым. Сингер өзінің кітабында культ мүшелерін ашса алақанында, жұмса — жұдырығында ұстау үшін қажетті алты шартты сипаттайды, олар мыналар: қалыптасқан жағдайды қадағалау; ынталандыру және жазалау жүйесі, бейшаралық, қорқыныш, және кіріптарлық сезімін тудыру; еруші адамның жүріс-тұрысы мен дүниені сезінушілігін өзгертіп жіберу. Және де осының бәрі тұйық жүйе аясында болып жатады. Лифтонның атап көрсетуінше, барлық адами байланыстар қадағалауда болған кезде сана уланады. Бұған қоса мен Джон Лефлендтің бірлестік шіркеуі тұрғындары — муниттердің — бұрын болып көрмеген құпия зерттеуі жазылған «Ақыр заман сектасы» (1966) еңбегін де зерделедім. Муниттерде ерушілерін культ мүшелерінен басқалардың бәрінен оқшаулауға көңіл бөлінетін толық трансформацияға апаратын 7 қадам дара көрсетіледі. Аталып өткен ғалымдардың бәрі жаңа қауыммен байланысы берік жаңа, бағынышты тұлғаны жасап шығару үшін оны бұрынғы араласқан адамдарынан оқшаулап, бұрынғы тұлғасын жою культтің негізгі мәні болып табылатынымен келіседі. Бұндай жағдайға қорқытып-үркітуді шартты түрдегі қолдаумен кезектестіріп қолданатын режимнің көмегі арқылы қол жеткізуге болады.
Культке қатысамын деп алған жарақатымнан (психологиялық) оңалуымды жалғастырып жатқан кезде мен ағылшын психологы Джон Воулбидің үйір болу теориясының үстінен түстім. Ол теория балалар да, ересектер де стресс кезінде қажетті қамқорлыққа бөлену үшін көбінесе әлеуетті қауіпсіздік қайнар-көзіне жақын жүруді қалайтынын айтады. Бұл фактор, менің ойымша, адамдардың қалай секталар мен культтердің тұзағына түсіп қалатынын жақсы түсінуге сеп болады.
◊ ◊ ◊
Нәтижесінде достарым мені Миннесота университетіне оқуға жіберді. Тәжірибе жасап көру үшін достарымның бірі ұсынған курсты: Джордж Клиджердің Культтер мен тоталитаризм туралы курсын таңдап алдым. Оқып шығу қажет әдебиет тізімінен егжей-тегжейлі куәліктер берілген адам еркіндігі мен тираниясы туралы тақырыптағы шығу тегі еврей неміс босқыны, саяси теоретик Ханна Арендт шығармасын тауып алдым. «Тоталитаризмнің қайнар көзі» (1951) деп аталатын өзінің басты еңбегінде ол Гитлер мен Сталиннің құрған режимдері қоғамдық және жеке өмірді қалай талқандағанын; екі режим де «адам басынан өткеруі мүмкін сезімдердің ішіндегі ең терең әрі ең ауыр тиетін сезімдердің бірі жалғыздыққа, әлемге қатысының мүлдем жоқтығы сезіміне» негізделделгенін жазады.
«О» кішігірім топ болды: өзінің ең өркендеген кезінде кұрамында 200 адамнан артық мүшесі болған емес. Бірақ Арендттің еңбегі осы ұсақ тоталитарлық қозғалысты айқындап берді. Арендт даралап көрсеткен қозғалыстар сияқты «О» да әрбір тұлғаны оқшаулап, сосын оған үстемдік ету үшін харизмасы бар, эксклюзивті иландыру жүйесін пайдаланатын дәті берік, авторитарлық көшбасшының айтқанымен жүрді
Клиджердің сабақтарынан мен оқыту жөнінде біраз нәрсе біліп қалдым. Соңғы сабақта тоталитаризм адамдардың қарсы алдынан келгенде олар неге енжарлық танытатынын талқылап жатқанда дірілдеп-қалтыраған оқытушы бізге өзінің құпиясын айтып берді — ол қайратсыздықтан туындаған құдыреттің куәсі болыпты. Клиджер орнынан тұрып, жеңінің түймелерін ағытты. Жейдесінің жеңін түрген кезде қолына жазылған солғын тартып өңіп кеткен номер көзге шалынды. Профессор бозбала күнінде Бухенвальдтағы концентрациялық лагерде болғанын түсіндірді.
Егер жағдаят адамды бас көтере алмайтындай оқшаулап, одан шығар анық жол таба алмаса, онда қарапайым адам амалсыздан психологиялық қысымның және сананы улаудың құрбаны болып кетеді.
Клиджерді көріп рухтандым да, мен гуманитарлық ғылымдардың магистрлік бағдарламасына оқуға түстім, ол кезде мен 45 жаста едім. Ол жерде мен 1960-жылдары қарапайым адамдардың үштен екісі, оларға тәжірибе жүргізуші бұйырғанда, бейтаныс кісілерді күшті электр тоғымен соқтыруды қалағанын паш еткен Стенли Милгрэмнің бағынушылық деңгейін анықтауға тырысқан тәжірибесі жайында білдім. Ал 1950-жылдары әлеуметтік психолог Соломон Аш адамның айналасындағылармен келісе салуға бейімділігін анықтауды мақсат еткен тәжірибелер жүргізген, ол тәжірибелер барысында тәжірибеге қатысушылардың 75% айдан анық жаңсақ ақпаратты көріп тұрып, көпшіліктің пікіріне қайшы келмеу үшін айқын дәлелдемелерді теріске шығарып тастайтыны анықталды. Алайда, қандай да бір адам көпшіліктің пікірімен келіспей қойып, бір ауыздан келіскендер блогын бүлдіргенде, көпшіліктің ығына жығылуға бейімділік эффектісі сол сәтте жоқ болып кетіп жатты.
Осының бәрі маған экстремисттік саяси ұйымдардың әлеуметтік психологиясын оқып зерделеуіме түрткі болды. Осы ғалымдар ең қарапайым адамдарды тұзаққа алдап түсіру үшін қолданылатын радикалды қоғамдық ықпалдың күшін жете түсінді. Қарапайым адамдар — ең құрығанда тоталитарлық бақылау тактикалары жайында ештеңе білмейтіндер — көшбасшылардың айла-шарғыларының құрбандарына айналатындықтан, тоталитаризмнің тасы өрге домалайды. Егер жағдаят едәуір деңгейде оқшаулап тастаған және одан шығудың айқын жолдары жоқ болса, адам амалсыздан психологиялық қысым мен сананы улаудың құрбаны болады.
© Wikimedia Commons
2007 жылға қарай мен филисофия докторы атағын алдым. Өзімнің диссертациямда мен бұрын университетте философия оқытушысы болған Фред Ньюмен басқаратын Нью-Йорктегі «Ньюмен үрдісі» деп аталатын «солшыл» саяси культті зерттедім. «О» шарықтап тұрған жылдары марксизмнің, сайлауалды күрес тактикасының, топтық терапияның және театрдың амал-айлаларын айрықша үйлестіре білген «Үрдіс» те белсене жұмыс істеп жатты. Бірақ бұл енді «О» болмағандықтан, алдында алған тәжірибем туралы ойлар көңіліме медет болды.
Ньюмен 40-тан аса адамнан құралған топты 2011 жылы өзі қайтыс болғанша қадағалап отырды. Топтың құрамында болғандармен сұхбаттасқан соң, мен топтың әртүрлі мүшелері әртүрлі бағдарламаларға қатыстырылғанын, бірақ ақылы терапиядан өту барлығы үшін міндетті болғанын білдім. Олар топқа, көбінесе заңсыз тірлікпен байланысты жұмыс істеу үшін, ақырындап-ақырындап бұрынғы жұмыстарынан кетіп жатты. Топ мүшелері ортақ пәтерлерде тұрды, кездесудерге түнде кештетіп барып жүрді және бөгде адамдармен араласа алмады. Бұның орнына көбі басқа да ерушілермен интимдік қарым-катынаста болды. Бұндай практика «досыңмен төсектес болу» деп аталды. Оларға бір-бір «дос» телінді, олардың міндеті, мүшелерді қатаң тәртіпке бағындыру үшін, оларды бақылап және сынап отыру болды. Ақшасы барлар көп өтпей топтан бөлек кетті. Кейбір әйелдер Ньюменнің нұсқауы бойынша жасанды түсік жасатты, ал басқа біреулері топтың мүшесі болып жүрген кезде балалы болды.
«О» сияқты «Ньюмен үдерісінің» де мен Арендт пен Лифтонның еңбектеріне сүйеніп даралаған тоталитарлық жүйелерге тән бес ерекшелігі болды. Бірінші ерекшелік дәті берік (харизмасы басым) және авторитарлы көшбасшының болуы. Харизмасы жоқ көшбасшыға адамдар ілеспейді. Авторитаризм болмаса, көшбасшылардың ішкі мотивациясы мен өзіне ерушілерді қорқытып және қадағалап отыратын қабылеті жеткіліксіз болар еді. «Әлдебіреу оған адамдарды қалай кемсітіп-қорлауды үйреткен», — деп Ньюмен туралы топтың бұрынғы мүшесі айтқан еді.
«Бірақ ол адамды өзіне баурап алатын… Егер ол қазір жаныма келіп отырса, мен: «Ей, Фред, қалың қалай? Әлі де адамдарды кемсітіп-қорлап жүрсің бе?.. Осы уақытқа дейін бір мезгілде 18 әйелді қинайтыныңды қоймадың ба?» деп сұрайтын едім… Бірақ ол өте келісті кісі болатын!» .
Көшбасшылардың барлығы баюды, жыныстық ләззат алуды, немесе саяси билікке жетуді көксей бермейді. Бірақ олардың барлығы басқаларды басыбүтін иемденіп, оларга толық бақылау орнатып алғысы келетіні анық. Ақша, жыныстық қатынас, тегін жұмыс күші немесе адал ерушілер — көшбасшылар өзіне пайдалы, кейде өте-мөте пайдалы, деп білетін қосымша бонустар. Бірақ, абсолютті бақылау, не десек те, басты фактор болып қала береді.
Бұндай көшбасшылар адамды оқшаулап тастайтын, иерархиялық және жабық құрылымдарды басқарады. Оқшаулаушы құрылым — тоталитардық топтың екінші ерекшелігі. Ұйымның ұлғаюына қарай оны дәл ортасында бүкіл жүйені қозғалысқа келтіретін көшбасшысы тұратын, туралған пияздың центрлес дөңгелектеріне ұқсайтын қабаттар қаптап тастайды. Бұндай жүйеде бірнеше қабат болуы мүмкін — артынан көмекшілері, ішкі элита, мәртебесі әрқалай болып келетін мүшелері жүретін көшбасшысынан бастап, жақтастарымен аяқталады.
Арендт құрылымның ішкі жағын былай сипаттайды:
«Топтың ортасында, бәрін қозғалысқа келтіретін мотор сияқты, көшбасшысы болады. Ол элитадан көшбасшының айналасында түсініксіз құпия ахуалын қалыптастыратын бастамашылар арқылы бөлектеніп тұрады».
Бұндай құпия көшбасшыны барлық жерде және ол бәрін көріп тұрғандай әсер қалдырады. Сонымен қатар, бұл адамдар тобында тұрақтылық жоқ, өйткені көшбасшысы үнемі көңілдеріне күдік ұялатып, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп, штатты жоғарылатып немесе алып тастап отырады.
Ньюменге етене топ оның сенімді көмекшілері және күндері ретінде қызмет еткен «жұбайлары» немесе «гарем» деген атаумен белгілі көптеген әйелдерден құралатын. Оларға қоса келесі әкімшілік қабатты құрайтын «мерзімсіздер» деп аталып кеткен тағы 40-қа жуық адам болды, олар да әлеуметтік терапиямен айналысатын. Олардан кейін басқалардай Ньюменнің толық бақылауындағы қатардағы мүшелер бар еді. Олар қаражат жинаумен және жұмыспен қамтумен айналысатын.
Тоталитарлық жүйелерде адамдарды қатты қанап-қыспақтайтыны сондай, уақыт өте келе олардың тұлға ретінде жеке-даралығы, сондай-ақ бір-бірінің арасындағы сенімді қарым-қатынастар да ғайып болатын. Кез келген адам «дос» болып табылады, бірақ нағыз достыққа, төнген қатер және топтың, көшбасшының және топтың ортақ ісінен назарды бұрып әкететін нәрсе ретінде, жол берілмейді. Шындығында, жолдастық және достық қарым-қатынас құру мүмкіндігі жоқ ерушілер үш еселенген оқшаулауға тап болатын: сыртқы дүниеден, жабық жүйе аясында бір бірінен және топқа қатысты қисынды көзқарасы қалыптасуы мүмкін өзінің ішкі диалогынан.
Тоталитаризмнің үшінші ерекшелігі — бәрі қамтылған жан-жақты идеология, немесе Ньюмен айтқандай:
«Басы, ортасы немесе аяғы жоқ тарихи жиынтық».
Құпиялар мен жалған сөздерден құралатын ойдан шығарылған әлемін құру арқылы билігін нығайта түсетін, толықтай көшбасшы арқылы қадағалнатын айрықша наным жүйесі.
Мысалы, тек кейбіреулер ғана Ньюменнің «гареммен» қарым-қатынасы, қаражаттың иерерхиялық түрдегі жылжуы, қаржылық алаяқтық, қару-жарақты жасырып қою және қарулы дайындық (қорларын қорғау үшін болуы керек) жайында білді. Әлеуметтік әділеттікке жету үшін-мыс ақша берген, еріктілер ретінде қатысқан немесе 24/7 режимімен жұмыс істеген адамдар ішкі шеңберде не болып жатқаны және басшылықтың нақты хал-ахуалы туралы ештеңе білмеді. Өтірік айту арқылы ойдан шығарылған — адам үшін тағылыққа толы және қалыптыдан алыста қалған әлем құрылды.
Ойлап табылған жаппай қолданылатын идеология бәрін шатастырып, ерушілердің бытыраңқылығына апарып соғады. Пак Ёнми, 2007 жылы Солтүстік Кореядан шешесімен бірге қашқан қыз, «Өмір сүру үшін» деген ғұмырнамасында «солтүстіккореялықтардың басында, параллель жолдарда кетіп бара жатқан екі пойыздай, әрдайым екі тарих жазылады» дейді. Мысалы, ол арып ашқан жетімдерді күнде өз көзімен көріп, бірақ «Балалар — патшалар» дейтін насихаттық ұранға сеніп жүре берген.
Исламдық жауынгерлерге де осындай амал қолданып, егер олар жанкешті белдігін тағуға келіссе, оларды құдай марапаттайтынына уәде береді. Түсіністіктің болмауы ерушіні нақты ахуалды білуде шарасыз күйде қалдырады.
«Егер сіз түсіндіруді талап етсеңіз, олар сіз түсіне алатыннан ештеңе айтпайды… Сіздің бұрыннан білетініңіз — қирай бастайды. [...] Біраз уақыттан соң бұрын ақылға қонбайтын нәрселер енді дұп-дұрыс-ақ болып көріне бастайды», — деп маған Ньюмен үрдісінің бұрынғы мүшесі Джиллиан айтып берді.
Ойдан шығарылған нәрсе, қоғамға және бүкіл әлемге арналған насихаттан бастап, біртіндеп енгізіледі. Саентология, мысалы, өзінің «үлкен еркіндікке апарар жолын» осылай салады және өзінің есірткіден ада әлемге арналған жолдауын айта бастайды. Жанартаудан шыққан жатжерлік жаратылыс иелері біздің денемізге кіріп алатыны туралы Саентологияның аңыз-әпсаналық теологиясы — бұрыннан келе жатқан, ілім туралы жақсы білетін мүшелерге арналған иделогия болатын; ол идеология қалың бұқараға біреулердің айтып қоюы салдарынан жайылып кетті.
Насихаттан кейін идеологиялық тұрғыда өңдеу қолға алынады, ондай кезде тоталитарлық жүйе өзінің бақылауын, Арендт айтатындай, «темір шымылдықтарды түсіру арқылы нығайтады. Бұл шымылдықтар шынайы әлемнен келетін кішкентай детальдың өзі топтағылардың мазасын алмауы үшін және жаңа, қиялдағы әлемнің қорқынышты тыныштығын қалыптастыру үшін қажет».
Бәрін қамтитын (тоталдық) идеологияның шымылдығы жабылған соң, ешқандай сұрақтар мен күмәндарға жол берілмейді. Бірақ, сіз аяқ астынан, топқа қатысты күдік-күмәнінізді білдірсеңіз, топтың үлкен мүшелері салған жерден сізді қайта тәрбиелеуге кіріседі. Егер қайта тәрбиелеуден, мені қайта тәрбиелегендегідей, межелі нәтиже шықпаса, онда сіз өзіңіздің бұрынғы жолдастарыңызбен ешқашан сөйлесе алмауыңыз үшін, сізді топтан аластайды.
© Wikimedia Commons
Тоталитарлық жүйеде жаппай бақылау үстемдік құруы үшін көшбасшы қорқу сезімін туғызып тұруы керек, бұл культтің төртінші ерекшелігі болып табылады. Осындай жүйенің сананы улау процессі психологиялық, мәжбүрлеу амал-әрекеттерінің бірі болып табылады, онда көшбасшы немесе топ террорды «махаббатпен» кезек-кезек қолданады.Боулби атап айтқандай, біз қорқып тұрған кезімізде біздің зәремізді ұшыратын нәрседен қашып қана қоймаймыз, біз қауіпсіз жерге, «әлдебіреудің» үйінде тығылып қалу үшін қашамыз, — және бұл әлдебіреу біз құштарлық сезінетін адам. Бірақ барып тығылатын жер үрейдің қайнар-көз болатын болса, онда ондай адамға барып жасырыну жаман ниетке айналып, ақыр соңында қорыққан индивидті амалсыз жағдайға душар етеді.
Мэри Мейн, Калифорниядағы Беркли университетінің әйгілі құштарлықты зерттеуші, қарым-қатынастардың үрейге негізделген бұл түрін «берекені кетіретін құштарлық» деп атады. Оның екіұшты нәтижесі бар: жанға жұбаныш іздеуде сәтсіздікке тап болатын үрей қайнар-көзіне деген құштарлық және когнитивтік диссоциация, яғни өзінің сезімдері туралы ойлау мүмкіндігінің жоқтығы. Лажсыз жағдайға тап болғандағы үрей немесе стресс — «рұқсатсыз үрейлену» — бұл, зерттеушілердің түсіндіруінше, адамның логикалық түрде ойлап, жағдайды адекватты түрде қабылдау, сәйкесінше, оны бір жақты қылу шараларын қабылдау қабылетін жарамсыз етіп тастайды. Оның үстіне қауіптен бәрібір құтыла алмаған адамдар жаны жай табар жер іздеп, осындай қарым-қатынастарға орала береді. Логикалық ойлауды жоқ қылған көшбасшы, өзіне ерушілерге кейін түсіндіріп, қорқынышын басқа жаққа бұру үшін, жалған идеологиясының мазмұнын тереңдете түседі.
Бұны биохимиялық элементі бар оңды кері байланыс тізбегі деп атауға болады: сенімді пана табуға тырысатын құрыққа түскен адам физиологиялық тұрғыда кортизолдың немесе беймазалықтың деңгейін тізгіндегісі келеді, бірақ жеткілікті жайлылыққа бөлене алмайды. Дәл осы себеп бойынша біз культтік жүйелердің адамда пайда болуы мүмкін кез келген баламалы құштарлық қарым-қатынастарға араласып, оларды қадағалап отыруға тырысатынын болжап бере аламыз. Егер бұндай талпыныс сәтсіз болатын болса, онда еруші пананы басқа жерден іздеп көруі және әлеуетті тұрғыда топ тарапынан болатын эмоционалдық және когнитивтік қадағалау аман қалуы мүмкін. Қадағалаудың қарым-қатынастарға жасалатын бұндай түрін отбасылық зорлық көрсетуден, стокгольм синдромынан немесе «жеңгетайлар» мен жезөкшелерден, сондай-ақ адам саудасымен айналысатындардан да көруге болады.
«Ньюмен үрдісі» мүшелері әрдайым үрейге беріліп жүретін: оларды ұйықтап тыныға алмайтын, жақын адамдарынан қол үзген және үнемі сын тезіне қала беретін олар өздігінен әрекет ететін және ойланатын мүмкіндік жоқ тұзаққа түстіп қалды. Сонысымен қоймай, топ өзін жалғыз қауіпсіз пана деп көрсетті. Топтың бұрынғы мүшесі Дениз, топқа терапия арқылы тартылған болатын. Өзінің бейсаясатшылдығына қарамастан, Дениз ортақ үйде тұрып және топтың басқа мүшесімен қатынаста болып, топтың жобаларына байланысты ақысыз (азғантай жалақыдан басқа) ауысымдары бар көпсағаттық жұмысты атқарды. Ол «Үрдістің» саяси науқандарының тасын домалатып, басқа жақтарға жол жүрген кездерінде де ол терапия сеансын алу үшін телефон дүңгіршектерінен хабарласуға мәжбүр болды, ол телефон терапиясы үшін ақысын төледі.
«Мен қатты қорқып жүрдім», — деді ол маған. «Сіз бағанға шынжырмен байланған және босанып шығуға талпынған піл туралы әңгімені естіген болуыңыз керек... Енді пілді жай жіппен байлап қойсаңыз да, ол өзінің түпсанасында бостандыққа шығуға кауқарсыз екеніне сеніп жүре береді. Мен де дәл сондай жағдайда болдым».
Әртүрлі топтар үрей тударатын әртүрлі тақырыптар мен әдістерді пайдаланады: келе жатқан ақыр заманмен, бөгде адамдармен қорқыту, жазалайтынымен, ресурстардың сарқылуымен қорқыту. Бірақ көшбасшы деген — олар (топ мүшелері) қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған орынға, жұмаққа, мінсіз, өзгерген жерге барғанға дейін сезінетін қауіп-қатер мен үрейден құтқаратын жалғыз қорғаушы.
Авторитарлы тұлғалар басқаратын оқшаулаушы жүйелер мен адамның үрейіне негізделген жүйелер өздерінің өмірлік қажеттіліктеріне мән бермей, топтың игілігі үшін тәуелсіздігінен баз кешетін дайын ерушілерді жүйелерге тартады. Бұндай қызмет етуге даяр ерушілерді жасап шығу топтардың бесінші ерекшелігі болып табылады. Марина, ол да «Үрдіске» терапия арқылы тартылған, толық жұмыс күні бойы топтың Ұлттық құжаттамасымен жұмыс істеп, басқа да міндеттерді атқара жүріп, биік дәрежелі мүше қызметіне дейін жоғарылады. Жұмыс істеп жүрген кезінде ол ақшаны заңдастыруды, алаяқтықты, басқа отбасыларының астаң-кестеңі шығуын көзімен көрді. Марина топқа адал болғаны сондай, өзінің екі баласы туралы мүлдем ұмытып кетті.
Патологиялық көшбасшылардың тарапынан болатын осындай мәжбүрлі психологиялық ықпалдың қандай күшке ие екенін БАҚ-нан күн сайын көріп жүрміз. Бұл балаларының қамын жеуді қойған немесе оларға дұрыс қарамайтын ата-аналар, немесе ойдан шығарылған бостандық үшін өздерін жарып жіберетін ылаңкестер, немесе «өркениетке» апаратын уағызшылардың арқасында сіңірі шыққан кедейге айналған азаматтар болуы мүмкін. Адамдарды бұндай күйге жеткізу үшін мұнда аталып өткен белгілі бір жағдайлар жасалуы қажет. Үрейдің негізінде бақылау пайда бола салысымен, оны жою едәуір қиын болады: еруші жүйкесінің бұзылуы және берекесін қашырған көшбасшыға немесе топқа деген эмоционалдық құштарлық шын мәнінде не болып жатқаны жөнінде біліп алуын қиындатып жібереді. Шындығында заттар қандай болса, оларды сондай қылып көруге талпыныс алдындағыдан да күштірек үрей тудырады, ал стресстен шығуға жасалған әрекет топпен зиянды байланыстың пайда болуына апарып соғады.
Бірақ, қашан болса да, амалын табуға болады. Осындай тәсілдердің бірі — сізге жағдайды нақты бағамдауға көмектесуі үшін, сіз сенетін адамды (менде болғандай) тауып алу. Ойлану қабылеті қалпына келе алатын топтан тыс өткізілген уақыт — тағы бір тәсіл болып табылады. «Масуд: ирандық ереуілшінің еске алуы» (2004) атты кітабында Масуд Банисандр госпитальда жатып шыққан соң, яғни біраз уақыт топтың ықпалынан ада болған кезде, «Моджахедин-и-Хальк» ирандық марксисттік-исламдық ұйымынан шығып кете алғанын жазады. «Радикалдық: Исламдық экстремизмнен демократиялық сергектікке саяхат» (2012) деп аталатын кітабында Маджайд Наваз, Египетің түрмесінде жатып шыққан соң (ол жерде сыни тұрғыда ойлай алатын қалыпқа қайта келген), «Хизб ут-Тахрир» исламисттік ұйымынан кетіп қалғанын жазады.
Идеологияға сын тезіне түсетін жағдайларға тап болған кезде адамдардың ой-санасы бұрынғы санасы уланбаған кездегі қалпына келуі мүмкін. Мысалы, «дұшпанның» мейірімділігі немесе ақырзаманның келетіні туралы сәуегейліктер түбінде болмай қалып жатады. Бұдан бөлек жай, егер басшылық ерушіге ол орындауға дайын емес талаптарды тым көбейтіп жіберсе, адам топтан шығып кетуге бел байлауы мүмкін. Марина Ортис, оған «Ньюмен үрдісі» басшылығы оған өзінің баласын басқа отбасына асырап алуға беруді бұйырған кезде, әйтеуір, топтан кете алды.
Қазіргі заманда дәті басым және авторитарлы көшбасшылар мен олар басқаратын ұйымдардың қам-қарекеті жайында нақты ой-пікірді қалыптастырып алудың маңызы орасан зор. Адамдардың барлығы ондай жерлерге біреудің тартуы арқылы тап бола бермейді: олардың кейбіреулері фундаменталисттік діни топтарда дүниеге келеді, кейбіреулерін, Джозеф Конидің Құдайи қарсыласу армиясының жауынгер-балалары сияқты, ұрлап әкетеді. Кейбіреулері тоталитарлық мемлкеттерде туып, сонда өмір сүреді. Құтыла алғандардың көбі өз басынан өткенін айтып беріп жүр. Өзінің ғұмыртарихымен бөлісетіндердің ішінде культтерде немесе экстремисттік фундаменталисттік секталарда туып өскен ересектер және Суданды азат ету халықтық армиясында қызмет еткен немесе Камбоджаның «қызыл кхмерлері» ретінде қызмет еткен балалар бар. Соңғы кездері Солтүстік Кореядан кетіп қалған қашқындар да солтүстіккореялық режим жағдайындағы шынайы өмір туралы айта бастады.
Өзгерістер жиі болып тұратын, көптеген адамдардың ауып көшуі және тұрақсыздық сезімі шарлаған кездері адамдар, бұл олардың тумысында бар, қауіпсіздікке және тұрақтылыққа талпына береді. Осындай жағдайда культтер мен тоталитарлық режимдер өсіп-өркендей береді. Осы жағдайларды ескерсек, адамдардың барлығы дерлік психологиялық және жағдаяттық қысымға төтеп бере алмай қалады. Осы саланы зерттейтін құрметті ғалымдар бұндай ықпал пәрменінен өзіңді қорғаудың бірден-бір амалы білімді болуда екенін әлденеше рет қайталап айтты. 1952 жылы Аш былай деп жазған еді:
«Адам өзін қоршаған әлеуметтік ортаның қағидаттарын неғұрлым аз білсе, ол сол ортаның бақылауына соғұрлым көбірек душар болады; және ол өз ортасының іс-әркеттері мен олардың болуы мүмкін салдары туралы неғұрлым көбірек біліп жүрсе, ол соғұрлым еркін болады».
Бұл білімдер нақты, дәл болуы тиіс. Адамдарға бұндай бақылаудың қалай іске асырылатынын және көшбасшылар адамды оқшаулаудың, топқа жұтқызудың және қорқытудың психологиялық әдістерін қалай қолданатынын біліп алу қажет. Бұндай мәселелерді зерттейтін ғылым 70 жылдан бері бар және ол жаңа зерттеулерін жасап жатыр. Дүние жүзіне авторитаризмнің таралып кетуіне бірге қарсы тұру үшін біз бұл құнды ресурстарды бұрынғы мүшелердің айтқандарымен үйлестіре отырып пайдалануға тиіспіз.
Дереккөз: monocler.ru
Оқуға кеңес береміз:
БАҚ арқылы жұртқа айла-шарғы жасаудың 10 тәсілі